Жексенбі, 25 Шілде 2021
46 - сөз 5003 13 пікір 19 Шілде, 2021 сағат 16:47

10 жылдан кейін Қазақстанда орыстың зейнеткерлері ғана қалады

Орта Азия, оның ішінде Қазақстан Кеңес өкіметінен қалған мұраға комплекстерден бірте-бірте арылып, қазақстандық қоғамнан – қазақ қоғамына қарай бет бұруда деп тұжырымдайды танымал француз ғалымы Марлен Ларюэль.  

Dalanews.kz Ресей, Орта Азия елдеріндегі саяси-мәдени өзгерістерді зерттеумен шұғылданатын ғалымның еңбегін оқырман талқысына ұсынады.

Ғалым Батыс әлемі Қазақстанды мүлде танымайтынын айтады. Қазақстанға қатысты өзекті зерттеулер соңғы рет өткен ғасырда жүргізілген. Олардың көпшілігі үстірт жасалғанын, сондықтан бұл елдің таным-түсінігі, қоғами құндылықтарына қатысты жеткілікті мағлұмат бермегенін ескеру керек.

Содан бергі аралықта  Қазақстаның ұлттық құрамы айтарлықтай өзгеріп, қазақтілді аудиторияның ауқымы артқан. Ал АҚШ пен Батыс елдерінің саясаткерлері Қазақстанды әлі күнге “орыстанған” ел деп таниды.

Сөй деген Марлен Ларюэль қазақтілді қауымның санасындағы мәдени дүмпуге, оның себебі мен салдарына үңілуге тырысқан.

“Қазақстандағы орыстілді аудиторияның үлес салмағы күнбе-күн кеміп, тиісінше орыс тілінің өрісі тарылуда. Орыстар мол қоныстанған солтүстік өңірлердің өзінде олардың үлесі 35-50 пайыздан аспайды. Олар ұлттық үлес тұрғысынан азшылыққа айналуда.

90-шы жылдары орыстардың басым көпшілігі атажұртына оралды. Бүгінде бұл үрдістің қарқыны бәсеңдегенмен, орыстілді қауым бәрібір де көшіп жатыр. Олар Ресейге өз қалауымен қоныс аударуда, оларды солай етуге ешкім мәжбүрлеген жоқ.

Отандастарды елге шақырған Путинің бағдарламасы Қазақстандағы орыстарды орнынан қозғалтты. Ресей халқының санын көбейтіп жатқан да негізінен Қазақстан мен Украинадан келген оралмандар”, – дейді Марлен ханым.

Оның айтуынша орыстілді аға буынның ұл-қыздары Қазақстанда аялдағысы келмейді. Ресейге оқу түсіп, сол жақта жұмысқа орналасып, артынан ата-анасын да алдырады.

“Қазақстандағы орыстар қартайып” келеді дейді ғалым. Осыған байланысты зерттеу жүргізген ол еліміздегі орыстілді қауымның орта жасы 44 жасты құрайтынын анықтаған.

“Қазақтардың орта жасы шамамен 23 жас. Қазақтар жас ұлт, тиісінше демографиялық жарыста елдегі орыстілді аудиторияны басып озады. Бұл өзгеріс қазірдің өзінде айқын аңғарылуда, ал 10-20 жылдан кейін Қазақстанда қалған орыстардың көпшілігін зейнет жасындағы азаматтар құрайтын болады”, – дейді ол.

Француз сарапшысы қалалардың қазақтанып жатқанына назар аударған. Оның мәліметіне сай 1970 жылдан бүгінге дейін қалада өмір сүретін қазақтардың саны 1 млн-нан 5 млн адамға дейін артқан. Бұл Қазақстан қалаларының колоритін өзгерткен.

Қаладағы қазақтың үлесі артқан сайын, уақыт өте келе “Солтүстік славянданған”, “Оңтүстік қазақтанған” деген түсінік өзінің өзектілігін жоғалтады.

“Уақыт оза келе Қазақстандағы “орыс мәселесі” де өзінің актуалдығынан айырылады, саяси күн тәртібінен түседі. Қазақтілді қауымның қарасы молайған сайын Қырым сценариінің қаупі сейіледі.

Көптеген батыс сарапшылары Қазақстанды Ресеймен қорқытуды доғарар емес. Мұның бәрі білместіктен. 90-шы жылдағы үстірт жүргізілген зерттеу осы елге қатысты қате көзқарас қалыптастыруға алып келді. Сарапшылар қазақ факторын ескермеді. Қазақтілді аудиторияның саны мен сапасы өскен сайын “қазақ әлемі” атты кеңістік қалыптасарын есепке алмады”, – дейді ғалым.

