Жұма, 26 Сәуір 2024
Ақмылтық 8411 60 пікір 16 Маусым, 2021 сағат 11:27

Орыс әдебиетінің орнын әлем әдебиеті алмастыруы керек!

Әлқисса

Әдебиет – адам санасының биік көкжиегінің бірі. Ол әлемдегі ең қуатты идеологиялық қарудың бірі болған, бола бермек те. Әдебиетті өзінің дегенімен жүргізу арқылы бір қауымды идеологиялық шырмауда ұстау –  отарлаушы елдердің басты қаруы. Басы әдебиеттен басталып өнер арқылы жалғаса беретін сананы отарлау дәуірі – билігін әлемге тартқысы келетін ұлттың да, жүйенің де ешқашан қолынан шығармайтын қол шоқпары. Оның тарихы тым ұзақ, арыға бармай-ақ қояйын, кешегі кеңестік заманда коммунизмдік сананы халыққа сіңіру кеңес билігі ол бағытта жазылған шығарма мен  коммунизм үніне үн қосқан жазушыға қандай сый бергенін жақсы білесіздер...

Жә, менің айтқым келгені бұл емес, әлқисса сөздің басы болсын деп ой салып жатқаным ғой. Айтайын дегенім басқа.

Биыл тәуелсіздік алғалы 30 жыл. Бірақ біз тәуелсіз санаға жұмыс істедік пе? Азат қазақтың азат санасын қалыптастырдық па?

Жалпы азаттық, тәуелсіздік – мемлекеттік биліктің жеке болуы немесе мемлекеттік рәміздің төбеде тұруы емес. Тіпті қазір тәуелсіздік шекарамен де өлшенбейтін заман келді. Тәуелсіздік – әр саладағы шынайы тәуелсіздік! Біздің қай сала қанша пайыз тәуелсіз?

Біз 1991 жылы көк туды аспанға көтергенде сол тумен бірге бүкіл саладағы отарлықтан қалған қалдықты қызыл тумен бірге лақтыруымыз керек еді. Лақтыра алмадық, тіпті ескі тонды әлі сүйретіп келеміз. Себебі шын тәуелсіз қазақ қалыптастыру туралы ойлануға санамыз әлі жетпеді әлде мәңгүрттік қанымызға мәңгілікке сіңген бе? Білмеймін!

Тым саясиландырып жіберуден аулақпын, бірақ бұл істе саясат жоқ деген адамның саяси сауатына күмән келтірер едім. Біздің қауқарымыз отарсыздануға, келешек ұрпаққа отарлық сананың сіңбеуіне әрекет етуге жете ме әлде жетпей ме, кім білсін!

Менікін білесіз, санаға түйгесін, ашынып күйінгесін айтар әңгіме. Кез келген саланы отарлықтан қалған қалдықтан тазартпасақ, бізді тағы бір отарлық күтіп ала ма деген ой келгенде түн ұйқым төрт бөлінеді. Кейде осындай бір азапты ойлар мазалай беретінін білетін достарым Аятжан емес, Аятқайғы деп атайтыны есіме түсіп кетті.

Жә, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме, саясатта нең бар демеңіздер, мен өзге салаға қатысты пікір білдіруді аса қатты дұрыс көрмейтін адаммын. Айтайын дегенім сол – білім саласы. Сондағы отарлықтан қалған қамыттың бірі орыс әдебиеті туралы еді.

Қазаққа орыс бәрінен жақын ба?

Мектепте жүргендіктен, химик болсам да, өлең жазып, кітап құмар болғасын әдебиет ауылынан алыс емеспін. Тәрбие мен білім – жан қайғысы, сондықтан мектептегі әдебиет сабағы мен үшін қызық. Ең алғаш 2011 жылы мектепке мұғалім болған кезде оқушылардың қолынан қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетін қатар көргенде «Бізге қазақтан соң ең жақын орыс па?» деген сұрақ миыма келді. Қатты таңғалдым. Батыс-шығысы, оңтүстік-солтүстігі бар дөңгелек жер шарынан, ақ-қарасы, сарысы бар 2000-ға жуық ұлт әдебиетінен қазақ баласы неге орыс әдебиетін ғана оқуы керек? Бұл сұрақтың жауабын әлі таппадым. Бұл туралы кезінде «Мектебінде екінші сортты мемлекеттік тіл» атты мақаламда қысқаша айтқан едім. Бүгін тағы бір айналып, кеңінен көтеріп, тезге салып түзету жолын ұсынып көрейін. Тыңдар құлақ болса, әрине.

Мен орыс әдебиетін нашар әдебиет демеймін, ұлы шығармаларға толы әдебиет. Орыстың Толстойдай ұлы жазушысының тоқсан томын болмаса да, тоғыз томын оқыған адаммын. Бірақ неге тек орыс әдебиеті?

