Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Талқы 4515 20 пікір 9 Шілде, 2021 сағат 15:07

Алаша хан кім?

Арыстанбек Мұхамедиұлының Алаша хан жайындағы «Үндеуіне» орай

Қайраткер, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлытау биігінен Ұлы Дала өркениетіне қатысты мәдени-тарихи, деректемелік мәліметтерге толы терең толғаныспен, шамырқанған қуатпен айтылған айтулы сөзі ұлт санасында, халық зердесінде, Еуразияның апайтөс кеңістігінде айрықша айшықты із қалдырары ақиқат.

Осынау саф толғауда бес мыңжылдық тарихымыздың, атап айтқанда, сақ, ғұн, қыпшақ заманы, Түркі қағанаты және Шыңғыс хан әулеті, Жошы хан, Алаша хан, Кетбұға, Домбауыл, Темір-Құтлық, Болған ана, Ер Едіге, Әмір-Темір Көреген, Тоқтамыс хан сынды ұлы қолбасшы-қаһармандар болмысынан сыр шертуі, тарихи қызметін айқындауы, «Алаш империясының нақты дәлелі – Алтын Орда» мемлекетінің геосаяси мәнін, «Алаш» киелі ұғымының тұңғиық сырын мейлінше ынтызарлықпен мәлімдеуі қандай ғанибет, ел мерейі, мемлекет мәртебесі десеңізші!

Алтын Орданы айтқанда, ұлт тарихының білгірі, хас суреткер Ілияс Есенберлин 1982 жылдың өзінде, Қызыл Империя тұсында «Алтын Орда» трилогиясының үшінші томында: «Кешегі Алтын Орда тұрған Негізгі Далада – Жаңа Қазақ Республикасы орнады» деп, жалынды тілегін жарқыратып жеткізеді. Мұны әулиелік дейсіз бе, көсемдік-көрегендік дейсіз бе, ата-бабалардың рухы, аңсары дейсіз бе?!

Даңқы Ұлытау тарихы, тұтастай алғанда, Ұлы Даланың тарихы. Хан жайлаған Ұлытау! Ұлытау – қазақ даласының жүрегі, саяси-экономикалық орталығы. Ұлытау жөнінде бағзыдан «Ұлытауға бардың ба, ұлар құсты көрдің бе?!» деген тәмсіл бар. Ғұлама Әлкей Марғұлан (1904-1985) 1984 жылдың мамырында «Ұлытаудың басына бір шықсам» жарар еді дегені бар.

Ұлт мәдениетінің насихатшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы үндеуінде Шарафаддин Әли Ниязи, Қадырғали Жалайыр, Әбілғазы баһадүр, Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп деректеріне жүгіне отырып, Ұлытау тарихына байланысты толымды ойларын өрбітеді. Әсіресе, Алаша хан ордасы, Жошы хан кесенесі жайындағы (архитектуралық ерекшеліктерін егжей-тегжейлі сөйлетуі) толыққанды тұжырымдары қисынды. Ойландырарлық.

Қазақтың шежірелік деректерінде: «Алты Алаш бас қосып, қыл құйрықты, бөрі басты ақ ту көтеріп, хандық құрған жері – қасиетті Ұлытау» деген сөз бар. Сондай-ақ:

Таңбалы тас – қазақтың мөрі болған,

Абыздар ақылдасар төрі болған!

Сан ғасыр данагөйлер ұлыс басқарып,

Кең-байтақ қазағымның жері болған.

Иә, өнертану профессоры Арыстанбек Мұхамедиұлының көрсетуінше, Алаша хан кесенесінің «құбылта қаланған» әрі «жұлдызша, үшкіл қиықша, таңдай» тәрізді өрнектер салынған кірпіштердің беті мен бүйірінде ру-тайпа таңбалары бар. Бұлар ел бірлігі мен тұтастығының айқын айғағы. Яғни осы бір ұлы жұрт – Ұлы Даланың шынайы иесі екендігін танытады.

Бұ да Арыстан Мұхамедиұлы үндеуінің тарихилық һәм гуманистік сипаты.

Автордың анықтауынша, Алаша хан кесенесінің маңдайшасында «бөрінің іздері» барын баяндап, «Алаша» этнонимінің төркінін «бөрі» мағынасымен түсіндіреді. Сөйтіп, түркілер «Көк бөрінің» ұрпағымыз деп, байрақтарында Көк Бөріні бейнелеген. Ойын Сүйінбй Аронұлының лебізімен, Сұлтанмахмұттың «Алаш ұранымен» тұздықтап жеткізеді.

Сонымен қатар Алаша хан кесенесінің баспалдақтары, барабан галереясы, терезелері, әрі қамал, әр қорған ретіндегі стратегиялық мән-мағынасы зерделенеді.

Бұл үндеудегі ең бір көкейкесті күрделі мәселе – Алаша ханның тарихи тұлғасы. Бұл кім өзі? Ғаламдық деңгейдегі оқымысты тарихшылардың назарын аудару, Алаша ханның нақты болмысын айқындау, жұмбағын шешу, жаңаша көзқарас, жаңаша таным, жаңаша пайым туындату.

Асылы, отандық туризмді дамытуда, ұлы мекенді ұлықтауда бастамашыл Арыстанбек Мұхамедиұлының осындай асқақ үндеуінің әсері ұшан-теңіз.

Серік Негимов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

20 пікір