Сейсенбі, 21 Қыркүйек 2021
Әдебиет 4861 13 пікір 25 Шілде, 2021 сағат 12:36

Тезек Төре қорымы: Мемлекет қашан көңіл бөледі?..

Алматы облысындағы «Сарыөзек-Жаркент» автожолының 40-шақырымынан оңға қарай, 4-5 шақырым жерде, қазір «Қарлығаш» аталатын шағын ғана ауыл бар. Жетісудың атақты сұлтаны Тезек Төре Нұралыұлының қорымы сол ауылда. Тезек Төренің 200 жылдығына орай, көпшіліктің сұрауымен облыс әкімі А. Баталовтың тапсырмасымен ауылдың жолына асфальт төселіп, оған ауыл тұрғындары кереметтей ризашылығын білдіруде.

Алматы облысы, Кербұлақ ауданына қарасты бұл жерлер, белгілі Алтынемел асуының етегінде, алқап ежелден «Мақпал» деп аталады. Ұрпақтан-ұрпаққа ауысып айтылып келе жатқан бұл қасиетті орынды, қазіргі күнде жергілікті тұрғындардың көбі көрсете алады. Қазіргі уақыттарда жарияланған Ресей империясы заманындағы әскери карталарда да Тезек Төре қорымы көрсетілген.

2021 жылғы шілде айының басында «Тезек Төре-200» Халықаралық конференцияға дайындық ретінде академик Н. Қапалбекұлы ұйымдастырған,  Алматы-Нұр-Сұлтаннан келген ғылыми-танымдық экспедиция ғалымдарымен бірге болып, өлшеу жұмыстарын жүргізіп, олардың пікірлерін естудің реті келген еді.

Жалпы, сұлтандар қорымы үлгісінде, қыш, саман, тас сияқты жергілікті табиғи материалдардан қорымды қоршай соғылған дуалдың биіктігі 2 метрге жуық, ұзындығы – 20, ені – 15 метр, ал қорымның аумағы  300 шаршы метрдей болғандығы анықталды.

Қоршау ішінде қазір үйіліп төбе болып жатқан мазардың орны кезінде сәулетті күмбез болғандығын бірден аңғаруға болады. Ұрпақ сабақтастығымен жеткен дерек бойынша Тезек Төренің әйгілі күмбезінің орны осы жер!

Уақыт өткен сайын Ресей қысымының күшейіп, отаршылдық пиғылының арта түскенін дәл сезіне білген Тезек төре 1877-78 жылдары көзі тірісінде, алдымен осы қорымды қоршатып, одан кейін өзіне арнап өте сәулетті, еңсесі биік күмбез соқтырады. Бұл күмбез туралы найман руының атақты Түбек ақыны «Шаған Бұғыдан көрінді көк күмбезің...» деп жырлағаны белгілі.

1879 жылдың шілде айында Тезек төре қайтыс болады да, өсиеті бойынша өзі тұрғызып қойған осы күмбезге жерленген. Сол күндері қазақ даласына, иісі қазақтың қабырғасын қайыстырып, көңіл айтқан жыр сүлейі, замандасы Сүйінбайдың теңдессіз туындысы «Тезек төрені жоқтау» атты екі бірдей жоқтау өлеңдері таралып кетті.

Зерттеу жұмысы нәтижесінде күмбездің іргетасы қаланған бөлігінің диаметрі 8-10 метр болғаны анықталды.

Біздерге кейде «Тезек Төре неге ұлы ғалым Шоқан жатқан «Көшен Тоғандағы» қорымға жерленбеген, арасы аса алыс та емес қой?» деген сұрақтар беріліп қалады. Оның жауабын былайша пайымдаймыз: «...Тезек Төренің әкесі Нұралының есімі 1825 жылғы жазбаларда кездеспегендігі, ол кісінің ертерек қайтыс болғандығынан шығар, олай болса, ауыз әдебиетіндегі «хан ием бес жасында жетім қалған...» деп айтылатыны шындыққа жанасады. Сондықтан, бұл жерге алдымен, шамамен 1790 жылдары туып, 1825 жылдары қайтыс болған Нұралы Әділұлы Абылайханов сұлтан жерленген...».  Кейін, 1860 жылы Жетісу өңірінде кенеттен таралған аса қауіпті індет-шешектен Тезектің 55-60 жастар шамасындағы анасы, ауызекі шежірелерде айтылмайтын, бірақ, тарихи құжаттарда есімі кездесетін, 35-40  жасар бауыры Шерәлі,  12 жасар ұлы Садуақас және кенже ұлы  Санияз қайтыс болған. Тезек төренің ұйғарымымен олардың барлығы да осы  қорымда жерленеді.

