Сейсенбі, 22 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107374. Жазылғандар — 102064. Қайтыс болғандар — 1671
Жаңалықтар 2023 0 пікір 28 Мамыр, 2012 сағат 14:05

Әмен Хайдар: Ұрпақ құнды дүниелерге қанығып өсуі тиіс

«Өмір өткелдері» айдарының келесі кейіпкері суретші-кескіндемеші, қазақ анимация өнерінің атасы саналатын - Әмен Хайдар ақсақал. Келер жылы торқалы 90-ын тойлағалы отырған Әмен ақсақалдың үйіне бірнеше рет хабарластық. Біраз сырқаттаныңқырап жүргенін айтты, бірақ материалды дайындауымызға келісімін берді. Әмен Әбжанұлы кескіндеме кенептерінің, миниатюралардың, портреттер мен пейзаждардың авторы. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «40 өтірік», «Қожа Насыр - құрылысшы», «Құйыршық» сияқты мультфильмдердің режиссері, сценарисі. ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, Қазақстанның көрнекті өнер қайраткерлеріне арналған Президенттік стипендиясының лауреаты.

АГРОНОМ БОЛУДЫ АРМАНДАҒАН ЕДІМ...

- Мен Қарағанды облысының Жіңішке деген ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келіппін. Анамыз 13 құрсақ көтеріп, содан аман қалғанымыз қарындасым Райхан екеуіміз ғана. Ашаршылық құрсауынан аман қалу үшін 1932 жылы біздің отбасымыз Алматыға қоныс аударады. Үлкен қалаға келіп, тіршілік жасап, жан сақтап қалудың амалы болар. Ауылдағы мектепте бастауыш сыныпқа барғанмен, Алматыға көшіп келген соң мен екінші рет мектеп табалдырығын аттауға тура келді. Бұл жолы неге екенін әлде үйімізге жақын маңда қазақ мектебі болмады ма екен, ата-анам мені орыс мектебіне берді, - деп Әмен ата әңгімесін сабақтады.

«Өмір өткелдері» айдарының келесі кейіпкері суретші-кескіндемеші, қазақ анимация өнерінің атасы саналатын - Әмен Хайдар ақсақал. Келер жылы торқалы 90-ын тойлағалы отырған Әмен ақсақалдың үйіне бірнеше рет хабарластық. Біраз сырқаттаныңқырап жүргенін айтты, бірақ материалды дайындауымызға келісімін берді. Әмен Әбжанұлы кескіндеме кенептерінің, миниатюралардың, портреттер мен пейзаждардың авторы. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «40 өтірік», «Қожа Насыр - құрылысшы», «Құйыршық» сияқты мультфильмдердің режиссері, сценарисі. ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, Қазақстанның көрнекті өнер қайраткерлеріне арналған Президенттік стипендиясының лауреаты.

АГРОНОМ БОЛУДЫ АРМАНДАҒАН ЕДІМ...

