Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 3962 7 пікір 23 Маусым, 2021 сағат 15:52

Еңбек - дәрігердікі, марапат - басшыныкі ме?

Наградалар тек басшыларға ғана тиесілі ме?

Жалпы біздің шенеуніктер қандай да игі бастаманның өңін айналдырып, әбден сілікпесін шығарып, өзгелерге жек көрінішті етіп көрсетуге келгенде алдына жан салмай ма деп қаласың. Олар үшін ешбір қасиетті дүние қалмаған секілді көрінеді. Тіпті, күні кеше ғана өткен Медицина қызметкерлері күні мерекесі де қостанайлықтар үшін осындай бір келеңсіз көрініске айналды.

Рас, бұл мереке жап-жақсы әрі салтанатты түрде басталды. Бұл датаға арналған арнайы жиналыс өткізіліп, мемлекеттік марапатқа ие болғандарды баяғы сол игі дәстүрмен облыс әкімі Архимед Мұқанбетов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Шындығында да, мына елімізге келген алапат - короновирус секілді індетпен уақытын да, өмірін де аямай күрескен ақ желеңді абзал жандарды қалай ардақтасаң да лайықты еді. Мәселен, біздің облыста тек «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» секілді төс білгімен 19 адам марапатталды. Солардың ішінде Қостанай қаласынан дәрігер-гинеколог  Қайырхан Ысмағұлов,  Лисаков қаласынан хирург Ахметқали Нұрмадиев пен Сарыкөл ауданынан Сәуле Алматова секілді дәрігерлердің еңбектерінің әділ бағалағандығына ешкім де дау айта алмаса керек.

Алайда осы мерекеден кейін көңілді күпті етіп, «бұл қалай?» деген сауал қайта-қайта алдымыздан шыға берді. Ол осы бір азғантай ғана тізімге біздің облыстық денсаулық сақтау департаментінің бес бірдей басшы қызметкерінің кіріп кеткендігін қалай және немен түсіндіруге болады?  Мәселен, әлгіндей аса беделді төс белгіні аталмыш департаменттің әкімішілік-заң бөлімінің (былайша айтқанда заңгер), жалпы есептік пен бухгалтерлік есеп жүргізу бөлімінің (былайша айтқанда есепші), ақпараттық-сараптамалық бөлімнің (былайша айтқанда сараптамашы), адам ресурстарын басқару мен дамыту бөлімінің және дәрі-дәрмек саясаты мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді үйлестіру бөлімдерінің басшылары бар.

Әрине, үкіметтің мемлекеттік наградаларды беру туралы қаулысында басшы қызметкерлер мұндай марапаттарды алмасын деген шектеу жоқ. Алайда онда «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісін халықтың денсаулығын сақтау ісіне ерекше үлес қосқан, осы салада көп жылдар қызмет атқарған, практикалық денсаулық сақтауды дамытуға көп жылдар және өзіндік үлес қосқан, адамды емдеу мен диагностикаға жаңа бір ерекше әдіс енгізген, денсаулық сақтау саласын реформалау мен жетілдіруге белсене түрде қатысқан адамдар алатындығы тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Сонда бұлар жайлы креслода отырып, денсаулық саласын дамытуға қандай ерекше үлес қосты немесе адам денсаулығын сақтауда қандай бір ерекше жаңа емдеу мен диагностикалық әдіс ойлап тапты деген сауал туындайды.

Мүмкін осындай өзім білем мен өзім шешем деген асыра сілтеушіліктің кесірінен қазіргі күнге дейін короновируспен күрестің алғы шебінде жүрген, күндіз-түні ауа өтпейтін костюмын шешпей, қиналған жандардың жанынан табылған талай дәрігер мен медбибілер өздеріне лайықты осы марапаттан тыс қалмасына кім кепіл?

Билік қолында екен деп облысымызға бөлінген наградаларды басшылық орындарда отырған жандардың өздері алдымен қарпып қалып отырса, күні ертең қарапайым халық қандай пікірде қалады? Осыны ойлаған жан бар ма? Сосын, әлгі тізімді ешбір талғам мен талдаусыз бекіте салған еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне де осы сұрақты бағыттағымыз келеді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

7 пікір