Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Білгенге маржан 7495 13 пікір 1 Шілде, 2021 сағат 11:55

Тезек Төренің құжаттар негізіндегі шежіресі қандай?

Жетісудың атақты сұлтаны, қазақ-қырғыз баласы хан атаған Тезек Төренің өмірдеректері өзінің көзі тірісінде-ақ аңызға айналған! Кейінгі қазақ басына түскен ауырпалықтар мен зобалаңдарға қарамастан ел өзінің ардақтысын еш ұмытпай ұрпақтан-ұрпаққа айтып бере отырып, Тезек Төре туралы әңгімелерді бізге жеткізді.

Алайда, төренің аңызға айналған өмірбаянына қоса, ауызекі жеткен шежірелеріндегі ұрпақтары туралы кей мәліметтердің сәл-пәл қате екенін осы күнде архивтік құжаттарды зерттеу барысында анықтап отырмыз. Осыған байланысты, Тезек Төренің отбасы туралы мәліметтерді сол тарихи деректерге негіздей отырып, түзетіп келтіруді жөн санадық. Алдымен, әйгілі сұлтанның бір жүйеге келтіріліп жинақталған, нақты құжаттардан алынған өмірбаянын осы жерде қайталай келтіре кетелік. Бұл аталған оқиғалар, кейінгі ұрпақтары туралы мәліметтер тарихи құжаттардан алынған бұлтартпас фактілік деректер екендігін ескерте кетуімізге болады. Оған қосымша ел аузындағы деректерді де тарихи құжаттармен салыстырып зерделенгенін де байқайсыздар.

Кестеден көріп отырғандарыңыздай, Тезек Төренің қызметіне байланысты мәліметтерді толықтай хронологиялық тәртіппен келтірдік.

Тезек Төренің шыққан тегі Шоқан Уәлиханов жазған және кейін Шота-Аман Уәлиханов, профессор Аман Шотаевтардың және ел жадындағы шежіресі Абылай хан→хан Әділ→Нұралы сұлтан→Тезек Төре екендігі қосымша толықтырғанда тарихи құжаттармен де толықтай дәлелді.

Бұл шежірелерде Тезек Төренің анасының кімнің қызы, қай рудан екендігі және өзімен бірге туған інісі Шерәлі болғандығы айтылмайды, архивтік құжаттарда бар. Оның себебі мына деректе сияқты: «Кейбір мәлімет бойынша 1860 жылы көктемде Жетісудың кей ауылдарында шешек ауруы шығып, осы аурудан Тезек төренің отбасында 2 баласы (әскери корпусқа беріп оқытсам деген 12 жастағы ұлы және ең кенже баласы), анасы, бауыры сұлтан Шерәлі көз жұмған [3, 191-б]». Олай болса, ауыз әдебиетінде Сүйінбайдың Тезекке көңіл айтуы осы оқиғамен байланысты секілді.  

Міне, тарихи мәліметтерге сүйене отырып, Нұралыдан Тезек пен Шерәлі туғанын айтамыз. Шерәлінің есімі мұрағаттық құжаттарда және халық ауыз әдебиетінде кездеспейтін себепті, ол кісі қатардағы елмен бірге қарапайым өмір сүрген болар деп пайымдаймыз. Тағы бір айта кететін жағдай: бұл кісілердің (Тезектің әкесі Нұралы, анасы, бауыры Шерәлі, балалары) жерленген жері Шоқан жерленген «Көшен Тоғандағы» төре бейітінде емес, «Мақпалдағы» Тезек Төре қорымында екендігі. Әкесі Нұралының есімі 1825 жылғы жазбаларда кездеспегендігі, ол кісінің ертерек қайтыс болғандығынан шығар, олай болса, ауыз әдебиетіндегі «хан ием бес жасында жетім қалған...» деп айтылатыны шындыққа жанасады.

Ауызша шежірелердегі төренің ұрпақтарының қай бәйбішелерден туғаны жөнінде де біраз қателіктер тауып отырмыз, атап айтқанда, Құдиярхан Дәнекер бәйбішесінен туған делінетін, олай емес, керісінше екен! Негізі, Гейнс, 1865 жылы Шоқан қазасынан соң ауылына барғанда, «төренің төрт әйелі бар» деп жазады. Алайда, кейінгі Тезек Төреден соң мұра бөлісу құжаттарын мұқият қарай отырып, әйелдердің үшеу екені анықталды. Олай болса, Қант есімді (қай жақтың, кімнің қызы екені анықталмады, тек елдің айтуынша «Матай» тауының күнгей етегінде «Қанттың сайы» деп аталатын қыстау орны қалған) әйелі де өзі шамалас уақытта қайтыс болған (Төренің қызы Күлхан: «Әкем қайтыс болғанда артында үш әйелі қалды: Байқоныр, менің шешем Дәнекер және Төретай», - деген...)

