Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Міне, көрдің бе? 20974 58 пікір 17 Шілде, 2021 сағат 14:51

Хрущевтің зорлығы. Қазақ жерінің Өзбекстанға берілуі

Өзбектер Бостандық ауданын сұрап, Мәскеуге бірнеше рет хаттар жіберген. Ол кезде Өзбек КСР-нің бірінші хатшысы Мухитдинов болатын. Ол мынадай себептерді алға тартты: «Біріншіден, Қазақстан бұл ауданға Ташкент арқылы қатынайды (жол болмаған). Екіншіден, «мақта саламыз, мал көбейтеміз, экономиканы көтереміз» деп, өзбектер осынау шұрайлы өлкені әйтеуір бір сылтаумен қолға түсіргенше жанталасқан.

КОКП Орталық Комитетінен Шымкент облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру жөнінде ұсыныс енгізіңдер деген нұсқау болды. Осы мәселе жөнінде Ж.Тәшеновтің төрағалық етуімен арнаулы комиссия құрылды. Оның құрамында М.Бейсебаев, С.Дәуленов, Х.Арыстанбеков, А.Морозов, В.Гогосов, В.Шереметьевтер болды. Комиссия жергілікті жағдайды жете зерттеп, «Өзбек КСР-не Мақтаарал ауданының кейбір бөліктерін беруге келісеміз, ал Үкіметтің Бостандық ауданын беру туралы өтінішін негізсіз деп санаймыз» деп, шешім шығарады. Бостандық ауданының жері мал өсіруге қолайлы екендігін, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық қорларының молдығын, қорғасын, көмір және машина жасайтын өндірістердің жұмыскерлері демалатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы екендігін ескеріп, бұл ауданды Өзбекстанға беруді өте тиімсіз санады. Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру жөніндегі Өзбек КСР-і өкіметінің сұрауын комиссия негізсіз деп есептейді деген хат Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Брежневке жіберілді.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті сол кезде мынадай қаулы қабылдады: 1. Бостандық ауданына қарасты жердің маңыздылығын жоғары бағалай келіп, ҚКП Орталық комитетінің бюросы Ж.Тәшенов басқарған арнайы комиссияның қорытындысымен келісті. Бостандық ауданын Өзбекстанға бермеу жөнінде қаулы қабылданды.

1955 жылдың 12 қарашасында Қазақстан басшыларының қарсылығына қарамастан Н.Хрущев қол қойған КОКП Орталық Комитеті Президиумының қаулысы бойынша КСРО Жоғары Кеңесінің Төрағасы К.Ворошилов қол қойған жарлығымен Қазақстанның Бостандық ауданы Өзбекстанға берілді.

Сөйтіп, Бостандық ауданы ең құнарлы да ұлан-ғайыр территориясымен, 360-370 мыңдай қойымен қоса Өзбекстанға берілді, ал ар жағындағы Бағыс пен Түркістан ауылына қарасты 20 миллион гектардай жайылым карта жасағанда Қазақстан қарамағында қалды.

Сол қалпында Жоғарғы Кеңестің сессиясында қаралып, біраз жер өзбектердің пайдасына шешіліп кете барды… Ол кезде сессия төрағасы Д.Қонаев болатын. Артынша Мухитдинов Саяси бюроға мүше болып Мәскеуге ауысты. Оның орнын Ниязов ауыстырды. Ниязов өндіріс академиясында Н.Хрущевпен бірге оқыған. Сонымен бірге Н.Хрущевтің «тамыры» Насреддинова Жоғарғы Кеңеске төрағалыққа келе қалды. Ел аралауға барғанда ол екеуі жұп жазбайтын адамдар болған екен. Сол кезде Хрущев Насреддинова не айтса да қарсы болмайтын болған. Содан олар: «Мынау Мақтаарал, Киров, Речевский-мақталы аудандар, қазақтар мұның бәріне Ташкент арқылы келеді. Осы жерлерді бізге беріңдер» деп, тағы өтініш жасайды. Сол жолы Ж.Тәшеновтің күшімен Қазақстанда қалған қазақ жерлері кейін Өзбекстанға қосылып тынады. Кейін Л.Брежнев кезінде Мақтаарал, Жетісай аудандарының кейбір бөліктері бізге қайтарылып берілді. Әйтсе де өзбектер бұрынғы қосып алған қазақ жерлерінің жартысын алып бермей қалды.

