Жұма, 19 Сәуір 2024
Әліпби 7158 18 пікір 23 Шілде, 2021 сағат 14:16

Бұл жай таңба ауыстыру емес

Орыс, ағылшын, кәріс деген қазақша сөздер, ал русский, англичанин, корей деген қазақ тілінің барлық дыбыс тіркесім заңдылығын бұзып тұрған бөтен сөздер. Алдыңғысы қазақ әдеби тілінің нормасы да, соңғыларын сол күйі қолдану тілді бұзу, тілге жат элемент кіргізу, сөйлегенде варваризм сөз қолданып тіл мәдениетін сақтамау болып есептеледі. Мысалы, Сен орыссың ба? (Сен русскийсің бе?) Сен ағылшынша білесің бе? (Сен англичанша білесің бе?) ...

Бірақ біз вакцина (уәксійна), ватсап (уатсап), институт (іністөт) деген сияқты т.б. тілбұзар сөздерді бөтен деп есептемейміз, орысша нұсқасына көз үйреніп, әбден әдеттенгендіктен жатсынбаймыз. Кейбіреулеріміз тіпті құран сөзіндей қастерлейміз Ал бұлар да жоғарыдағы русский, англичанин, корей деген сияқты тіліміздің жүйесіне жат элемент болып тілді бұзып тұрғанын, бұлай жалғаса берсе тіл өзінің табиғи қалпынан айнып, ішкі қуатын жойып, өзіндік болмысынан айырылып, құрып бітетіндігін түсінбейміз. Тіпті сөзтанушы, сөз тудырушы ақын-жазушыларымыздың (Бексұлтан ағадан өзге) өздері де кейбір шала сауатты немесе табанының бедері жоқ айнымалы тілтанушыларымыз да кірме сөздерді орыс емлесімен жаза берсек, кем болмаймыз деген қате түсінікте. Уәксійна, уатсап, іністөт деген қазақтың дыбыс заңына икемделген сөздерді ата-әженің тілі деп өз қағымыздан өзіміз жериміз. Бұл үлкен трагедия. Бұл – көзді шел басу, сананың улануы. Қазіргі қарқынды ақпарат алмасу заманында мұндай зиянды кірме бірліктердің қаншамасы лег-легімен күн сайын ағылып жатқандығын ойлаудың өзі қорқынышты. Не істемек керек?

Латынға өтудің мәнін түсіну керек. Алдымен өзіміз. Содан кейін қоғамға түсіндіруіміз керек. Бұл міндет орындалмады. Орпотоп ғылымды тұсап қойып, саясаттың жетегінде кетті. Латынға өтеміз деп бөлген қаржыға қырық сараптама, сексен сауалнама, өтірік диктанттар алғанша, жоғарыға қайта-қайта дұрыс деген жалған ақпар беріп, қазір қолданысқа жарамай қалған (диграф, акут, апостроф, жетілдірілген) әліпбилермен, газеттер шығарғанша, жетпіс жыл орыс емлесімен уланған қазақ қауымына ең құрымаса бастауышқа арналған ұлттық фонетиканы ұқтырып алатын едік қой, шіркін!

Біз латынға дүрмектен қалмау үшін өтіп жатқан жоқпыз. Түркі түгел латынға өтсе, бәрі бір тілде сөйлеп те кетпейтіндігі балаға да түсінікті. Оның тек түбі бір түркі бір қаріпті пайдаланып жатыр деген идеялық жағы басым. Латынға өтсек технологияны игеру оңайлайды, ағылшын тілін меңгеру жеңілдейді деу де бос гәп. Біз латынға тек кеңес кезіндегі адасқан жолымызды табу үшін кешегі Ақаң салған сүрлеуімізге қайта оралу үшін көшіп жатырмыз. Тарихшылар компартияның шешімдерін, съездердің қарарларын тастады күресінге. Таптық әдебиет те қалды. Әдебиет ұлттық болды. Тек тілтанушылар ғана елуінші жылдары қабылдаған емле ережелерді қимай ұлықтап отыр. Орыстың бар таңбасын әлі тастай алмай жүр. Осы уақытқа дейін ұсынылған барлық ресми әліпби нұсқаларында таңба саны түрліше. Диграф нұсқада 32, ал Акут, Умлаут және Жетілдірілген әліпби нұсқаларында 31 дыбыс таңбаланған.

