Сенбі, 20 Сәуір 2024
9443 18 пікір 16 Шілде, 2021 сағат 13:37

Жаңа ойын: Қытай министрі Ванның 5 ұсынысы

Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен Душанбе қаласында кездесті. Кездесу 14 шілде күні өтті. Ван И кездесу барысында Орталық Азиядағы геосаяси өзгерістерге Қытайдың назары ауып отырғанын, жағдайды бақылап отырғанын аңғартты. 

Ван Идің ойынша Ауғанстан НАТО және АҚШ әскерінің шұғыл шығарылуы әсерінен қиындықтарға тап болып, елде үлкен әскери сипаттағы қақтығыстар өтіп жатыр. Ауғанстандағы саяси тұрақтылық мәселесі тек қана Кабулды емес, сонымен қатар ШЫҰ мүше елдерді де алаңдатып, олардың шекаралық, саяси тұрақтылығына тікелей әсер етеді. ШЫҰ елдері Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырып, бейбітшілікке қол жеткізу үшін барын салуы керек. Бұл туралы Ван И өзінің бес түрлі ұсынысын жасады. Сонымен Ван И былай дейді:

Біріншіден, АҚШ жауапкершіліктен қашпауы тиіс. Ауған мәселесін шешуші басты елдің бірі болуға талпынған АҚШ, енді бұл елді жай ғана тастап, бар ауыртпалықты ауған билігі мен халқына, көршілес елдерге тастап кете алмайды. Бұл әділетсіз. "Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға кепілдік береміз" деген АҚШ билігі, ендігі таңда өз уәдесін орындауы тиіс. Барлық елдер Вашингтонды өз уәдесін орындауға шақыруы қажет.

Екіншіден, террорлық топтардың жандануына мүмкіндік бермеуіміз керек. Ауғанстан енді ешқашан террорлық топтар пайда болатын елге айналмауы тиіс. ШЫҰ Ауғанстанда лаңкестік ұйымдардың кең етек жаюына қарсы барлық күштерді, дипломатиялық жолдарды қолдана отырып, Ауғанстанның тұрақтылығын қалпына келтіруге барын салуы қажет. ШЫҰ Ауғанстанмен лаңкестікке қарсы күресте әріптестігін арттырып, Талибанның өзге лаңкестік ұйымдармен байланысын үзуге шақыруы қажет.

Үшіншіден, татуластыру процесін жылдамдату үшін, бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз. ШЫҰ қақтығысқа қатысушы барлық күштерді бейбітшілікке шақырып, келіссөз үстеліне отырғызуға ниетті болуы керек. Ауғанстанға ықпал ете алатын барлық ШЫҰ мүше елдер өз саяси ықпал ету күштерін пайдаланып, Ауғанстанда тыныштық орнату мақсатында қақтығысты тоқтату, келісімге келу жоспарын бекітуге тырысса игі іс болар еді.

Төртіншіден, Ауғанстандағы күнделікті мәселелерді шешу үшін ШЫҰ әлеуетін пайдалану тиімді болмақ. ШЫҰ Ауғанстанның тәуелсіздігін, тұтастығын қорғап, ауған халқы өз жерінде өз билігін өз қолына алатындай жағдай жасауы міндетті. ШЫҰ Ауғанстан бейбіт елге айналып, өз тәуелсіздігін нығайтып, барлық лаңкестік ұйымдармен белсене күресіп, болашақта жұмсақ ислам саясатын ұстанатын елге айналуына көмектескені абзал.

Бесіншіден, Ауғанстанмен экономикалық, мәдени байланысты арттырып, сауда қатынасын күшейтіп, тәуелсіз ел ретінде нығаю механизмдерін жасауға тиіспіз. ШЫҰ Ауғанстанның аймақтық интеграциялық үрдістерге қатысуына жол ашып, денсаулық сақтау саласында COVID-19 вирусын жеңуге жәрдемдесуі міндетті.

Қытай министрі Ван И Ауғанстан бойынша осылай деді. Бейжіңнің аймақтық геосаяси ойындарға барын салып кірісіп жатқаны көрініп тұр. "Талибан өзге лаңкестік ұйымдармен байланысын үзуі тиіс" деген сөзіне қарап, Қытайдың болашақта "Талибан" билікке келсе, онымен бірлесе жұмыс жасауға кетәрі еместігін білдіреді. Мүмкін қазірдің өзінде ықпал етіп, байланыс арналарын түзіп үлгерген болар.

Бейжің Ауғанстанды өзінің ықпал ету аймағына айналдырмақ. Ауғанстанда өзіне ыңғайлы саясат жүргізе алса, онда Орталық Азияда Ресейге, Таяу Шығыста АҚШ-қа ықпал ететін рычагқа ие болмақ. Мұндай тарихи мүмкіндікті Қытай қолдан жібермек емес. Осылайша Қытай жаңа геосаяси ойынды бастап кетті.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

18 пікір