Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 6257 4 пікір 8 Шілде, 2021 сағат 15:41

Жертөле

(Әңгіме)

Бояться надо не смерти, а пустой жизни.

Бертольд Брехт

Күн найза бойы көтерілмей жатып шілденің ыстығы шыжғырып барады.  Сыртқы қабырғаларының бояуын күн жеп, сылағы сан түрлі түсініксіз сұлбаларға ұқсап көше бастаған бәкене үйдің көлеңкесінде ол тағы да жападан жалғыз отыр. Көлеңке сәт сайын қысқарып келеді.

Сәт сайын өзінің өмірі де қысқарып жатқанын Асан жақсы түсінеді. Қан-сөлсіз әлпеті ақсөңке болған қу сүйектей қуарып, нұры семген сәулесіз жанарлары өлген қойдың көзіндей мөлиіп, терісі қабырғасына, кіндігі омыртқасына жабысып, тірі әруақтың бейнесіне әлден-ақ еніп кеткен.

Бұлар аудан орталығында тұрады. Қырықтан астам ұлттың өкілінен құралған қырық мың тұрғыны бар шағын қалашықта Асанның мұңын түсінетін тірі пенде қалмады.

Бұрынғы достары сияқты көңіл аңсарын айтқызбай ұғатын адам таппай,  санасы сансырап, мең-зең күйде теңселіп жүргелі біраз болды.  Күндіз-түні жаны құлазып, жалғыздықтың азабын тартуда.

Көлеңке қысқарған сайын тұла бойы сыздай түсті. Мойыны салбырап, еріндері кеберсіп, буындары қалтырап, сүйектері сырқырап әрең отыр. Жүрегі езіліп, жаны жабырқаған күйде қинала күрсініп, қыршын кеткен достарын тағы да еске алды.

...Бес жыл бұрын Борис өлді. Араға бір жыл салып қыр басына Амантай шықты. Оның артынша Олег те қара жердің қойнына кетті. Ең соңғы досы Макстің мәңгілік сапарға аттанғаны таяуда ғана.

Айналдырған бес жылда жан достарының бәрінен айырылып, қара басы сопиып жалғыз қалды. Енді барар жер, басар тауы қалмаған дәруіштей селсоқ күй кешіп, мағынасыз күндерге лағнет жаудырып отыр.

Кенет ту сыртынан әлекім сыбырлағандай болды. Айнымаған өзінің дауысы:

– Әй, сенің бала-шағаң, әйелің, ағайындарың бар ғой. Бір емес, екі бірдей ұлың бар.  Солардың ортасында ойнап-күліп, шат-шадыман өмір сүрсең болмай ма? Өз басыңа өзің неге ақырзаман төндіре бересің осы?– дегенін анық естіді. Құдды құлақ-шекесінен қойып қалғандай әсер етті. Ілкі сәттен соң ісініп кеткен тілін таңдайынан әрең ажыратып:

– Маған ондай шаттық керек емес,– деп күбірледі бұл,– Ондай өмір достарыммен өткізген күндердің бір сәтіне де татымайды.

Жаңағы дауыс енді өзінің ішінен шығып жатқандай көрініп, қатқылдау естілді:

– Сен қара басыңның рахатын ғана ойлайсың. Үнемі масаңдау қалыпқа еніп, жерден биіктеу әлемде қалықтап жүруді ғана аңсайсың. Саған дауа жоқ екен.

Асан қалтасынан папирос алып тұтатты. Өкпесін толтыра сорған көк түтінді аузы-мұрнынан бұрқырата шығарып:

– Енді маған кәйт дейсің? Менің басқаларға ұқсағым келмейді,– деді өзімен өзі сөйлескендей міңгірлеп.

– Адамдарша өмір сүр деймін саған!– Ішкі дауыс енді жекіре үн қатты. Асан бір мезет отырған орнында теңселіп кетті. Осы сәтте әлдебір таныс-бейтаныс адамның қарауытқан сұлбасы қарулы қолдарымен кеңірдегінен қаусыра қысып, қылғындырып жатқандай сезінді. Тұла бойын сыздатқан аурудан ыңырсығандай болып:

– Қайғысыз өмір жертөледе еді ғой,– деді ол қинала сөйлеп,– Көкте қалқып жүрген шақтар – ол да жанның рахаты. Жердің бетіндегі өмір – нағыз азап, бітпейтін арпалыс. Ол иығыңа үлкен міндеттер артады. Мен үшін жер бетіндегі өмірдің ешқандай мәні жоқ. Тірлікті  ойласам, жаным жерге жаншылып, көңілімді зіл батпан қара мұң басады.

Іштен тағы дауыс шықты:

– Айналаңдағылар сені: «Адамдық пен ар-ұяттан безген, шаруасы біткен есуас» дейтінін білесің бе? Өмір туралы сенің қисық пәлсапаң кімге керек?

– Айтса айта берсін... Кімнің ауызына қақпақ боларсың?– деді бұл ызалана жымиып,– Өз пәлсапам өзіме! Өмір деген – өткінші елес қой. Бір сәттік түс десе де болады. Тәтті түске тірліктің ащы мұңын араластырудың қажеті бар ма?

Әлгі дауыс енді бұдан үміті үзілгендей сабасына түсіп, сабырлы қалыппен үн қатты:

– Бәрің «Біз қартаймаймыз, мәңгі жас боп қаламыз» деп қоймаушы едіңдер. Сол сөздерің шындыққа айналды. Борис отызға толмай кетті. Амантай мен Олег отызында, Макс отыз төртінде қайтты. Сен де отыз төрттесің. Ендігі кезек сенікі. Күнің санаулы. Соны біле жүр. Мына түріңмен ұзаққа бармайсың.

– Болар іс болды ғой. Енді несіне қорқам? Құдайдың салғанын көрерміз,– деп Асан тәлтіректеп орынынан тұрды.

*      *      *

Олар мектеп қабырғасында достасқан сыныптастар еді. Бесеуі де сайдың тасындай мығым жігіттер болатын. Тоғызыншы сыныпта жүргенде бәрі бірігіп мектептің эстрадалық ансамблін құрды. Көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі Вячеслав Петрович Дроздов ансамбльге қажетті музыкалық аспаптарды түгел әперді. Электрлік үш гитара, синтезатор, ұрмалы аспаптар, дауыс күшейткіш аппаратура, сапалы микрофондар сатып алынды. Жігіттердің әрқайсысы өзіне тиесілі аспаптың құлағында ойнады. Әнді кейде кезектесіп, кейде бәрі бірге шырқап жүрді.

Талантты жастар арнайы музыкалық білімдері болмаса да, көп ізденетін. Өз қабілеттерімен ансамбль репертуарын жолға қойды. Олар әсіресе патриоттық әндерді нәшіне келтіріп орындайтын. Отанға, елге деген сүйіспеншілік, ерлік туралы, азаматтық парыз туралы шығармаларды шарықтата шырқайтын.

Мектептегі алғашқы концерттері Жеңіс күніне сәйкес келді. Дайындық барысында бас гитарада ойнайтын Борис:

– Осы концертке ата-аналардың арасынан соғыс ардагерлерін арнайы шақырсақ жақсы болар еді,– деген ұсыныс айтты.

– О-о! Мынау жақсы идея екен,– деп Олег оны қолдай кетті.

– Дұрыс! Дұрыс!– деп қалғандары да қуана жамырасты.

– Айтпақшы, Асан, сенің атаң Кеңес Одағының Батыры емес пе?– деді синтезаторшы Амантай.