Бір қызығы әліпби жасағыштар қазақ әліпбиіне орыстың біресе ана таңбасын, біресе мына таңбасын әкеп тығады. Диграф нұсқада В, Ч, Ф, Х (Һ) дыбыстары, ал қалған үш нұсқада В, Х (Һ), Ф дыбыстарын қосып қойған. Жай логикаға салып қарасаңыз, осы ұстанымдарында ғылым да, стратегия да жоқ, тек мәнөбір ғана бар екендігін байқайсыз. Мұндай айнымалы, тұрақғы жоқ латынға көшудің мәнін білмеймін, тілімізді әлі де орыс тілінің шылауында ұстауға бет алған мамандарға осындай маңызды істі қалай ғана тапсырып отырмыз, түсініксіз.

Біздің қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Тілдің табиғаты бір дыбыс бір таңба жүйесіне бағынған. Яғни біздің әліпбиімізде 28 дыбысқа 28 әріп болуы керек.

Қазақ тілінің дыбыстарының жүйесі тастай. Бұл оның жиырмасыншы ғасыр басына дейін жазуға байланбай еркін дамығанынан. Ақаңның «ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып, быт-шытын шығарсақ, ол – ұнамды іс болмас» дегенін тұстастары да (Ғ. Қараш, М. Жұмабайұлы, М. Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, т.б.) мақұлдайды. Қазақты зерттеген өзге ұлт оқымыстылары да (В.В. Радлов, А.М. Янушкевич, П.М. Мелиоранский, Н.И.Ильинский, И.Бенцинг, С.В. Малов, т.б.) растайды. Тіпті бүгінгі озық ойлы түркі зиялылары да (А. Ержиласун, Ф. Тамер, т.б.) мойындайды. Озбыр кеңес жүйесі Алаш арыстарын отызыншы жылдарға дейін білім-ғылымнан шеттетіп, қазақ тілінің сымдай тартылған жүйесі мен сөйлеу кезіндегі әуезділігін бұза бастады. Бүгінгі орпотоптың бар бітіргені соны жалғастыру болып отыр.

Латынға негізделген қазақ әліпбиіне кезінде үш жүз жоба келіп түскендігін жарыса жаздық. Оның бірде-біреуі сараланбады, артық-кемі бағамдалмады, қазанның басында жүргендер қоғамға әлі өз нұсқаларын тықпалаумен келеді.

Кез келген істің алдымен жобасы жасалады, заттың қандай болуы керектігі жөнінде талабы (критерий) түзіледі. Ендігі қазақ әліпбиі алдымен сырттың ықпалынан (экстралингвистикалық фактордан) ада болуы керек. Барлық емле ережелері өзінің ішкі табиғатына, өзінің дыбыстық заңдарына негізделуі тиіс.

Екінші, онда бірде-бір бөтен таңба болмауы керек. Қазақ әліпбиі қазақ әліпбиі болғандықтан ғана тек қазақ дыбыстарын таңбалайтын әріптерден тұруы шарт.

Осы уақытқа дейін ресми ұсынылған төрт (диграф, апостроф, акут, жетілген) жобада бұл негізгі талаптар сақталмаған. Әліпби жасаудың бұдан өзге де талаптары бар, әрине. Жоғарғы екеуі негізгі де, қалғаны қосалқы. Әліпбишілер өз нұсқаларының дұрыстығын негіздей алмай, сол қосалқы талаптардың бірін ұстанып алып,  бірін алып, бірін салып қайта-қайта шикі әліпби ұсынып, елдің миын ашытып келеді.

Олай емес десе, бірі ел алдына шығып түсіндірсінші, кәне.

Бижомарт Қапалбек, 

Филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

18 пікір