Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 9612 16 пікір 1 Шілде, 2021 сағат 01:50

Шара қолданбаса кеш болады

Биыл жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша өте ауыр жыл болып тұр, апатты деп айтуға болады. Суық әрі ұзаққа созылған көктем, жауын-шашынға сараң, құрғақ жаз салдарынан жайылымдар мен шабындықтарда шөп бой көтермей жатып, күн ыстығына жұтап, бірден қурап кетті. Қысқасы, шөптердің вегетациялық кезеңі жүзеге аспады. Түрлі жағдайлардың тоқайласуы дерсің. Мал өсірушілерге өте қиын әрі күрделі жыл болып тұр.

Бұл, әрине, жеке бизнестің проблемалары деуге болады. Азықты ат арымас демекші, ертеңін ойлаған малшы жем-шөптің екі жылдық қорына ие болуы шарт. Жем-шөптің қоры географиялық орналасуымызға тән топырақ-климаттық белдеуінде ара-тұра болып тұратын қуаңшылық кезеңді оңай өткеруге мүмкіндік береді. Шөбі жұтаң жаз, қуаңшылық және басқа да сынақтар біз үшін қандай да бір форс-мажорлық жағдай емес, айтарлықтай болжамды, қайталанып тұратын ситуация. Біз ата-бабамыз малдың қамын ойлап, жазда жайлауда, қыста қыстауда жүретін, көшпенді өмір салтынан әлде-қайда арылғанбыз. Отырықшы тұрмыс салты шөптің қорын жинап, жайылымдарды жақсартып, қыстың қамын жазда ойлап отыруды талап етеді.

Алайда, қайталап айтамын: көктем ызғары созылып, жаз аптабы қиынға соқты. Сондай-ақ келесі жыл малға мамыражай болатынына кепілдік жоқ.
Фермерлер алаңдап, шығындарды есептеп, мал басын қысқарта бастайды, малды сойып, немесе тірідей арзан бағада сатады. Тірі малға/етке баға құлдырайды.
Бірақ, қысқа ғана уақытқа мәжбүрлі түрде төмендеген баға, мал басының жаппай қысқаруы салдарынан кейін мал шаруашылығында өндірілетін өнімдердің (ет, сүт, май және тағы басқа) құны күрт өседі.
Бағаның өсуі ол енді бүкіл халықтың қалтасын қағады. Сол кезде жағдайды түзеуге кеш болады, жақсартам десең де ештеңе көмектеспейді. Оны тузеу елімізге ұзақ уақыт, әрі қымбатқа түседі.

Елді дүрліктірген картоптың екі апталық проблемасын алдап-сулап, сөзбен силап-сипап еңсеруге мүмкіндік болса, ет пен сүтке бағаның күрт өсуінің салдары сұрапыл болады.

Сондықтан мал шаруашылығына төнген жағдай картоп немесе жұмыртқаға қатысты уақытша түйткіл деп ойлап, қол құсырып отыруға болмайды. Мұның артында бағалардың тұрақты өсуі (мал шаруашылығында мал басы тез өспейді) ғана емес, шағын кәсіпорындардың жаппай жабылуына, жұмыс орындарының қысқаруына, мыңдаған отбасының табыссыз қалуына әкеледі.
Не істеуге болады:
1) Үкімет пен әкімдіктерге бұл мәселе мал өсірушілердің түйткілі ғана емес екенін түсіну керек;
2) Ауыл шаруашылығы саласындағы бизнеске жәрдемдесудің кешенді шараларын әзірлеу:
- қолданыстағы несиелердің мерзімін ұзарту және қайта құрылымдау;
- азық сатып алуға мұқтаж фермерлерге қолайлы шарттармен жаңа несиелер мен уақытша қаржылай көмек беру;
- астық өсіретін өңірлерде дәнді дақылдарды ору кезінде сабан жинау бойынша жұмысты ұйымдастыру (биыл сабанды әдеттегідей сабан ұсақтаушы машиналармен алқаптарға тастамай, жинап алу керек);
-осы сабанды басқа өңірлерге көлікпен жеткізуді жолға қою;
- мүмкіндігінше шөпке мұқтаж фермерлерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда – ұлттық парктер, қорықтар, орман шаруашылығы кәсіпорындары, жабайы табиғат қорықтарында және басқа да ерекше қорғалатын жерлерде шөп шабу мен жинауға мүмкіндік беру;
-жем-шөп дайындау үшін жеңілдікпен берілетін жанармай мәселесін шешу;
-жәрдем берудің басқа да шараларын қабылдау (комментарийде ұсыныстарды жазыңыздар);

Мәселені шешуге уақыт барда әрекет ету керек! Шара қолданбаса кеш болады!

Асылжан Мамытбеков

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3519