Біріншіден, Толстойды оқыған қазақ баласы неге Байронды оқымауы керек, Толстойды оқыған қазақ баласы неге Шекспирді оқымауы керек. Пушкинді оқыған қазақ баласы неге В.Скотты оқымауы керек. Айтыңдаршы әділет пе?

Екіншіден, орыс әдебиеті біз үшін түркі әдебиетінен биік пе? Біздің қазақ баласы өзінің тамырлас жұрты өзбек, қырғыз, түрік, татар әдебиетін неге оқымауы керек? Орыстың Пастернагынан Нобель алған түріктің Орхон Памугінің несі кем, Айтматов шығармалары мен Әуезов хатқа түсірген «Манас» жырынан орыстың «Игорь жасағы туралы жыры» несімен қазаққа жақын? Жоқ, түркі әлемі – біз үшін туысқан, түбі бір әдебиет! Бірақ, біз оқымаймыз, неге?

Үшіншіден, дамыды деп әлем аузына қарап отырған батыс әдебиетін ше, өзімізбен діндес ислам әдебиетін ше? Әлемді технократ етіп баурап отырған жапон, кәріс әдебиетін ше? Біздің балаларымыздың оларды оқуына болмай ма?

Төртіншіден, көрші десек көрші, сақтанар дұшпан десек дұшпан, алпауыт десек орыстай алпауыт, не айтып, не жазғанын аңдып отыруымыз керек қытай әдебиетін де неге қазақ баласы оқып, ол ұлтты ішінен танып отырмасқа?

Әлде осы әлемнің ең үздігі, әдебиеттің ең озығы орыста ма? Жоқ, арыға бармай, бергі 30 жылда әдебиет саласында Нобельді кімдер алғанын бір сүзіп көріңіз, жауабын табасыз. Дәл сондай әлем әдебиетін қазақ баласы оқуы тиіс, сусындауы тиіс.

Әлем әдебиетін қазақ баласы қай тілде оқуы керек?

Әлқисса әңгімемізде әдебиеттің халықты отарлаудағы рөлін айта кеттім ғой, ал тәуелсіз елде мемлекеттік тіл тұрып, өзге ұлттың әдебиетін сол отарлаушы ұлт тілінде оқу – трагедия. Ол – сол ұлт пен тілдің үстемдігіне қызмет ету. Сондықтан қазақ баласы орыс әдебиетінің орнына әлем әдебиетін оқуы тиіс! Әлем әдебиетін өзге тілде емес, мемлекеттік тіл қазақ тілінде оқуы міндетті!

Қазақ баласы Лермонтов пен Пушкинді қазақ әдебиетінің атасы Абайдың аудармасынан оқысын. Крыловтың мысалдарын ұлт ұстазы Ахаңның аудармасынан танысын. Дәл солай өзгесін де қазақ тілінде оқуы тиіс.

Бізде аударма әдебиет, шүкір, қалыптасқан, бүгінде әлемнің мектеп оқушысына арналған балалар әдебиетінен бастап классикалық әдебиетке дейінгі қоры жеткілікті. Қадыр Мырза Әли сынды ағаларымыз аударған өлеңдер, кешелі-бүгінгі буын аударып жүрген әлемнің жауһарлары да жетерлік. Бүгінгі көзі тірі, сөзі өткір Нобель алған түріктің әйгілі жазушысы Орхон Памуктің Амангелді Құрмет аударған шығармалары да жоғары сынып үшін жауһар болмақ.

Неге? Себебі аударма жасалғанда ол қазақтың тілдік, ділдік рухы сіңіп, өзге ұлттардың шовинистік пиғылының тігісі жатқызылады. Аса ауыр шовинистік шығарманы ешкім де аудара қоймас. Ал өзге ұлттың тілінде сол елдің әдебиетін балаға оқыту – сол ұлттың барлық менталитетін қазақ баласына сіңіру. Бәлкім, бұндай сорақы бізден басқа жұртта жоқ та шығар. Бар болса да, ТМД кеңістігінен басқа жақта жоқ. Тоқтатпасақ, алмастыра алмасақ, онда тәуелсіздік туралы жыр жазып, көсіле сөйлеп жүргеніміздің бәрі – екіжүзділік.

Орыс әдебиетін әлем әдебиетіне алмастырғанда...

Иә, біздің болашағымыз үшін пайдасы ұшан-теңіз. Жақсыға басын айтса, аяғын өзі түсінеді. Жоғарыда біраз дүние айттым ғой, оны қайыра езбей-ақ қояйын. Әлем әдебиетін мектепте кімдер оқытуы керек?

Орыс әдебиетін әлем әдебиетіне алмастыру жаңа маман дайындауды қажет етпейді. Оны мектепте қазақ әдебиеті пәні мұғалімі оқыта береді. Себебі, біріншіден, ол – қазақ тіліндегі аударма болғандықтан, жартылай қазақ әдебиетінің өнімі.

