Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4695 0 пікір 31 Мамыр, 2012 сағат 11:42

Камал ОРМАНТАЕВ, академик: Менің байлығым - ота жасап, аман алып қалған 13 мыңнан артық бала

Еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал Ормантаевты білмейтін қазақ кемде-кем. Өйткені оның аты алты алаштан асып әлемге жайылған үлкен ғалым. Қазақ балалар хирургиясының атасы атануының өзі елдің оған деген үлкен құрметінен хабар береді емес пе?!.

Еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Камал Ормантаевты білмейтін қазақ кемде-кем. Өйткені оның аты алты алаштан асып әлемге жайылған үлкен ғалым. Қазақ балалар хирургиясының атасы атануының өзі елдің оған деген үлкен құрметінен хабар береді емес пе?!.


Зарығып күткен бала
- Мен Қызылорда облысы Қар­мақшы ауданының Калинин колхозында 1936 жылы 11 қыр­күй­ек­те дүниеге келгенмін. Ау­дан орталығына 20 шақырым жер. Қорқыт стансасынан 15 ша­қырымдай. Қорқыт ескерт­кі­шінің қасында менің әке-ше­шемнің де қабірі бар. Алдымда 3 ұл, 3 қыз болған, бірақ алтауы да қайтыс болып кетіпті. Ол бір ел басына күн туған нәубет жылдар ғой. Аштық, жалаңаштық... Аку­шерка деген атымен жоқ. Біздің шешелеріміз киіз үйде туа берген ғой. Балалардың денсаулығы туған кезде жақсы болған, сосын 2-3 жасқа келгенде шетіней бер­ген. Қызылша ауруы меңдеп тұр­ған кез. Ол заманның адам­дарының қазақшылығы басым болған, бала тұрмаса «Құдайдың қарғысы атқан» дейді, Алладан бала, әсіресе, ұлдар сұрайды. Со­дан кейін әулие-әмбиенің ба­сына барып түнейді.
Мен - әке-шешемнің жетін­ші баласымын. Маған аяғы ауыр ке­зінде балгер шешеме: «Сен ба­ла күтіп жүр екенсің, ұл табасың. Одан кейін тағы бір ұл дүниеге келеді. Біріншісінің атын - Камал, екіншісінің атын Самал деп қой» дейді. Қанша жоқшы­лық кез болса да әлгінің айтқан жақсы сөзіне риза болған анам қолына ілінгенін беріп, шығарып салады. Негізі, мен бақсы-бал­герге сенбеймін, бірақ осы жолы олардың айтқаны келіпті, - дейді Камал аға тереңнен сыр тар­тып.
Әке Сәруар «Ұл туды, өмір­ім­нің жалғасы» деп қатты қуанып­ты және оны соншалықты ерке­ле­тіп өсірді. 4 жасында атқа мін­гізді. Олар Байзақ тоғайы де­ген жерде тұрады. Сол жерде 2-3-ақ үй болатын. 1-1,5 шақы­рымдай жерде 4 кластық мектеп ашылады, мұғалім де жоқ. Ысқақ Байзақов деген туысы бар еді, бұларды оқытқан сол кісі. Бала Камал бойы кішкентай, нәзік болды. Шешесі Айжан қолдан тоқылған сөмке алып берген, со­ған кітап салады, ап-ауыр. Со­ны көтере алмай, мықшыңдап ел­дің соңында келе жататын. Өздері ішер ас таппай отырса да, шешесі оған жарты бөлке нан салып береді. Қасындағы бала­лар бұдан 3-4 жас үлкендеу, олар озып кетеді. Бұл жарты жолда олардан қалып қойып, нанын жеп, әлгілер үйге қайтқан кезде соларға қосылып, үйге қайтатын­ды әдетке айналдырады.
- Әкем 1941 жылы қыркүйекте соғысқа кетті. Мен мектепке 1942 жылы бардым. Әкей 1-1,5 жылда жарақаттанып, елге қайтып келді. Сол кезде мұғаліміміз менің са­бақ­қа дұрыс қатыспайтынымды, оқымайтынымды айтып шағым­даныпты. Әкем ұрысқан жоқ, ұр­ған жоқ, тек қана «Балам, оқы­ма­саң адам болмайсың ғой» деп қа­бағын түйіп, бір қарағаннан кей­ін-ақ қорыққанымнан саба­ғым­ды жақсы оқып кеттім. Ол кездерде дұрыс мектеп те жоқ, әр-әр жерде, интернатта оқып жүр­сем де 1953 жылы мектепті үздік тәмамдадым, - дейді Камал аға.