Сөйтіп өзбек басшыларының ұзақ уақыт күш салуының арқасында 1956 жылы Шымкент облысының Бостандық ауданы мен Киров ауданының Тимирязев атындағы совхозы Өзбек КСР-ына берілді. Қазақ жерлерін әуелі арендаға сұрап, кейін басып алу осы 1956 жылы басталды. Өзбекстанның осы басқыншылық ниетпен иеленуі қазақ халқының мүддесіне, әдет-ғұрпына, экономикалық, мәдени, ұлттық қатынастарына нұқсан келтірді.

Бостандық ауданын берген кездегі 418 гектар жер - қазақтікі еді. Мұнда шай плантациялары болды.

Өзбекстан шекарасын кеңейтудің төртінші кезеңі 1963 жылы басталды. Сол кезде Н.С.Хрущевпен жеке достығы бар, ұлтшыл көңілдегі Ш.Р.Рашидовтың ынтасы мен Шымкент облысының үш ауданы - Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары - Өзбек КСР-ы құрамына өтті. Кейіннен осы үш аудан аймағында Ш.Р.Рашидовтың Отаны - Жизақ облысын нығайту үшін тағы жеті аудан ұйымдастырылды.

Киров ауданының алты совхозы өзбектерге берілісімен (Шымқорған, Арнасай, Аманкелді атындағы, Ильич атындағы, Қызылқұм, «Известия» газеті атындағы совхоздары) Фариш ауданының қарамағына жатқызылды. Қазіргі Мырзашөл, Арнасай аймақтары, Фариш ауданының үлкен бөлігі (Шымқорған, Арнасай, Аманкелді атындағы, Ильич атындағы, Қызылқұм, «Известия» газеті атындағы совхоздар) 1963 жылға дейін заңды түрде Қазақстанға қараған. Бостандық ауданы түгелдей және қазіргі Жизақ облысының Мырзашөл, Достық, Октябрь аудандарының, Сырдария облысының Ильич, Ақалтын ауданының аймақтары 1953 жылға дейін Қазақстан аймағы болған. Сол кездегі Өзбекстан басшыларының аса ыждаһат салуымен және қазақтардың ұлттық абыройына Қазақстан басшыларының әдейі енжарлықпен қарауы нәтижесінде ол жерлер негізсіз арендаға Өзбекстанға берілген.

Қазақтардың қайсарлық көрсеткен әділетті талабынан кейін 1971 жылы Шымкент облысының үш ауданы: Мақтаарал, Жетісай және Киров аудандарын аймақ қалпында Қазақстан құрамына беру шешілді, бірақ сол аймақтарды қайтарар кезде Рашидов аталған аудандардың бірқатар жерлерін алдын-ала 1969 жылы-ақ Сырдария облысына беріп жібергенді. Бұрынғы Мақтаарал ауданының жерінде Сырдария облысының Ақалтын және Ильич аудандары ұйымдастырылған, ал Жетісай ауданының жерінде Сырдария облысының Мырзашөл ауданы ұйымдастырылған, Шымкент облысының Киров ауданындағы бес совхоз (Шымқорған, Қызылқұм, Амангелді, Арнасай, Ильич) Сырдария облысының Фариш ауданына берілді, кейіннен жоғарыда аталған қазақ жерінде Өзбекстан Компартиясының бірінші хатшысы Рашидовтың Отаны Жизақ облысы ұйымдастырылды.

Сөйтіп Қазақстанның алты совхозы және жеті ауданындағы көлемді бөлігі Өзбек КСР-ында қалды.

Ғасырлар бойы басқа халық иелігіндегі аймақтарды бірнеше рет және бірыңғай алып қоя беретін құдіретке ие болған Өзбекстанда әсіресе қазақтар үшін әлеуметтік теңдік болмады. Ұлтшылдық пиғылдағы Ш.Рашидовтың басшылығымен осындай жағдай қалыптастырылды. Егер бұрын партия, совет ұйымдарында және министрліктерінде қазақ өкілдері кездессе, қазір мүлде жоқтың қасы немесе бірен-саран ғана. Рашидов кезеңіне дейін ет-сүт министрлері болып Сарықұлов, Насыров, Ташкент политехникалық институтының ректоры болып Ниязов істесе, аудандық партия комитетінің хатшылығында 20 адам болды, оның алтауы Ташкент облысының аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған.