Асан өзінің атасы Қалдан қарт үшін үнемі мақтанып жүретін.

– Иә, менің атам Берлинге дейін барған. Майдангер болғанда да қатардағы жауынгер емес, білдей барлаушы, офицер. Ол нағыз батыр. Кеңес Одағының Батыры,– деді ол бұл жолы да лепіре сөйлеп.

– Сен атаңмен сөйлесіп көрсеңші. Концерт болатын күні орден, медальдарын тағып келсін. Ол кісіні сахнаға шығарып, сөз берейік. Содан соң батырды бәріміз ортаға алып «Жеңіс күні» әнін орындасақ, қатып кетпей ме?– деді Амантай.

Асанның өтініші бойынша сол күні Қалдан ата мектепке алтын жұлдызын тағып келді. Омырауын орден жапқан қарт жауынгерді сахнаға шығарып, мерекеге орай әскери киім киген бес жігіт ортаға алып, «Жеңіс күні» әнін шырқағанда залда тебіренбеген адам қалмады. Отан үшін от кешкен батырдың өзі де қан майданда қалған жастық шағын көз алдынан өткізіп, бірауық кемсеңдеп алды. Ол немересі қатарлы балалардың осынша құрмет көрсеткеніне дән риза еді.

Балалар болса батырдың алтын медалін қолдарымен ұстап көріп, таңырқасып, ақсақалға түрлі сұрақтар қойып жатты.

– Мына медаль шынымен алтыннан жасалған ба? Қымбат тұратын шығар,ә?– деп сұрады Макс батырдың кеудесінде жарқырап тұрған жұлдызды алақанына салып, салмақтап көріп.

– Ол мен үшін алтыннан да қымбат, балам. Бұл – менің тағдырым, ар-ұжданым, абыройым!– деді батыр еңсесін көтере түсіп.

Атасын қаумалай қоршап, онымен бірге кезек-кезек естелік суретке түсіп жатқан жұртты көріп Асанның көкірегін ерекше мақтаныш сезімі кернеді. Ол өз атасының таудай тұлғасына сүйсініп, төбесі көкке жеткендей қуанды.

*      *      *

Мектеп ансамблі алғашқы жылдың өзінде қалалық байқаудың жеңімпазы атанды. Көркемдік жетекшісі Дроздов өте алғыр адам еді. Келесі жылы облыстық телеарнадан ансамбльдің жарты сағаттық концертін көрсетті. Олардың жеткен жетістігіне мектеп басшылары қатты қуанды. Әр жер - әр жерде «Біздің жігіттер осындай!» деп мақтанып жүрді.

Жап-жас болып телеарнадан көрінген ансамбль мүшелері көп өтпей-ақ, «жұлдыз ауруымен» ауыра бастады. Өздерін өзгелерден биік санады. Мектептегі қатарлас балаларды, тіпті, кейбір ұстаздарын да көзге ілмейтін болды. Ынталары жойылып, сабаққа зауықтары соққанда ғана қатысып жүрді. Көбіне аппаратура құрылған акт залында музыкамен әуреленіп жатады.

Бір күні Дроздовты мектеп директоры Лидия Ивановна Пантелеева шақырып алып:

– Қымбатты Вячеслав Петрович! Сіздің музыкант балаларыңыз сабаққа келуді қойыпты. Сынып жетекшісі шағымданып жатыр. Олар тіпті өз мұғалімдерін тыңдамайтын көрінеді. Біз үшін басты мәселе – оқу үлгерімі мен қатаң тәртіп қой. Егер бұлай жалғаса берсе ансамбльді тарату маған қиындыққа соқпайды,– деп ескерту жасады.

– Кешірім өтінем, мен олармен жеке-жеке сөйлесемін,– деді Дроздов қысылған түр танытып.

– Айтқандай, тағы бір мәселе,– деді етжеңді келген директор әйел сұқ саусағымен алтын жалатқан әдемі көзілдірігін көтере түсіп,– Күзетшілер де шағым айтуда. Жігіттеріңіз мектептен кеш шығатын көрінеді. «Үйлеріңе қайтыңдар» дегені үшін үлкен кісілермен бірнеше рет ерегесіпті. Бұл жер – консерватория емес қой. Дайындық жасаса белгіленген сағатта ғана жасасын. Басқа кезде жұртқа кедергі болмасын.

– Жақсы, оны да айтамын, Лидия Ивановна.– Дроздов «талапшыл басшы тағы да бірдеңе айтар ма екен» деп қылпылдап тұр.

– Ең жаманы, олардың бәрі темекі тартады дейді. Кешкісін мектептің алдында ашық шылым шегіп отырғандарын көргендер бар. Бетімен жіберсек  мектепте арақ ішпесіне кім кепіл? Мұндай жаста бұлардан бәрін күтуге болады. Сондықтан, олардың музыкалық қабілетін ғана емес, тәрбиесін де қадағалағаныңыз жөн болар еді,– деді директор сөзінің соңында.

– Лидия Ивановна, олармен барлық мәселені ашық сөйлесемін. Сіз айтқан ескертпелер енді қайталанбайтын болады,– деп уәде берген Дроздов директордың кабинетінен өзі кінәлі адамдай қызарақтап шықты.

Директордан шыға салысымен қабағы қату Дроздов акт залына жетіп барды. Домаланған қызыл-күрең өңі өрт сөндіргендей сұп-сұр болып кетіпті. Адамның өңменінен өтетін жасыл көздері ызғар шашып тұр. Келе сала даңғырлап жатқан музыканы тоқтатқызды.

– Доғарыңдар музыканы! Бәрің бері келіңдер,– деп ансамбльдегі бес жігітті өзінің жанына шақырып алды.– Мен қазір ғана директордан шықтым. Сендерге қатты ренжіп, ұрысты. Сабаққа баруды қойыпсыңдар. Күзетшілермен ерегіседі екенсіңдер. Темекі тартады дейді. Ал, қане, сөйлесейік,– деп жігіттерге бар ашуын төкті.

Ауызынан ақ көбік аққанша ұрысқан Дроздов айтарын айтып болды-ау деген кезде Макс:

– Вячеслав Петрович, біз жауапты концертке дайындалып жатырмыз. Дайындыққа бөлінген уақыт жеткіліксіз. Біздің үйдің астында менің жертөлем бар. Аппаратураны уақытша бере тұрасыздар ма? Сол жерде дайындық жасасақ жақсы болар еді,– деп өтінді.

Дроздов бастапқыда мектептің меншігіндегі музыкалық аспаптарды сыртқа беруге үзілді-кесілді қарсы болды.

– Ертеңгі күні аспаптар жоғалып кетсе, немесе сынып қалса кім жауап береді?– деді ол алдын-ала қауіптеніп.

– Вячеслав Петрович, сізге сөз келтірмейміз.

– Өзіміз жауап береміз. Мұқият сақтаймыз. Күтіп ұстаймыз.

– Сіз айтқан сәтте аппаратураны мектепке жеткіземіз.

Бесеуі жамырап, жалынып жүріп, ақырында Дроздовты дегендеріне көндірді.

Енді күндіз-түні өздерімен өздері. Макстың үйінің астындағы жертөлеге кіріп алып, түн ортасы ауғанша жаңа әндер үйренеді. Мұндай дайындықтарға өздеріне үздігіп жүрген әдемі қыздарды шақыруды да ұмытпайды.

Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа болмаған соң олар темекі мен араққа үйір болды. Арасында шөп-шаламды да шегіп қояды.

Көп қабатты үй астындағы осы жертөле оларды жер үстіндегі өмірден алшақтатып жатқанын жастар байқаған жоқ.

*      *      *

Бесеуінің мұңы да, жыры да бір. Бірі үшін бірі жанын беруге бар. Мектепті бітірісімен ортадан ақша шығарып, қарызданып жүріп, жаңа музыкалық аспаптар сатып алды. Вокалды-аспапты ансамбльдің атын «Звезда» деп атады. Бұл – бесеуміз жұлдыздың бес бұрышымыз дегенді ұқтыратын.

Көп өтпей олар қаладағы ұйымдарды аралап концерттер бере бастады. Апта сайын болатын үйлену тойларынан да қалмайтын. Бір қиыны, концерттер мен тойлардан түскен азын-аулақ қаржының басым бөлігі ішірткі мен есірткіге жұмсалды.

Бұлардың табынары Владимир Высоцкий мен Виктор Цой болды. Пір тұтқан тұлғалары – есірткіні еркіндіктің жолы деп таныған әншілер. Олардың әндері мен өмірдегі ұстанымдары сиқырдай баурайтын. Әсіресе Цойдың «Ине» атты фильмі бәрін қатты еліктірді. Елігіп жүріп, жертөленің ішінде өздері де инеге қалай отырғанын сезбей қалды.

*      *      *

Асанның әкесі Байзақ – облыс орталығындағы фосфор өңдеу зауытында қарапайым жұмысшы еді. Өмір бойы бір кәсіпорында тапжылмай еңбек етті. Ұлының тәрбиесіне көңіл бөлетін уақыты болмады. Өзінің жоғарғы білімі болмаған соң, баласының да білім-ғылымға ұмтылуын аса қалаған жоқ. «Қатарынан қалмай жүрсе болғаны» дейтін.

Мектепті әупірімдеп бітірген немересінің бейсауат жүрісі көбейіп кеткенін байқаған Қалдан ақсақал бір күні Асанды шақырып алып, ашық сөйлесті.

– Байқаймын, жүрісің сұйылып бара жатқан сияқты, балам. Сенің аяғыңды тұсамаса болмас,– деді қария бұған зілдене қарап,– Сені үйлендірсем деп отырмын. Ұнатқан қызың бар ма? Болмаса, Есет құрдасымның Нәзипа деген немере қызын алып беремін. «Он үште – отау иесі» деген. Жасың он сегізге шықты. Биылдан қалдырмай сені үйлендіремін.

– Ата, тым болмаса әскерге барып келейін дә. Не асығыс?– деп бұл қарсылық білдіріп еді, Қалдан қарт:

– Болды, сөзді көбейтпе. Соңғы кезде үйде отырмайтын болдың. Шаруаға да қырың жоқ. Қаңғыбастанып, бұзылып кететін түрің бар. Келіншек алып, тәртіпке кел,  адамдық жолға түс,– деп қысқа қайырды. Онымен де тоқтамай, екі айдан кейін өзі айтқан Нәзипаны Асанға қосып берді. Бірақ Қалдан қарттың бұл амалы да Асанды жертөледен біржола шығара алмады.

*      *      *

Аңғал мінезді Нәзипа өзінің жарын қатты сыйлайтын. Бастапқыда Асанның өнерлі жігіт екеніне қуанып жүрді. Макстың жертөлесіне барамын десе қарсылық білдірмейтін.

Олардың концерттерін көргенде күйеуінің жалындап ән салғанына сүйсіне қарайтын. Әнді орындап болғанша жас келіншегінің жанарынан көз алмайтын Асанның қоңыр баритон дауысы жүрегін аялап, әр әнді Нәзипаға арнап айтатындай көрінеді. Мұндай сәттерде көңілі қатты толқыған Нәзипа  айналасындағы елден қысылып, албырт жүзі алаулап, қызараңдап қалатын.

Уақыт өте келе Нәзипа күйеуін қызғанатын болды. Қай жерге барса да Асанды айналшықтап, соңынан қалмай жүрген қыз-қырқынды көреді. Концерт кезінде залда отырған арулардың ән салып тұрған Асанды жанарларымен ішіп-жеп, үзілердей үздігіп отырғанын талай байқады.

Күйеуінің жертөледен шықпайтыны да жынына тиеді. Ол жерде бұлар не істеп, не қойып жатқанын бір Құдай біледі...

Әйелдің қызғанышы – ол да бір қиын нәрсе. Ұзақ уақыт күтіп жатып, қатты жарылатын мина сияқты.

– Осы даңғырлаған ансамбльді қойып, ел қатарлы тиянақты жұмысқа кірсең болар еді,– деді ол бірде қабағын шытып,– Тапқан табысың ішкілікпен кетеді. Өз көңіліңді көтергеннен басқа пайдаң жоқ. Күні-түні үйдің бетін көрмейсің. Балаларыңның түрін ұмытып қалған жоқсың ба? Мүмкін Макстың жертөлесіне біратала көшіп алатын шығарсың?

– Жаным-ау, мен ойнап жүр деймісің? Тыным таппай жұмыс істеп жатырмыз. Шаршаған соң жүз грамм ішкенде тұрған не бар?– деді Асан Нәзипаны сабырға шақырғандай арқасынан сипап,– Музыка – менің жаным! Сен менің жанымды түсінесің ғой . Әр ән, әр нота оңай тумайды. Сондықтан күндіз-түні жұмыс істеуге тура келеді. Ішпе десең, арақты да доғарайын. Бұдан былай тапқан табысымды қолыңа әкеп беріп тұрамын. Бірақ, ансамбльден кете алмаймын. Маған ренжіме.

Күйеуінің жылы сөздеріне Нәзипа майдай еріді. Енді оталып келе жатыр еді, өзі біліп, кешірім сұрағандай болған соң салған жерден тоқтады. Ол кезде аңғал Нәзипа Асанның есірткімен әуейіленіп жүргенін білмейтін.

*      *      *

– Мам, папам қашан келеді?– деді төрт жастағы Болат. Асан екі күннен бері үйге келмеген. Нәзипаның өзі де соны ойлап зығырданы қайнап отыр еді. Баласына ішкі ызасын байқатқысы келмей:

– Кешке дейін келіп қалар, ботам. Папаңды сағындың ба?– деді мейірлене қарап.

– Ол маған машина әкеліп берем деген.– Болат әкесіне ренжігендей бұртиып тұр.– Әлкеннің папасы кеше  екі машина әперіпті. Оның ойыншықтары көп. Маған ойнауға бермейді.

Кіп-кішкентай басымен көршінің ойыншығына көзін сүзіп жүрген періштедей баласының жыларман болып тұрғанын көріп, жамау жамап отырған Нәзипаның көңілі елжіреп кетті. Ана байғұс перзентінің жылағанын қалай ма? Жүрегі шым ете қалды.

– Саған да әпереміз, балам. Айлық алғанша күте тұр,– деп сәбиінің басынан сипады.

– Сендер алдайсыңдар. Үнемі осылай деп айтасыңдар. Бірақ әпермейсіңдер.–  Жанарына жас үйірілген кішкентай бала өкпелеген адамдай анасының тізесіне етбеттеп жата кетті.

– Жылама. Әпереміз, балам.– Осылай деуін десе де, біраздан бері ішер ас, киер киімге жарымай жүрген Нәзипа баласының «Сендер алдайсыңдар» деген сөзінен селк еткендей болды. Онысы рас. Бұлар ойыншық алмағалы да едәуір уақыт өткен.

