Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 5496 4 пікір 15 Маусым, 2021 сағат 11:15

Айхой Шіркіннің және бір айтқаны

«Беу, халайық, мен бәріңнің естеріңдемін ғой, мен бәріңе таныс  асқақ арманшыл Айхой Шіркінмін ғой! «Жер мен көк арасы» ауданының әкімі! Бірталай жыл өтті... әлі, әзірше  осында отырмын. Облыс әкімдігінің қарамағындағы әлгі бажам алдыңғы күні қалтателефонмен сөйлескенімізде: «Портфелің қалыңдау, креслоң кеңдеу болатын уақыт онша алыс емес, шыдағын!» деді. «Алыс емесінің» алдындағы «онша» деген сөзі маған онша, - тфу! - просто ұнамады. «Он шақты жыл» дегені ме әлде?.. Қой, олай бола қоймас. Бажекем бей-жай жүрмеген шығар, тілін алайын, шыдайын. Шыдамағанда қайтем, менде одан басқа бажа жоқ.

«Басқа бажа...». Менің ауданыммен іргелес «Қайрақты» ауданының әкімі болған Бақай Тұяқовтың үш баласы, тойыст, үш бажасы бар. Біреуі – бизнесмен; біреуі – мен көздеп жүрген «Алаорман» облысында  полиция бастығының орынбасары, біреуі, яғни үшіншісі – орталық «Нұрлы жол» гәзеті редакциясының қызметкері. Мен оның онда кім болып істейтінін білмеймін, ал білетінім: ол әкімдікке менімен қатар тағайындалған Бақайды екі жыл өте бере мақтап мақала жазды. «Ауданның шексіз алғысына ие» деген тақырыппен жарияланған ол мақалада: «Өзіне сеніп тапсырылған ауданды алға сүйрей білді; ата-бабаларымыз айтқан «Нар жолында жүк қалмас» деген сөзді абыроймен ақтады; ауданды өркендетті, нығайтты, мәдениетін гүлдендірді; бала туу мәселесін дұрыс шешіп, халқымыздың санын көбейтуге көп үлес қосты; көпшіліктің көңілін тапты; Бақай Тұяқов мырзаның өзінің алдына    қойып  отырған аса зор міндеті – «Қайрақты» ауданын экономикалық дамудың жоғарғы сатысына көтеріп, облыста бірінші орында болу!» дегендей сөздер үйдек-түйдек.

«Қайрақтының» бізден оза жауып қарық болған дәнеңесі жоқ, басқа аудандарымызша «На месте шагом марш!» күйде.

Көп жәйтті жақсы түсінетін менің бір түсіне алмағаным бар. Ол – бізде етектей де, алақандай да гәзет көбейіп, оларға кім не жазғысы келсе, соны жаза беретін мода шыққандық. Мәселен, Бақайды мақтағандағы: «Бала туу мәселесін дұрыс шешіп» деген не сөз? Бақай Тұяқов баланы көбейтудің      жаңа тәсілін ойлап тауып, ұжымдық қолданыс жасаған ба? Әлде әлгі... социалистік жарыс ұйымдастырған ба?..

Ал «экономикалық дамудың жоғарғы сатысы» деген не сөз? Біздің гәзет атаулыда мақаласы, сұхбаты шығып жататын атақты-атақсыз жазғыштар: «Біздің экономикалық дамуымыз ойдағыдай... Біз экономикамыздың нығаюы жағынан Орта Азия республикаларынан озықпыз... Біздің экономикамыздың дамуы Еуропаны да таңдандыруда... Біздің экономикамыздың нығайғанын АҚШ та, Қытай да мойындай бастады... Шет елдерде біздің экономикамыздың гүлдену жолын зерттейтін институттар ашыла жатыр... Қай жақсы істің жақсы болуы басшылықтың жақсылығынан!..» деп алақайлаудан танар емес.  Жастары жұмыс іздеумен жан-жаққа кеткен, зейнеткерлер ғана қалған неше ауылдың бүгінде: ауызсуға, электр жарығына, дәрігерлік жәрдемге, ойындағы құнарлы тамаққа жарымай отырғанын біле тұра айтпайды. Ау, «арзандады» деген сөз адыра қалып, «қымбаттады» деген сөз құлағымызды кеміргелі қашан?! Мысалы: алдымыздағы асымыздың, үстіміздегі киім-кешегіміздің, пәтерақымыздың, электрдің, бензиннің... бағалары үнемі өсуі  экономикалық  дамуымыздың қай сатысы? Әлде ол дамуымыз бізді кеше айналып өтіп, ертеңдер жарқ етіп жарылқай салар сағатын тосуда ма? Сөйтсе, жарар да еді. Біз де, бала-немерелеріміз де көбеске көндік қой, тәуелсіздіктің тәбәрігі ең болмаса шөбере-шөпшектерімізе бұйырса екен!