- Мен Қарағанды облысының Жіңішке деген ауылында мұғалімдер отбасында дүниеге келіппін. Анамыз 13 құрсақ көтеріп, содан аман қалғанымыз қарындасым Райхан екеуіміз ғана. Ашаршылық құрсауынан аман қалу үшін 1932 жылы біздің отбасымыз Алматыға қоныс аударады. Үлкен қалаға келіп, тіршілік жасап, жан сақтап қалудың амалы болар. Ауылдағы мектепте бастауыш сыныпқа барғанмен, Алматыға көшіп келген соң мен екінші рет мектеп табалдырығын аттауға тура келді. Бұл жолы неге екенін әлде үйімізге жақын маңда қазақ мектебі болмады ма екен, ата-анам мені орыс мектебіне берді, - деп Әмен ата әңгімесін сабақтады.
Бір қызығы, бала Әмен мектепте оқып жүрген кезінде биология сабағын өте жақсы көреді. Сурет өнеріне өзінің ебі барын білсе де, түбі осы салада үлкен асуды бағындыратыны тіпті де ойына кіріп шыққан жоқ. Қандай да бір конкурста сыйлық алғаны да есінде, бірақ суретші боламын деп ойламапты. Оның есесіне жатса-тұрса «үлкейгенде агроном болсам» деген ой жадынан бір шықпайтын. Мүмкін бұл арманның көкірегінде жылт етіп оянуына сол бір кездердегі ашаршылық, жоқ-жұтаң тіршілік те әсер еткен болар.
1938 жылдың бір күні бұл отбасы аяқастынан Көкшетауға қоныс аударатын болды. Сол кезде апыл-ғұпыл оны-мұнысын жинап сұлу Көкшеге қоныс аударудың сырын бұл кейінірек, ес білген соң бір-ақ білді. Бұлармен көрші тұрып, етене жақын араласатын әрі туыстық жағынан жақын болып келетін қазақтың арда азаматы, арқалы ақыны Сәкен Сейфуллин тап сол күні ұсталып кетеді. Ол бір нәрсенің ақ-қарасын ажырататындай мамыражай заман емес, сондықтан да бұл отбасы жедел түрде Алматыны тастап шығуға тура келген екен. Бала күннен санасында қалып қойған сол бір көрініс кейін оның «Оқ жетпес» атты картинасына арқау болады. Сөйтіп, ол Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды халқымыздың біртуар ұлдарына мәңгілік ескерткіш жасайды.

АЯЗ АТАДАН «АЙЫРЫЛЫП» ҚАЛА ЖАЗДАДЫҚ

Бала атаулының жаңа жылды, әсіресе, Аяз атаны асыға күтетіні хақ. Әмен атаның да сол бір балғын балалық шақтағы жаңажылдық шырша есінен кетпейді. «Менің өмірімдегі бірінші жаңажылдық шырша мерекесі 1939 жылы болды. Оның өзі Аяз атамыздың өртеніп кете жаздауымен есімде қалды. Көкшетау облысындағы ауылдық мектеп жаңа жылды тойламақ болды. Үлкен залдың ортасында әдемі шырша, балалардың қолымен жасалған неше түрлі ойыншықтармен көмкерілген. Қарағанда көз тартады. Залға көптеген шамдар қойып, жарқыратып қойған. Аяз ата 10 сыныптың оқушысы екенін бәріміз де білеміз. Хор айтылды, балалар ән айтып, би билеп жатыр. Бір кезде Аяз ата қолайсыз қозғалып қалса керек, мақтадан жасалған шапаны шамға тиіп кетіп, от лап ете қалды. Үлкендер жағы отты сөндірмек болып жанталасып жатыр. Олардың бұл әрекеті жағдайды одан бетер ушықтырып жіберді. «Құтқарушылардың» әрекетінен шырша еденге құлап түсті. Отты қолға не түссе, сонымен өшірмек болып жатыр. Ыстыққа шыдамаған Аяз ата жанұшырып залды айналып жүгіріп жүр. Бір топ оқушы сыртқа шықпақ болып ұмтылып, залдың есігінің алдына кептеліп қалған. Ал мен терезенің жақтауына тұрып алып бәрін бақылауға алғанмын. Міне, осындай да жағдай болған». Ол Әбжанның Әмені 16-ға толып, бозбала болып, мұрты тебіндеп шығып қалған кез. Оған дейін бұлардың ауылы жаңа жылды тойламайтын. Оған екі түрлі себеп бар. Бірі - шыршаға діни рәсім ретінде рұқсат етілмейтін. Екіншісі - қазақы мұсылмандық дәстүр бойынша жаңа жыл күн мен түн теңелетін - Наурыз. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы Әмен өскен ауылда наурыз бұқаралық сипатта, неше түрлі қызықты ойындармен, берекелі дастарқанмен аталып өтілетін.

