Жұма, 19 Сәуір 2024
Айқай 7668 12 пікір 25 Шілде, 2021 сағат 12:22

Рефкеңес «Реформа» дегеннің не екенін біле ме екен?..

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ұсынысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  заң шығару бастамасы тәртібімен Мәжілістің қарауына 17 заң жобасын жіберіп, қабылдады. Сондай-ақ, 3 Жарлық пен 18 Қаулы шығарылды.

Ақорда мұны «Саяси реформа» деп есептейді әрі халыққа солай түсіндіреді.

Әрине, бұл бастамалардың «Саяси реформа» деп атауға татитын тұстары да бар. Бірақ, олардың көбі саясатқа белгілі дәрежеде ықпал ететін заңдар ғана.

Атап айтар болсақ, ауыл әкімдерін сайлау тікелей – дау жоқ, саяси реформа!

Жерді шетелдіктерге сатуға салынған тиым да дәл солай – саяси реформа! Тарихи шешім!!

Ал, Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде саяси партиялардың өту шегін 7-ден 5%-ке дейін төмендету мен сайлау бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген тармақ енгізу – сайлау саясатына белгілі дәрежеде ықпал ететіні шындық. Бірақ, түбегейлі «Саяси реформа» деуге келмейді.

Ондай нормаларды, алыстағы дамыған мемлекеттерді айтпағанда, жақын отырған көрші елдердің қатардағы депутаттары да енгізіп жатқанын көзіміз көріп отыр.

Сонымен бірге, партия тіркеуге қажетті төменгі шекті 40 мыңнан 20 мың адамға түсіру де – солай.

Себебі, осы норма енгенімен, әлі бірде-бір жаңа партия тіркеуден өткен жоқ. Ескі партиялардың атын ауыстырып, «ілдалдалап» келеміз.

Егер, Сайлау бюллетендеріне партиялар ұсынған үміткерлердің аты-жөні жазылып, оның қасына дауыс беру белгісін қоятын кәтекше орналастырылса, сөйтіп партиялар ұсынған үміткерлердің ішінен сайлаушылардың өз таңдауын жасауына мүмкіндік берілсе, сондай-ақ бір партияның Мәжілістен 51%-тен артық орын алуын шектейтін норма енгілсе, бұл – нағыз толыққанды «Саяси реформа» болар еді.

Тағы бір мысал.

Көші-қон – Елбасының ең ұлы еңбегі.

Қазіргі таңда Қазақстанға ес қатып отырған Құлыбаевтар емес, қандастар. Болашақта да осы елдің тірегі — шеттен келген қазақтар болады. Құлыбаевтар ертең шетелге қашып кетуі мүмкін, қандастар Қазақстаннан ешқашан ешқайда көшпейді! Көшсе де, Отаны мен ұлтының қамы үшін көшеді!!!

Егер, Тұңғыш Президенттің алыстағы ағайында Отанына оралту жолындағы осынау ерлігін өз деңгейінде бағалап, мемлекеттің қауіпсіздігі мен дауы үшін ең қажетті стратегиялық бағыт ретінде түсініп, Қазақстан Республикасының конституциясына шеттегі қандастарымызға өзге елдің азаматтығында болуына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына құқық беретін норма енгізілсе, бұл - «Саяси реформаның» шыңы болып табылар еді.

Дәл осындай норма Қыргыз Республикасы Конституциясының 51- беренесі, 3 тармағының екінші бөлігінде «Кыргыз Республикасынын чегинен тышкары жашаган кыргыздар башка мамлекеттин жараны болгондугуна карабастан жөнөкөйлөштүрүлгөн тартипте Кыргыз Республикасынын жарандыгын алууга укуктуу» деп, баяғыдан жазулы тұр.