Асан тапқан ақшасын ішіп қояды. Өз ақшасына ғана ішіп қоймай, қарызға батып қалатынын қайтерсің. Күйінген адамдардың «Күйеуің қарызын қайтарсын» деп үйге келіп діңкілдеген кездері де болды. Ұяттан өле жаздап тұрса да ондай кісілердің кейбірін жақтырмай: «Менде нелерің бар? Өзі алды ма, өзі қайтарсын!» дегеннен басқа амалы қалмайтын. Қарызға белшеден батып отырып, қай жетіскеніңнен ойыншық аларсың.

Сәбиінің сөзі қамшыдай тиіп, Нәзипа қаңғырып кеткен күйеуін іздей шықты.

Асанның баратын жері белгілі. Жертөледе өлесі мас болып жатқан жерінен тапты.

Сол күнгі Нәзипаның қорланғаны есінен кетпейді.

Шілденің аптап ыстығы шекені күйдіріп тұрған. Аяғында тұра алмайтын күйеуін арқасына салып, үйге әрең жеткізді. Жолда бір құлап, бір тұрып, буынын ұстауға шамасы келмеген «сүйіктісін» әйел басымен сүйрелеп жүргеніне намыстанды. Көшеде кезіккен таныс, бейтаныс адамдардың табалағандай болып, күле қарағандары жанына батты. Ұяттан кіріп кетерге қара жердің тесігі болмады.

Үйге әупірімдеп жеткізген соң үсті-басы ит сарып кеткендей мүңкіп жатқан жігітінің киімдерін түгел шешіп, төсегіне құлатты. Жалаңаш жатқан Асанның екі қары көгістеніп қалғанын байқап, үңіле қарады. Күре тамырларының үстіндегі иненің бүргедей іздерін көргенде жүрегі тас төбесіне шыққандай болды.

– Астапыралла! Мынау есірткіге көшкеннен сау ма? Енді мен байғұсқа жетпегені осы ма еді? Құдайым-ау, не жазып едім саған?– деп еңіреп жіберді.

Нәзипа ұзақ күн уайымның құшағында болды. Асан сол жатқаннан мол жатып, келесі таңда бір-ақ оянды. Түнді жылаумен өткізген Нәзипа күйеуімен ашық сөйлескісі келді.

– Мынауың не?– деді ол көзін жаңа ашқан Асанға қолдарының қарындағы иненің іздерін көрсетіп. Асан жауап берудің орнына келесі бүйіріне аударылып, теріс қарап жатып алды.

– Миымды қатырмашы. Сенсіз де басым ауырып жатыр,– деді міңгірлеп. Нәзипа оның иығынан тартып:

– Сен, бері қара. Бері қарасаңшы енді. Мені тыңда!– деп оны өзіне қарай аунатты.

– Ой, не болды? Не бүлініп кетті сонша? Тыңдап жатырмын ғой. Айта берсеңші.– Асан бүріскен күйі басын жастықтан көтерген жоқ. Келіншегіне қарағысы келмей, көздерін тарс жұмып алған. Мойынын ішіне тыққан қалпы тырысып жата берді.

– Сен енді есірткіге ауысқансың ба? Өзіңнің тағдырыңды, балаларыңның болашағын ойламайсың ба? Қашаннан бері ине салып жүрсің?– Нәзипа соңғы сұрағын жекіргендей етіп айтты.

Асан айтары жоқ адамдай біраз үндемей жатты. Мойындамасқа да амалы жоқ еді. Бұлтартпас айғақпен ұсталып тұр.

– Бірінші рет салғыздым. Жәй, көрейінші дегенмін. Бұдан кейін болмайды.– деді еріне сөйлеп.

– Сен тұршы. Көзіңді аш. Адам сияқты отырып сөйлесейік. Бұл өте маңызды мәселе. Тұр енді,– деп Нәзипа оны қайта жұлқылай бастады.

– О-ой, қоймадың ғой!– деп Асан орнынан жұлқына тұрды да, жалғыз лыпасымен далаға атып шықты. Тыстағы дәретханаға барып келіп, есік алдындағы құбырдың мұздай суына басын сұғып-сұғып алды. Артынан сүлгі алып шыққан келіншегіне қарап:

– Бас жазатын бірдеңең бар ма? Басым сынып барады,– деді шала сүртініп жатып.

– Асан, өзіңнің түріңе қарашы. Нағыз маскүнем болдың ғой. Саған не көрінді?– деді Нәзипа бұның сұрына жақтырмай қарап. Келіншегінің қабағы кіржиіп тұрғанын бұл да ұната қоймады.

– Сөйлей бермей, шәйіңді қамдашы. Ішімді жылын жалап барады. Қарным ашты,– деп ішке кірді.

Шәй үстінде Нәзипа Асанға көп нәрсе айтты. Әңкі-тәңкі күйде мәңгіріп отырған күйеуіне бірде ұрысқандай болып, бірде әйелдік әдетпен көз жасына ерік бере отырып сөйледі.

Шаңқай түсте, көшеде масқара қылған кешегі ұятты қылығын шыжғырып бетіне басты, есірткінің небір талантты, жақсы адамдардың түбіне жеткенін ескертті.

– Сені есірткіге үйір қылған адамдар саған жақсылық тілемейді. Ансамбльдегі достарыңның бәрі нашақор. Олар саған дос емес. Өңшең қайыршылар,– деп дымдарын қалдырмады.– Ешкімнің ештеңесі кетпейді, өз басыңды жалмап тынасың. Мұндайыңды қоймасаң, атама айтамын. Жоныңнан таспа тіліп, теріңді тірідей сыпырады,– деп те доқ қылды.

Әйелінің сөзіне қарсы келмей, басын шұлғып отырған Асан шәйін ішіп болған соң асығыс киіне бастады.

– Қайда жиналып жатырсың? Бір күн үйде отырсаң болмай ма?– деп Нәзипа шырылдады.

– Макстікіне барам. Бүгін керемет бір ән жазамыз дегенбіз. Ол мені күтіп отыр. Бармасам болмайды,– деп Асан үйден шыға жөнелді.

Сөзіне сөз қайтарып, қарсы келмегенмен, шынтуайтында күйеуінің өзін тыңдамайтынын біліп, Нәзипаның амалы құрыды. Ол Асанның соңынан айғайлап:

– Осыдан тағы жоғалсаң, атама айтам!– деп күрсініп қала берді. Санасында «Мынаны Макстан қалай ажыратсам болады?» деген жалғыз ой сандалып жүрді.

*      *      *

Арада Нәзипаның жүйкесін жұқартқан оншақты жыл өтті. Күйеуін есірткіге құмарлықтан емдетпек болып, қолынан келгеннің бәрін жасап бақты. Тапқан-таянғанын түгелдей соның жолына жұмсады. Балаларының ауызынан жырып,  күйеуін емшіге сүйрелеумен болды. Түк шықпады.

Жанындай жақсы көрген немересінің есірткіге бой алдырғаны Қалдан қарттың қабырғасына қатты батты. Жалғыз інісі Сарман соғыста опат болғанда да бұлай жаны қиналмаған еді. Болашағынан үміт күткен немересі «болмай жатып бордай тозғанын» түсінгенде қарияның өзегі өртенді. «Итің жаман» десе намыстанатын қазақ емес пе? «Қалданның немересі нашақор, маскүнем» деген сөз көрші-қолаңнан асып, жекжат-жұражаттың арасында гулеп жүргені намысқой батырдың жүйкесіне тікендей қадалды. Талай рет намыстан жарылардай болса да, арсыз немересіне сөзін өткізе алмады. Дүйім елге абыройлы қария әсіресе осыған қорланатын.