Сонымен, бәйбішесі, «Найман» руының қызы - Байқоңырдан – ұлдары Батырхан, Болатхан, Ғази сұлтан Уәлихановқа ұзатылған қызы  (құжаттар негізінде, формулярынан есімін де анықтауға болады) және ел аузынан жеткен деректерге сәйкес, атақты «Найман руынан Мамания мектебін салдырушы» Маман ұрпақтарының біріне ұзатылған қызы туған.

1. Батырхан, 1840 жылдары дүниеге келген, 1863 жылғы қытайлықтармен болған соғысқа қатысып, Патша Өкіметі тарапынан марапаттар және прапорщик шенін алған. Сығай сұлтанның ұрпағы, «Тау Жалайыр» болысының биі - Тәжі Ханқожиннің қызына үйленгені туралы тарихи құжаттар бар. 1870-76 жылдардың ішінде Алтынемелге болыс болып тұрған, алайда, кейінгі өміріне қарасақ, тұрақсыздық көрсетіп (дүние шашу, құмарлыққа бой алдыруға ұшырап), әке мұрасына толық ие бола алмағаны және оған төренің басқа әйелдерінің реніштері барлығы байқалады.

2. Болатхан, оның есімі туралы архивтік құжаттарда кездеспеді, соған қарағанда қарапайым өмірге бейім болса керек.

3. Бұл бәйбішеден туған екі қызы туралы мәліметтерді айттық.

...Төренің екінші бәйбішесі қырғыз, «Бұғы» руы Алдаяр Стамбектің қызы Төретай. Қазіргі уақытта қырғыз зерттеушілерінің айтуы бойынша Төретайдың інісі Мамырқұлдың ұрпақтары бар екен, олармен 2021 жылы кездесудің де сәті түсті. Төретайдан туған балалар:

1. Сүлейменхан, Верный қаласындағы, Верный Прогимназиясының жоғары (ересек) тобындағы, яғни үшінші класс оқушысы, Аблайханов Сулейманханның (сонда жазылғаны бойынша) 1883-84 оқу жылдарындағы, оқу инспекторы және класс тәлімгері (наставник) қол қойған, 22 декабрь, 28 февраль, 31 май күндері, екінші разрядтыққа өткені туралы куәлік (свидетельство) бар. Бұл оқу парағынан жарықтық Сүлейменханның орыс тілі, есеп-арифметика, таза сауатты-көркем жазу, сурет т.б. пәндерді тек қана 4 пен 5-ке оқығаны және тәртібінің, зейінділігінің, зеректігінің үлгілі, өте алғыр болғанын нақты байқаймыз...

1901-1903 жылдардағы сайлауда оныншы ауылдың биі болып Сүлейменхан Тезеков, кандидаты Құдиярхан Тезеков сайланған. 1897 жылы 23 мамырда өткен сайлауда 10-шы ауыл биі болып Сүлейменхан Тезеков, кандидаты болып Қоғадай Бекин сайланғанын архив деректерінде сақталған [8, 23-п.].

Ауызекі шежірелерде де Сүлейменхан айтылады, алайда, кейінгі тағдыры қалай қалыптасты, ол жағын естімедік...

2. Садуақас есімі тарихи құжаттарда кездеспейді, соған қарағанда қатардағы жағдайда өмір сүрген болар деген ойдамыз.

3. Құдиярхан, Тезек Төренің аты шыққан ұлдарының бірі, кейінгі құжаттарда 1851 жылы туғандығы және бауырының әйеліне әмеңгерлікпен үйленгені туралы айтылады. 1888 жылы 18 қазанда Сібір кадет корпусының директоры әскери оқудың қиындау тигеніне байланысты 1 сыныпта тәрбиеленуші Құдиярхан Тезекұлы бұл оқудан ауыстырылып, ары қарай азаматтық Омбы ерлер гимназиясында оқуын жалғастырғандығы құжатта жазылған. Құжаттарға қарасақ, 1906 жылы 23 мамырда өткен алдағы үш жылғы яғни 1907-09 жылдар аралығындағы сайлауда, 1909 жылы 31 мамырда өткен алдағы үш жылға 1910-12 жылдар аралығындағы сайлауында, 1912 жылы 24 маусымда өткен сайлауда 1913-1915 жылдар аралығында оныншы ауыл биі болып Құдиярхан Тезеков сайланған.