«Аттандық сапарға...»

Мектеп бітірерде әкесі оған «Майданда дәрігерлердің соғысып жатқанын көрмедім, олар 2-3 шақырым артта жүреді. Алдың­дағы аға-апаларың жастайынан шетінеп кетті. Сен осы балалар дәрігері болсайшы» деп кеңес бе­реді.
- Бір мектептен 13 бала Ал­маты медициналық институтына келдік. 4-5-еуі Тау-кен институ­тына оқуға тапсырды. Онда ешкім түсе алмады-ау. Сол 13 баланың ішінде оқуға түскен жалғыз мен болдым. Орысшамыз да шамалы, соның өзінде шығарма жазғызды. Мұғалімдер мені бірінші қатарға отырғызып қойды. Орыс тіліне шорқақтау екенім өзіме аян, ал­дын ала дайындаған шпаргал­камды пайдалана алмадым. Әйтсе де емтиханнан «3» алдым. Басқа пәндерден де сынақтан аман-есен өтіп, студенттер қатарына қосыл­дым. Біз күні-түні сабақ оқыдық. Білмекке ұмтылыс күшті болатын. Мен студент кезімнен ғылыми үйір­мелерге қатыстым. Екінші курс­тан бастап үздіктердің қата­рына қосылдым. Марфуға Сәуле­бекова деген доцент апай екеуміз итке тәжірибе жасап, оның аузына қорғасын құйып улаймыз да, оның қанын ағызып жібереміз. Уланған иттің қан жоғалтуын ба­қылаймыз. Адамның өмірі, оның денсаулығы үшін кейде жан-жа­нуарларға осылай қатыгездікпен тәжірибе жасалады. Әйтсе де ал­бырт жастықтың әсері ме, әлде ғы­лымға, өзім таңдаған маман­дық­қа шын берілгендікі ме, шар­шау дегенді білмейтінмін. Ілім-білімді меңгеруге құштарлық күшті болды, бәріне үлгеру үшін үнемі ширақ жүретінмін, - дейді Кәмкең сөзін сабақтап.
V курста оқып жүргенде Го­рь­кий (қазіргі Нижний Новгород) қаласында өткен Студенттердің форумына қатысып, баяндама жасайды. Алыс сапарға шыққаны осы, алдымен Мәскеу барып, со­сын Горькийге аттанды.
VI курста балалар хирургиясы сабағы басталды. Ғылыммен ай­на­лысуға біржола ден қойды. Инс­титутта педиатр мамандығын меңгеріп шықты.