Қайбір жылы ол кісі Нәзипадан мән-жайды анықтап алып, екі-үш күн жоғалып кеткен Асанды іздеп жертөлеге барды.

Көк түтін қаптаған жертөлеге атасының күтпеген жерден кіріп келгенін көргенде Асан жер астынан жік шыққандай шошып кетті. Қорыққаннан жарықтан қашқан тарақандай тыпырлап, қай қуысқа тығыларын білмеді. Мастықтан тәлтіректеп, аяғында зорға тұр. Ол сасқалақтап:

– Ата?! Сен бе? Мұнда неге келдің?– деді тілін шайнап. Асанның достары да есірткіден еліріп алыпты. Даңғаза музыка құлақты жарғандай. Қарсы бұрышта отырған Макс Қалдан қартқа бұрылып:

– Жігіттер, бізге қандай қонақ келгенін қараңдаршы! Батырдың өзі келді ғой,– деді де орынынан қисалаңдай көтеріліп, кекесінмен жымиып қарияның қасына барды. Қабағы қатулы үлкен кісінің жақтырмай тұрғанын көзге де ілмей, оның иығына қолын салып:

– Аташка, медальдарың қайда? Біз сені батыр деп, мақтанып жүрсек... Бәрін сатып жіберген жоқсың ба өзі?– деді қытымырлана сөйлеп.

– Әй, шайтан! Ауызыңды бағып сөйле! Жұрттың бәрін өзіңдей есуас деп ойлайсың ба?– деп Қалдан қарт өзінің иығына асылған Макстың қолын қағып түсірді.

– Ордендерің болмаса, шүйкедей ғана шал екенсің ғой. Неге келдің? Біздің әндерімізді сағындың ба, не?– деп Макс қылжақтай бастады.

Ашуға булығып келген Қалдан қарт бұл кезде жертөленің ішін кәнігі барлаушының әдетімен көзбен түгел тінтіп шыққан  еді. Нағыз жын-ойнақтың ортасына түскенін сезіп, одан сайын қаны басына шапты. Ол Макстың көкірегінен қатты нұқып, итеріп жіберді. Өзі де құлағалы тұрған Макс қаңбақтай ұшып, тас еденге жалп етті.

– Ата! Не істеп жатырсың?!– деп Максқа көмектеспекке ұмтылған Асанды қария қыран бүркіттей желкесінен шеңгелдей бүріп, басқаларға назар аудармай сыртқа қарай сүйрей жөнелді. Немістің солдатын тұтқынға алғандай Асанның қолын қайыра ұстап:

– Қане, түс алдыма, есалаң неме! Бала-шағаңнан безіп, тығылған жерің осы зындан ба? Сені адам бола ма десем, жертөле жағалайтын көртышқанға айналған екенсің ғой,– деп сілкілей түсті.

– Қайдағы көртышқан? Біз бір ансамбльміз ғой. Жұмыс істеп жатырмыз,– деді Асан аяғын әлтек-тәлтек басып.

– Бұндай ансамбліңнің де, жұмысыңның да атасына нәлет! Жертөледен шықпаған соң, көртышқан болмағанда не болдың? Өңкей маскүнем мен нашақорлар жиналып алып... Бала-шағадан да, қатыннан да безіп... Сенімен үйге барған соң сөйлесемін!– деп кіжінді Қалдан қарт.

Жол жөнекей күйініп келген қария үйге келген соң немересіне қатты ұрысты. Мастығынан айықпаған Асан оның бір сөзін де құлағына қыстырмаған сыңайлы.

– Ата, қойшы! Менің өз өмірім бар. Мен бәрібір ансамбльден кетпеймін,– дей берді.

Айтқан сөзінің бәрі далаға кетіп жатқанын түсінген қария қабырғада ілулі тұрған дырау қамшыны жұлып алып:

– Сен сияқты сөз ұқпайтын оңбағанға айттың не, айтпадың не?  Айтқанға көнбесең, ал ендеше!– деп Асанның жон арқасынан осып-осып жіберді. Асан қолдарымен басын қорғалай бұқпантайлап, атасының үйінен зорға қашып шықты да, екі ортадағы аласа шарбақтан аттап түсіп, өзінің бәкене үйіне зып берді.

Бұл оқиғадан кейін де Асанның ащы етіне атасының қамшысы бірнеше рет тиді. Бірақ Асан жертөлеге қарай жүгіруін тоқтатпады.

Ешбір адам баласы Асанды жан достарынан ажырата алмады. Болмаған соң бұл іске Тәңірдің өзі тікелей кіріскендей еді. Ол әуелі Бористі әкетті.

Қалғандары қатты қайғырып, оны жоқтап, жылап-еңіреді. Күйіктен зарлы әндер айтып, одан сайын ішкілікке салынды. «Есірткіге еліккенді сендерге көрсетейін» дегендей келесі жылы Амантай мен Олегті ажал жалмады.

Содан кейін-ақ, дүркіреп тұрған аспаптық ансамбль күйреді. Бұлар «Біз мәңгі біргеміз» деуші еді. Енді қалған екеуі ғана ансамбль болып жарыта ма? Бірен-саран икемі бар жігіттерді топтарына қосып алмаққа әрекеттенді, бірақ олар ойларынан шықпады. Ақырында Макс пен Асан жұмыссыз қалды.

Екеуі ғана қалса да олар жертөледе отыратын әдеттерінен танбады. Музыкадан мақұрым бозбалалар да бұларға тым үйірсек болып алды. Оларды бал араның ұясындай тартып тұратын жертөле – бірауық жан рахатын сезінетін жасырын орынға айналды.

Жертөле – нашақорлардың ордасына айналғанын байқаған көршілер учаскелік полиция бөліміне шағымданды. Полиция қызметкерлері шұғыл түрде Макстың үйін де, жертөлені де тінтіп шықты. Абырой болғанда күмәнді айғақтар табылмады.

Полицияның өзі де сау сиырдың жапасы емес. Оларға да ақша керек. Есірткі саудасынан пайда көріп жүрген кейбір полицейлер жертөледегілердің тірлігін астыртын қолдайтын. Олар үшін де тұтынушының көбірек болғаны қажет.

Үйінде полиция тінту жүргізген күні Макстың жалғызбасты анасы Маргарита тәтей уайымнан төсек тартып жатып қалды. Уайым үстіне бұрынғы жүрек талмасы қосылып, екі күннен кейін о дүниеге аттанып кете барды.

Анасын жерлеген соң әлемде жақын адамы қалмаған Макс күйіктен күйреп, екі қолын тастап жіберді.  Асан үнемі оның қасында болып, жалғыз досының қайғысын бөлісуге тырысты.

*      *      *

Шағын қалада есірткіге қол жеткізу оңай емес. Бұларға жеткенше қолдан қолға өтіп, бағасы шарықтап келеді. Тәуелді болғандықтан амалсыз сатып алуға мәжбүр. Мәжбүр екенін сатушылар жақсы біледі. Түбі алатынын білген соң тиынға тісін сындырып, бағасын түсірмей тақасып қалады. Айтқан бағаларына өткізеді.

