Сенбі, 20 Сәуір 2024
Арылу 3872 14 пікір 24 Маусым, 2021 сағат 21:25

Министр Ерғалиев: Қазақша сөйлеуге уәде беремін

Әсет Ерғалиев дейтін Үкіметтегі ең жас министр. Оның жасы – 34-те. Қостанай облысының тумасы. Қазақстанда, Швеция мен Ұлыбританияда білім алған.

18 қаңтарда президент Тоқаев Үкімет құрамын бекіткенде, Маминнің «командасына» жаңадан екі министр қосылған. Сол екеудің бірі жаңағы Әсет Ерғалиев болды. Министр креслосына қонжиярдан бұрын, Ерғалиев сол министрлікте (Ұлттық экономика министрлігі) вице-министр деген лауызым иесі болған.

Министрлікті тізгіндеген Ерғалиев баяндамасын қолтықтап алып, Мәжіліске барғанда, депутаттардың қазақша қойған сауалына орысша жауап беріп, сөз естіген. Бұл оқиға ақпан айында болған еді.

Ол кезде министр өз баяндамасын қазақ тілінде ежіктеп оқып  шыққан. Қазақша қойылған сұрақтарды құлаққаппен тыңдаған. Ал сұрақтар орыс тілінде қойылған кезде құлақап тақпады. Сосын, қазақ тіліндегі алғашқы сұраққа тұп-тура 13 сөзді қазақша айтып, әрі қарай орысша жауап берді. Қазақша қойылған екінші сұраққа 26 сөзді қазақша сөйлеп, арғысын орысша жалғады. Үшінші қазақша сұраққа 15 сөзін қазақша арнады да, әрі қарай орыс тілінде жалғастырды. Осылай жалғаса бергенде Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов жаңа тағайындалған экономика министрін сөзбен сыбап алған.

«Сіз отыз жылдық Тәуелсіздігі бар, Тәуелсіз мемлекеттің Мәжілісіне алғаш рет келіп тұрғандықтан, сізге ескерту жасайын. Сіз қазақ тілінде қойылған сұраққа ешқандай рұқсат сұрамастан, орыс тілінде жауып беріп тұрсыз. Жас болғаныңызға қарамастан, Сіз 18 миллион халықтың ішінен министр лауазымына лайық деп таңдалдыңыз. Сізді Тәуелсіздіктің құрдасы деуге де болады. Сіздің ана тіліңізде жауап беруге дайын болмауыңызды – ұят деп есептеймін! Менен Сізге өтініш – ана тілімізде қойылған сұраққа ана тілімізде жауап беріңіз!», - деген еді депутат Дүйсембинов.

Осылайша, Үкіметегі ең жас министр деген Әсет Ерғалиев те ана тіліне «ақсақтар» қатарына қосылған.

Міне, сол министр Ерғалиев алдағы уақытта таза қазақ тілінде сөйлейтінін айтып, тағы да уәде беріпті. Қайда, қашан? Бүгін. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында. Министрдің сөзін «sputnik.kz» сайты жариялапты.

Министр бұйдейді:

«Қазақ тілін үнемі, күн сайын үйреніп жүрмін. Репетитормен күн сайын бір жарым сағат бойы оқимыз. Жақын арада таза қазақ тілінде сөйлеуге уәде беремін.

Бізде кез келген министрліктегі сияқты құжаттарды аударумен айналысатын аудармашылар істейді. Олардың арасында қазақ тілін өте жақсы білетін адамдар бар. Әр жиналысқа солармен бірге отырып дайындаламыз. Олардың жылдар бойы қалыптасқан әдістемелік базасы бар. Осы әдістемелік базаны пайдаланып, қазақ тілін үйреніп жүрмін», - депті Әсет Ерғалиев.

Үкіметтегі ең жас министр Әсет Ерғалиев министрлікті басқару үшін тынбай еңбек ету керек депті және: «Мен Қазақстан тарихындағы ең жас министр емеспін. Бұған дейін де менен де жас министрлер үкіметте болған. Мен қазіргі министрлер кабинетіндегі ең жасымын. Министр болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол үшін бар күшіңді, тәжірибеңді салып, өз салаңа пайдаңды тигізе алуың қажет. Министр болу үшін күні-түні талмай еңбек ете білу керек», – деді ол.

Түйін. Ел үкіметінде мемлекеттік тілді мүлде білмейтін, тіпті қырын қарайтын қызметкерлер аз емес. Олардан бөлек Ерғалиев секілді ежіктеп сөйлейтіндер мен ана тілін ұмытып қалғандар да толып жүр.

Бір қызығы біз сөз етіп отырған Ұлттық экономика министрлігін көбіне мемлекеттік тілді жөнді білмейтіндер басқарады. Алысты айтпағанды, соңғы жылдары аталған министрлікті басқарған Ерболат Досаев, Руслан Дәленов қатарлы министрлер де мемлекеттік тілге жүйірік емес еді. Тіпті Тимур Сулейменов деген сабаз «Мәскеуде бес жыл тұрып, қазақ тілін ұмытып қалдым», айды аспанға шығарған.

Abai.kz

14 пікір