Әбсаттаров қайрамаса, Алматыға қайтып келер ем...
Ізденімпаз, еңбекқор шәкірт ылғи да ұстаздарының көңілінен шығып жүрді. Доцент Фатима Мұсабаева апай, оның күйеуі, сол кездегі денсаулық сақтау минист­рі­нің орынбасары Халық Мұса­баев, Михайл Иванович Брякин сынды ұстаздары мен жана­шыр­лары - Камал Сәруарұлының өмір жолында өшпес із қалдырған жандар. Кезінде әскери хирург болған профессор М.Брякин өте қатал, бірақ аса әділ адам болды. Ол «Хирургия - полувоенная дисциплина!» дейтін. Полковник, генерал айтты ма, ол ешқандай талқылаусыз орындалуы тиіс. Таң­­ертеңгілік конференцияны тұп-тура сегіз жарымда бастайды, өзінен кейін кешігіп келген адам­ды ол конференцияға кіргізбей қоятын. Міне, ол тәртіппен жұ­мыс істеуді осындай кісілерден үйренді. Брякинге аспирантураға түсіп, 1966 жылы «Балалардың миы шайқалуы» деген тақырыпта кандидаттық қорғайды.
Ғылым жолы айтуға ғана оңай болғанмен, асқаралы асу, оған таудай талабыңмен қоса, асқан жі­гер, қажымас қайрат қажет. Ор­мантаев сол 1966 жылдың өзінде Мәскеуге докторантураға шақы­рылады. Ол кезде үйлі-баранды - 1 ұл, 1 қыздың әкесі. Соларға қарайлап, көңілі алаң болып жүр­генде Одақ астанасындағы ака­демик В.Стручковтан «Ме­дици­на ғылымдарының кандидаты Ор­ман­таев балалар хирургиясы жө­ніндегі докторантураға жіберілсін» деген бұйрық келеді де, енді еш­теңеге қарайлауға мұрша болмай, тез арада жиналып, Мәскеу қай­дасың деп тартып отырады. Дереу «Баланың екі өкпесі шіріген кезде оған қандай операция жасау ке­рек?» деген тақырыпта докторлық жұмысына ізденісті бастап кетті. Әйтсе де әсем Алматы, асқаралы Алатау, ұл мен қызына деген са­ғыныш күннен-күнге арта түседі. Мәскеу суық, мұның үстіндегі киі­мі желең. Сөйтіп жүріп аяғы­нан суық өтіп, күп болып ісіп, тамағы баспа болып ауырып қа­лады. Осылайша ұнжырғасы түсіп жүрген бір күні «Минск» мейман­ханасында Дәрігерлер білімін жетілдіру институтының ректоры Айдархан Әбсаттаров пен прорек­торы, профессор Қуаныш Мәс­кеев­ке жолығып қалады. Олар бұдан жөн сұрайды. Бұл мән-жай­дың бәрін тәптіштеп айтып беріп, енді елге қайтпақ болып жүргенін жеткізеді. Екеуі Камал Сәруар­ұлын қоярда-қоймай «Центра­льный» мейрамханасына алып ба­рып, жақсылып тамақтан­ды­рып, жасыратын несі бар, аздап ащы судан ұрттатып, сосын Ай­дархан аға: «Камал, сен мұнда ештеңе шығара алмай, азын-аулақ қиындықтарға шыдамай қайтып кетсең, жұрт сені «оқи алмай келіпті» деп табалайды. Мәскеуге жердің үстімен келіп, астымен қай­тасың. Жұрттың аузына қақ­пақ қоя алмайсың» деп қайрайды. Бұл сөз оны кәдімгідей қамшылап, қиналса да намысқа тырысып, алға қарай ұмтылуға серпін берді. Докторантурадағы оқу екі жыл, дегенмен 1968 жылдың қыркүйе­гінде Алматы медициналық инс­титутының кафедра меңгерушісі, доцент Е.Черкасова зейнет дема­лысына шығу керек болды да, Ка­мал Сәруарұлына кафедра мең­герушісі қызметіне ұсыныстар түседі. Докторантураны аяқтауына қарамай, небары 32 жасында ка­федра меңгерушісі болып тағай­ын­далады. Оның бұл қызметке тағайындалуына Мәскеудегі ұс­таз­­дары академик Ю.Исаковтың, профессор А.Пугачевтің де ық­палы болғанын, олардың жас маманға үлкен сенім білдіріп, сыртынан жылы лебізін айтқанын кейіннен біледі. Сол кафедраны 43 жыл бойы басқарды, қазір құр­метті кафедра меңгерушісі. 1971 жылы балалар хирургиясынан Қа­зақстанда бірінші болып Мәс­кеуде докторлық диссертация қор­­ғады.