БІЗ ҚАТЫСПАСАҚ СОҒЫСТА ЖЕҢБЕЙТІНДЕЙ БОЛДЫҚ

Әмен Әбжанұлы 1941 жылдың желтоқсанында, анығы 10 сыныпта оқып жүргенінде Ақмоладан өз еркімен соғысқа аттанады. Сол кездегі патриоттық сезімді, Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті қойсаңшы, құдды бір бұлар соғысқа бармаса, біз немістерден жеңіліп қалатындай көрінеді. Соғыстың аты - соғыс, сенің еркелігіңді, бір үйдің бетіне қарап отырған жалғыз ұлы екеніңді неғылсын, өз заңы, өз ережесі бар. Ол Ташкентте радиотелеграфист курсын тамамдайды. Сосын Оңтүстік-Батыс майданына, Сталинградты қорғап, Украинаны жаудан азат етуге аттанып кете барады...
Хайдаров үшін нағыз майдан Харьков түбінде басталды. Алға қадам басу аз, негізінен, шегініс жасаумен келеді. Бақайшығына дейін мұздай қаруланған жау жағының саны да басым. Бір күні комбат «Хайдаров, біз бұлай шегіне беретін болсақ, таяу арада сенің туған жеріңе де жетіп қалармыз, солай ма?» деді. Бұл тас төбесінен бір шелек мұздай су құйып жібергендей денесі тітіркеніп кетті. Сананы сан алуан ой аралап кетті. Бірақ олай болған жоқ! Қызыл армияның бұл ірі жеңісі тарихтан бүкіл әлемге белгілі.
Әмен ағаның әскерден ата-анасына, қарындасы Райханға жазған хаттары осы күнге дейін сақтаулы. Ол хаттардан соғыстағы қиыншылық, кескілескен қан майдан жайлы сөз таппайсың. Қайта елдегі көңілдері алаң болып әрі-сәрі күйде жүрген жандарды жігерлендіретін, көңілдерін серпілтетін хаттар келетін. Соның жарқын дәлелі өзінің соңынан ерген Райханға 1943 жылдың 4 қаңтарында жазған мына бір хаты: «...Маған өз фотоңды салып жібер. Әкемнің фотосын алдым, ал апамдікі бар. Егер жаңа фотосы болса, оны да салып жіберерсің. 12/ХІІ 100 рубль салып жібергенмін - қолдарыңа тиді ме әлде жоқ па? Мен әзірге бұрынғы майданда, бұрынғы жерде, сол бөлімшедемін. Жақсы тұрып жатырмыз. Ештеңеге мұқтаж емеспіз. Еліміз біздің бар жағдайымызды жасап, киіндіріп, тойындырып отыр. Ендігі борыш бізден. Өзім жайлы бар айтарым - осы. Сау бол! Жауды жеңіп оралғанда, кездесерміз. Ванда Васильевскаяның «Радуга» кітабын оқы. «Люба» әнін жазып жібер. Менен бәріне сәлем». Тағы бір хатында, соғыста әлдеқандай бір жағдай болса, қарындасының бұның арманын жүзеге асырып, агроном болуын аманаттайды. Ол да ағасының көңілін қимай салтанатты түрде уәде береді. Құдай қолдап, ол соғыста ауыр жараланғанмен, аман-есен елге оралады. Бірақ бұның өзі де, Райхан да өмірдің ағынымен мүлдем басқа салада мамандық алып шықты.

ҚАЙТА ТУҒАН КҮН
1944 жылдың 16 ақпаны. Байланысшы Хайдаров әдеттегідей барлаушының қасында. Кенеттен тап қасынан фашистердің снаряды жарылды. Құдды бір жон арқасынан біреу дәу балғамен ұрғандай. Сегізкөзі шыдатпай барады. Денесінің төменгі бөлігі жансызданып қалғандай, тіпті қозғалудың өзі мұң. Қатты жараланған кіші сержантты санбригада тек кешқұрым ғана тауып, медициналық көмек көрсетеді. Сөйтіп, ол небары 20 жасында мүгедек болып қалды. Ол күнді еске алудың өзі қиын. Тек білетіні - сол жолы ауыр жарақатына жасалған операциядан кейін бұл өзін өмірге қайта келдім де есептейді. Емделуге оны Кисловодск қаласына жіберді. Беті бері қараған соң ол госпитальде бірге жатқан солдаттардың портреттерін сала бастады. Олар үшбұрышты солдат хатымен Кеңес Одағының түкпір-түкпіріне кетіп жатты. Бұл олардың тірі екендігінің айқын белгісі еді. Сол кезде ғана бұл өнердің құдіретін шын ұғына бастады. Бұл саланы терең меңгеру үшін арнайы білім алу керектігін де сол кезде ұғынды. Жар дегенде жалғыз ағасының сол кездегі ауыр халін қарындасы Райхан өз кітабында былай деп әңгімелейді: «Беті біте қоймаған ашық жарасымен оны Ақмоладан Алматыға санитарлық ұшақпен қалай алып келгені әлі есімде. Еліміздің атақты хирургі Александр Николаевич Сызғанов операция жасап шығып, бізге «Сіздердің ұлдарыңыз арғы әлемнен қайта оралды» деді. Сол кезде анам жан дәрмен оның қолынан сүйіп, алғысын жаудырып, ал біз әкеміз екеуіміз қуаныштан аққан көз жасымызды сүртіп оның қасында тұрдық» деп жазады.

