Жұма, 29 Наурыз 2024
Рухани жаңғыру 1500 0 пікір 10 Шілде, 2021 сағат 18:14

Рухани жаңғыру: Қайыстан қамшы өріп, жүген түйген...

Шығысқазақстандық шебер, ШҚО Абай ауданының орталығы Қарауылдағы балалар көркемсурет мектебінің мұғалімі, өрімші Сымбат Құдайбергеновтің қамшы өрумен шындап айналысқанына жеті-сегіз жыл, шикі және піскен теріден торсық жасаумен әуестенгеніне екі-үш жыл болыпты.  Бұл қасиетті өнер атасы, өрімші Құдайбергеннен дарыған екен. Қазір білгендерін шәкірттеріне үйретіп жүр.

Сымбат Қайырлығазыұлы қамшы өруді ауылда жастайынан көріп өскенін айтады. Үйде төрдің ана басынан мына басынан дейін қамшының жеті атасы түр-түрімен тізіліп, ілініп тұратын. Кейде алып ойнайтын. Бұлар атасы Құдайбергеннің қамшылары болатын.

- Ол кісі кезінде Жданов колхозының ( қазіргі Құндызды ауылы) төрағасы болған, мектеп ашқан. Көзін көрмесем де, атамның киімдері: саптама етігі,  қасқыр ішігі мен тымағы бір бұрышта ілініп тұратын. Сол кездегі  атамыздың  ер-тұрманы, ағаштан жасалған кебеже, апамыздың  қолдан тоқыған алаша, сырмақ, киіз текеметтері, бұрынғы жезден жасалған ыдыстары  болатын. Есейе келе  бұзылған қамшыларды алып өңдейтінмін, соларға қарап отырып, өз бетімше тоқитынмын,- деп есіне алды шебер балалық шағын.

Тоқсаныншы жылдары ел ішінде ұлттық қолөнерді бағалап,  былғарыдан етік тігу, қайыстан қамшы өру, жүген, ноқта сияқты ат әбзелдерін жасау сәнге айналды. Атакәсіпке ден қойғандардың қарасы артты. Бір көрген нәрсе естен кетпейді. Мектеп жасында өзі де осы мектепке келіп, шпагатпен тоқуды үйренгені бар.

Сымбат Құдайбергенов Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің көркем графика факультетін тәмамдаған соң, 2008 жылдан бері осы балалар көркемсурет мектебінде  қызмет етіп келеді. Аудан орталығында  1992 жылы ашылған аталмыш мектепте қазір 157 бала  мүсін, сурет, кескіндеме, қолөнер және дизайн сияқты бес бағытта  қосымша білім алады. Бұдан басқа Көкбай орта мектебіндегі филиалында қолөнерге бейім тағы қырық бала сүйікті істерімен айналысады.

- Ауданымыздағы мектеп жасындағы екі жарым мыңнан астам балалардың барлығы да  қосымша біліммен қамтылған. Өнер мектебінен басқа, әртүрлі спорт үйірмелері, бассейн бар. Өзімізге балғындарды алты-жеті жастан қабылдай береміз. Олардың бойында керемет бір талант болсын деген талап қоймаймыз. Сурет салам, ұлттық қолөнерді үйренем деген ниеті бар, ынталы балалардың барлығына есігіміз ашық. Бәрі шетінен суретші, шебер болып кетпесе де, дүниетанымдары кеңейеді, атакәсіп түрлерін біліп жүреді. Басты мақсатымыз –жас  ұрпақтың бойында халқымыздың қолөнеріне деген құрметті қалыптастырып, оны бағалай білуге үйрету, әсемдікке, ұқыптылыққа, төзімділікке баулу.  Икемі бар балаларды бөліп алып, тереңдетіп оқытуға тырысамыз, - дейді Сымбат Қайырлығазыұлы.

Шебердің айтысына қарағанда, өз шәкірттері арасында әзірге қамшы  өруге  аса әуес балалар  жоқ. Тек шпагатпен өріп, өрімнің түрлерін үйреніп жүр.  Қамшы өруді ниеті ашық, кішкене кезінен малмен өскен бала болмаса, кез келген бала үйрене алмайды екен. Ол – қанмен даритын өнер. Үйренген күннің өзінде шатасып, қазір тоқығанын қазір ұмытып қалуы мүмкін.

