Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Өзгелер 6235 20 пікір 23 Шілде, 2021 сағат 16:11

Үш діннің басын біріктірген Самарқан

Өзбекстан сәулет өнерінің сақталып қалған асыл қазынасы деуге болады. Әсересе Самарқан, Хиуа, Бұқара қалалары нағыз көруге тұратын, б.з.б. төртінші бастап, орта ғасырға дейінгі сәулет өнерінің жаухарларын тамашалауға таптырмайтын жер. Басқа қалаларға қарағанда осы үш қалаға келетін туристтер саны анағұрлым көбірек. Қазақстандық Түркі тілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен, Өзбекстан Туризм және спорт министірлігінің қолдауымен, Қазақстанның түкпір түкпірінен он бес журналист «Жібек жолы» ізімен Ташкент, Самарқан, Бұқара қалаларына жеті күн арнап саяхат жасап қайтты.

Самарқанның көк тасы деген атау қайдан шықты

Қазақтарда күн жылынып, наурыз басталысымен ақ Самарқанның көк тасы ериді деген сөз бар. Самарқанды сол көк таспен қатты байланыстыратынымыз сондай, Өзбекстанның басқа қалаларына қарағанда Самарқан күнделікті сөздік қорымыздағы жиі айтылады.  Қазақ ғалымдарының ішінде де осы тақырыпқа қатысты пікір айтқандар бар. Соның бірі Мұхтар Арын «Самарқанның көк тасы» қиял ма, әлде шындыққа жанасымды белгілері бар ма деген сұрақтарға қатысты былай жауап қайырған екен: «Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның  көк тасы еритін күн» деумізге себеп – Самарқанда әйгілі Ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһарлы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн бұл».

Мұндай пікір профессор Т.Қордабаевтың зерттеулерінде де кездеседі. Кейбір тұжырымдамаларда ғұлама Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген тасқа күн мен түн теңескен Ұлыстың ұлы күні – Наурызда күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас жібиді екен деп те айтылады.

Гүр Әмір сарайы

Әлемнің ұлы ақындары мен философтары жанның кәусар бағы, әлемнің айнасы, інжу маржаны атаған Самарқан қаласы шетелдіктер көп келетін танымал қалалардың бірі. Самарқан  бзб төртінші  ғасырда Марканд деген атпен белгілі болды.  14 ғасырдың аяғы мен  15 ғасырдың басында Әмір Темірдің құрған мемлекетінің  ресми астанасы болды.   Әмір Темір шежірелерде әртүрлі берілген: Тамерлан, Темірлан, Ақсақ Темір деген есімдер кез­деседі. Тарихта жарты әлемді жау­лаған қолбасшылар саусақпен санарлық қана. Солардың бірі – бүкіл түркі жұртына ортақ, өмірінің біраз бөлігін қазақ даласында өткізген Әмір Темір. Бас аяғы жасаған (1336-1405 жж. ) 69 жас ғұмырында сан ғасырларға жүк болып, сан ғасырларға аңыз, тарих, шежіре болып артылатындай жорықтар мен елеулі еңбектер жасап кетті.  Соңғы жорығы Қытайға шабулды бастаймын деп жүргенде Отырар қаласында дүниеден өтті.