Мал шаруашылығының ауыр еңбегіне қамқорлық мүлде жоқтың қасы. Жизақ облысындағы, Бұхар облысының Тамды және Кенимех аудандарындағы шопандардың 99 проценті қазақ, олар 30-40 жылдарға пара-пар аянышты жағдайда өмір кешуде. Оларға ешкім қамқорлық жасамаған, жарықсыз, кітапсыз, газетсіз, ана тілінде болмайтының айтпағанның өзінде, теледидарсыз күндерін өткізсе де жұмыс істеп, республика экономикасына қомақты үлес қосып келеді.

Бұрын республикалық 42 жоғарғы оқу орнының онында қазақ тілінде оқытатын факультеттер болатын. Қазір жалғыз Низами атындағы ТМПИ-де ғана қазақ тілі мен әдебиеті факультеті бар, оған жылына 25-ақ студент қабылданады. Бірқатар ауылдарда қазірдің өзінде туған қазақ сәбилерін қоқаңлоқ-қылықпен өзбек деп жазады. Әке-шешесі қазақ, сәбилері өзбек! Жастар мектепті қазақ тілінде бітірсе де, емтиханды өзбекше тапсыру керек деген талап қойылған. Демографиялық мәліметтер бойынша республикада 2 миллионға жуық қазақтар тұрады, бірақ республикалық 1 газет пен 1 баспа ғана бар, республикалық театр, концерт ұйымдары жоқ.

Ал Қазақстанда бірнеше ондаған мың кәрістер, ұйғырлар және немістер тұрады. Олардын барлығында республикалық, аудандық газеттері, республикалық театрлары, ансамбльдері бар. Түрік, дұнған, татар шығармашылық ұйымдары, олардын тиісті бөлімдері баспада, Жазушылар Одағында және Қазақ ғылым академиясында жұмыс істейді.

Өзбекстан миссионерлері отаршыл патша өкметі миссионерлерінен асып кетті. Кіші халықтарды қаншалық ұлттық алауыздықа ұшыратқан сайын, интернационализм барабанын соншалық қаттырақ даңғырлата соғып, өзінің шовинистік идеяларын өңін айналдырып жалған интернационализмнің шәйі көрпесімен бүркемелеген орыстар секілді, советтік және қазіргі мұстахил (егемен) Өзбекстан әкімдерінің қазақтар туралы саясаты да одан аумаған зымиян жымысқы саясат жүргізуде. Өйткені екеуінің де мақсаты - халыққа өз тарихын ұмыттырып, рухани құлға айналдыру. Рашидовшылар Өзбекстан қазақтарының тарихын ұмыттыру мақсатында архивтегі газет, журнал, кітаптарын, документтерді өртетіп жіберген. Мұнда қазақ парасатын талқандап, парықсыз, рухани құлға айналдыру, қазақты ұлтынан бездіру саясатының ізі жатыр.

«Жер тарихы - ел тарихы» десек, бұл мекенге қазақ атаулы аяқ баспаған секілді. Жер - су аттары түгел өзгеріп кеткен. Жаңа ашылған аудан, қолхоз - совхоздардың аты Түйедала, Жантақсай, Ержар, Бөртескен, Жынғылды, Жетімтау, Құлпысары, Балықты болудың орнына кілең маршалдардың аты қатар тізіліп қойыла берген соң бұл өлкеге бұрын-соңды қазақтың аты тұяғын баспаған секілді, қыран ұшпаған құла дүз секілді, ит шөлден өлетін ақ тақыр секілді, жан басып, жан жасамаған жер секілді. Әлімсақтан осында тұрып келе жатқан мына біздің ел - қазақтар анасынан әлі туылмаған секілді. Ел тарихын әдейілеп ұмыттырудың бұл ең төте жолы болды. Оның дәлелін қазақ жеріне орнаған Жизақ облысындағы өзбектің тоғыз ауданындағы шаруашылық аттарымен танысқанда көз жеткізесіз.