Жұмыссыз қалғандықтан Асан мен Макс есірткіге ақша таба алмай қиналып жүрді. Олар біртіндеп ансамбльдің аспаптарын сата бастады.

Жыл айналмай музыкалық аспаптар тақыр ада болды. Макстың үйіндегі жарамды заттар да түгел сатылып бітті.

Енді екеуі елден қарыз сұрап, есірткі сатушыларға қарызданып күнелтті. Қарызды дер кезінде қайтармаса есірткінің иелері аямайды. Қарулы жігіттер бірнеше рет жертөлеге іздеп келіп, екеуін көк ала қойдай етіп сабады. Өлім ауызында тұрғанда Асанның туған-туыстарынан жылу жинап жүріп, әрең құтылған кездері де бар.

Көрген жерде қол жая берген соң Асанның ағайынға жұғымы кетті. Оның алған ақшаны есірткіге жұмсайтынын, ешқашан қайтармайтынын түсінген туыстары енді өліп жатса да қол ұшын бермейтін болды.

Есірткіні дер кезінде таба алмай Макс екеуі кезек-кезек азап шекті. Азаптан (ломка)  жынданып кетуге шақ қалатын. Миы кеуіп, тілі қурап, сүйектері сынып бара жатқандай сырқырайды. Мұндай кезде буын-буындары қалтырап, аяқтарын баса алмай, сілейіп жатып қалады.

Сатып, жан сақтайтын зат қалмаған соң бұлар өзге адамдардың заттарына ауыз салды. Қараусыз қалған нәрсенің бәрін жымқырып жүрді. Соңғы рет ұрлық үстінде ұсталып, таяқ жеумен шектелді.

*      *      *

Сәуір айының соңғы күндері еді. Олар күнделікті әдеттері бойынша жертөледе отырған. Тұла бойлары сыздап, сүйектері қақсап барады. Есірткі жоқ. Әбден амалдары таусылып болды.

– Менің ойыма бір нәрсе келді,– деді Макс Асанға папирос ұсынып жатып.

– Ол не нәрсе? Түнделетіп тағы жортамыз ба?–  Асан  «Мынаны ұмытып қалдың ба?» дегендей сұқ саусағымен кешегі соққыдан көгеріп қалған көздерін көрсетті.

– Бәрі саған байланысты. Егер мен ойлағандай болса, екеуміз қарық боламыз.

– Айтсаңшы енді,– деді Асан тағатсызданып. Макс ойын ашық айтуға батпай тұрғандай қипалақтап қалды. Қаракөлеңке жертөленің еденінен бірдеңе іздегендей еңкейіп, байқаусызда табанының астына түсіп қалған инені көтерді.

– Дәрі болмаған соң, бұның да керегі болмай қалды ғой,– деп қапелімде мыжылған инені қимай тұрса да қоқыс салатын себетке лақтырып жіберді.

– Сонымен, не айтпақ едің?– деп сұрады Асан.

– Айтсам, істейсің бе?– Макс Асанның жүзіне сынай қарады.

– Әуелі айтып көрсеңші. Не нәрсе еді?

– Сен істеуге тиіссің. Болмаса, екеуміз де о дүниеге аттанамыз. Басқа амал жоқ,– деді Макс күмілжіп.

*      *      *

Көктемгі жаңбыр себезгілеп тұрса да жасы сексеннен асқан Қалдан ақсақал аудандық мәслихаттың жиналысынан көңілді оралды. Бұл – қарияның өміріндегі қуанышты күндердің бірі еді. Бүгін аудандық мәслихат сессиясының шешімімен қарияға «Ауданның Құрметті азаматы» атағы берілді. Мәслихат хатшысы Қалдан қарттың омырауына медальді өз қолымен тағып тұрып:

– Біз сіздей тұлғалармен мақтанамыз. Соғыстағы және еңбектегі ерліктеріңізді көпке үлгі етеміз. Сізге амандық тілеймін. Жүз жасаңыз!– деп қолын қысты.

Үйге келген  соң ардагер қарттың құрметіне дастархан жайылып, қуанышты жағдайдан хабардар болған көрші-қолаң жаңа марапатпен құттықтап келіп жатты. Дастархан басында отырғанда қария балалары мен немерелеріне қарап:

– «Абырой – ердің азығы» деген сөзді естеріңде сақтаңдар. Еліңе адал қызмет етсең, ел де сені биікке көтереді. Қартайсақ та қатардан қалмай құрметке бөленіп жатқанымыз – кезінде сіңірген адал еңбектің арқасы. Өмірде тура жүріп, тура тұрсаңдар абыройсыз болмайсыңдар!– деп біраз насихат айтты.

Ол кісінің аталық сөздерін Асан да тыңдап отырған. Әлдеқашан тура жолдан тайып кеткен оның құлағына бұл сөздер түрпідей тиді.

Ғибратты әңгімеден кейін Қалдан қарт Асанның анасы Күләнға бұрылып:

– Айналайын, келін, мына медаль мен лентаны менің наградаларымның қасына қосып қой. Көзіңнің қарашығындай сақта!– деп тапсырды.

Анасы атасының айтқанын орындағалы шығып бара жатқанын байқап, Асан да орынынан көтерілді. Ол түпкі бөлмеге қарай өткен анасының соңынан байқатпай еріп отырып, есік сыртынан аңдыды.

Қалдан қарттың наградалары үлкен сейфтің ішінде сақталатын. Оның кілтін  Күлән жасырып ұстайды. Анасының кілтті қайда қоятынын Асан қос жақпарлы есіктің саңлауынан көріп тұрды. Кілт қарсы беттегі қабырғаға тақап қойылған сары шкафтың төменгі суырмасында тұрады екен. Оны білген соң Асан ілбістей ілбіп, сыртқа шығып кетті.

Күн кешкіріп, ымырт жақындап қалған. Күні бойы жауған жауынның шеті көрінбейді. Асан төрт күннен бері есірткі таппай жаны қиналып жатқан Макстың хәлін білу үшін жертөлеге жетуге асықты. Ол үсті-басы су-су болып жертөлеге келгенде Макс қара терге түсіп, азаптанып, қатты ыңырсып жатыр екен. Асанды көріп, күшене жымиғандай болды.

– Келдің бе? Бірдеңе бар ма?– деді ол әрең тіл қатып.

– Ештеңе таппадым. Есесіне, сейфтің кілті қайда тұратынын біліп алдым.– Асан үлкен шаруа бітірген адамдай маңыздана сөйледі.

–Мен бұдан әрі шыдай алар емеспін,– деп Макс қайтадан ыңырси бастады.

– Қазір ол үйде адам көп. Сейфке жақындай алмайсың. Шал тағы бір медаль алыпты, құттықтап келушілер көбейіп кетті,– деді Асан досының алдында ақталғандай сөйлеп.

– Не болса да бір амалын таппадың ба? Мен өліп барам.

Әбден әлсіреп қалған Макс сілейіп жатқан жерінен басын көтере алмады. Соңғы демі үзіліп кетердей көрініп, кеудесінен осы сөз әрең шықты.

– Шыда, досым. Шыдай тұр. Сен мені жалғыз тастап кете көрме. Мен сені құтқарамын. Тек, сәл шыдай тұр,– деп Асан шегіншектеп барып, жертөледен шыға жөнелді.

Сол түн ерекше қараңғы болды. Киіздей ұйысқан қара бұлт шағын қалашықтың аспанын торлап тұрып алды. Атасының үйінде тұратын адамдар қалың ұйқыға кетті-ау деген кезде Асан тәуекелге бел буып, іске кірісті.