Өзбекстанда   Әмір Темірге қатысты тарихи мұржайлар өте көп сақталған, ел астанасы Ташкентте де үлкен мұражайы бар. Жерленген жері Самарқан, Әмір Темірдің бүкіл үрім бұтағының мүрделері, әйелдеріне арнап салынған алтын жалатылған сарайлары да осы қалада. Орта Азияда беделі орасан болған, тарихта қатігездігімен, әлемді жаулап алуға талпынған Әмір Темірдің мүрдесі жатқан сарай туристердің көп келетін орындарының бірі.  Аталмыш  сарай 1403-1404 жылдары  салына бастады,  Темірдің немересі Мұхамед Сұлтан жорықта қайтыс болғаннан кейін, сарай ішінде алғашқы мүрдеханалар орын алады, бұл жерде Темужиндер әулетінен Әмірдің өзі, Әмір ұстазы санайтын әулиесі Мир Сайд Барака, ұлдары Умар Шейх, Мираншах, немерелері Мұхамед Сұлтан, Ұлықбек сондай ақ  әулеттің әйелдері жатыр. Орталық күмбездің биіктігі он екі метрден асады, орта ғасырлық архитектурамен жасалған күмбез жоғарғы жағы тұтас алтын жалатылған. Әмірдің демалатын сарайынан бөлек, медресе, ханака,  кішігірім музыкалық ансамбль болған. Біздің заманымызға кейбірі ғана жетті. Бүгінде Самарқанның туристтер көп келетін жеріне айналған Гүр Әмір сарайы біз барғанда да шетелдік туристерге толы болды. Күллі әлемге танымал тұлғаның мүрдесі бөлек жатыр. Тек ер адамдарға ғана кіруге, онда да алдымен арнайы рұқсат қағазбен сұраныс жіберетіндіктен Қазақстандық журналистерден ешкім кірген жоқ.

Регистон құмды алаң

Өзбек тілінен аударғанда «регистан» сөзі - құмды жер дегенді білдіреді. Ежелгі уақытта бұл орталық қалалық алаң құммен жабылған, бүгінде құмнан бір түйір қалмаған, алаң мромор таспен көмкеріліп тұр,  алайда ежелгі атауы осындай. Регистон алаңы орта ғасырларда шығыстың ең танымал ансамблі болды. Алаңда Ұлықбек медресесі (1417-1420), Шердор медресесі (1619-1636) және Тилла-Кари Медресі (1646 —1660) орналасқан. Үш медреседен тұратын ансамбль -  қала құрылысының  өнерінің ерекше үлгісі, және қаланың бас алаңының сәулеттік дизайнының керемет үлгісі болып тұр. Қазіргі заманда да Регистон ансамблі жұмыс істеп тұр, жыл сайын шығыс әуендері атты халықаралық өнер  фестивалін  ұйымдастырып тұрады. Алаңға күн сайын жүздеген шетелдік туристер шығыстың архитектуралық сұлу сәулетін көруге ағылып келеді. Ғимарат  ішінде музей, мешіт, сауда орталықтары орналасқан.

Жалаңтөс Бахадүр салдырған «Ширдор» медресесі

Өзбек пен қазаққа ортақ Жалаңтөс бахадүр қалмақтарға қарсы соғысқан батыр, Самарқанның әмірі болған. 1619-1636 жылы Самарқанда Ширдор «Арыстан қақпа»  медресесін салдырады. Медресе Регистон алаңының шығыс бөлігінде тұр, алдын бұл жерде Ұлықбектің ханакасы болған, Ширдор медресесін салу барысында ханака жермен жексен етілген. Орта ғасырлардағы Азия сәулет өнерінің ережелеріне сәйкес салынған медресе ғимаратының жалпы ауданы 4 мың шаршы метрді құрайтын тік бұрышты нысаны бар. Алдыңғы жағы үлкен доғалы порталмен белгіленген, орталық кіре берістің биіктігі шамамен 32 метр. Ғимараттың шығыс жағына қараған сыртқы бұрыштары іргелес қабырғалар деңгейінде орналасқан төрттен бір мұнара түрінде жасалған. Ширдор да бүгінде туристер ағылатын мекенге айналған, ішінде ежелгі бұйымдардың қалыбын қазіргі техникамен өңдеп жасалған неше түрлі бұйымдар сатылады.

Жалпы Самарқанда бұндай тарихи жәдігерлер өте көп, сондықтан бір күн ішінде барлығын аралап көре алмайсыз.

Әйгілі Самарқан нанының құпиясы неде?

Әлемнің жалғыз түкпірінде тек Самарқан шеберлері ғана білетін бір ғана тандыр нанның өзі екі келіге татитын, Самарқан наны да туристердің қатты қызығушылығын оятып келеді. Бір екі ай көгермей, ұзақ жолға оңай сақталатын нанды Өзбекстанның басқа қалаларынан таппайсыз.

