Жұма, 19 Сәуір 2024
Асқанға - тосқан 5926 7 пікір 15 Маусым, 2021 сағат 12:12

1,5 миллиардтың ескерткіші. Есеп беріңіз, Ысқақов мырза!

Қазақстан халқының,
Республика басшылығының
Парламент депутаттарының,
БАҚ назарына!

Баянаулдағы батыр аталарымыз Жасыбай мен Олжабайға салынатын ескерткіш туралы қоғамды қызу талқы болып жатыр. Ескерткішті салу керек, бірақ, өңірдің тумасы/тұрғыны ретінде біршама  ақпаратқа сүйеніп, соған бөлінген қаржы туралы ой-пікірімді айтпақпын.

Бірінші айтпағым, шығындалуы тиіс 1 миллиардтан астам қаражат - бұл тап-таза ысырап. Елге танымал қоғам белсендісі, кәсіпкер Арман Шораев Астана әкімі Көлгіновтің бір көшені жөндеуге бөлген  92 миллиард ақшаға 160 шаршы метрден  тұратын 5 мың үй, 10 балабақша, 3 мектеп, 2 поликлиника (әрине барлық коммуникацияларымен), яғни  шағын  қалашық  салуға болатынын есеп шығарған бейне сараптамасын көбіміз көрдік. Ол түгілі, «өзіміздің» Бакауов кезінде 36 мың тұратын «батареяларды» 336 мыңға сатып алғанын да білеміз. Бұл да сол секілді жағдай...

Кеше ғана Керекуде салынған Абайдың ескерткішіне 55 млн теңге қаражат кетіпті (оның өзінде ескерткіштің реалды құны осы ма, жоқ па, белгісіз). Соған салып есептегенде, біздегі қос батырға арналған ескерткішке айналасы 100 млн теңге де кетпесі анық. Өйткені, тас тұғыры да, дайындалатын орны да бір.

Ескерткіш тұрғызылатын орын демекші, қазіргі жоспарланып отырған орын – сазды жер. Ол жерге жобада көрсетілгендей, айналасына ағаштар егу үшін,  топырағын ауыстыру қажет, қаржының көп бөлігі соған кетпекші. Ескерткішті неге Қарағандыға, Жасыбайға өтіп бара жатқандардың да (жазда мыңдаған демалушылар келеді) көруі үшін Баянның кіреберіс жағында орналастырмасқа?.. Сонда топырақ ауыстыру қажеті де болмаушы еді.

Екінші мәселе - Баянауылдағы 40 жыл тұрған, тұрғындарға астанадағы бәйтеректей болып кеткен, 2 рет күрделі жөндеуден өткен (соңғысына көп болған жоқ), стелланы басқаға ауыстырмақшы. Бақандай жарты миллиардқа жуық теңгеге.

Қазіргі уақытта Баянауылдың халқы әлі канализация, оны тазарту жүйесінсіз отыр. Үлкен ауылдың нәжіс сулары көл жаққа ағары белгілі. Лайланған көлге кім барады? Баянның су жүйесінсіз  отырған  9 ауылы бар. Олардың әрқайсысына су жүйесін онату үшін орташа 200 млн теңге кетеді екен. Біраз ауылдың арасында жол жоқ. 30 жылда бір рет те болсын жол салынбаған. Айта берсең сөз көп.

Осынау орасан зор қаржыны халықтың тұрмыс-тіршілігін күн санап қысып бара жатқан инфляцияны қаперге алмай (бұған да биліктің кінәсі жоқ деп кім айтады?), нәтижесінде, пандемия кезінде және одан кейін табыстары азайып жатқан ауыл жұртына емес, туристік табыс көзін бұғаттауы мүмкін экологияға емес, мәдениетке бөліпті. Хош, бөліпті. Керек екен. Ендеше осы салада да тиімді пайдалануға болар еді ғой. Мысалы дәл осы Баянауылда өлкетану музейі жоқ, әлі күнге? Неге? Бұл ауданда басқа да осы салаға қаржы бөлінуі тиіс объектілер жеткілікті!

Соңғы 2 абзацта көрсетілген объектердің едәуір бөлігін (аудан тұрғындарымен келісе отыра) осы екі батырға арналған ескерткішпен қатар салуға болатыны көрініп тұр. Бірақ, Ысқақов бастаған әкімдік 1,5 миллиардты тек екі батырға бір ескерткіш және стелланы айырбастауға ғана жұмсайын деп отыр...

Қалайша дәл осылай шешіліп отыр? Әлде жартысына жуық демеушілердің ақшалары (олар көбіне сұраусыз болады), турасын айтқанда, «распилдың» көзі ме? Жалпы тендердегі жемқорлықтар мәселесі тағы бар. Бұған не дейсіз, Ысқақов мырза?!

Сөз соңында, осы 1,5 миллиард ақшаның (бұл біздің, салық төлеушілерді қаржылары және демеушілердің  де  ақшасы, қазақтың байлығы, халықтың жұмыс күші арқылы құралатыны мәлім) қайда, қалай жұмсалып жатқанын тиынына дейін санап, халық алдында есеп беруіңізді талап етеміз! Өңірдегі депутаттардың да қалай сайланатынын білеміз. Көбіне әкімдіктің қалауымен, таңдауымен іріктелгендер! Сондықтан олардың келісімі - халықтың келісімі емес!

Жалпы, жер-жердегі барлық әкімдер, халықтың ақшасын, алдағы жылдың бюджетіне енгізердің  алдында, барлық республикалық және жергілікті БАҚ-та жариялап, халықтың тікелей  талқылауынан, тәуелсіз, халық өзі сенетін/сайлайтын эксперттердің сараптамасынан өткізгеннен кейін ғана, жоспарға енгізу институты қалыптасуы керек. Сонда жемқорлықтың азаятыны анық!

Руза Бейсенбайтегі,

Кереку қаласы

Abai.kz

7 пікір