Сейсенбі, 17 Мамыр 2022
Жаңалықтар 2823 0 пікір 31 Мамыр, 2012 сағат 08:40

Жасарал Қуанышәлин. Қасиетті парыз

"Ақтабан шұбырынды" және 30-шы жылдар аштығының құрбандарын мәңгілік есте сақтау қажеттігі туралы толғаныс

 

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді....

("Елім-ай")

"Қалың елім, қазағым қайран жұртым..."

Жыр кесе, той-томалақ, қайда күлкің ?

Сағалап бөтен жұрттың босағасын,

Таусылды-ау ақ талқаның, айран сүтің...

("Тарихқа үңілу")

 

Екі өлең. Екеуі де - естен кетпес тағдыр белестерінде туған мұңдас өлең.

Бұл өлеңдердің арасында екі жарым ғасыр сілемі жатыр. Алғашқысын 1723 жылы қазақтарды тұтқиылдан ғаламат күйзеліске ұшыратып, 1,5 миллион ұл-қызын білектің күшімен, найзаның ұшымен жер жастандырған жоңғар қоңтайшысы Ғалдан-Церен геноцидінен кейін қан жылап, қатары сиреп қалған халық атынан Қожаберген жырау шығарған еді. Ал, екінші өлеңді кеше ғана арамыздан кеткен аяулы ақынымыз Тоқаш Бердияров 1932-33 жылдар аштығының ізімен жазыпты ("Лениншіл жас", 1988 жыл, 4 август).

"Ақтабан шұбырынды" және 30-шы жылдар аштығының құрбандарын мәңгілік есте сақтау қажеттігі туралы толғаныс

 

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен,

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді....

("Елім-ай")

"Қалың елім, қазағым қайран жұртым..."

Жыр кесе, той-томалақ, қайда күлкің ?

Сағалап бөтен жұрттың босағасын,

Таусылды-ау ақ талқаның, айран сүтің...

("Тарихқа үңілу")

 

Екі өлең. Екеуі де - естен кетпес тағдыр белестерінде туған мұңдас өлең.

Бұл өлеңдердің арасында екі жарым ғасыр сілемі жатыр. Алғашқысын 1723 жылы қазақтарды тұтқиылдан ғаламат күйзеліске ұшыратып, 1,5 миллион ұл-қызын білектің күшімен, найзаның ұшымен жер жастандырған жоңғар қоңтайшысы Ғалдан-Церен геноцидінен кейін қан жылап, қатары сиреп қалған халық атынан Қожаберген жырау шығарған еді. Ал, екінші өлеңді кеше ғана арамыздан кеткен аяулы ақынымыз Тоқаш Бердияров 1932-33 жылдар аштығының ізімен жазыпты ("Лениншіл жас", 1988 жыл, 4 август).

Осы екі алапат апаттың халқымызды адам айтқысыз қайғы-қасіретке батырып, даму қарқынын ондаған жылдарға тежеп, болашағына зор нұқсан келтіріп кеткені ақиқат. "Баяғыдай болар ма тағы заман !" - деп халық бекерге күңіренбеген ғой.

Иә, 1723 жылғы қырғын болмағанда, халқымыз ХХ ғасырға кем дегенде 8-10 миллион жаны бар іргелі ел болып жетер еді. "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" жеткізбеді. Россияда 1897 жылы жүргізілген тұңғыш халық санағында қазақтардың империя шеңберіндегі жалпы саны 3786 мың деп көрсетілді. (Осы ресми-статистикалық дерекке ғылыми-демографиялық түзетулер жасаған белгілі демограф ғалым Мақаш Тәтімов бұл санның дұрысы 4200 мың болуы керек деп шамалайды. - Ж.Қ ).

Жаңа ғасыр... 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің, іле-шала революция мен азамат соғысының жүз мыңдаған құрбандары, 18-20 жылдар аштығының миллионға жуық (Ш.Мұртазаевтың "Қызыл жебе" пьесасынан алынған дерек. - Ж.Қ.) бейкүнә шейіттері, жат жерге ауып кеткен босқындар... Нәтижесінде алғашқы санақтан кейін өткен 30 жыл ішінде қазақтардың саны небары 182 мыңға (бес-ақ процент) өсіп, 1926 жылғы санақта 3 968 мың болды.

Тап осы аралықта украиндар - 61, грузиндер - 52, татарлар - 49, орыстар мен латыштар - 40, литвандар - 39, эстондар - 38, қырғыздар - 36, армияндар мен молдавандар - 34, чуваштар - 32, мордвалар - 31 процентке, баяулау өскен әзірбайжандардың өзі - 20, белорустар - 15, еврейлер - 14, өзбектер - 12, түрікмендер - 9 процентке көбейді. Тек башқұрттар ғана 45 процентке ойсырай азайып кеткен (Волга бойындағы аштықтың зардабынан болуы ықтимал).

