Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4167 0 пікір 31 Мамыр, 2012 сағат 11:41

16 жол өлеңі үшін 18 жыл азапта болған

Белгілі өнер қайраткері, актер, ақын, Қазақстанның халық артисі Шахан Мусиннің (1913 - 1999) қиырдағы Колымада өткен ауыр азапты тағдыры, сонда да сағының сынбағаны, сексен алты жас ғұмыр кешіп, өнердегі, өмірдегі өз биігін бағындырып кеткені кімді де болса таңдандырғандай.

Белгілі өнер қайраткері, актер, ақын, Қазақстанның халық артисі Шахан Мусиннің (1913 - 1999) қиырдағы Колымада өткен ауыр азапты тағдыры, сонда да сағының сынбағаны, сексен алты жас ғұмыр кешіп, өнердегі, өмірдегі өз биігін бағындырып кеткені кімді де болса таңдандырғандай.

Шахаң туралы қалам тербеу ойымызда жоқ тұғын. Қайбір күні редакциямызға келген Мұрат Исин деген әскери зей­неткер ақсақал түрткі болды. Кө­зінде қара көзілдірік, тіп-тік, қи­мылы ширақ, сыптай боп киін­ген Мұрат ақсақалдың сек­сен жаста екеніне, өзі айтпаса, сенуіңіз қиын. Ұзақ жылдар еліміздің сыртқы барлау қыз­метінде еңбек еткен. Қысқасы, қатаң тәртіпке бағынып өскен, бет-әлпетін бұлжытпай ұстай­тын әскери адам екені бірден аңғарылады. Әйтсе де іштей толқып, толғанып келгенін аңғардық. Оны аңғартқан - біздің сезімталдығымыз емес, бұл кісінің ақынжандылығы. Өлең жазады екен. «Түсіме Шахан аға кірді» деп, оқушы дәптеріне жазылған отыз шумақ өлеңін ұсынды:
Оқыдың ба сен Шаханның нәзік,
мұңды жырларын?
Ұға алдың ба тар қапастан
шерткен шерлі сырларын?
Байқадың ба бойындағы әртүрлі
өнер қырларын?
Азаматтық ар-ұятын жоғары
ұстап тұрғанын?!.
Осылай басталатын ұзақ өлеңінде өршіл өнер иесінің азапты ғұмырын сырлы сөздер­мен әдемі өре білген ағамыз «мен ақын емеспін ғой» деп кіші­пейілділік танытты. Әскери жолды емес, ақындықты шын­дап қуғандай болса, біраз жерге шапқандай екен-ау дедік.
Мұрат ақсақал Шахан Му­син­мен бірі - аға, бірі - іні бо­­лып, әрі жерлес, әрі рухтас ре­тінде сәлемі түзу болыпты. «Мұндай кісі туралы міндетті түрде жазу керек!» деп, «Арыс» баспасынан шыққан «Өлең. Өмір. Өнер» атты Шахан Му­синнің жырлары мен жазба­лары, ол кісі туралы естеліктер, өлең-арнаулар жи­нақталған кітапты қолыма ұстатты.

