Жексенбі, 25 Шілде 2021
2968 13 пікір 16 Шілде, 2021 сағат 15:52

Жұт: ҚТЖ қиындықтан қаржы жасамақ па?

Маңғыстаудағы қуаңшылықтан мал қырылып жатыр. Еріктілер шөп орып, әр аймақтан аттандыру қамымен жүргенде, тасымалдаушы компаниялар әр вагон шөпті жеткізуге 500 мың теңге көлемінде қаржы сұраған. Бұл туралы КТК арнасы жаңалықтардан көрсетіп, ел жағасын ұстатты. 

Еріктілердің арнайы шотына ел қаржы аударып жатыр. Алайда ол қаржы аймақтардан шөп жинауға, сатып алуға және оны тиейтін жұмысшыларға арналған. Халықтан түскен қаржыны тасымалдау компанияларына төлейтін болса, онда шөп алатын қаржы қалмайды.

Жұттан қиналып, малы қырылған өлкеге шөп жеткізем деп жүгіріп жүрген ерікті Мұрат Солтанбай:

"Кеше осы бес вагонды жіберейін десек, бізге айтады, ол бұйрықтың бәрі өзгеріп кетті деп сөздерінен айнып, бес вагонның әрқайсына төлейсіңдер, әр вагонға 500 мыңнан артық ақша төлейсіңдер деп жатыр.

Оның тұрғанына екі тәуліктен асып кетті, жай ғана бір вагонға 100 мың теңгеден төлейсіңдер деп жатыр. Ақшасы өсіп жатыр, есепке қойып қойдық сендерді, күніне бір вагон 100 мың теңгеден өсіп жатыр, енді одан көп тұрса, бұдан да көбейіп кетеді деп жатыр", - дейді.

Еріктінің сөзіне қарап, тасымалдау компанияларының ойлағаны елдің қамы емес, қалтаның мәселесі сияқты.

Ал қаржыны жинаумен айналысып жүрген ерікті Сайлаубай Мейірбеков болса:

"Қазір тағы 7 миллион ақша бар менде. 7 миллионның сәл үстінде 12 мың теңге тағы түсіп жатыр, шиқылдап, міне (телефонын көрсетіп). Енді осы қаражатқа шөп жіберуіміз керек. Мына вагондарға ақша алатын болса, қаражаттың барлығы осыған кетейін деп тұр. Одан шөп жіберу тоқтап қалайын деп тұр. Біз қазір ойланып отырмыз, оны төлеп жібере берейік деп. Артынан шөп кетпей қала ма деп тұрмыз"- дейді. Біреу қиналған халықты құтқарам деп жүгіріп жүр, енді бірі сол қиындықтан қалтаны қампайтамын деп әлек.

Ал “Қазақстан темір жолы- жүк тасымалы” АҚ бас директорының орынбасары Марат Ибраев болса "жеткізу жағынан уәде бермегенін" айтып, бұл сұрақтан қашқақтап отыр. Қуаңшылықтан қиналған өлкеге қырық вагон шөпті тегін жеткізу ірі компания үшін ауыр жүк іспеттес.

Ауыл шаруашылғы министрінің міндетін атқарушы Қарашүкеев өткен аптада Маңғыстау өңіріне барып, шаруалармен кездескен болатын. Жергілікті халық жағдайдың қаншалықты қиын екенін ескертіп, дереу нақты шешімдер шығаруын сұраған еді.

Маусым айында Маңғыстау және Қызылорда облысында құрғақшылық болып, малдың қырылып жатқаны хабарланған еді. 13 шілдеде Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Маңғыстауда мыңнан астам, Қызылорда облысында 500-ге жуық мал басы шығын болған. Алайда бейресми деректер бойынша қуаңшылықтан құлаған малдың саны бірнеше мыңнан асады.

Өткен аптаның сенбісінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың жұмысына сын білдіріп, орнынан алып тастаған болатын.

Abai.kz

13 пікір