Соңғы кезде орталық басылымдарда жарық көрген мәліметтерге қарағанда, 1926 жылдан кейінгі халық санағы 1936 жылы жүргізілген. Алайда, оның қорытындысынан екі санақ аралығында халық санының күрт кемігенін көріп, шошып кеткен Сталин дереу санақ жүргізуге жауапты қызметкерлерді жазалап, 1939 жылы қайтара санақ жүргізуге әмір етеді. Қазір біздің қолымызда бары - Сталиннің тікелей қадағалауымен әбден екшеліп, "түзетіліп", аштық пен репрессия құрбандары бүркемеленіп жарияланған сол 39 жылдың санақ мәліметтері.

Бірақ 32-33 жылдар аштығының ізі қанша жасырғанмен сайрап жатыр. Санақаралық 13 жыл ішінде армяндар мен молдавандар - 37, орыстар, татарлар мен тәжіктер - 30, әзірбайжандар - 29, өзбектер мен грузиндер - 24, чуваштар - 23, белорустар мен башқұрттар - 18, қырғыздар мен еврейлер - 16, мордвалар - 9, түрікмендер - 6 процентке көбейсе, қазақтар - 22, латыштар - 19, эстондар - 18, литвандар - 12, украиндар - 1 процентке азайған.

Бұл фактілер мынадай анықтаманы қажет етеді: аталмыш кезеңде Балтық жағалауында аштық болмағаны белгілі, демек, латыштар, эстондар мен литвандардың азаюы, негізінен, эмиграцияға байланысты болса керек. Ал, қазақтар мен украиндардің селдіреуі тікелей аштықтың салдары.

Қазір көпшілікке там-тұмдап жария бола бастаған мәліметтер бойынша, аштық кезінде украиндар шамамен 4-5 миллион, қазақтар 3 миллион адамынан айырылған. Бұл шығын украин сияқты ірі халықтың 10-15 процентін қамтыса, қазақ халқының тең жартысы еді. Сондықтан 1933 жылдан санаққа дейінгі 6 жыл ішінде табиғи өсім есебінен украиндар аштық алдындағы санына қайтадан жуықтаса (1926 жыл - 36 000 мың, 1939 жыл - 35 500 мың), қазақтар (1926 жыл - 3 968 мың, 1939 жыл - 3 101 мың) тек 60-шы жылдардың басында ғана 1926 жылғы деңгейіне жетті.

Егер елді аштық жайламағанда, халқымыз аталған уақыт аралығындағы басқалардың табиғи өсімі қарқынымен көбейіп отырса, 1939 жылы 30101 мың емес, 6 - 7 миллионға, сөйтіп, қазір кем дегенде 15 - 20 миллион деңгейіне жетер еді.

Қайта құру, жариялылық кезеңіне дейін 30-жылдар аштығы туралы шындық айтылмай келді. Соның салдарынан бейбіт уақытта қазақтар санының ойсырай кеміп кетуі әртүрлі қисынсыз дәлелдермен түсіндірілді. Мысалы, 1982 жылы Москваның "Финансы и статистика" баспасында шыққан "Население СССР сегодня" кітабының 35-бетінде мынадай "түсінік" берілген: "Довольно сильно снизилась с 1926 по 1939 гг. численность казахов, что отчасти обьясняется сокрашением их естественного прироста. Немаловажную роль здесь, видимо, сыграло и некоторое превышение численности казахов на 1926 г. за счет присоединения к ним части киргизов и некоторых других тюркоязычных групп".

Осы үзіндіде көлденең тартылған екі "себептің" бір де бірі шындыққа мүлде жанаспайды. Біріншіден, осы 13 жыл ішінде табиғи өсім төмендеді деген ұшқары ойға орын бергеннің өзінде халық саны соншама кемуі мүмкін емес. Екіншіден, өзге халықтар есесінен санын көбейту былай тұрсын, керісінше, қазақтар үнемі өздері басқа халықтар қатарын толықтырып отырған. "Ақтабан" немесе Голощекиннің кезінде босқынға түскен қазақтардың көпшілігі туыстас, тілдес халықтарға қосылып кеткен.

Бұған "Білім және еңбекте" (1982, № 10, 8-бет) жарияланған "Бәрі заңдылық" атты мақаладағы М.Тәтімовтың мына сөздері де айғақ болады: "...Өткен қиын заманның кейбір аласапыран аумалы-төкпелі кезінде біздің қазақ халқының саны қатты кеміп қана қойған жоқ, сонымен қатар бейнебір еріген қар суындай жылжи ағып, ойда жоқта өзбек бауырларының санын келіп толтырған.