- Ат әбзелдерін, қамшыны тоқуға жастайынан жылқының қасында жүрген, малды көріп өскен бала ғана  қызығады. Бейімі болмаса, шатасады. Үйренсе де, ары қарай дамытпайды, - деп жалғастырды ойын ұстаз.- Көкбай атындағы мектептегі филиалда Жұматай Айдын деген әріптесіміздің шәкірті бар, қамшы өруден республикалық сайыстарға қатысып жүреді, сондай-ақ, осы тақырыпта зерттеу жұмыстарын қорғаған балалар бар. Өз оқушыларым арасында арқан есіп алған, бұзауына жүген өргендерді көрдім. Осының өзі олар үшін қуаныш, өз қолдарымен жасаған бұйымдар әрі бағалы келеді. Ал қайыстан тоқу үшін балаға еппен бірге көп күш керек, өрген кезде қолдары ойылып қалады. Сондықтан қамшы өруді ересектеу кезде қолға алған дұрыс.

Теріні де өздері өңдейді

Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық өнер мұражайында жүріп жатқан «Ұлы дала дидары» көрме-байқауына балалар көркемсурет мектебі мұғалімдерінің қолынан шыққан  теріден  жасалған  торсық пен қайыстан өрілген қамшы, басқа да қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары, суретшілердің туындылары, жиыны 12-14 жұмыс қойылып, барлығы  көпшіліктің көңілінен шыққан-ды. Соңғы үш жылда ұстаздары шәкірттеріне де шикі және піскен теріден торсық жасауды үйретіп келеді.

Шебер қамшы өруге дайын қайысты Тарбағатай жақтан мықты өрімшілерден молынан сатып алса, торсық жасайтын шикі теріні өздері өңдейтінін айтады. Оны терең зерттеп, әлеуметтік желілерден әртүрлі тәсілдерін көргенмен, ең тиімдісі әрі қарапайымы - өзіміздің ата-бабаларымыздан келе жатқан әдіс екен. Сапалы шикізат дайындау үшін кемінде  бір айдай уақыт керек. Алдымен ірі қара малдың терісін екі аптадай әк пен тұз, сірке қышқылы  қосылған суға салып, түгі мен ішкі жағындағы өлі терісі жидіп түсіп қалғанша ұстайды. Сірке қышқылын қолқаны алатын жаман иісін кетіру үшін  қосады. Сосын сары суға немесе сүттің қалдығына 3-4 күннен 7 күнге дейін салып,  аздап майлап, жібітіп алады. Дайын болған қақ теріні тағы да бір тәулік бойы суға  салып, жұмсартады. Осыдан кейін ғана торсықтың  бөлшектерін  теріден дайын үлгімен  қиып алып, бір-бірімен қайыспен біріктіріп, тігіп, бедерін шығару үшін  ішіне ыстық құмды нығыздап, толтырады. Осылай қатқан соң, ішіндегі құмын төгіп тастайды. Мұндай торсықтар тек сувенир ретінде қолданылады, ішіне сұйық тағам құюға келмейді екен.

Жұматай Айдын деген мұғалім торсықты піскен тері-қайыстан да  жасайды. Ол үшін қайыстың ішіне  кез келген шараптың бөтелкесін салып, алдымен сыртын ермексаз не көбікпен қаптайды. Сосын қайыс терімен көмкеріп, қаптап тастайды. Ішінде ыдысы болғандықтан мұндай тоқсықтарға сусын құюға болады.

- Бұрын көшпенділер торсықтың шетін қойдың тарамысымен тіккен, тарамыс кірігіп, тігістерді бітеп тастайды. Ішін қойдың немесе жылқының майымен сылап, жеміс ағаштары не тобылғымен ыстаған. Сонда ішіне құйылған айран, сүт төгілмеген.  Оның үстіне ол иленген, жұмсақ теріден жасалғандықтан, босаған кезде бүктеп, жинап алған. Ал қалпын сақтайтын қатты торсықтардың мүйіздерінде қымыздың сарқыны қалып қояды да, ол  ашытқының рөлін атқарады. Үстіне саумал құя салса, аттың жанында шайқалып жүріп, қымызға айналған, - деп көшпенділердің даналығынан сыр ақтарды Сымбат Құдайбергенов.

Өрімші қамшы өрумен айналысқан жеті-сегіз жылда тапсырыспен ғана жүзден астам қамшы өрген, 10-15 жүген  жасаған. «Қазақ халқының  мәдени-тұрмысында, салт-дәстүрінде, рухани зердесінде қамшының алатын орны ерекше. Қамшы - нағыз өнер туындысы, шаңырақтың киесі,  ер жігіттің серігі, айбыны»  дейді. Ең қымбатқа сатқан қамшысына  сол кезде ұялы телефон сатып алғаны есінде.