Қазақтың XX ғасыр басындағы мәдени ордасы Ташкент болғандығы туралы естеліктер де қалмаған. Ізі білдірілмейтін дәрежеге жеткізген. Осы ордада Мағжан, Мұхтар, Сұлтанбек, Тұрар, Ғани сияқты жүздеген азамат болған қазақ тарихынан ғана білеміз. Басқаны қойғанда бірінші Түркістан республикасының төрағасы, 11 жыл РСФСР Совнаркомының орынбасары болған Т. Рысқұлов атындағы не бір көше, не мектеп жоқ. Керісінше, қазақты өзбектендіруге үлес қосқан қазақ Сұлтан Сегізбаев атында көптеген көшелер, арнаулы оқу орындары, мекемелер, мектептер бар.

Ұлтаралық қатынастарды шиеленістірудің негізгі сыры - Өзбекстан әкімдерінің жергілікті жерді өзбектендіру саясатында жатыр. Жоғарыда айтылғандай, осындай өздеріне қол шоқпар, жергілікті ел тағдырына басы ауырмайтын қайдағы бір қазақты облыс не аудан әкімшілік столына қарауыл етіп қояды да, соның қолымен от көсейді.

Қазақтың азаматтық құқығы аяққа тапталып, жеке бастың творчестволық даму тамыры түбімен шабылғанын былай қойғанда, кейбір тарихи тұлғалар туралы материалдар мұрағатта құртылып, реті келетінін өзбектендіріп жіберген. Мысалы, Отырарлық Фарабиды былай қойғанда, генерал Сабыр Рахимов Қазығұртта туған қазақ. Т. Рысқұловтың семьялық архивын тапсырмақшы болғанда, «өзбек деп жазып берсеңіз қабылдаймыз» деген талап қойған. Бейбарысты-өзбек, Түркістанды астана деп жазудың да өзіндік сыры бар. Сұлтан Бабыр мен Әмір Темірге ескерткіш орнатылды, кітаптар шығарылды.

Қазақстан жұртшылығы қазақтардың азайып кетуін тек Голощекиннен ғана көрмей негізгі болып табылатын тағы бір себеп - Өзбекстан миссионерлері Ахунбаев, Рашидовтар да жатқанын білгені дұрыс. XX ғасыр басында басым көпшілікті құраған қазақ елі қайда? Оның бір дүркіні Өзбекстан республика болып құрылуы үшін ұлттық деградация құрбаны болды, яғни өзбектеніп кетті. Екінші дүркін, сол 32 жылы аш - жалаңаш босқан елді бір шапан, 1кг қант, қос уыс жүгері беріп, өзбек деп жаздырып қабылдай берген, қыздар өзбекке тиген, аштан өлгеннен өзбек болғанды дұрыс көріп, «өзбек - өз ағам, неғылар дейсің» деп өздерін - өздері жұбатып, осы мақалды шығарып алған. Үшінші дүркін Сталин өлген соң басталды. Хрущев тұсында халық енді басынан қара бұлт көшкендей, жариялылықтың самалы ескендей сезініп, бұл мәселені қозғаған. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, халық көңілі тез ақ су сепкендей басылды. Тағы өзбектендіру басталды. Мұның куәсі - Самарқан облысындағы біздің ағайындар туған балаларын өзбек деп жазып бере берген. «Көнбесең көшіп кет» деген талап қойған. Сөйтіп елуінші жылдардан арғы ата-анасының паспорты - қазақ, 50 жылдардың бергі балалардың паспорты - өзбек. Ондағы қазақтар осылай үш дүркін нәубат көріп, жалтақ болып қалды.