...Қазақ жұртының есесінен кезінде өзбектер ғана емес, көрші қарақалпақтар, қырғыз, түрікмен халықтарының саны да біраз өсті".

Сол мақалада және онымен қатар басылған Нөкіс қаласының азаматы Жаңабай Сапаровтың хатында Өзбекстандағы көптеген қазақтар паспортқа "өзбек" болып жазылып, халық санақтарында өзбек ретінде есепке алынатыны да айтылған. Ташкент облысының Бостандық ауданыныда тұратын кейбір қазақ таныстарымның да тап осындай жағдайда жүргенін мен де растай аламын.

Бетбұрыс талаптарының бірі - шындық, тек қана шындық! Шын мәнінде толық, бүкпесіз ақиқаттың түп-тамырына терең бойлай түсу шарт. Демек, қазақ халқы тарихындағы аса қаралы екі кезеңді айрықша назарға алатын кез жетті.

Қазір елімізде сталиндік репрессия құрбандарына ескерткіш орнату ісі қолға алынып жатыр. Бұл - аса қажетті іс. Сол сияқты, Алматыда 1723 және 1932-33-жылдар құрбандарына арналған арнайы ескеркіш тұрғызу - біздің қасиетті парызымыз деп білемін. Ол ескерткіш қаланың қай тұсына орнығуы керек? Мұны көп болып ақылдасқан жөн.

Ал, ескерткіш қандай болуы керек? Бұл сауалға жауап беру үшін өзге халықтардың осындай мұңлы тәжірибесінен туындаған монументтік өнеріне назар аударса артық болмас еді. Латвиядағы Ұлы Отан соғысы кезінде фашистер концлагерьде құртып жіберген 100 мыңнан аса құрбандарды еске сақтау мақсатымен 1967 жылы ашылып, авторлары 1970 жылы Лениндік сыйлық алған Мемориалдық ансамбльден көп үлгі алуға болар еді. Бұл Мемориалдық ансамбльдің құрамында арнайы музей мен "Азап жолы" бойына тұрғызылған символдық композициялар бар.

Немесе 1915 жылғы геноцидке байланысты армяндардың өз тарихын мүсін өнері тілімен қалай сөйлеткенін көру керек.

Ал енді уақыты, кейбір сипаттары, құрбандардың саны жағынан 30-жылдар қырғынына өте ұқсас тарихи оқиға - 1975-77 жылдары Кампучияда 7 миллион халықтың (өз халқының) 3 миллионын қырып тынған Пол Пот пен Йенг Сари геноциді. Кампучияда қазір 20 май ресми түрде геноцид құрбандарын еске алу күні болып есептеледі, ал, ел астанасы Пномпеньдегі бұрынғы Туол Сленг лицейі геноцид құрбандарының музейіне айналдырылған.

Сонымен, Алматыда мұндай ескерткіш құрамында әрі мүсіндік туындылар, әрі музей, әрі ғылыми-зерттеу мекемелері (біреуі 1723 жылға, екіншісі 1932-33 жылдарға арналған) бар тұтас комплекс болғаны абзал. Мысалы, ескерткіш мына суреттегі (өкінішке орай, менің осы мақаламен бірге журналға берген сол суретім жарияланбай қалды және кейін оның өзін редакциядан таптырта алмадым. Әрине, қажет болса, оны қалпына келтіре аламын. - Ж.Қ.) арка түрінде жасалып, арканың екі тірек-табаны ғылыми-зерттеу мекемелері, орта тұсы - музей болса, ал, арканың өн бойы тиісті мүсіндік сурет - барельефтермен көмкерілсе.

Сондай-ақ, кейбір республикаларда тұрғызылған Отан-Ана (мәселен, "Мать - Грузия", "Мать - Украина") үлгісінде астанамызда символ-ескерткіш орнату ісіне де біз әлі самарқау қараумен келеміз. Ақ жаулық не ақ кимешек киген қазақ әйелінің бейнесі осы ескерткіштің басты символы бола алады ғой деп ойлаймын.

Уақыттың өзі ұсынып отырған осынау мәселеге байланысты көкейімізде көптен жүрген кейбір ұсыныстарымызды алға тарта отырып, тиісті мекеме, жауапты ұйымдардың, мамандардың, жалпы жұртшылықтың бұған қалай қарайтынын білгіміз келеді.

Жасарал Қуанышәлин,

КазПИ-дің оқытушысы, СССР

Журналистер одағының мүшесі.

Редакциядан: Осы мақалада қозғалған мәселеге, көпшілік оқырман, Сіз қалай қарайсыз? Ұсыныс-тілектеріңізді ашық айтып, ойларыңызды ортаға салуға шақырамыз

"Жалын", 1988 ж., №6.

0 пікір