Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 3369 6 пікір 8 Шілде, 2021 сағат 12:35

Міндетті вакцинация: Ел наразы. Министрлік не дейді?

Міндетті вакцинациялауға қатысты ел арасында алуан түрлі пікір бар. Осыған орай ҚР Әділет министрлігі «міндетті вакцинация Конституция талаптарына қайшы емес» деп, мәлімдеді. 

Министрлік ақпаратынша, инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу мақсатында денсаулық туралы Кодексте көзделген санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың бірі – профилактикалық екпелер.

«Медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, ҚР аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндетті (Кодекстің 85-бабының 4 және 8-тармақтары), олардың қатарына КВИ-ға қарсы профилактикалық екпе де жатады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысына сәйкес)»,- деді министрілк.

Осылайша, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар үшін КВИ-ға қарсы міндетті вакцинациялаудың құқықтық негіздері бар және бұл «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» деген конституциялық нормаға сәйкес келеді (Конституцияның 31-бабы) дейді министрлік.

«Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік бере отырып, ҚР Конституциясы мұндай шектеудің жол берілетін шектерін белгілей отырып, оларды шектеу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Адамның құқықтары мен бостандықтарын және халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана құқықтар мен бостандықтар шектелуі мүмкін (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы)»,- делінген хабарламада.

Осыған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Жаңаөзендегі жедел жәрдем қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцинацияға наразылық білдіргені туралы ақпарат тараған еді.

Нақтырақ айтсақ, Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының басшысы Айларбек Ширшикбаев 29 адам вакцинациядан бас тартқанын растады.

Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясында 130 адам жұмыс істейді, олардың 45-і коронавирусқа қарсы вакцина алған.

Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жедел жәрдем қызметкерлерінің әрекеттері әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде вакцинация туралы жалған ақпарат пен қауесеттің таралуына байланысты екенін айтады.

«Жедел жәрдем COVID-19-Бен күресуде алдыңғы қатарда. Ауру немесе инфекцияға күдікті адамдар ең алдымен «103» қызметін шақырады. Егер жұмысшылар вакцина салдырмаса, олар халыққа қауіп төндіруі немесе, керісінше, өздерінЕ жұқтыруы мүмкін екенін түсіну керек. Қазір вакцинация мәселесіне жауапкершілікпен қарау керек уақыт келді. Бір адам жүздеген адамға вирусты оңай жұқтыра алады. Мұның соңы жақсылыққа апармауы мүмкін», – деп хабарлады облыстың денсаулық сақтау басқармасы.

Дәрігерлерден басқа, Жаңаөзендегі басқа мамандықтардың өкілдері де вакцинацияға қарсы шыққан.

Abai.kz

6 пікір