Қазақша сөйлейтін қалалардың қатары артып, орыстілді қауым Ресейге қоныс аударуын үдете түссе, солтүстік аймақтарды қазақтандыру өздігінен жүзеге асатын болады.

Марлен Ларуэль қазақтілді ақпараттық кеңістік қарқынды дамып жатқанына назар аударған.

“Қазақтардың үлесі көбейіп, қазақ тілінің құлашы кеңейген сайын қазақша хабар таратын ақпарат құралдарының аудиториясы артуда. Қазақтілді ақпараттық кеңістік елдегі орыстілді масс-медианың контентін тұтынбайды, олардың өз тақырыбы бар. Екі тарап та іштей араз, сондықтан жиі салғыласады. Орыстілді БАҚ қазақтілді ортаның өсіп-өніп жатқанынан қауіп күтеді. Оның соңы аудиториядан айырылуға алып келеді”, – дейді сарапшы.

Француз ғалымы мектеп және жоғары оқу орындарында қазақша білім алатын жастардың қатары артып жатқанына назар аударған. Оның айтуынша бұл демографиялық дүмпудің нәтижесінде мүмкін болған. “Орыс әлемінен”  демографиялық эволюцияның көмегімен ғана құтыламыз.

“Қазақтандыру” үрдісі табиғи түрде жүзеге асып жатыр. Осыдан 15-20 жыл бұрын өмірге келген ұрпақ “орыс әлемінің” құндылықтарын қабылдамайды. Қазақстан билігі де орыс тілін “ұқыпты” түрде ығыстыру үшін ағылшын тілін үйренуге үгіттеуде”, – дейді ол.

Марлен Ларюэль әлеуметтік желінің да қазақыланып жатқанына назар аударған. Әлемжелідегі қызу талқыланған тақырыптардың көпшілігі қазақтілді кеңістіктен тарайтынын айтады.

Ғалымның пікірінше, алдағы 10-20 жылда Қазақстан мен Ресейді өткен тарихқа қатысты ұлтаралық дебат күтіп тұр. Тәуелсіздік тұсында өмірге келген ұрпақ Сталин репрессиясына саяси тұрғыдан баға беріп, Қызыл қырғынның қазаққа жасаған қастандығы туралы ашық айтады әрі Кремльге ультиматум қояды.

“Қазақ жастарын “батысшыл” деп айта алмаймыз. Олар елдің қазақи құндылықтарға құрылған даму жолымен жүргенін қалайды. Қазіргі билік қалап шығарған “қазақстандық” атты ұғым келмеске кетуде, қазақылық қарқын алуда. Мұны мемлекет те мойындап отыр.

Биліктің латын әліпбиіне ауысуы осы өзгерісті аңғарудан туған. Қоғамдық сананың өзгеріске түсіп, қазақылықтың күш алып жатқаны билікті бұл үрдіске ілесуге мәжбүрлеуде. Билікте ұлтшыл жастардың қатары артып келеді. Мемәкімшілікте жаңа мәдени (қазақи, ред.) аура қалыптасатын күн жақын”, – дейді сарапшы.

Ғалымның пайымдауынша Қазақстанның қолдауынан айырылу Мәскеу үшін трагедиямен тең. Кремль қазақылану процесіне кедергі келтірер жағдайда емес. Қазақстандағы қазақтілді аудитория қарсылық білдірер болса, Ресейдің Орта Азияға жолы жабылады.

Қазіргі қазақтілді буынға көршісінің мәдени кеңістігі жат, олар ресейлік мәдениеттің өздеріне ештеңе әпермесіне көзі жеткен. Ресейдің құндылықтары адамның тұлға ретінде қалыптасуына кедергі келтіреді.

“Иә, рас Қазақстан әлі де болса Кремль ықпалында. Қазақстан аумағында орыстың бірнеше әскери базасы бар. Әйткенмен, Ресей де өзгеріп жатқанын есепке алу керек. Путин билігі ақпараттың ғасырдың талаптарына бейімделе алмай отыр. Болашақта екі ел де бір-біріне кедергі келтірмейтін, өзіндік даму жолын табары анық”, – дейді Марлен Ларюэль .

Әлбетте ғалымның көрген-түйгені біздің аудиторияға таңсық емес. Ол тілге тиек еткен жайттардың көпшілігіне куәміз. Ларюэль бұл мақаланы Батыстағы әріптестеріне арнап жазғаны аңғарылып тұр.

Зерттеудің түпнұсқасын мына сілтемеден оқи аласыз, мұнда сонымен қатар статистикалық деректер де берілген: voicesoncentralasia.org

Әзірлеген Думан Бықай

Abai.kz

13 пікір