Жұма, 19 Сәуір 2024
Қазақтың тілі 7654 4 пікір 25 Шілде, 2021 сағат 12:54

Қоғамдық бақылау орнатамыз!

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының алда өткізетін шараларына қолдау көрсетіп, көп болып талап етейік. Әрине тек қарар қабылдаумен, жоғардан сұраумен біте қалатын дүние жоқ. Дегенмен халық қаласа, хан түйесін сояды деген сөз бар емес пе.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тек өзінікі болсын демейді, дұрысы, ғылыми негізі бары болсын, тозығы қалсын, озығы барсын дейді. Сол үшін қазаққа қажет қай нәрсе болса да қоғамдық бақылау орнатпақ білікті мамандарды тартып жөнін көрсетпек, бәсекенің әділ өтуіне жақтаспақ. Осы уақытқа дейін өткізген шараларымыздан түйгенімізді айтқанбыз. Енді биыл әлі де бірқатар шараларды жоспарлап отырмыз.

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының, Ш.Шаяхметов атындағы  «Тіл-Қазына» орталығының мамандары мен осылардың басын құрап бас болып отырған Білім және ғылым министрлігінің өкілдерін қатыстыра отырып, қазақ әдебиеті мен қазақ тілі оқулықтарының бағдарламасын жетілдіру бойынша дөңгелек үстел өткіземіз.

Кеңес кезінде де қазақ тілі мен әдебиетін өзіміз жазатын едік. Ендігімізде не жорық, ұрпаққа рухани нәр беріп, тамырын терең бойлататын бағдарламаларды сырттан импорттайтындай.

Мұнда мәселе көп. Жаңартылған бағдарламамен шыққан оқулықтар төрт жыл қолданыста болып енді қайта басылып жатыр. Бағдарламадағы және оқулықтағы кемшіліктерді осы кезде неге түзеп алмадық. Со күйі қайта басылып жатқаны несі. Ертең он екі жылдыққа өткенде де осы бағдарламаны мазмұнын өзгертпей, тек он екі жылға турап бере салсақ, не болмақ болашақ?! Бүгінгі жаңартылған бағдарламаның қазақ тілі мен әдебиеті пәніне артықшылығы кәне, кемшілігі неде дегенді ашық талқылап, қарар қабылдаймыз.

  • Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы қыркүйек айының басына жоспарлап отырған тағы бір шарасы ұлт ұстазы, ұлы реформатор Ақымет Байтұрсынұлының 2022 жылы кіретін 150 жылдық мерейтойы.Қазақ үшін шам қылған жүрек майын кешегі арыстар бүгінгі үкіметтің науқаншылап ұлықтауына зәру емес. Қазақ мәңгілікке қазақ боп тұрса, олар да мәңгі бірі күн, бірі шолпан, бірі ай боп тұра берері хақ. Керісінше "вещизмге" салынған, материалдық байлыққа бас ұрған бүгінгі қоғам олардың кешегі істеген әр бір ісіне зәру болып тұр ғой.

Осыған орай ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында меншік түріне қарамастан барлық мүдделі ұйымдардың және күллі Ахметтанушылардың қатысуымен 2022 жылы атқарылатын шаралар бойынша семинар кеңес өткізуді жоспарлап отырмыз.

  • Осы жылдың қазан айына жоспарланған келесі шарамыз еліміздегі тіл саяясаты жайында. Әлеуметтік лингвистика мамандарының тұжырымдауынша, тіл саясаты дегеніміз – мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар тұрғысынан жүзеге асырылатын, елдегі тілдік жағдаятты өзгертуге немесе тұрақтандыруға бағытталған саяси, әлеуметтік және лингвистикалық шаралар жүйесі.

Тіл саясаты екі бағытта жүргізіледі: өз қамқорына алған тілді оған тиесілі кеңістікте барынша дамыту не соған кедергі келтіретін өзге бір тілдің жайылуын шамасынша тежеу.

Тіл саясаты нәтижелі болуы үшін оның құқықтық негізі мықты болуы керек. Екіншіден, оның насихаты ауқымды болуы керек. Үшіншіден, тіл саясатын жүргізуге қатысты шараларға үкіметтен қомақты қаржылық қолдау болуы керек.

Бізде бұлар бар ма? Бар болса, неге отыз жылда мемлекеттік тіл өзіне    тиесілі   өріске толық жайыла алмай отыр? Жұмыс істемей тұрған қай тетік?

Сенат, Мәжіліс депутаттарын, Тіл саясаты комитетінің жауапты мамандарын, әкімдіктердегі тіл, білім, мәдениет, ішкі саясат басқармаларының басшыларын, әлеуметтік лингвистика саласын зерттеуші ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін, тіл жанашырларын шақырып осы сұрақтарға жауап іздейміз. Белсенді болайықшы!

Бижомарт Қапалбек,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті

Abai.kz

4 пікір