Сенбі, 20 Сәуір 2024
3002 0 пікір 17 Маусым, 2021 сағат 18:48

Қазақстан Ауғанстанға құқықтық қолдау көрсетпек

БҰҰ-ның тұрақты даму бағдарламасының гендерлік теңсіздік индексінде 44-ші орында тұрған Қазақстан Ауғанстан әйелдерінің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін арттыруға көмектеспек. Бұл туралы qazaqtimes.com жазды. 

«Орталық Азия мен Ауғанстанда тұрақты даму үшін әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты халықаралық форумда тараптар осындай шешімге келген. Онлайн арқылы байланысқа шыққан Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева қазір Қазақстан, Өзбекстан және Еуропалық Одақ арасында орнатылған үшжақты келісім сәтті жүзеге асып отыр дейді. Аталған құжат Ауғанстан әйелдерін Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында оқыту мәселесін қамтиды.

Ал БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Миранья Сполярич Эггер Орталық Азияда гендерлік теңдік тақырыбы өзекті мәселелердің қатарында деп санайды. Бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтпейді. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстандағы гендерлк теңсіздік пен тұрмыстағы әлімжеттік тақырыбын «тұрақты сақталып отырған мәселе» деп сипаттайды. Ішкі істер министрлігі былтыр қыркүйекте полицияға тұрмыстағы әлімжеттікке байланысты түскен 130 мың шағымның тек 2,5 мыңы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. 30 мың шағымның негізінде әкімшілік іс қозғалған. Ал өзге жағдайларда жәбірленушілер арыз жазудан бас тартқан.

БҰҰ есебіне сәйкес, Қазақстанда жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан шамамен 400 әйел көз жұмады.

Abai.kz

0 пікір