Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Ел іші... 4328 4 пікір 10 Шілде, 2021 сағат 17:10

Үкімет отырысында не айтылды?

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда қабылданған негізгі шешімдер мен айтылған тапсырмалар туралы аз-кем шолу жасаған едік...

Ауыл шаруашылығы министрі Омаров отставкаға кетті

Үкімет отырысында Мемлекет басшысы ҚР Ауыл шарушалығы министрі Сапархан Омаров отставкаға кетуі тиіс деп мәлімдеген. Сөйтіп, Президент жарлығымен Омаров лауазымынан босатылды.

«Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді»,- деді Тоқаев.

Сонымен қатар Президент А/Ш министрін ішкі нарықты базалық өнімдермен қамтамасыз ете алмағанын сынға алды.

«Пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан Қазақстанның осалдығын ашты. Біз Қазақстанның экономикасы ашық екенін және өз нарығымызды импорт пен экспорт үшін жаба алмайтынымызды түсінеміз. Сонымен бірге отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты базалық өнімдермен қамтамасыз ете алмауына сын өте әділ»,- деді Мемлекет басшысы.

Жайылымдық жерлер туралы

Сонымен қатар, президент Тоқаев жайылым жерлердің мәселесіне тоқталды. Айтуынша, әкімдіктер тарапынан тиісті бақылау болмағандықтан, қазір ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы.

«Жайылым мәселесіне тоқталайын. Жалпы, бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Негізгі себеп - әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Қазір мал жаю үшін 29 млн гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 млн гектар жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы», - деді Тоқаев.

Жайылым жерлердің тапшылығы әсіресе Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында айқын сезіліп отыр.

«Үкімет пен облыс әкімдері прокуратура органдарымен бірлесіп, игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беру ісін қолға алуы керек. Осыған баса мән берген жөн. Үкімет ғарыштан мониторинг жүргізу тәсілін жетілдіріп, оның ауқымын кеңейтуі керек. Осы маңызды жұмысты Президенттің тапсырмасымен ғана емес, тұрақты түрде атқару керек»,- деді Президент.

Pfizer вакцинасы туралы

Президент биыл мамыр айында Қазақстанға Pfizer-дің 2 млн дозасы жетуі керек болғанын, бірақ, Үкіметтің ол тапсырманы орындамағанын сынға алды.

«Былтыр мен тиісті тапсырмалар берген болатынмын. Дегенмен Pfizer вакцинасын белгіленген компанияларға жеткізу орта жолдан үзілді. Анықтама ретінде мынаны айта аламын. Келісім бойынша Қазақстанға биыл мамыр айында Pfizer-дің 2 млн дозасы жетуі керек болған. Үкімет препаратты жеткізудің үзілуін Pfizer компаниясының шарттарымен байланыстырып отыр. Бірақ бұл шарттар вакцина сатып алатын бүкіл елдер үшін стандартты болып есептеледі», - деген Тоқаев, бұл іс аяғына дейін жету үшін арнайы жарлыққа қол қоюға дайын екенін айтты.

«Жуықта бүкіл әрекеттер алгортимі көрсетілген тағы бір жаңа ұсыныс келіп түсті. Жарлыққа қол қою керек деп отыр. Қажет болса, мен солай істеуге дайынмын. Үкімет пен Президент әкімшілігіне қалыптасқан жағдайды анықтап, аталмыш қажетті препараттың жеткізілуін кешіктірген лауазымды тұлғаларға қатысты шара қолдануды тапсырамын. Біз азаматтарға қатысты ұсыныстарымызды әртараптандыруымыз керек. Бәлкім кейбір азаматтар дәл осы вакцинаны қабылдағысы келетін шығар. Сондықтан мұндай азаматтарға мүмкіндік беріңіздер. Проблеманы қысқа мерзімде шешіп, Pfizer вакцинасын қазақстандықтарға қолжетімді ету керек», - деді Мемлекет басшысы.