СУРЕТ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ
Соғыста алған ауыр жарақаттан біршама бой көтеремін дегенше арада екі жылдай уақыт зыр етіп өте шықты. Бұл кезде соғыс аяқталған. Қанша қиыншылық болса да ең бастысы заман тыныш. Енді-енді ғана оның сонау госпитальде қылаң берген арманына қол созуға мүмкіндік туды. Госпитальде жатқанда суретшілер училищесі жайлы естігені бар. Не де болса бір бақ сынап көрмекке училищеге бет бұрды. Студенттерді қабылдап алып жатқан Халық суретшісі Абрам Маркович Черкасский оның жұмыстарына қарап отырып, «Бірден екінші курсқа қабылдандың» деді. Әмен ата еліміздің атақшы суретшілері Үкі Әжиев, Жаңатай Шәрденов, Гүлфайрус Исмайловалармен бірге оқиды. Бұлардың бәрі қазақ сурет өнерінің корифейлері. Училищені бітірген соң ол «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналында суретші редактор болып қызмет істейді. Қарындасы Райханның жан құрбысы, ҚазМУ-дің филология факультетін бірге бітірген Валентина Константиновнамен көңілі жарасып, шаңырақ көтерген. В.Константиновна да Әмен ағамен алғаш танысқан кездерін сағынышпен еске алады. Тіпті ол туралы өз кітабында да жазып шыққан. «Ол кездері мен өмірге романтикалық көзбен қарайтын жас кезім, біз үшін ол тірі Павел Корчагиндей көрінді және ол расында да солай еді - мақсатына қол жеткізбей тынбайтын, жаратылысынан романтик және өте ақкөңіл. Суретке экранда жан бітіруге болатынын мен бірінші рет содан білдім, оның асыл арманы - қазақ мультфильмін жасау болатын. Суреттерге тек жан бітіріп қана қоймай, кейіпкерлерінің қазақша сөйлегенін қалады» дейді ол ағынан жарылып.
Әмен атамыздың өз алдына қойған мақсатын бағындырмай қоймайтынын оның 35 жасында ВГИК-ке барып оқуға түсуінен де аңғаруға болады. Жасы 40-қа таяғанда ол Украина, Албания, Индонезиядан келген жап-жас курстастарымен бір партада қатар отырып сурет өнерінің қыр-сырына қаныға түсті. Бір қызығы, екі жылдан кейін оның Құдай қосқан қосағы Валя апа ВГИК-тің кинотану факультетіне оқуға түседі. Олар күндізгі бөлімнен дәріс алды. Тек соңғы курста оқып жүрген кезінде ғана оларға жеке бөлме берді. Ол кезде бір ұл, бір қыздары бар. Сонда оқытушылары «Декабристер күйеуінің соңынан Сібірге барған болса, сен қазақ даласынан Мәскеуге келдің» деп қалжыңдайтын.

