Сейсенбі, 21 Қыркүйек 2021
Бұ не мазақ? 3510 7 пікір 23 Шілде, 2021 сағат 15:49

Қазақстанда 1 млн бала кедейлік тауқыметін тартуда

«Ranking.kz» сайты бүгін Қазақстандағы «бэби-бум», яғни бала туу көрсеткішінің өскені туралы деректерді жариялапты. Қараңыз: Биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы мәлімет бойынша, елімізде 100,5 мың бала туылған. Бұл соңғы 2-3 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш екен.

Мысалы, 2020 жылы дәл осы уақытта Қазақстандағы жаңа туған нәрестелер саны 92,7 мың болған. Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш тіпті, 91,7 мың бала деп есептеліпті. Бала туу өсімі 2020 жылдың үшінші тоқсанынан басталған екен. Жалпы былтыр елімізде 425 мың бала дүниеге келген.

Енді екінші ақпаратты қараңыз:

«Protenge.kz» Instagram парақшасы Unicef деректеріне сүйене отырып, Қазақстанда 1 миллион бала кедейшілік тауқыметін тартып жатқанын жазыпты.

Unicef-тің дерегінше, Қазақстанда 6 миллионға жуық бала бар екен. Соның әрбір алтыншысы кедей! Яғни, Қазақстанда 1 миллионға жуық бала кедей!

Алайда Қазақстан билігі бұл статистиканы мойындамайды. Үкіметтің «тұрақты даму» туралы есебі бойынша, Қазақстан кедейлікті жеңген. Ресми түрде бар болғаны 814 мың (814 320) адамның кедейлік қамытын кигенін мойындайды.

Еңбек министрлігінің есептеуінше, табысы Қазақстан Үкіметі белгілеп берген күнкөріс деңгейінен 70%-ға төмен болса - ол адамды кедей деген категорияға жатқызады. Ал бізде жан басына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі - 34 300 теңге деп белгіленген. Яғни, отбасындағы әрбір адамға шаққанда табыс көлемі жаға,ы 34 300 теңгеден аз болса (24 мың теңге), ол адам - ресми кедей.

Ал Ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы есебінше, Қазақстан халқы тапқан табысының 41,8%-ын тамаққа жұмсайды екен. Бұл БҰҰ классификациясы бойынша төмен көрсеткіш. Ал жаңағы Unicef дерегінше, Қазақстанда 1 млн-ға жуық бала кедейлікте өмір сүріп жатыр.

Abai.kz

7 пікір