Қонаев қолдау көрсетті

Жұмысы тікелей осы салаға қатысты болған соң ба, ана мен бала денсаулығы жайын Камал Сәруарұлы үнемі ойлап әрі осы салаға жанашырлықпен бүйрегі бұрып тұрады. Сан жылдар бойы қалыптасқан дәрігерлік мол тә­жірибе мен ұйымдастырушылық қа­білеті ескерілген болар, 1980 жылы Ананы және балаларды қор­ғау институтына (қазіргі Пе­диатрия және балалар хирургиясы институты) директор болып та­ғайындалады. Келер жылы Қазақ­стан Компартиясы бірінші хат­шысы Дінмұхамед Қонаевтың қа­былдауында болады. Жылы шыраймен қабылдаған Димаш аға жағдайды біліп, өзінің жұмыс жасап жатқан саласында қандайда талап-тілегі бар екенін сұрайды. Ананы және балаларды қорғау институты жартылай барак типтес ескі үй еңсені басып тұратын және айналасында дұрыс қоршау да жоқ, маңайындағы жер үйлермен араласып кеткен, көзге қораштау көрінетін. Тап осы жолы бар жағ­дайды жайып салмаса, кейін кеш болатынын ұққан Камал аға: «Біз­дің институт - ғылыми-зерттеу ор­талығы әрі ана мен балаға арна­лып жасалған емдеу мекемесі. Ғимараты әбден ескірген әрі кіш­кентай. Оның үстіне, бұл институт - республикалық деңгейдегі ме­ке­ме. Шетелдерден де қонақтар жиі келеді» деп, «Жығылсаң нар­дан жығыл» дегендей, сол кездері облыстық аурухана үшін салынып жатқан ғимаратты сұрайды. Ди­маш ағамыз Кәмкеңнің ұсыныста­рын қағазға түртіп алып, ризашы­лық­пен жылы жымиып шығарып салады. Көп ұзамай шешім шыға­рып, институт жаңа ғимаратқа кө­шіріледі. Сол кезде Алматы об­лысын басқарып тұрған, қазіргі мемлекет қайраткері Кеңес Ау­хадиев бұл шешімге аздап реніш білдіреді де, «Өзімнен сұрасаң да бір амалын қарастырар едік қой» деп, сөзінің соңын жылы аяқтай­ды. Ол кездегі адамдардың сый­лас­тығына, бір-біріне деген құр­метіне кейде қайран қаласың. Ар­тық сөзге келмей, бар мәселе шешіліп жататын.
- Біздің қазақ халқының тари­хында Димекеңнің орны да, жөні де бөлек. Ол кісі уәде берді ме, соны міндетті түрде орындайтын. Жаратылысынан ерекше сабыр­лы, ұстамды жан болатын. Мен баспасөз беттерінде ол кісінің атын Қапшағай қаласы емес, Тал­дықорған немесе Өскемен қала­ларының біріне беру керек деп та­лай рет жаздым. Әлі де бұл пікірімнен айныған жоқпын. Осы ұсыныс жүзеге асып жатса, бұл күллі қазақ үшін үлкен қуаныш болар еді. Қазір белгілі тұлғалар қайтыс болған соң 5 жылдан кейін ғана оның есімін мектепке, көше­ге береді. Мен оған келіспеймін. Бір жылдан кейін берсе де болады. Мысалы, Салық Зиманов, Бәйкен Әшімовтерге әлі лайықты құрмет көрсетілмей отыр, - дейді Камал аға терең ойға шомып.