Енді демографиялық есепке қаралық, 1897 ж. Ресей империясы жүргізген жалпы санақта қазақ халқы 4 млн. 84 мың, ал өзбек халқы 726 мың. Ал 1939 ж. халық санағы бойынша, 1897 жылғы санақпен салыстырғанда өзбектер 5 есе көбейіп кеткен, 3 млн. 900 мыңға жуық болған. Ал қазақтар 5 есе өсудің орнына 2 есе азайып кеткен, яғни 2 млн. 300 мың. 1897 ж. есепке қарағанның өзінде 1 млн. 784 мың қазақ жоқ. Ал демограф ғалымдар 2,5 млн. деп жүр. Арнайы зерттеуді қажет ететін бұл мәселені былай қойғанда, жоғарыдағы 2,5 млн. қазақтың бәрі аштан қырылды деуге географиялық факторлар қайшы келеді. Себебі: біріншіден, 1939 жылдың есебінен бұрын әуелгі есептер алынған кезде бұл өлкелер керек десеңіз Ташкент қаласы да, Қазақстанға қараған. Екіншіден, біздің өлкеде ол жылы басқа жақпен салыстыра қарағанда айтарлықтай аштық болған жоқ. Үшіншіден, қазақтардың оңтүстікте көбірек орналасқаны белгілі. Ал оңтүстіктің халықтары суармалы аймаққа, су жағасына көбірек жайғасқан. Өзбекстанда қалған тап сол, қазақтың құнарлы, суармалы, сулы аймағы және Ташкент облысы, қазақтар көп тұратын Сырдария, Жизақ облыстары. Төртіншіден, 1932 жылы Өзбекстанға қазақтардың аштықтан жөңкіліп келгені тарихи шындық.

Бесіншіден, Ташкент қазақтардың шоғырланған ордасы болған. Онда тіпті 1940 жылы мәдени орталықтары болғаны белгілі. Алтыншыдан, 1932 жылы жөнкіліп келген қазақтар бір үзім нанға өрімдей, жап жас қыздарын ауыстырып кете берген, өздері жалданып жұмыс істеген. Ал, бұл факторлар Өзбекстан миссионерлерінің өзбекті көбейту саясатының жанталасып, өршіп тұрған тарихи дәуіріне өте қолайлы, сәйкес келеді. Жетіншіден, 1939 жылға шейінгі есептерде Қазақстанның есебінде болып, келген өзбекстанда қалған қазақтардың ең қалың шоғырланған аймағы түгелдей Өзбектендірілгенін есептесек, 2,5 миллион жоқ болған қазақтың 1 миллионы Ахунбабаевтың еншісіне тиеді. Аштықтан қазақ ауылдары қаңырап бос қалғаны тарихи шындық болса, қазақтың ең шоғырланған ортасы, құнарлы, шұрайлы, сулы, суармалы жері Өзбекстанда қалып, олардың өзбектенгені де тарихи және географиялық шындық.

Рашидов интернационализмнің жалған ұранын көтеріп, қазақ парасатын түп-тамырымен талқандады. Қай жерде таза қазақ мектебі болса ол сол кездегі интернационализм саясатын арқау етіп, оны араластырып ақыры оны өзбектендіріп отырды. Қай жерде қазақ аудандары болса, сол жерде кадр таңдау да не жергілікті ұлт не еуропалық болсын деген принцип ұсталды. Қазақтан шыққан қыран кадр болсаң да еуропалық шүрегей кадрға беліңді тептіріп үздіріп отырды. Осыдан кейін қазақтар өз ұлтынан «безіп», паспортын өзбек деп жаздырып, қазақша оқыған баласы оқуға түсе алмаған соң басқа тілде оқытуға мәжбүр болды.

«Қазақстанның солтүстік өңіріндегі облыстардың тағдыры»

1960 жылғы 26 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының «Қазақ ССР-і құрамында тың өлкесін құру туралы», ал 1962 жылдың мамырында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының «Қазақ ССР-і құрамында Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан өлкелерін құру туралы» жарлықтары шығарылды. Хрущевтің Т.Соколов сияқты империялық пиғылдағы сыбайластары, осы кезде тың өлкесін Ресейге қосуға әрекет жасады. Ал Қазақстанның оңтүстік субтропикалық жерінің біразы Н.С.Хрущевпен Ш.Рашидовтың және сол кездегі республиканың бірінші хатшысы И.Юсуповтың өзара келісуі нәтижесінде, Өзбек КСР-нің құрамына енгізілді.

Бұдан кейін де Мәскеудегі мәжілістерде Тың өлкесін орталықтан дербес басқару мәселесі қаралды. Ж.Тәшенов Тың өлкесін Қазақстан Республикасының басшы органдарын қатыстырмай, тікелей орталық әкімшілік органдарына бағындыру саясатымен келіспеді.

