Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 9179 11 пікір 19 Шілде, 2021 сағат 15:36

Қазақ әскерін модернизациялау: жаңа шешім

Әлемде геосаяси жағдай күрделі негізде өрбуде. Саясат күн сайын емес, сағат сайын құбылып тұр. Халықаралық келісімдер мен шарттар, мемлекетаралық уағдаластықтар іске аспай жатқан сәттер де жиі кездесуде. Соның айқын дәлелі 2014 жылғы Украина. Елінің жартысын соғыс шарпып, жерінің біраз бөлігінен айырылып қалған Киевтің жай күйі өзге мемлекеттердің де ойлануына себепкер болды. Әсіресе әскери тұрғыдан сараптама жасау, реформа жүргізу аса маңызды екенін бірқатар елдер түсіне бастады. Өйткені соғыс есікті қақса, мемлекеттер жалғыз қалып, бар қиындықты жалғыз көтереді екен. Көзіміз жетті, көрдік және естідік. Қазақстан да бұл тұрғыдан біршама өзгерістер жасауда. Сабақтың ең дұрысы, өзгенің қателігінен алынған сабақ. 

Қазақстан резервтік жүйедегі әскер қалыптастыруды ойлауда. Бұл өткен аптадағы ең қызу талқыланған тақырыптың бірі болды. Әсіресе орыс тілді сегментте. Сонымен резервтік жүйедегі әскер дегеніміз не?

Резервтік жүйедегі әскерді енгізудің басты мақсаты әскери қақтығыс жағдайында жылдам қарулы күштерді ұрыс даласына жеткізу, топтастыру болып отыр. Резервтік жүйе енгізілген сәтте, Қазақстан Республикасының әскери міндетті азаматтары әскери дайындықтарға шақыртулар алады. Шақыртудың қабылдау немесе қабылдамау әр азаматтың өз еркінде. Яғни бұл ерікті түрде іске асатын жоба. Шақыртуды қабыл алған азаматтар арнайы әскери дайындықтардан өтетін болады. Ол жылына екі мәрте, жалпы жиынтығы 60 күн ішінде іске асады. Әскери жаттығу барысында резервистер жаңа тактикалар мен соғыс қаруларын меңгеріп, заманауи ұрыс жүргізу тәсілдерін үйренеді. Резервистер өздеріне жақын әскери бөлімшемен келісімге отырып, үш жылдық келісімшарт жасасады. Оның бірқатар артықшылықтары бар. Атап айтқанда үш жыл бойы ай сайын резервистке ең төменгі жалақы көлемінде қаржы түсіп тұрады. Бұл қазіргі уақытта 42500 теңге. Ал әскери дайындық сәтінде, яғни екі ай бойы мемлекет резервисттің тұрақты жұмыс орнынан алатын қаржысының жартысын төлейді. Әскери дайындық кезінде резервистің жұмыс орны сақталады. Оған заң кепілдік бермек.

"Соғыс болса әскерді онсызда мобилизациялайды, мұның керегі қанша" деген сұрақ туындауы мүмкін. Әрине, әскерді алапат соғыста мобилизациялау тәртібін әлемде ешкім ысырып тастаған емес, Қазақстанда да дәл солай. Алайда резервтік жүйенің артықшылығы жылдамдық пен кәсібилікте. Әскерді мобилизациялау ұзақ уақыт алады. Әскери міндетті азаматқа әскери бөлімшеден (военкоматтан) шақырту жіберу, әскери бөлімшеге бару, тіркелу, арнайы дайындықтан өту. Бұл ұзақ уақытты қажет ететін процесс. Ал резервтік жүйедегі әскер бірден әскери бөлімшеге барып, қаруын асынып, бұйрық бойынша ұрыс алаңына аттанады. Өйткені жасасқан келісімшарт негізінде оған арнайы қару алдын ала бекітіледі. Ал жыл сайынғы әскери дайындық оның кәсібилігінің сақталуына кепіл болмақ. Сондықтан резервтік әскер ұрыс алаңына бірінші жетіп, мемлекет үшін маңызды позицияларды сақтап қалуда шешуші рөл ойнайтын болады.

Заңды қабылдауғы қатысты ұсыныстар енді шығып, талқылаулар Ашық НПАда енді жүріп жатыр. Ал заң барлық деңгейлерден өтіп, қабылданар болса, онда алғашқы резервистерді әскерге шақыру 2024 жылы басталады деп жоспарлануда. Резервтік жүйеге шақырту алатындардың ішінде әскери білімі бар, арнайы оқу орнын бітірген, әскерде болған азаматтарға бірінші басымдық берілмек. Алайда әскерде болмаған жандар да қатыса алады. Жоспар бойынша сарбаздар үшін 50 жас, ал офицерлер үшін 60 жас деп бекітілмек. Резервтік жүйеге тіпті әскери қызметкер болған әйелдер қауымы да қатыса алмақ. Отанды қорғау жыныс пен жас таңдамайтыны анық.

"Заң жобасы әзірленіп жатыр. Оны ведомствоаралық комиссияда қарастырады. Ол мақұлданғаннан кейін заңды өзге де мемлекеттік құрылымдармен келісу, талқылау болады. Содан кейін барып оны Парламентте таныстырады. Бұл шамамен 2022 жылдың екінші жартысында. Заң қабылданып жатса, алғашқы резервистерді шақыру 2024 жылдың ортасы мен 2025 жылдың басына тұспа-тұс келмек. Шақырту ерікті түрде іске асады", - деді Бас штабтың Ұйымдастыру-мобилизациялау департаменті басшысының орынбасары Бахытхан Сәлімов.

Резервтіж жүйедегі әскер Батыс елдерінде кеңінен қолданылатын тәжірибе. АҚШ-та бұл жүйе бойынша 200 мың сарбаз ерекше дайындықтан өтіп тұрады. НАТО-ның өзге елдері де аталмыш жүйені қаперге алған. Қым-қуыт заманда Қазақстанның өзге елдердің тәжірибесін алып, әскер саласын реформалауға талпынуы, қуантарлық жайт.

Abai.kz

 

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511