Бір кездері Бұхар ханына самархан тандыр наны қатты ұнап, бүкіл шеберлерімен керек жарақтарын су, ұн, тандырға дейін  Бұхарға жеткіздірген екен. Бірақ дәл самарқан наны шықпаған...  Неге деген сұрақтың жауабы да табылды, бар  құпия ауа райында екен.. Ауа райының темпаратурасы басқа жерлердегі дәл нанға қажетті темпаратураны бермейтін болып шықты..  Самарқанның әйгілі нанын жасау үшін Қазақстандық ең жоғарғы сортты ұнды арнайы алдырады екен.

Үш діннің басын біріктірген Самарқан

Әлемнің назарын аударып отырған тағы бір қасиетті жер, Самарқанда орналасқан үш діннің бір орында тоғысуы, бұл жер  Інжіл (Даниел) пайғамбардың кесенесі ретінде белгілі,  және дес қасиетті жөнінен  үш дінде қатар - иудаизмде, исламда және христиандарда бірдей құрметтеледі. Кішігірім қажылық орны деуге болады, бұл жер қалай, қашан пайда болғандығын дөп басып айтып бере алатын тарихи мәліметтер жоқтың қасы. Кесененің ішінде символдық мәрмәр саркофагы бар, оның ұзындығы 10 метрден асады. 16-18 ғасырларда қажылар Даниел пайғамбардың оң қолы жыл сайын  бірнеше сантиметрге өседі деп сенген. Міне, осыған байланысты құлпытас пен кесенені қажылыққа барушылар мен тақуа қала тұрғындарының қайыр-садақасымен қайта қалпына келтіріп, көлемі жыл сайын  біршама ұзарып отырған, бірақ он тоғызыншы ғасырда Ресейдің отарлауында болғандықтан «қол өсе беретін болса, қасиетті мекенді мүлдем жауып тастаймыз» деп қорқытқан. Сол кезден бастап қол өз өсуін тоқтатқан деген аңыз да бар. Ол жерден біз  пайғамбардың жатқан жеріне құран оқытып, қасиетті ағашқа тәу етіп, төмендегі бұлақтың суыннан дәм таттық.

Самарқан қаласында басқа да әдемі, тарихи нысандар жетерлік, бірақ біз өзіміз барған жерлерді қамтуға тырыстық. Самарқанға қалай жетуге болады, Алматы мен Самарқан қаласына тікелей ұшақтар бар. Орташа бағасы елу жеті мыңға бару келу билетін ала аласыз, мен әрине бір ай алдын ала  алынатын билеттердің бағасын көрдім. Пойызды да көрген едік, ешқандай ақпарат шықпады. Чернявкаға дейін жетіп, Ташкент қаласынан Самарқанға жүрдек пойыздар жүріп тұр. Самарқандағы хостелдердің бағасы Қазақстандық теңгемен төрт мыңға жуық, ал қонақ үйлердің орташа бағасы он мыңнан басталып,  жиырма мың аралығында. Барушыларға тағы бір ұтымды кеңес,  Өзбекстанда AirBnb аккаунтына тіркеліп, үй немесе кв жалдасаңыз 25-30 еуро шамасында, ал сіз аталмыш желіге тіркелмесеңіз  35  еуро шамасында төлейсіз. Тамақтану екі еуроға да жетпейді, ұялы байланыстың сим картасы тіпті арзан.

Соңғы жылдары Өзбекстанға келіп жатқан шығыс жаухарларын өз көздерімен көргісі келетін туристтер саны көбейіп келеді.   Өткен жылы карантин талаптарын  сақтай отырып, 1млн  504 мың шетелдік келіп, 261 млн  доллардың қызметі көрсетілсе,  биылғы жылы Өзбекстан  Госкомтуризм басқармасы мәліметінше 1, 7 млн  шетелдік турист тартып,  370 млн доллардың  қызметін көрсетуге әзірміз дейді.

Аида Қожмамбетова 

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3520