Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 9002 14 пікір 19 Шілде, 2021 сағат 15:58

Бізді қазақ қылмай отырған осындай аналар

Коммунистер қазақты құрту үшін түздегі еркекке тісі батпағасын алдымен үйде бала күтімінде отырған әйелді "бұзған" ғой.

Ақтаудың жаңадан бой көтерген, кілең қазақтар шоғырланған бір шағын ауданында жүр едім. Бір кезде алдымнан тым жақсы, жап-жас екі келіншек шығып, балаларын жетектеп, қазақша сапырып келе жатты. Қазақша сапырып келеді. Кенет мен қастарынан жақындап өте бергенімде дереу балаларымен орысша сөйлесе жөнелді. Лезде аяқ астынан өзгеріп кеткен орыс тілін түсініп (түсінгісі келіп) тұрғаны да шамалы екені балалардың түрлерінен көрініп тұрды. Шешелерінің бұлай құбыла салғандарын түсіне алмай олар да аң-таң, ал менің бұл көрініске іштей жыным келді.

Дәл сол сәтте көшеде менен басқа ешкім болған жоқ. Сонда ана екі қазақ келіншек мен үшін тыраштанғаны ма? Орыс болсам бір жөн. Тіпті орыс болғанның өзінде де не үшін осылай қипақтайды екен байғұстар? Онымен маған не дәлелдегісі келді екен?

Ай, құлдық психология бойларына өтіп кеткен. Әзірге бізді ҚАЗАҚ қылмай отырған осындай аналар. Солар баланың болашағына балта шауып жүргендерін және өздерінің ұлт алдындағы жауапкершіліктерін түсіне ме екен? Айтпақшы, күйеулері қатындарының осындай сатқындық іс-әрекеттеріне не дейді екен жалпы? Сол қызық...

Дастан Мырза

Abai.kz

14 пікір