Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3283 0 пікір 31 Мамыр, 2012 сағат 11:43

АЛАШТЫҢ АЗА КҮНІН БЕЛГІЛЕУІМІЗ КЕРЕК

 

 

Мәселенің ауқымы кеңігендіктен Ашар­шылық һәм Қуғын-сүргінді жеке-жеке қарастыру қажет, екеуі бір-бірімен қабыс­пайтын бөлек әңгіме деген ой-пікір белең алуда. Оның үстіне бұған дейін ашық айтылмаған 1921-22 жылдардағы Аштық жайлы ащы шындықтың да шымылдығы түріле бастады.
Шынайы ғылымға академиялық бай­сал­дылық керек. Бұл қылпылдаған өткір мәселенің бірнеше ұшы бар. Біріншіден, ең бастысы - этикалық жағы. Шаш ал десе, бас алған қоғамда хатталған құжаттың бәрі заманауи шындық болып табылмайды. Зорлықпен, азаптаумен қол қойдырған, бірін-біріне қаралатқан қарғыс атқыр қағаздар қан­шама? Бүгінгі көйлегі көк, тамағы тоқ адам­ға «Сонымен, солай десек...» деу оп-оңай, бірақ соның бәрі ұлт пайдасына, оның ауызбірлігіне, бауырмалдығына қызмет ете ме?! Екіншіден, Кеңес кезіндегі басты-басты құжаттар арыстанның аузында екені жасырын емес. Жыланның аяғын көргендей, империялық өктем саясаттың бар сұрқия­лық құпиясын біліп алған Польша, Балтық бойы елдері сияқты бұрынғы отар кебін киген жұрттар да жанынан түршігіп, түңіліп, теріс қарап кете ме деген қауіп аға баласының қойнында айбалтадай қыстырылып тұрғаны жасырын емес. Оның үстіне күшік кезінен таланып қалған іні де тісі батқан үрейден арыла алмай, бойындағы «ақталу синдромын» сақтап отыр. Сондықтан да біз ыңғайға құлап, айтуға, жазуға бейімбіз... Үшіншіден, көптің айтқанының, ойындағысының бәрі де әрдайым діттеген жерден шығып, дұрыс бола бермейді екен. Аш өзек халықтың аузын азғантай аққа тигізген кішкентай көсемді «Мырзажан» деп төбемізге көтердік, сөйткен «жақсы кісіміз» барша қазақ басшысын топ-тобымен, партия-партиясымен мұрнынан көгендеп, «мұртты көсемге» тізімдеп беріп, араға ай салып атқызып отырды.
«Қалай да Кеңес өкіметі орнауы қажет. «Кіші Октябрь» салтанат құрмақ. Адам баласы теңдік пен бостандыққа қол жеткізіп, бұ дүниеде көрмеген қызығын болашақ коммунизм кезінде көреді». Бұл мыңдаған жылдық тарихы бар көшпелі қоғамдық формацияның соңғы тұяқтарының бірін «өркениетке» жақындатып, зорлықпен отырықшылыққа көшіру-тұғын. Зорлықтан зорлық туады. 1920 жылдары бүкіл қазақ даласын «банды» қаптап кетті. Қызылдар оларды қырып тауыса алмады, бас сауғалағандарының біразы «басмашылардың» жанынан табылды. Көркем дүниелерімізде Хамит жауыз бандының көзін құртқанымен, халық жады тақымдары кеппеген «Банды Аманғали», Ерғали, Құныскерейлерді көп күстаналай коймайды. Ал 30-шы жылдардағы аштықта қамшы-сойылмен отты қаруға қарсы көтерілмеген қазақ жоқ. Адай көтерілісі, Созақ көтерілісі, Шұбартау көтерілісі... оның арты қаншама сот, ату, айдауға ұласты. «Қазақ шыққан», өзбек болған, Қытай асқан, Ауған ауған қазақ қаншама... Айтылмады, жазылмады десек, шын мәнінде осы көтерілістердің шындығы өз суреткерлерін күтуде.
ХХ ғасырдың басында өлең шөптей қаулап шыққан қазақ оқығандары жазған бірді-екілі кітап «заңсыз» өнім болатын, ресми рұқсат алғандарының өзі тыңшы тілмаштардың цензурасымен қидаланып шықты. 1916-22 жылдары алашшыл арыс­тар аттан түскен жоқ. Олардың көбі Ташкенге, Сұлтанбек Қожановтардың жанына барып жан сақтады. «Білім» комиссиясын құрып, барлық саладан оқулықтар жазды, Абайдың өлеңдерінен бастап көп кітап шығарды. Ол оқулықтардың қай жылдарға дейін айналыста болғанын білмедік, бізге белгілісі жүрегі Алаш деп соққан бірде-бір азаматтың 1929 жылдан кейін бірде-бір кітабы жарық­қа шыққан жоқ. Сонда 1937-ге дейін олар қалам түртпеді ме?! Әрине, жазды. Өкінішке орай, өктем саясат идеология саласында ызыңы бөлек шыбынды да ұшырмады, сол заманның цензура тізгіні қалам ұстағанның жеті атасына дейін сауысқаннан сақ болуды үйретті. Атып-асып, жанын алған бір бөлек, 4-5 жылда шығармашылықтың дәмін татып қалғандардың қанатын қырықты, көмейіне қорғасын құйды. Айтылмай жатқан рухани репрессия сабағының ащы беттерінің бірі осы болса керек.
Әріге бармай, 1916-дан бастап 1986-ға дейінгі 70 жылдық қазақ өмірін алсақ, жадыраған жазынан өксумен өткен түнеріңкі күндері көп екен. Қызыл билетін қылыштан бетер жалаңдатқан мәскеулік коммунистерге өзіміздің шолақ белсенділер асыра көмек жасапты. Алапат аштық мен қанқасап қуғын-сүргінге депортацияны, 2-ші жаһандық соғыстың құрбандарын қоссаңыз, қазекем неге өспейді, өз жерінде өгей баладай күн кешті деген сұраққа жауап аласыз. Өз қағынан жеріп, ана тілі мен ата дініне қарсы шапқандарды тоқтату үшін де, ұлы жеңістеріміз бен алапат жеңілістеріміздің мән-мағынасын арттыру үшін де бір жыл, он екі айдың бір күнін АЛАШТЫҢ АЗА КҮНІ деп жариялау, ұлттық (мемлекеттік) қаралы күн датасын белгілеу орынды болмақ. Ол тарих тегершігін кері айналдырмаса да, орны ойсырап тұрған отарсыздандыру үдерісінің ноқтасын сыпырар еді.
Өсер ұлт тарихын тасқа жазады, өшер жұрт көзін жаспен жуады. Рухты жанып, ата-бабаға Құран бағыштап, арыстарды еске алар күн 8 мамырмын деп өзі сұранып тұрғандай. 7 мамырда жаңа әскеріміздің күш-қуатын бір парықтасақ, 8-і мен 9-ы күні Жеңісіміз бен Жеңілісімізді атап өту өркениет көшіне ерген жас мемлекетіміз­дің мәртебесін көтермесе, азайтпасы анық.

Ғарифолла ӘНЕС

«Ана тілі» газеті

 

0 пікір