ҚАЗАҚ МУЛЬТФИЛЬМІН ЭКРАННАН КӨП КӨРСЕТПЕГЕНГЕ ҚЫНЖЫЛАМЫН

Әмен Әбжанұлы VІ курста оқып жүргенінде-ақ өзінің тұңғыш «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің барлық материалдарын дайындап қойды. «Қазақфильмнен» ақша бөлінді. 1967 жылы көпшілікке ұсынылып, көп ұзамай-ақ 48 елде көрсетілді. Қазір ғой, мультфильмге баланың ойынындай қарайтынымыз, ол кезде алғашқы туындылардың барынша сәтті шығуына әркім өзінің қолынан келгенше үлесін қосқысы келді. Сол бір шақтарды Әмен ата:
- Ұлы Нұрғиса Тілендиев менің және менің шәкірттерімнің барлық мультфильмдеріне ұлттық бояуы қанық әдемі музыка жазып берді. Мен өз мультфильмдерімдегі кейіпкерлерімнің дауысын салған актерлердің бәріне ризамын: «Ақсақ құланда» мәтінді Шәкен Айманов оқып шықты. Ал Шыңғысханның дауысын Ыдырыс Ноғайбаев салды. «Қарлығаш» - Зәмзәгүл Шәріпова, - деп еске алады. - Балалар мультфильмді жақсы көреді. Дегенмен кейінгі жылдары телеэкраннан да, кинотеатрлардан да көбіне шетелдік мультфильмдер көрсетілетін болып жүр. Атыс-шабысқа құрылған мұндай мультфильмдер баланы қатыгез, кекшіл етіп тәрбиелейді. Кейбірі тіпті басқа дінді насихаттап жатады. Бұл біздің ұлттық табиғатымызға қарсы әрекет. Қазіргі таңда қазақстандық мультфильмдер 100-ден асады. Неге екенін соларды экраннан көрсетпейді. Мультфильм - ең алдымен тәрбие құралы, - дейді ол.
Өзі шын беріліп жұмысы жасаған мультфильм саласынан бөлек суретші басқа да жанрларда жұмыс жасады. Оның еліміздің біртуар тұлғаларының бейнесін сомдаған портреттерінің өзі бір төбе. Ж.Жабаев, Ә.Молдағұлова, Қ.Сәтбаев, Н.Тілендиевтердің жарқын бейнесі Әмен атаның да шығармашылығынан ойып тұрып орын алады.
Ол адамның материалдық қажеттілігі - дүние жинаудың соңына түскен жоқ, бәрінен де рухани байлықты жоғары қояды. Әнебір аумалы-төкпелі өтпелі кезеңде өзі негізін қалаған анимация өнерінің ахуалына шын жаны күйзеліп, тіпті Елбасының алдына дейін барып осы өнердің құрдымға кетпей, жандануына назар аударуын сұрады. Ұрпағымыздың қазақылықтың қаймағы бұзылмаған құнды дүниелерге қанығып өсуін еш уақытта жадымыздан шығармау керек екенімізді айтады. Бұл, әрине, өзі үшін емес, кейінгі ұрпақ - балаларымыз үшін қажет.
Әмен ата қазір шөбере сүйіп отыр. Өмір қаншалықты сынақтарға салса да, бәрінен сүрінбей өтіп қазақтың нағыз абыз қариясына айналған. Келер жылы 90 жылдық торқалы той. Бар жан-тәнімен қазағым деп еңбек еткен асыл азаматтың ардақталып, ел алдында мерейінің тасатын кезі - осы. Тек барымызды бағаламай, білмеген боп елеусіз өткізіп жібермей, осы тойға ел болып атсалыссақ та айып емес. Ол бір әңгімесінде «Мен ұзақ та қызықты өмір сүрдім. Өкінішке қарай, өмір деген өлшеулі, барлық шығармашылық жоспарыңды іске асыру мүмкін емес. Ал менде ондай жоспар көп...» деген екен. Бізбен әңгіме барысында да «Біз өткен ғасырдың адамдарымыз ғой, еңбегіміз бағаланды. Елден құрмет көрдік» деп елге ризашылығын білдіріп жатты. Осы бір сөзден-ақ оның соншалықты қарапайымдылығы аңғарылып тұрды. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөзді қазекем осындай жандарға арнап айтса керек...
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
«Айқын» газеті

0 пікір