- Қамшы алты, сегіз, он таспалы деп кете береді. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді, әрі ажарлана, күрделене түседі. Таспа неғұрлым сапалы, түзу кесілсе, өрім соғұрлым әдемі шығады. Таспаны тілген кезде дәлдік пен ептілік, шыдамдылық керек. Мен жұмысты бастамас бұрын  таспаны өлшеп,  тіліп, барлығын алдымен дайындап аламын. Одан кейін ешнәрсеге алаңдамай кірісемін. Өрген сайын қанаттанып, әсер аламын, -дейді шебер.

Шабыты қыстың ұзақ кештері мен түндерінде ашылады. Тыныштықта, қалың ойға шомып отырып өргенді ұнатады. Тапжылмай отырса, бір қамшыны бір тәулікте тоқуға болады. Сымбат қамшысын зергерлік әшекейлермен безендіргенді ұнатпайды. Ондай қамшы күнделікті қолдануға жарамайды, тек төрде сән үшін ілініп тұрмаса.

Кәсіп ашу үшін жоғары деңгей керек

Шебер соңғы бес жылда қалада да ұлттық қолөнерімізге бетбұрғандар, етік тігушілер көбейгенін байқаған. Бұрын бұйымдарын Семейге барып өткізетін. Бүгінде ол жақта өз қолөнершілері де жеткілікті. Қазақтың жігіттері  шағын цех ашып алған, теріден біздің жақтың сарышұнақ аязында таптырмайтын унты сияқты етіктерді тігеді. Жазда басқа кәсіппен айналысады. Сымбаттың да етік тігуді меңгерсем, ер-тұрман жасап үйренсем деген арманы бар. Алайда ары қарай дамытып, кәсіп қылу үшін  оған білім керек. Етік тігу жай өнер емес, егер күнкөріс көзіне айналдырса,  сұранысқа ие, қып-қызыл табыс әкелетін, қыр-сыры мол кәсіп. Қолөнердің қай түрін алсақ та, оны күнкөріс көзіне айналдырам десек, алдымен жай әуесқойдан кәсіби деңгейге көтерілу керек.

- Оңтүстік облыстарда, Таразда, тіпті мына Павлодарда ағаштан түйін түйген, аттың ерін ағаштың тамырынан тұтастай ойып жасайтын қолы алтын шеберлер бар. Тараздағы үлкен кісі, ер-тұрманның жеті түрін жасайтын мықты шебер. Ол кісі  «қасыма алып, 6-12 ай үйретемін, ақшасын төлесең болды» дейді.  Оған біздің мүмкіндігіміз жоқ, салт басты жастарды жібермесек. Оңтүстікте сабаны ойып жасайтын жігіттермен сөйлестім. Өзбек ағайындар, тек сатуға жасап жүрген көрінеді. Егер мемлекет тарапынан білімімізді толықтырып,  шеберлігімізді шыңдауға, кәсіби деңгейге жетуге мүмкіндік беретін шеберлік оқуларын өткізуге қолдау болса, жақсы болар еді. Сонда ғана кәсіп ашуға грант алып, шаруаны дөңгелетіп әкетуге болады. Әйтпесе қарабайыр, әуесқой деңгейінде қалып қоямыз, - деген пікірімен бөлісті Сымбат Құдайбергенов.

Қазір балалар көркемсурет мектебінде өз музейлерін ашуға дайындық жүріп жатыр. Ол жерге мектептің жиырма жылғы тарихынан сыр шертетін суреттер, ескі жәдігерлер мен мұғалімдері мен шәкірттерінің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, сурет туындылары қойылмақ. Қазірдің өзінде біраз жәдігер дайын. Бір кісінің қорасынан тауып алған, шашылып қалған балаға арналған ерді реставрациядан өткізіп қойыпты. Бір де бір шегесіз жасалған бесік, көненің көзіндей келсап тұр. Осы мектептің күзетшісі болып істейтін  Айбек Имантаевтың қолынан шыққан бұйымдар бар. Жалпы бұл кісі өз шеберханасы бар  мықты шебер екен.

Сымбат Қайырлығазыұлы да қазір өз шеберханасының құрылысын аяқтауға жақын. Келешекте ағашпен де, терімен де жұмыс істеп, өскелең ұрпаққа  ұлттық қолөнерімізді насихаттап, бар білгенін үйретуді өзіне борыш санайды.

Айна Ескенқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590