Бел-белес
Өмір болған соң кейде аяқтан шалу, істеп жүрген жұмысыңды нақақтан жоққа шығару сияқты келеңсіздіктер де болып жатады. Мұндай жағдай Камал Сәруарұлы­ның да басынан талай рет өтті. Сырт көзге Ормантаевтың жолы бол­ғыш көрінуі мүмкін. Жастайы­нан танылды, өзі таңдаған маман­дығының шыңына жетті, акаде­мик атанды. Бірақ өмірдің сан түр­лі қиындығын бір адамдай-ақ жеңген Ормантаев бұл. 1984 жылы Қазақ ССР Денсаулық сақтау ми­нистрлігі оны Педиатрия инсти­тутының директоры қызметінен босатып жіберді. Осының бәрі Кәм­кеңді қажытқаны рас. Біреу­лерден мұның ахуалын естісе ке­рек, көп ұзамай Димаш Ахметұлы оны өз қабылдауына шақырды. Мәселенің анық-қанығын сұрай­ды. Бұл не кінәсі барын өзі де білмей жүргенін айтады. Д.Қонаев өзі тікелей нұсқау беріп, инсти­тутқа комиссия жіберіп, қатаң тексеру жүргізеді. Нәтижесінде Ор­мантаевтың атына кір келтіре­тін ешқандай ілік таба алмай, ол бұрынғы қызметіне қайта кіріседі. Мұндай жағдай кейін тағы да екі рет қайталанады. Бірде Президент Н.Назарбаев шақыртып алып: «Сізді ана жолы қызметіңізден бе­кер босатқан көрінеді. Түк кі­нәңіз жоқ екен. Қайтадан барып істесеңіз қайтеді?» деп сұрады. Сондағы Камал ағаның жауабы: «Сіз сенім артсаңыз істейін. Мен ғылымға шын берілген адаммын. Бәлкім, білмей істеген қателік­терім болуы мүмкін, бірақ әдейі істеген қылмыс-қиянатым жоқ».
Қанша мықтымын дегенмен, мұның бәрі адамның жүйкесіне әсер ететін салмақты мәселелер. Дегенмен бұл қиындықтың бәрін Кәмкең қасқайып тұрып жеңіп шықты.

Ұлт үшін туған ұрпақ

- Өткен ғасырдың 30-жыл­да­ры көп адамдар қырылды. Ала­шор­дашылардың көбін атып жі­бер­ді. Солардың ішіндегі Әлихан Бөкейхановтың осы күні аты көп атала бермейді. Ол - көсем бол­ған. Ә.Бөкейхановты Мәскеуде 2 бөлмелі пәтерде ұстап отырған. Сосын атылған. Елден барғандар «Біз сені жасырып алып шығайық, құтқарайық» дейді, сонда ол «Ме­ні өлтірсе өлтірсін, егер мен қа­шып кетсем, олар сендердің бар­лықтарыңды қырады» деп, елі үшін өзін, отбасын құрбан еткен жан. Не деген патриотизм! Мен тарихшы емеспін, бірақ осы Әли­хан Бөкейхановтың өмірі мен қызметін зерттеп, оған бір аудан­ның атын беретін уақыт келді.
Егеменді ел болдық, аңсап жүрген тәуелсіздікке қол жеткіз­дік. Осы күні өзінің қара басын ғана ойлайтындар көбейіп барады. Ел жаққа, Қармақшыға барып тұ­рамын. Жұмыссыздық көп. Оқу­дың өзі ақылы. Бір баланы оқыту үшін пәленбай ақша керек. Қа­заққа Құдай қазба байлығын ая­май берген, бірақ біз соның игі­лігін халыққа қарай бұра алмай отырмыз. Халқымыздың тұрмысы түзелсе, денсаулығы да дұрыста­лады.
Халықтың 45 пайызы ауылда тұрады. Ауыл шаруашылығы сала­сы дамымаған. Қазақтар оңтүстік батыс, оңтүстік шығысты мекен­деген. Орталық Қазақстан, сол­түс­тікте көбіне өзге ұлттар қоныс­танған. Олардың жерлері де жақ­­сы, қара топырақты. Менің ой­ымша, ауыл шаруашылығын да­мыту керек. Жеке шаруашы­лық­тарға техника, несие алу жа­ғынан көптеген жеңілдіктер бері­луі тиіс. Ауыл шаруашылығы са­­­ла­сында еңбек ететіндерге Үкі­мет тарапынан қолдау болуы керек. Болашағы жоқ аудандарды көшіреміз дейді, бірақ ол жер­де­гілер қазақы дәстүрмен «Әке-ше­шеміздің жатқан жерінен кетпей­міз» деп табандап отыр. Осы мә­селенің оң шешімін ойласты­руға тиіспіз. Кеңес Одағы кезінде артта қалған аудандарда тұра­тын­дарға ерекше көмек беретін. Мүм­кін, сондай бір жолдарын қарас­ты­ру керек болар.
Компартия келмеске кетті, бірақ мен оның жақсылығын ай­тайын деп отырмын. Ол кезде қазіргідей олигархтар болған жоқ. Халықтың көпшілігінің тұр­мыс ахуалы бірқалыпты болатын. Қазіргідей жұмыссыздық та бол­ған жоқ. Мысалы, аудандық хат­шы бір жерден үй салды деп га­зетке шықса, үйін тартып алып, жұмыс­тан босатады. Бұл өзгелерге үлкен сабақ болатын. Халықтың алдын­да үлкен ұятқа қалатын. Ол кездері тәртіп өте күшті, бәрі бақылауда болды.
Қазір елімізде, әсіресе, Астана қаласында халықаралық форум­дар, түрлі жиындар жиі өткізіледі, ол үшін қомақты қаржы жұм­са­ла­ды, бірақ мұндай жиындар еліміз­дің абыройын асқақтатады, - дейді Камал Сәруарұлы.