Шырт ұйқыда жатқан Нәзипаның қасынан ақырын сытылып шығып, өз үйінің шарбағынан аттап өтіп, атасының ауласына түсті.

Ақтөс ит қана ояу екен. Ол бұны танып, жәй ғана қыңсылап келіп, балағына оралды. Асан оның басынан сипап алдаусыратып, аяғының ұшынан басып, кіре беріс есікке жақындады.

Өзі сырын білетін темір есік ашық екен, ың-шыңсыз ішке енді. Үйдің іші көзге түртсе көргісіз қараңғы. Жан-жақтағы бөлмелерден атасы мен әкесінің  қорылдап жатқаны естіледі.

Абырой болғанда түпкі бөлмеде адам жоқ екен. Бұл қараңғыда сипалақтап жүріп, төменгі тартпада жатқан сейфтің кілтін тауып алды. Ақырын басып, сейфтің қасына келді. Кілтті оңтайлап, құлыптың көзіне салып еді, темір сейфтің есігі сықырлап кетті.

Кенет көрші бөлмеде жатқан атасының қатты жөткірінгенін естіп, жүрегі ауызынан шығардай боп атқақтай жөнелді. Тұрған орынында тұла бойы қалтырап, қимылсыз қатып қалды. Осы зәресіз қалыпта ол біраз тұрды. Әлден соң ғана атасының қайта қорылдай бастағанын сезіп, ойға алған ісін тезірек бітіруге асықты.

Асан сейфті ашып, барқыт матаға ораулы тұрған атасының ордендері мен медальдарын бірін қалдырмай қойнына салды. Әлдебіреу қылмысының артын ашып жүрмеуі үшін сейфтің есігін қайта құлыптап, кілтін үй маңындағы терең жыраға лақтырып жіберді.

Ол түнделетіп сенделіп жүріп, өзі ғана білетін жерден атасының алтын жұлдызын есірткіге ауыстырып алды. Қуанышы қойнына симай, түн соңында жертөлеге жетті. Үзіліп кетті ме деп қауіптеніп келіп еді, әйтеуір, досы әлі тірі екен.

– Макс! Міне, мен әкелдім. Қазір, қазір... Дайындап беремін,– деп газ плитасына от жағып, есірткінің бір мөлшерін қалайы ожауға салып қайната бастады.

Азаптан есеңгіреп жатқан досын Асан осылайша бір ажалдан аман алып қалды. Көк тамырына бір-екі рет ине жүгірткен соң Макстың маңдайынан тер шықты. Жан шақырып, қайта тірілді. Ол Асанның қолын қысып:

– Рахмет, достым! Сен нағыз доссың. Енді өлмейміз. Мынау байлық бізге күзге дейін жетеді,– деді Қалдан қарттың ордендерін уысына салып жатып.

– Ал, күзден кейін не істейміз? Екеуміз де тұяғымызды серейтетін шығармыз,– деп Асан терең күрсінді.

– Не болса да уақытында көреміз. Ең бастысы біз тіріміз. Өлген жоқпыз.– Макс зорлана жымиып, Асанның арқасынан қақты.

*      *      *

Түпкі бөлмедегі қара сейфтің есігі сирек ашылатын. Арада екі ай өткенде Асанның анасы бір құжатты салмақ болып, кілтті іздеді. Үйдің ішінде қарамаған жері қалмады. Бірақ таппады.

Сейфтің кілті жоғалғанын үй ішіндегілер түгел естіді. Жабыла іздеді. Атасы да, әкесі де, басқалар да бұрыш-бұрышты тінтіп қарады. Кілт жоқ.

Күмән тудырмау үшін Асанның өзі де түк білмеген болып, кілтті өзгелермен бірге іздесті. Арасында «Қайда кетті екен?» деп дауыстап та қояды.

Үй адамдары кешкі ас үстінде жұмыла ойласты. Бұл пәлекет кімнен келуі мүмкін?

Соғыс кезінде барлаушы болған Қалдан қарт Асанның әкесіне қарап:

– Не келсе де сенің күшігіңнен келеді. Бөтен кісі ол кілтті неғылсын? Жау ішімізден шығып тұр. Ертең қашаумен ашсаңдар да сейфті ашыңдар,– деп тапсырды.

Ертесіне сейфтің есігін аралап ашқанда онда тұрған орден,  медальдарының түгел қолды болғанын көрген Қалдан қарттың қаны басына шапшып кетті. Аяқ асты көтерілген ашудан көзі қанталап, жүзі күреңітіп:

– Шақырыңдар анау иттің баласын!– деп жекірді.

Асанды қанша тергесе де ол «мен білмеймін» дегенінен танған жоқ. Оған сөз де, таяқ та өтпейді. Медальсіз қалған батыр одан сайын күйіп-пісті.

Кешке қарай, атасының ашуы басылды-ау деген мезгілде ғана Асан ол кісінің қасына барды. Ол күйініп отырған қарияны жұбатқысы келді ме, әлде өзін ақтағысы келді ме, өзгеше сөз бастады:

– Ата, сол ордендер сен үшін қымбат па? Неге сонша ашуландың?– деді ол батырдың жүзіне тура қараудан тайсақтап.

– Иә, сонымен не айтпақсың?..– Асанның қипақтай бастағанын сезген Қалдан қарт ордендерді соның өзі алғанын түсіне қойды.

– Кеңес Одағы баяғыда тарап кетті емес пе? Ол ордендердің енді саған не керегі бар?

– А-а! Оданда «ордендеріңді мен алдым» десеңші. Сен мені ажалымнан бұрын өлтіретін шығарсың?– деп Қалдан қарт қайтадан ашуға булықты.

– Ескі медальдарың үшін өліп кетесің бе? Иә, мен алдым. Ал, не істейсің?

– Мойындадың ба? Сен екеніңді өзім де білгенмін.

– Сен кәрі адамсың ғой. Ал біз жаспыз. Бұлай етпесем,  Макс екеуміз анық өлетін едік.

Ол сөзін аяқтап болғанша атасы әрең шыдап отырды . Көздері шарасынан шығардай бақырайып, шекесіндегі қан тамырлары білеудей болып көгеріп кетті.

– Сен не оттап тұрсың, а?! Әлемдегі ең соңғы азғын да бұлай істемейтін шығар?– деп айғайлаған қария Асанның жағасынан шап берді.

– Өй, ата, жындандың ба? Жібер! Өзің ойланып көрші. Ескі темір-терсектің саған не қажеті бар? – Қанша бұлқынса да Асан атасының қарысып қалған қолдарын жағасынан ажырата алмады.

– Ол жәй темір-терсек емес, ақымақ! Ол – менің тағдырым! Сендер үшін от кешкен жастық шағым! Болашақ ұрпақ үшін, сендер үшін соғыспағанда кім үшін соғыстық сонда? Ал сен болсаң...– деп күйінген қария Асанды итеріп жіберді. Тәлтіректеген Асан шатқаяқтап барып, аяғында әрең тұрып қалды. Ол қайтадан атасына бұрылып:

– Сендер Кеңес Одағы үшін соғыстыңдар. Ол Одақ баяғыда тарап кеткен. Қазір жоқ. Соны да түсінбейсің бе?  Жоқ Одақтың батыры деген қандай атақ? Ұлы Отан Соғысы дейсің бе?.. Біздің отанымыз – Қазақстан. Қазақстанға соғыстың ұшы да жеткен жоқ. Біз үшін ол қалай Отан Соғысы болады? Сен әуелі соны ұғып алсаңшы, – деді ауырып қалған алқымын уқалап.