Бұл бастама қатардағы жас депутат Өмүрбек Текебаев жағынан ерте көтерілгенімен, сол кездегі президент Асқар Ақаев тарапынан қолдау таппай келген екен. Асқар Ақаев «Ислам Кәрімов ренжіп қалады...» деп, кері қайтарып отырған. Тек, 2005 жылы Асқар Ақаев тақтан тайдырылған соң барып, қайтадан депутат Өмүрбек Текебаевтың бастамасымен және ықпалымен Қырғыз Республикасының Конституциясына енгізілген.

Міне, содан бері Қырғыз Республикасының Конституциясы рефрондом арқылы әлде неше мәрте өзгертілді, бірақ шеттегі қырғыздардың Қырғызстан азаматтығын алуға қатысты құқығы шектелген емес.

Көрдіңіз бе, Қазақстанның ең бай адамдарының алғашқы бестігіне кіретін Тимур Құлыбаев қандастарымызды қаралап, қазақ көшін тоқтатқысы келеді. Ал, еңбек жолын ауылдағы ота мектептің физика пәнінің қарапайым мұғалімдігінен бастап, бар болғаны Жогорку Кенештің бірнеше кезек депутаты, бір мәрте Төрағасы болған, оның өзінде де қуғын мен сүргіннен көз ашпаған қырғыз жігіті өзінің шетте жүрген туған ұлтының болашақ тағдырын мемлекеттің Конституциясымен бекітіп, шешіп қойған.

Біз анау - мынау дегенімізбен, мойындауымыз керек, айыр қалпақты ағайын дәл осы жерде Қазақстаннан ат шаптырым алда тұр!

Өз басым Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып келгелі саяси реформа жүрген жоқ деуден мүлде аулақпын. Алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Ең бастысы, Ол кісінің ынтасы бар және ол ынта күшті әрі таза.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды реформалар жасауға қаблетсіз немесе қауқарсыз деуден де алыспын.

Қасым-Жомарт Кемелұлы – өте ұлкен тұлға. Ол өткен ғасырдағы әлемдік деңгейдегі реформаторлардың тәжірибесі мен өнеге-үлгісін көзімен көрген, бойына сіңірген кемелді басшы, тұрпаты бөлек адам.

Гәп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта емес!

Гап Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңесте болып тұр!

Қасым-Жомарт Кемелұлын қоспағанда, Реформалар жөніндегі жоғары кеңес мүшелері «Реформа» дегеннің не екенін біле ме екен өзі?!

Олардың мұрны реформаның иісін де сейзбейтін шығар, бәлкім!?

Олардың «Реформасы» – өздеріне ыңғалы «Ұлттық жобалар» жасау, сол арқылы мемлекеттің ақшасын ұрлау, тонау!

Осыған дейін солай болып келді. Осы беті кете берсе, және де солай болмақ!

Дәл осы жерде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бірден ойға оралады.

Нұрсұлтан Әбішұлы бар билікті қолына алып, қазақша айтқанда, белден басып отырып реформа жасады. Және Ол жасаған реформаның сәтті болғаны сондай, су жаңа Қазақстанды құрып шықты. Бұл жағынан алғанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай реформаторы Дэн Сяопиннен артық болмаса, кем түскен жоқ! Әлем тарихына жаңа бет, қазақ тарихына тың тарау қосты!

Менше, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы қағаз жүзінде қалмау үшін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та белді бекем буып, дәл Нұрсұлтан Назарбаевша қадамдар жасауы керек!

Реформаның үлгісін сырттан іздеп әуре болудың және сырттан ақылшы шақыртудың түк те қажеті жоқ, «Нұр-Сұлтанның нұрлы жолы» жетіп жатыр. Тек, ерік пен жігер болса ғана болғаны...

Әйтпесе, Реформалар жөніндегі жоғары кеңес мемлекетті узурпацияға алып баруы мүмкін!

Сол үшін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сынап-мінегеннен гөрі, Ол кісіге бүкіл ел болып, жұрт болып жұдырықтай жұмылып көмектескен абзал!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

12 пікір