* * *
Шахан Мусиннің «Май­лықара» («Наркомға хат») деген тұңғыш өлеңі 1932 жылы терең тебіреністен, күйініштен туған. Бұл туралы ол естелігінде «Сол күндері Майлықараға бара жатып, қайтып келе жатып, та­қыр жолдың бірде оң жағын­да, бірде сол жағында, кейде жақын, кейде алыс, айдалада әр жерде, азып-тозып, аштан өліп, іріп-шіріп, қарға-құзғынға жем болып жатқан азаматтардың өлім­тігін мына мен сорлы өз көзім­мен көрдім» дейді. Сөйтіп, осы 16 жол өлеңі үшін 18 жыл айдауда болады. Ең алғаш 1936 жылы түрмеге қамалады. Көп өтпей, Қиыр Шығыстағы «Ко­лымадан» бір-ақ шығады. Сол жерде он жыл ауыр азапты ай­дауда болып, 1946 жылы туған жеріне оралып, бұрын өзі істе­ген Семей театрына орналасады. 1948 жылы тағы да ұсталып, Сібір өлкесіне мәңгі бақи жер аударылады. Колымада аштық­тан үш рет ісініп, үш рет өлім аузынан қалады. «Аштан ісіне бастадым. Жалпы, ісік дегенге саусағыңды бассаң, шұңқыр пайда болады да, саусақты алған соң, шұңқыр толып, адам терісі ор­нына келеді ғой, ал аштан ісін­генде, бармақ батқан шұң­қыр орнына келмей, сол күйінде ойылып тұрады екен» деп жа­зады Мусин. Сталин өліп, Берия атылған соң, 1954 жылы ғана босанып, сол 1954 жылдан өмі­рінің ақыры 1999 жылға дейін табаны күректей 45 жыл театр сахнасынан түспейді. Осы­лайша жиырма жылдай айдауда болса да, Шахаңның сексенге келгенше тісі түгел, қимылы ширақ болыпты. Бірде атақты ақын Қалижан Бек­хожин: «Шахан, сен осы түріңді көп бермей, аса қартаймай қалай сақталып жүрсің?» десе, Шахаң: «Е, етті бұзылып кетпес үшін мұздатқышта сақтайды ғой, мені де 20 жылдай 40-50 гра­дустық аязы бар, қысы 9 айға созылатын суық жерде сақ­тады, екіншіден, диета сақ­таған адам көп ауырмай, қар­таймай жүреді дейді ғой, мені сан жылдар аш құрсақ ұстады, үшіншіден, ешкім ұрып-соғып кетпесін, нервісі тиыш болсын деп, 10 жылдап төрт бұрыштан мылтық ұстап күзетіп тұрды, мен сақталмай, кім сақталады?! Менімен бірге болсаң, сен де қартаймас едің» депті. Міне, қайсар қайрат, рух мықтылығы! Он сегіз жыл көрген азабына юмормен қарау - тек Шахаң сынды жандардың қолынан келсе керек. «Сері ағамыз бұл аралықты саналы түрде өшіріп жіберген. Он сегіз жыл көрген қорлығын ұйықтап тұрғандай ішкі сарайынан сызып тастаған. Сонда жаңағы «он сегіз жыл өмірім бекер өтті-ау!» дейтіндей ақжарқын жанның жүзінде қандайда бір мұң, маңдайында сызат, бетінде әжім жатпайтын, тіпті іштей бір өкініш сездір­мей­тін еді-ау! Қашанда жарқы­рап, сұп-сұлу, тап-таза, мұнтаз­дай күйінде, үсті-басының қыры кетпей, мойнынан галс­тугы түспей, бәтеңкесінің бауы үзілмей, қобырамай, салақтық жасамай, жинақы, әдемі жүріп қазақ өнерінің нар тұлғасы көз алдымызда пәниден бақиға өтті» дейді әріптес інісі Тұң­ғышбай Жаманқұлов.
Шахаңның қырық жылдай отасқан жан жары, Алаштың әйгілі ғалым қызы, профессор Рәбиға Сыздықова «Шахан шерткен сыр» атты толға­ны­сында асыл жарымен қалай танысып, табысқанын терең си­паттап жазады. Біз бұл жаз­бадан Шахан Мусиннің өмір тауқыметі сағын сындыра ал­маған кісілігін, тектілігін тани­мыз. Тағдыр табыстырған қос аққудың бір шаңырақ астын­дағы өмірі - тұнып тұрған тағы­лым, өнеге. Осындай терең сыр­лы Шахан Мусин әлемімен та­нысуыма сеп болған жоға­рыдағы Мұрат Исин ақсақалға үлкен рақмет!

Төреғали ТӘШЕНОВ

«Айқын» газеті

0 пікір