Педиатрия факультетін қайта ашу керек
Ана мен баланың денсаулығын қорғау әр мемлекетте ерекше ор­ын алады. Біздің байлығымыз көп, қаражат қомақты болса да ба­лалар ауруханасында аппарату­ралардың жетіспейтіні, барының өзі ескі екендігі өмір бойы осы са­ланың ащы-тұщысын қатар көріп келе жатқан академикті ойлантпай қоймайды.
- Рентген аппараты, компью­терлік томографияны алғаны­мызға 15-20 жыл болды, біразы сынып жатыр, оларды жаңасына алмастыру керек. Қалалық ден­сау­лық сақтау басқармасы бас­тықтары «Ақша жетпей жатыр» дейтін көрінеді. Ана мен баланың денсаулығынан аяған ақшаны қайда жұмсайды? Бұл жайды қала басшысы А.Есімовке де айттым. Бала өзінің ауырған жерін айта алмайды, оған диагноз қою үшін ең заманауи аппарат қажет. Аме­риканың Сан-Франциско қала­сында болғанда 1 жастағы бала­ның дертін анықтау үшін үш ап­паратты қатар қойғанын көр­дім. Үшеуі бірдей көрсетіп тұрса ғана қойылған диагноздың дұрыс болғаны. Біреуі дұрыс көрсетпесе, оның орнына басқа аппарат қоя­ды, - дейді ол. - Бізге білімді дәрі­­герлер керек. Алматы ме­д­универ­ситетінде педиатрия фа­куль­­тетін жауып тастағалы 5 жыл болды. «Жалпы дәрігер дайын­даймыз» дейді. ТМД-да Педиа­трия факультетін тек қана біздің елі­мізде жапты. Украина, Қырғыз­стан, Беларусьте де жауып еді, екі жылдан соң қайта ашты. Ресейде, Өзбекстанда тек қана педиа­тр­ларды дайындайтын медициналық институт бар. Негізі, бала дәрігері боламын деп талаптанатындар көп. Оның үстіне кемтар туатын балалар жыл өткен сайын көбейіп барады. Балалардың түрлі ауру­лары асқынып, көбейіп бара жат­қаны байқалып отыр. Қазір отбасылық дәрігер деген қа­лып­тасып келеді. Бұл ауылдарда тиім­ді болар, ал аудан орталығы мен қалаларда салалық маман болуы керек. Қазір адамзат баласына тән 14 мыңнан астам ауру түрі бар. 7-9 жылда бір адамның соншама ауру түрін емдеуді біліп шығуы мүмкін емес.
Ұзақ жылғы медициналық тәжірибесінде Камал Сәруарұлы 13 мыңнан астам балаға ота жасап, талай бүлдіршіннің басына төнген дерттен құлан-таза айығып ке­туі­не себепші болды. Көптің алғы­сын алған академик өткенге көз жүгіртіп отырып «Ананың жолы ерекше, 9 ай, 9 күн көтерген бала­сы науқастанып қалса, жанын беретіндей құрақ ұшып жүреді. Еркек десе, өзімізге де тиеді, бірақ табиғаттың заңы солай ма, әкесі анда-санда бір тамақ әкеліп бе­реді, болды, ал ананың жөні бө­лек. «Балам өлсе, мен де өлемін» деп басын соққан талай ананы көргенбіз. Балаға анадан жақын ешкім жоқ» дейді. Ол Меду­ни­верситетте педиатрия факультетін жауып тастағанына үзілді-кесілді қарсы. «Шенеуніктер шетелге барып келіп, солардан көргенін істегісі келеді, олардың 100-150 жылдық тәжірибесі бар, балалар медицинасы әбден қалыптасқан. Қазіргі таңда елімізде 6000 дәрігер жетпейді. Себебі бұрын 6 жыл оқитын да, дәрігер болып кететін. Қазір 7 жыл оқиды, содан кейін педиатр болу үшін тағы 2 жыл, ал хирург болу үшін 3 жыл оқиды. 10 жыл оқып, институт бітірген адамдарға 45 мың теңге жалақы береді. Негізі ІЖӨ-нің 6 пайы­зынан кем болмау керек. Бізде 2,5 пайыз ғана. Америкада 15 пайыз, ал Франция мен Германияда 8 пайыздан. Институт бітірген кез­де оның отбасы, бала-шағасы бо­лады. Осындай жағдайлардың кері әсерінен дәрігерлер азайып кетті, көбі басқа салаларға кетіп қалды. Дәрігерлердің айлығын кө­бейту керек. Сонда ғана олар­дың жұмысқа деген қызығу­шылығы артады» дейді академик Камал Ормантаев.