Ауыз әдебиетіндегі Сүйінбайдың, басқа да ақындардың Тезекке көңіл айтуы осы оқиғамен байланысты.  Басқа да ет жақын ағайын-туыстарының бірқатарына да осы жерден топырақ бұйырған.

Содан бастап, бұл қорым Тезек төренің отбасылық қорымы болып саналған. Сондықтан, Тезек төре оның аумағын қоршатқан және ішінде өзіне де күмбез салдырған.

Төренің көзі тірісінде салдырған күмбезі туралы бірер сөз айттық. Өкінішке орай, Патшалық Ресейдің жымысқы отарлау саясаты арқасында Алтынемел өңіріне жер ауып келген «переселен» мұжықтар асқан көргенсіздік танытып, жергілікті қазақтардың қарсылығына қарамастан, күш көрсетіп, алдымен осы қорымның дуалын, одан кейін Тезек төренің күмбезін де бұзып, кірпіштерінен өздеріне үй тұрғызып алады.

Алайда, олардың қуаныштары ұзаққа созылмаған. Себебі, сол маңда болған жер сілкінісінен орыстардың үйлері түгел құлап, біраз адамдары (ауызекі әңгімелерде 17 адам деп айтылады) үйінді астында ажал құшады.

Бұл оқиғаны естіген қазақтар жан-жақтан жиналып келіп, «Сендер біздің хан иеміміздің аруағын қорладыңдар, ол аса қасиетті кісі болған. Алла тағала сол үшін жазаларыңды берді» деп, қалған орыстарды қырып тастай жаздайды.

Зәрелері ұшып, қорыққан «переселен» мұжықтар қалған кірпіштерді қорым аумағына қайтадан тасып, бей-берекет қалдырып кетеді.

Сонша уақыттан бері ылғал мен күннің табиғи әсерінен кірпіштер үгітіліп, үйіндіге айналғаны осы күндерде анық көрініп жатыр.

Осы жерде өз тарапымыздан келесідей ұсыныс айтқымыз келеді:

Қорымдағы 200 жылдан бұрын салынған көптеген бейіттер, дуалы мен күмбез бұзылмай тұрған болса, халқымыздың сәулет өнерін көрсететін құнды тарихи жәдігерге айналар еді! Оның үстіне, бұл күмбез, қорымның дуалы, басқа бейіттер басқыншылардың «вандализмдік» арам пиғылымен, кісі қолымен бұзылып кеткен, олай болса мүмкіндігінше, алғашқы нұсқасына сай қалпына келтірілсе қайтер еді деген сұрақ туындайды!

...Егер «Тезек төре» қорымына мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, қоршау-дуалы мен күмбезі жаңғыртылып, қайта қалпына келтірілсе және сол маңға автотұрақ, саябақ, асхана, қонақүй, әжетхана сияқты нысандары бар туристік кешен салынса нұр үстіне нұр болады емес пе? Одан кейін тиісті жарнама жұмысын жүргізіп, алыс-жақын елдерден туристер тарту қажет. Жалпы, бұл мәселе Шоқан Уәлиханов жатқан жерге де қатысты, ол жерге де аталмыш туристік кешен салуды, сондай-ақ ел ішінде «Жошы оры» немесе «Жошы араны» деп аталатын, кем дегенде 700 жыл бұрын қазылған, ұзындығы 60 шақырымға жуық ордың тас жол маңындағы бір бөлігін ашық аспан астындағы музейге айналдыру қажет деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, болашақта туристік әлеуеті аса жоғары болатын, Шоқан жатқан «Көшен тоған», «Жошы оры» және «Тезек төре қорымын» қайтадан жаңғыртып, қалпына келтіру, маңына туристік кешендер салуды ұсынамын.

Алматы облысы Кербұлақ ауданында Шоқан жерленген «Көшен тоған», Көшен төре салдырған егістік суару каналдары, Шоқан музейі мен ескерткіші - «Жошы оры» -  «Тезек төре қорымы», Тезек төре мен Бөлтірік шешенге қойылған ескерткіш, Алтынемел асуы және Алтынемел ұлттық қоры біріктірілген туристік бағыт ашуды да барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, басқа да ұйымдар мен азаматтардың назарына ұсынамын.

Осындай игі істермен айналысатын еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық, қоғамдық ұйымдар, ЮНЕСКО бөлімдері бар болса, қолдауларын сұраймын.

Өз тарапымыздан жоба әзірлеп, ұсынуға дайынбыз.

Аталған қорымдарда жерленген ата-бабаларымыздың, барша мұсылман бауырларымыздың рухтарына тағзым етіп, дұға етіңіздер!

Бағдат Ақылбеков

Талдықорған-Кербұлақ ауданы

Abai.kz

13 пікір