Дәстүрлі білім беру жүйесі туралы

Президенттің айтуынша, пандемия кезіндегі қашықтан оқу білім сапасына кері әсер етті. Сондықтан, алдағы оқу жылында оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу арқылы оқытудың бұрынғы форматына көшу қажет.

«Пандемия кезінде оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға мәжбүр болды. Бұл жағдай білім сапасына кері әсерін тигізді. Сондықтан, өткен оқу жылында жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймауымыз керек. Мұның бірден бір жолы – оқытудың бұрынғы форматына көшу екені анық. Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штамдары пайда болып жатқан кезде бұл міндетті орындау оңай еместігін түсінемін. Сол себепті оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу керек», - деді президент Тоқаев.

Азық-түлік бағасы туралы

Сонымен қатар, Президент Үкіметтің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру жұмысы көңіл көншітпейтінін айтты.

«Қазіргі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру құралдары тиімсіз болып отыр. Жергілікті бюджеттен сауда желілеріне азық-түлік тауарларын арзанға сату үшін 30 млрд теңгеден астам іс жүзінде тегін қарыз бөлінді. Қазіргі жағдайда бұл шешім жаман емес. Алайда, бұл шараның нарыққа әсері 1-4% аралығында ғана», - деді ол.

Мемлекет басшысы тұрақтандыру қорларында да осындай жағдай екенін және нарықтағы тұрақтандыру қорлары өнімдерінің үлесі 4%-дан аспайтынын жеткізді.

«Фермерлерде өз өнімдерін сақтай отырып, форвардтық сатып алу құралы да жеткілікті іске қосылмаған. Әкімдер орталыққа бас шұлғып отырмауы керек, өңірлер үшін жауапкершілік өз қолдарыңызда, сондықтан Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, қолданыстағы құралдардың тиімділігін бағалауды және неғұрлым тиімді шаралар пакетін ұсынуды тапсырамын»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Азаматтардың табысы туралы

Тоқаевтың айтуынша, қазір 800 мыңға жуқ азаматтың табысы күнкөріс деңгейінен төмен, ал, кедейшілік деңгейі 4,5 пайызға жеткен.

«Тағы бір мәселе - жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру. Пандемияның салдарынан қаржылай табыстың азаюы өзекті мәселеге айналды. Кедейшілік деңгейі 4,5 пайыз болды. 800 мыңға жуық азаматымыздың кірісі күнкөріс деңгейінен төмен. Тұрғындардың нақты әрі атаулы табысының өсімі азайып кетті. Табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейді», - деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен еңбек табысы азайып бара жатыр.

«Шұғыл әрі ауқымды шаралар қабылдау қажет. Бұл шаралар еңбек табысы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға және басқа да бастамаларды қамтуға тиіс», - деді ол.

Сондай-ақ, Президент жалақы мөлшері мен еңбек жағдайына байланысты наразылықтар көбейгенін айтып, Үкіметке азаматтардың табысын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

«Қазіргі таңда еңбек ұжымдарындағы жалақы мөлшері мен еңбек жағдайына байланысты наразылықтар көбейіп келеді...Тағы да қайталап айтамын, біздің басты міндетіміз - халықтың әл-ауқатын арттыру. Үкіметке азаматтардың табысын арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Бұл оңай жұмыс емес. Өйткені, жұмысшылардың, жұмыс берушілердің мүдделері және бюджеттің мүмкіндігі арасындағы теңгерімді табу өте маңызды. Жұрттың күтіп отыратыны да осы. Қазақстан халқына Жолдауымда бұл бағыттағы нақты шаралар жөнінде айтуым керек», - деді Тоқаев.

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы туралы

Сонымен қатар, Үкімет отырысында 82 мың мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы көтерілетіні айтылды. Мәселен, осы жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері үшін жалақы 1,9 есеге көтеріледі. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін жалақы жыл сайын 30 пайызға көтеріліп отырмақ. Бұл бағдарлама 2024 жылға дейін жалғасады.

Одан бөлек, Президент ауылдардың ахуалына ерекше мән беру қажеттігін де айтып өтті.

Abai.kz

4 пікір