Екіншіден, Қазақстан тарихы пәні мұғалімі де дүние жүзі тарихын оқытады ғой. Себебі қазақ тарихын жақсы білу үшін әлем тарихынан бөліп қарауға келмейді. Дәл сол секілді кез келген университетте қазақ әдебиетін оқыған маман шетел әдебиеті пәнін оқиды. Оның жауһарларымен танысады. Әдебиетте кеңістікпен тыныс алу, бәрі бір кейіпкер өмірі, бәрі шығармашылық. Ол – қазақ әдебиеті мамандары үшін жаңа тыныс, жаңа мүмкіндік. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті мамандары өткізе береді.

Ал әлем әдебиетінің бағдарламасын жасауда қиын емес. Бастауышта әлем балалар ертегілері мен әлем балалар әдебиетінен сусындаса, бесінші сынып орыс, славян әдебиеті, алтыншы сынып шығыс, жетінші сынып батыс әдебиеті, сегізінші сынып ислам әдебиеті, тоғызыншы сынып Еуропа әдебиеті, ал 10-11-сыныпты толығымен түркі әдебиетіне арнаса, қандай тамаша, ә? Біздің балаларымыз әлем әдебиетінің жауһарынан сусындаса, министрлік бастаған "Оқуға құштар мектептің" көсегесі көгерер еді. Бәсі бір пәс артар еді.

Жетісу телеарнасындағы Айнұр Төлеу жүргізетін "Әдебиет пен адамзат" бағдарламасын көрген сайын, әй, біздің балалардың тек орыс әдебиетімен шектелгені-ай деп қынжыламын.

Ең үлкен пайдасының бірі...

Жоғары айтқандардан тыс, біріншіден, әлем әдебиетін қазақ тілінде оқыту қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, балалардың қазақ тіліне құрметін оята түседі. Мектептегі орыс тілінің үстемдігін сәл де болса орнына қояр еді. Балалардың қазақша кітап оқуына тіптен түрткі болар еді.

Екіншіден, қазір елдегі ең тапшы маман – орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Қоғамдағы дипломы бар ең көп жұмыссыз маман – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Егер орыс әдебиетінен құтылсақ, бұл мамандар мектепте тек орыс тілін берсе, орыс әдебиеті сағаты әлем әдебиетіне алмасып, оны қазақ әдебиеті мамандары берсе, бұл бір оқпен екі қоян атудан да өнімді болар еді.

Әлқисса ойдың түйіні, өзгесін айтпағанда білім саласының отарсыздануы, қазақ баласының санасы отарсыздануы үшін, қазақ баласының әлемге қанат қағуы, тек орысты емес әлемді тануы үшін бұл қадам дәл бүгін жасалуы керек! Ертең кеш!

P.S. «Министрлікпен араң жаман емессің ғой, аптасына болмаса да, айында сөйлесіп жүрсің, соларға айтпадың ба?» деуіңіз мүмкін. Иә, ол сөз орынды.

2019 жылдың шілдесінде тіл жанашырларымен бірге министр Асхат Аймағамбетовпен кездесуде бұл мәселені көтердім. Мен білмейтін әлдебір себептер бар шығар, Асекең орыс тіліне бұрып айналып өтіп кетті. Биыл 12 жылдықтың бағдарламасы көтеріліп жатқанын естіп, бірден өзім сұранып, Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясының президенті Ғани Бейсенбаев мырзамен кездесіп, осы айтқанымды толық жеткіздім. Қуана қолдайтынын, шамасы келгенше бұл іске бел шеше кірісетінін айтты. Бірақ бұл бір шеңберде шешілер түйін болмағасын өткен жолы Білім және ғылым министрлігінде "Білімді ұлт" жобасының таныстырылымында вице-министр Каринова Шолпан Таңатқызы және сол бағдарламаны жасаушылар алдында ұсынысымды айттым. Шолпан Таңатқызы да ұсынысты қуана қолдады. Талқыға салатынын айтты.

Айтпақшы, кезінде өзім жақын араласатын депутат ағам «Осы мәселені парламентте көтеремін» деген уәде беріп, "лақтырып" кетіп еді. Бәлкім, саяси ерік-жігері жетпеген шығар. Сондықтан бүгінгі парламенттегі ағалардың құлағына алтын сырға.

Алайда бұл – қоғам боп қолдап, ел боп шешетін, көп боп көтеретін дүние. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де ойыңызды айтарсыз. Менің алаңым – елдің ертеңі. Саланың жайы, жанымның айқайы.

Аятжан Ахметжанұлы,

Нұр-Сұлтан қаласы №90 гимназия директоры

Abai.kz

60 пікір