Жұма, 26 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 12064 18 пікір 16 Шілде, 2021 сағат 16:13

Тоқаев: «Pfizer-ді әкел», - деді. Цой орыс екпесін тіркеді

Қазіргі таңда мына короновирус деген тажалдың елімізге зор қауіп төндіріп тұрғандығын айтып жатудың өзі артық шығар. Әрине, онымен хал-қадірімізше күресіп жатқандығымыз тағы да анық. Алайда, бұл вирустың тамырына балта шабудың бір-ақ жолы - тек қана вакцина егу екендігін түсіне тұра, бұл жұмыс тым мардымсыз жүріп жатыр.

Біздіңше, мұның бірнеше себептері бар.

Біріншіден, қалың бұқара ковидтен сақтанудың шараларына мүлдем мән бермей, баяғыша сол той-тойлаудан арыла алмай жүр. Соның кесірінен соңғы кездері вирус жұқтырудан еліміз «рекордттарға» жетіп жүр.

Екіншіден, «ойбай бұл вакцина салу қауіпті екен, оны салған әйел ертең бала көтере алмай қалады екен, тіпті бұлардың көбісі екі жылдан соң о дүниеге аттанып кетеді екен», деген біреулердің арандатушылық сөздеріне еріп, бұл шарадан мүлдем бас тартуда. Еліміздің біраз жерлерінде тіпті, осындай ұран көтеріп, вакцина салуға қарсылық танытқан митингілер де болып өтті. Өткен аптада дәл осындай бой көрсетулер біздің Қостанайда байқалды. Оншақты адамнан тұратын ызалы топ, қалалық әкімдікке барып, біраз өктемдік те көрсетіп бақты.

Бұл жерде біз тек халықты жалаң ғайбаттаудан аулақпыз. Мәселенің бұлайша өрістеуіне осы вирурспен күресуді басқарып жүрген жандардың да «өзіндік үлесі» бар. Мәселен, вакцина салдыруды халықтың еркіне беріп қойып, өздерінше демократ бола қалудың еш қисыны жоқ еді. Ресейдегі секілді вакцина салдырмаған жандарды ұзақ мерзімге ақшасы төленбейтін еңбек демалысына жіберу секілді қатаң шараларды қолға алғанда, қазіргі жағдай біршама түзеліп қалар ма еді, кім білсін...

Рас, қазір еліміздің бас санитарлық дәрігері біршама батыл қадамдар жасап, тәртіпті қатайтып жатқан сыңайы бар. Алайда, мұның өзі кейін сұйырқұйымшақтанып, таз қалпымызға түспесек болғаны.

Өйткені, біздегі Денсаулық сақтау министрлігіндегі осы салаға қатысы бар шенеуніктердің жұмысында бірізділік пен жүйелелік байқалмайды. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында ресми тіркелген «Modern»a, «Pfizer», «AstraZeneka», сонымен қатар Қытайдың екі бірдей «Sinovac» пен «Sinoрharm» секілді әбден заңдастырылған вакциналары тұрғанда, мұндай тіркеуден өтпеген, қазір тіпті, Ресей жұртшылығының өзі ұната бермейтін орыстың «Спутник» вакцинасын таңдауымызға не себеп екендігін халыққа түсіндірген ешкім жоқ. Егер шынымен демократ болсақ, сол орыстың өздерін-өздері мақтап, мәз болған, оны «аса құдіретті» санайтын вакцинасымен қатар өзіміз жоғарыда аттарын тізіп шыққан, бүгіндері дүниежүзінің елдерінің басым көпшілігі егіп жатқан вакциналарды неге қатар қоймаймыз? Өздері таңдасын, қайсысын қалайтындығын. Мәселен, анау Израиль үкіметі ешбір қабақ шытпастан «Pfizer» вакцинасын екі есе қымбат бағасымен сатып алып, бүгіндері елінің азаматтарының 80 пайызын егуден өткізіп, шекараларын ашып тастап отыр. Сонда біз қалай, еврейлерден де ақылды болғанымыз ба? Бұлай болса, алақайлаудан басқа ештеңе қалмайды.

Тағы бір өрескел кемшілік, вакцина салуға жауапты құзырлы мекеменің адамдарының өз істеріне салдыр-салақ қарап, халыққа деген жанашырлық сезімнен жұрдай болғандығы. Мәселен, күні кеше ғана өткен үкіметтің кеңейтінген жиналысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз аузынан естіген сорақылықты неге бағаларымызды білмей отырмыз. Сонау мамыр айында Америка бізге өздері емделіп жатқан «Pfizer» вакцинасының 2 миллион дозасын беруге келіскен. Алайда, бізді әдеттегідей шала ұйқыда жүрген шенеуніктеріміз оны дер кезінде ала қоюды мүлдем есінен шығарып алыпты. Сөйтіп, енді сан соғып қалған жайымыз бар. «Той өткен соң даңғыраның» күйін кешіп отырмыз. Мұны сонда жай ғана ұмытшақтық дейміз бе, әлде халықа қарсы бағытталған дұшпандық дейміз бе? Асылы осыған жауап беретін нақты адамдар бар ма? Әлде әдеттегідей жылы жауып қоя береміз бе?

Мұны аз десеңіз, тағы бір сорақылықты оқырманға «сый» етіп тарталық. Әдеттегідей бізге тізесін батырып, үнемі тұқыртып отыратын Ресей бізге тағы да «мырзалық» жасапты. Біздің Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің тағы күдікті вакцинасы - «Спутник Лайт» деген вакцинасын заңды түрде тіркеп, айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Бұл туралы мәліметті таратқан Ресейдің тікелей инвестиция қоры бұл вакцинаның емдік қасиеті 79,4 пайызды құрайтынын айтыпты. Ал осы қордың директоры Кирилл Дмитриев деген Қазақстанда бұрынғы «Спутниктің» аса табысты түрде қолданылып жатқандығын, енді елді тағы бір аса жоғары тиімді әрі өте қауіпсіз мына «Ступник Лайт» секілді вакцина толық қамтамасыз ететіндігін мәлімдеп, бізге ақыл айтыпты.

Енді мне, біздің шенеуніктердің пайымдауынша, егер Ресей секілді «аса мырза әрі тамаша жанашыр дос» көршіміз болмағанда, мына короновирустан жаппай қырылып, жер бетінен мүлдем жойылып кетуіміз мүмкін екен...

Жайберген Болатов

Abai.kz

18 пікір