1915 жылы Алтынемел болыстығынан Тезек болыстығы бөлініп шығады. 1915 жылы 24 қыркүйекте Тезек болыстығының алдағы 1916-18 жылдар аралығындағы болыстық сайлауда болыс болып Құдиярхан Тезеков, кандидаты болып 28 жастағы Смағұл Диқанбаев сайланғандығын архив құжаттары айғақтайды. 1917 жылы 12 шілдеде Уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары Шкапскийдің  №501 қаулысы бойынша Тезек болысының болысы Құдиярхан Тезеков болыстық қызметтен шеттетіледі.

1916 жылғы көтеріліс кезінде қазақтар дәстүрлі хандық билікті жаңғыртты, патшалық басқару жүйесін жоюға ұмтылып, Жетісудың  5 болыс елі «Майтөбеде» Құдярхан Тезековті хан көтереді.

2012 жылы Қытайдан келген Қызырбай Нұрахманұлы ақсақалдың шежіре-дерегінде: Құдиярханнан - Әбділдахан – Рүстем – Жапар, одан Сатыбалды мен Әмреқұл; Әмреқұлдың Албан руы Күлпаш Нұрпейісқызынан туған үш-төрт қыздарынан ұрпақтар бар көрінеді. Алайда, жылдар уақытына қарасақ, келіңкіремейтін де жерлері бар сияқты, сондықтан бұл деректі нақты деп айта алмаймыз.

4. Төретай бәйбішеден тағы екі қыз туған делінгенмен олар туралы құжаттар кездеспеді.

...Сұлтанның ауыз әдебиетіндегі «Қоқандықтардың» қызы делінетін Дәнекерден туған балаларына келсек:

1. Санияз атты ұлы болғаны туралы айтылғанмен, ол туралы мәліметтер жоқ. Ауыз әдебиетінде атақты ақындар, оның ішінде Сүйінбайдың да, төреге қайтыс болған балаларына көңіл айтылғанын ескере келсек, кейін есімдері айтылмайтын Санияз және Садуақастар болар деген ойдамыз.

2. Үлкен қызы Күлхан, Омбыда, Верныйда түрлі қызметтерде болған, Сөк Төренің ұрпағы Ешмұхамет Абылайхановқа ұзатылған. Олардың үш ұлы болды: Меғдатша - 1877 жылы, Мадалхан – 1880 жылы, Файрузша – 1888 жылы туған. Тезек Төренің мүлік мұрасын бөлу құжаттарында осы Күлханның есімі көп айтылады.

3. Гүл Әсел (құжаттарда Гуль Асаль), Дәнекер шешесі дүниеден өткен соң, 1905 жылы «шешесіне 1885 жылы бекітіліп берілген жерді өзіне беру» туралы арызы сақталған. Күйеуінің аты, Батталғазы Сатылханов, Түрген болыстығының қазағы деп жазылған, алайда, білуімізше Әли Төренің ұрпағы.

4. Діләпраз (жазылғаны Делафроз) 22 жасында көп дау-дамаймен 1872 жылы Семей көпесі Жүмәділ Меңдібаевқа ұзатылады. Жұмәділ Меңдібаев Делафрозға үйлену үшін өте жақсы қалың мал төлеген.

...Тезек Төренің балаларын қай бәйбішесінен туғанын да анықтадық деген ойдамыз. Ал олардың кейінгі тағдырлары қалай қалыптасты (Құдиярханның қасіретті тағдыры белгілі болды және Батырхан, Құдиярханның болыс болғаны, ал, Сүлейменханның би болғаны туралы құжаттар бар) ұрпақтарының жайы не болды дегенге келсек, аса бір анықтап айта алмаймыз. Іздестірген жөн болар...

...Қорыта келгенде ХІХ ғасырда өмір сүріп Жетісу жеріне танымал болған Тезек төренің ісін қай балалары жалғастырып, белгілі тұлғаға айналғандығын архив қорларындағы деректермен көрсетуге тырыстық. Кеңестік билік орнағаннан кейін бұрынғы хан, сұлтандардың ұрпақтары жазықсыз қуғынға ұшырап, сол саясаттың құрбаны болғанын да бәріміз білеміз...

Пайдаланған деректер мен әдебиеттер

ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 33150-іс.
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 30634.
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 36779-іс; 44-қ., 1-т., 36782-іс;
ҚР ОМА. 64-қ., 2-т., 172-іс.
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 5742-іс
ҚР ОМА.64-қ., 1-т., 4151-іс,
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 916-іс.
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 1568-іс.
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 2297-іс.
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 3004-іс.
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 3873-іс.
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 4874-іс
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 20068-іс.
ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 5258-іс.

Рашид Оразов, Азкен Алтай

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3502