Дәрігерлер династиясы

Әңгіме отбасы жайына ауыс­қан кезде аз-кем ойланып алған соң:
- Мен бұзылған адаммын, - деп күліп алды Камал аға, - екі рет үйлендім. Үлкен ұлым - ғы­лым докторы, балалар хирургі. Астанада жұмыс жасайды. Одан екі немерем бар. Бір немерем жа­қында тұрмысқа шықты. Екінші қызым да дәрігер-дерматолог, ме­дицина ғылымдарының кандида­ты, жеке клиникасы бар. Одан туған жиенім шетелде оқиды.
Қосағым Роза Қасқыр­қызы­ның да мамандығы дәрігер. Жеке фармацевтикалық компаниясы бар. Ұлым Сыртқы істер минис­трлігінде қызмет жасайды. Қызым Қазақ-британ университетін үздік бітіріп, одан кейін Лондонда оқып келді. Қазір «ҚазТрансОйл»-да жұмыс жасап жатыр. Олар әзір­ге отбасын құруға асығатын емес.
Бұрын саяжайда жұмыс істе­генді жақсы көретінмін. Қазір он­дай қауқар жоқ. Әйтсе де таңер­теңнен кешке дейін ауруханада жүрген соң, кейде таза ауада жүр­генді қалайсың.


Академиктің әңгімесіне қарағанда, ол дүние жиған жоқ. Бірақ өз өмірінде жақсы адамдармен көп араласты. Олардың бәрі бұның өмірге деген өзіндік көзқарасының қалыптасуына, қиындықтардан сүрінбей өтуіне мейлінше әсер етті. Ол педиатрия және балалар хирургиясы саласынан 130 медицина кандидаты мен докторын даярлады. Камал аға «Менің байлығым - мыңдаған балаға ота жасап, өмірін сақтап қалғандығым» дейді. Мұнысы рас. Қазір олардың өзі әке, ата атанып отырған жайы бар. Олар бүгінде өсіп-өніп жатыр. Аман қалған балаларды көрсе, қуанады, шүкіршілік етеді. Бір ғана адам өз еңбегі арқылы аз қазақтың көбеюіне қаншалықты үлес қосқанын жоғарыдағы әңгімелерден байқауға болады. Айналасындағы шәкірттері осы күнге дейін Камал Ормантаевтың бір кеңесін тыңдап барып, іске кіріседі. Бұл бір жағынан үлкенге деген құрмет болса, екінші жағынан Ормантаевтың әлі де өз биігінде тұрғанын аңғартса керек...

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

«Айқын» газеті

 

0 пікір