Гәзет. «Халықтың көзі, құлағы, дауысы». Біздегі етектей гәзеттерде  құлаш-құлаш болып, алақандайында тұтам-тұтам болып жарияланып жататын әрнені әредік шолған сайын жаңағы мәнсіз мадақ сөйлемдерді қылтитудың керегі жоғына  көзім жетеді. Мысалы, бүгінгі жаңа замана заңы бойынша шетінен жекеменшіктелген гәзеттердің біреуі – қосетектей «Қазақы әлеумет», иә, ондай да ат бар, «Тарихи тұлғалардың тұлғасы» деген бас тақырыппен және «Сартымбет су-электр стансасын салдырған саңлақ туралы сыр» деген қосымша тақырыппен жариялаған арнау мақалалар мен өлеңдерді оқып отырып, ой, күлгенім ай!.. Саңлақтың – Олпұл Судырбаевтың – жасы 75-ке толуына арналған екен... Оу, біздің Сартымбет қой?!. Мен облысымыздың тарихын жатқа білем ғой?! Су-электр стансамыз шағын ғана, шектес үш облысқа арналып 1920-жылы салынған. Сонда мынау саңлақ біздің стансаның құрылысын қайда жүріп басқарыпты?..

Ал сыршерткіштер не депті? Олардың арнауларын оқығандар менсіз де «мәз-мәйрәм» шығар, ал мен көзі шалмағандарға қысқаша «сыр шертейін».

Ескертерім: ешбірінің егіз дерлік елірме-судыр сөздерінен үзінді ұсынбаймын, яғни мақалаларының, өлеңдерінің тақырыптарын тізіп беремін, сол жеткілікті. Жазғыштардың аты-жөндерін атауға да зауқым жоқ.

Сонымен:

«Жер беріндегілерге белгілі Тұлға!».

«Айналайын Жердегі Жеке батырым!».

«Біздің Антей, біздің Прометей!».

«Олпекең және ғарыш!».

«Мәңгілік еңбек!».

«Көне түріктің көзі!».

«Олпұл Судырбаев һәм біздің Планета!».

«Өлеңімнің өрнегі мен өзегі!».

«Жырымның Арғымағы!».

Енді біреу қатысқанда ғой, есепке түзу 10 болатын еді, ә? Оқасы жоқ.

Тақырыптарға жүгінсең, Олпұл 8 емес, кемінде 16 қырлы секілді.

«Көсем» делінгендерге тыраштанып табыну болғанын естігенбіз де, көріп те жүрміз. Ал «Қайрақты ауданының Құрметті құрылысшысы» деген жалғыз атағы бар Олпұл Судырбаевты солардың бәрінен асырып мақтау басы орнындағылардың бір де біреуі сенбейтін бірдеңе болғыны қалай?..  Білмеймін. Түсінбедім, ұқпадым. Оқырмандарыма айта алар бір ғана тұспалым: Олпыкеңнің  «Қазақы әлеуметтің» иесіне бұ дүниеде ұмытпастай пайдасы тиген шығар. Сөзімен бе, ісімен бе, ақшасымен бе... әлде екеуі әлгі «мыңжылдықтар» ма?.. Обшым, интереснай демократия, ерікті ауызға... бөшкелі арба сиып кетіп жатыр».

Айхойдың бұл айтқаны да – өз пікірі (әлде көбіміздің ойымыздағы ма?), ал аяқтауындағы 7 сөзі біздің үкіметтің шешімдерінен, парламенттің қаулыларынан, президенттің жарлықтарынан әлдеқайда құнды! Себебі – шындық!

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

4 пікір