Атасы амалы таусылған адамдай түңіле сөйледі:

– Қанша ғасыр өтсе де ол соғыстың мәні жойылмайды. Қан майданда құрбан болған боздақтардың ерлігі ұмытылмайды.  Оны ұмытқан мына сен сияқты есуастар. Жоғал, күйдіргі!– деп алқынып, оң алақанымен өзінің жүрек тұсын басып еңкейе берді.

Шектен шыққан мынадай азғындықты өз немересінен күтпеген Қалдан ақсақал аһылап-үһілеп, тұрған орнында құлап түсті.

Үйден қашып барып, Макстің жертөлесіне тығылған Асан атасының қабіріне бір уыс топырақ салмақ түгілі, жаназасына да бармады.

Ол шынында да адамдықтан безген еді. Асан үшін жер бетіндегі өмірдің, адами құндылықтардың құны көк тиын. Адамдарды жек көріп кеткені сонша, жертөледен шыққысы келмейді. Ешкімді көргісі келмейді. Нәзипа мен балаларынан да безіп болған. Бәрін ұмытып, есірткінің күшімен көкте қалықтап жүргенді ғана қалайды.

Бұл жолы Асан бір апта бойы жертөледен шықпай жатып алды.

*      *      *

Күзге дейін жетеді деген ордендер шіліңгір шілденің соңына жетпей-ақ таусылып бітті. Макс пен Асан есірткіге ақша іздеп, қайта тентіреді. Ілінген жерден кез-келген нәрсені жұлып әкетіп жүрді. Әртүрлі дәрі-дәрмектерден есірткі құрастырып, азаптан құтылуға тырысты. Оған да ақша таппай, әбден жандары қиналды.

– Мен не өлемін, не есірткіні жеңемін,– деді Макс бір күні.

– Жеңу мүмкін емес. Есірткі болмаса анық өлесің,– деп Асан досына таңдана қарады.

– Ломкаға алты күн шыдағандар есірткіден құтылады  дейді. Мен шыдаймын. Осыдан көр де тұр, мен бұл азаптан құтыламын.– Макс ауыр жұмыстан қатты қалжыраған адамдай тоз-тозы шыққан ескі диванға құлай кетті.

– Әй, досым-ай! Тіршіліктен шаршаған екенсің ғой. Түңілме. Бір мәнісі болар,– деп Асан кетуге ыңғайланды.

– Сен енді жиі келме. Алтыншы күні кел. Сол күннен аман өтсем, мен есірткінің тәуелділігінен құтыламын. Өзім құтылсам, сені де құтқарамын,– деді Макс қайтпас тәуекелге бел буғанын ұқтырып.

– Жарайды, оны да көрелік. Бірақ сен мені жалғыз тастап кетіп жүрме,– деп Асан жертөледен шықты.

Асан Максты уайымдап күн санап жүрді. Өзінің қиналып жүргеніне қарамай жертөледе жалғыз жатқан досын аңсады. Үш күн... Төрт күн... Бес күн... Бесінші күні шыдап отыра алмады. «Не болса да досымның қасында болайын» деп шешті де жертөлеге қарай асықты.

Бірақ Асан кеш қалған еді. Макс бұл өмірмен қоштасарда қатты қиналса керек, көздері бақырайған күйі жан тәсілім етіпті.

Әуелде оны тірі екен деп қалды. Көздері ашық болғанға ойланып жатыр ма деген.

Төбедегі күңгірт шамға қадалып қалған досының жанарына үңілді. Макстің жүзінде өмірдің ешқандай белгісі қалмағанын байқаған Асан діңкесі құрыған бейшарадай қасындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті.

Неге екені белгісіз, жанарынан бір тамшы жас шықпады. Түнеріп, тістенген күйі нұрсыз көздерімен шаң басқан тас еденді шұқып, түпсіз тұңғиық ойға батып бара жатты. Ол тағдырдың ісіне еріксіз мойын ұсынғандай болды:

«Міне, жан дегенде жалғыз досым Макстан да айырылдым. Бала кезден достасқан Борис, Амантай, Олегтердің рухы көкте қалқып жүргелі қашан... Бәлкім, дәл қазір Макстың рухы олармен сағынысқан рәуіште шұрқыраса табысып жатқан болар? Жан өлмейді дейді ғой. Кім білсін? Аз күн жүрсем, олардың қатарына мен де қосылармын».

Соңғы ойынан өзі де шошып кетті. Басын көтеріп, жанарларымен жертөленің бұрыш-бұрышын шарлай бастады. Тағы да ойға шомды.

Жертөленің ішінде меңіреудей мәңгіріп жалғыз қалды. Енді жалпақ әлемде жалғыз. Жер бетінде жаныңды ұғатын тірі пенде қалмағасын, ендігі өмірдің мәні бар ма? Жалғыздықтан ауыр қасірет болмайтынын бұрын қалай ойламаған? Мұндай азапқа енді қалай шыдар екен?

Осы жертөледе мектептен кейінгі он жеті жыл өмірі өтіпті. Бар дүниені ұмытып, жанына сая табатын жалғыз мекені де осы еді. Түрлі бояулармен әлеміштеніп боялған алабажақ қабырғалардағы мына үлкенді-кішілі естелік суреттерден басқа көңіліне медеу боларлық ештеңе қалмады.

Анау бір суретте бесеуі де жап-жас болып тұр. Мектепті бітірген жылдары екен ғой. Қызылды-жасылды армандарға толы шақ. Бесеуі де риясыз күліп түсіпті. Он жеті жылдан кейін жұмыр жердің бетінде бірі де  қалмайтынын бұл бейбақтар сол кезде ойлады ма?

«Біз неге бұл жолды таңдадық? Бәріміз де құрдымға кететінімізді білмедік пе? Білдік қой. Үнемі шыңыраудың шетінде, ажалдың өтінде жүріппіз. Біле тұра бұл жолдан неге қайтпадық?

Иә, біз тым терең бойлап кеттік. Қайтар жолдың болмайтынын тым кеш түсіндік. Енді өкінгеннен не пайда?

Әй, ит тағдыр-ай! Бір рет қана берілетін өмірді қор қылдық-ау! Қайта өмірге келетін болсам, адамдарша тіршілік кешер едім. Әттең, өмір екінші рет берілмейді ғой. Менің тағдырымды қарғыс атсын! Есірткі мен араққа лағнет! Лағнет!».

Макс өлген соң оның пәтеріне Мәскеудің маңында тұратын алыс бір туысы ие болып шыға келді. Ол аз күн ішінде пәтерді басқа адамдарға сатып, ақшасын қалтасына басып, жөніне кетті.

Пәтердің жаңа қожайындары жертөлені қайта жөндеуден өткізіп, өздеріне ыңғайлап алды. Барлық достарынан айырылып, соқа басы сопиып қалған Асан осылайша жаны сүйетін жертөлемен амалсыз қоштасты.

*      *      *

Ендіге күйі мынау. Барар жер, басар тауы қалмады. Көп күттірмей келетін ажалдың жолына қарап, басы қаңғырып, тентіреп жүр. Өзінің сұмпайы тағдырынан, жер бетіндегі азапты өмірден тезірек құтылуға асығатындай.

Көлеңке сәт сайын қысқарып келеді...

Темірғали Көпбай

Abai.kz

4 пікір