Сол уақыттағы Тың өлкесінің партия комитетінің бірінші хатшысы Т.И.Соколовтың: «Қазақ халық емес, оларды немістермен будандастыру керек» деген сандырағын қазақтың кейбір босбелбеу зиялысымақтары оны іс жүзіне асыруға кіріскені де шындық. Қостанай облысындағы қандас қызымыз Д.Жақсылықоваға шошқа бақтырып, неміс жігітіне тұрмысқа шығарып, сол үшін Еңбек Ері атағын бергізуі сондай саясаттың куәсі. Осыны үлгі етіп, орыс ағайындарға қосылған биліктегі қандастарымыз жаппай үгіт насихатқа көшті. Оның үстіне орталықтың неше түрлі халықтарды, ұлыстарды елімізге қойша тоғытып, мидай араластырып жіберулерінің кесірінен басқа ұлтпен некелесіп тамырын солдырған, ұлтының мәдениетінен жұрдай, ділін, тілін білмейтін тек төлқұжатында ғана қазақ деп жазылатындар пайда болды. Осындай жасанды тәрбиеден ұлтымыздың мәйегі-қыздарымыздың намысы өліп, көрінгеннің қолтығында оп-оңай кете беретін халге жетті.

Ұлтымыздың әр жерден төбесі көрініп селдіреп, қорлық пен мазаққа душар болғандығы тың игеру кезінде анық байқалды. 60-шы жылдары «Целинный край» газетінде «Человек в ушанке» деп ұлтымызды қорлап, тіпті есекке теңеп фельетон жазылды да. Тың көтеруге келгендер күні-түні арақтан көз ашпай мас күйлерінде қандастарымызды жануарларды көргендей қуа жөнеліп, тепкілеген көрністерді де тарих ұмытпаған.

Кезінде Т.И.Соколов Н.С.Хрущевпен екеу ара ақылдаса отырып, Қазақстанның солтүстік өңіріндегі алты облысымызды Ресей Федерациясының құрамына қоспақ болған ниетіне, «Этому не быват!» - деп, кесіп айтқан 1960 жылы Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Жұмабек Ахметұлы Тәшенов өз лауазымын тәрік етіп, қарсы шығып ұлтының намысын қорғап ғажайып батылдық көрсеткен екен. Осы 1960 жылы күзде Ақмолада өткен жиналыста Н.Хрущев Тәшеновке: «Дереу шешетін мәселе-ол республиканың жер көлемі. Жолдас Қонаевпен және облыс басшыларымен пікір алыстық. Олар қолдап отыр. Жұмабек Ахметович, енді сіздің пікіріңізді білгім келіп отыр» дейді. Бас хатшының бұл сөзіне Тәшенов іле-шала «Никита Сергеевич, бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуына қарсымын!» - деп, бетіне айтады. Бұл сөзді естіген Хрущев бір бозарып, бір қызарып алып, Тәшеновке даусын көтеріп дүрсе қоя бастайды. «Саяси бюроның келісіміне қарсы шығатын сен өзің кімсің!? Әрі-беріден соң бұл мәселені сендерсіз-ақ шешеміз. Совет елі-бір мемлекет, қай жерді, қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркі!» деп зәрін шашады. Тәшенов тағы тайсалмай «Жоғары кеңес әр республиканың жерлерін жергілікті орындарсыз кімге беруді дербес шеше беретін болса, онда КСРО Конституциясын жою керек қой. Ал ол Ата заңда әр республика өзінің тарихи жерін, өз меншігім деп пайдалануға құқығы бар. Егер ол заңмен санаспайтын жағдай туса, онда біз халықаралық заңды мемкемелерге дейін шағым беруден де тайынбаймыз, ондай құқығымыз бар…». Бұл жауапқа Хрущев әрі ашуланып, әрі таң қалып «бұл әңгімеге кейін тоқталамыз» - деп тұрып кетеді. Осы тайталасатан келе жатып Қонаев: «Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсыз ау» депті. Оған Жұмекең: «Елімнің мүддесі үшін қияметке болса да дайынмын» дейді.

Осы Хрущевпен болған әңгіме Тәшеновтың келешек тағдырына өзгеріс енгізді. Араға айлар салып оны қызметінен босатып, Кремльдегі мықтылар қайтпас қайсар дала жолбарысын шынжырлап, Шымкент облыстық атқару комитетінің қатардағы орынбасары етіп жібереді.

Қуандық Есенғазы,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

58 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3532