Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
2972 1 пікір 22 Шілде, 2021 сағат 13:36

"Әділ сөз" қоры Pegasus мәселесін зерттеуге шақырды

Халықаралық "Әділ сөз" қоры мен Қазақстан журналистер одағы қазақстандықтарды Pegasus бағдарламасы арқылы аңдуы мүмкін деген ақпаратты жіті зерттеуге шақырды.

Аталған ұйымдар телефоны тыңдалады деген барлық қазақстандықтың тізімін жариялауды талап етті. Себебі, олар "конституциялық құқықтарын қорғауға" хақы бар деді.

"Сөз еркіндігін қорғайтын "Әділ сөз" қоры мен Қазақстан журналистер одағы медиасфера өкілдерінің жеке өміріне қол сұғып, олардың телефонын тыңдауға жол берілмеуі керек деп есептейді. Бұл Қазақстан Конституциясының 18-бабын бұзу ғана емес, Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі Халықаралық пактінің 17-бабын бұзу болып саналады", - делінген мәлімдемеде.

20 шілдеде Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Израиль компаниясының Pegasus дейтін вирус бағдарламасын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да қарсы қолданған болуы мүмкін деп мәлімдеген.

Зерттеушілер қолына түскен "Пегас тізімінде" барлығы 50 мың нөмір болса, соның 2 мыңының Қазақстанға қатысы бар. OCCRP олардың аты-жөнін біртіндеп жариялай бастады. Қазірге дейін аты аталғандар қатарында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, үкімет басшысы Асқар Мамин және Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бар.

OCCRP зерттеушілерінің сөзінше, кибершабуыл нысанасына көптеген елдің жоғары лауазымды тұлғалары кірген, бірақ көбінде аңдуға тапсырысты көрші мемлекеттер берсе, Қазақстан азаматтарын "өз үкіметі" аңдыған. Зерттеу авторларының жазуынша, Тоқаев NSO Group компаниясының (Pegasus бағдарламасын әзірлеуші) тізіміне 2017-2018 жылдары, әлі сенат спикері болып тұрғанда кірген.

Abai.kz

1 пікір