Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 7443 24 пікір 10 Маусым, 2021 сағат 13:45

Сауытбектің салмағы, Қазыбектің қауқары...

Әлеуметтік мәселелеріне шағымданып, Қызылордадан келген оннан астам әйел 27 сәуірде күндіз Ақордаға бармақ болған еді. Алайда арнайы жасақ олардың жолын бөгеп, өткізбеді. Наразылардың арасында бала жетектеген, аяғы ауыр әйелдер де болды.

(БАҚ-тан)

***

Бүгінгі әңгімеміз Мәжілістің екі депутаты туралы болмақ. Бірі ескі, осымен екінші мәрте сайланып отырған кісі. Екіншісі жаңа, бірінші рет депутат болған жігіт ағасы. Біреуін сынаймын, екіншісін мақтаймын. Себебі, бұл екі депутат та көші-қон мәселесін Мәжіліс төрінде көтерді.

Енді, бір-бірлеп тоқталайық.

Біріншісі – Сауытбек Әбдірахманов!

Есіңізге түскен болар, сенбесеңіз міне, «НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар қандастарға бөлінетін квотаның көлемін көбейтуді сұрады. Осы орайда Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.»

Бұл осы жылдың басында, нақтылап айтсақ, қаңтар айының соңында жолданған депутаттық сауал.

Шынына келсек, бұл – әнеу бақылдаған Ауыт Мұқибек деген неменің аузын жауып, халыққа өзінің бар екенін көрсету екенін білдіріп қою үшін жасалған тірлік болатын. Біз сол кезде-ақ, «Күн күркіреген соң жаууы керек!» деген мақала жазып, күдігімізді айтқамыз.

Содан бері жарты жыл өтті. Қане сол депутаттық сауалдың жауабы?! Үкіметтеріңіз не депті?!

Сәукеңнің тілін жұтып, үнсіз кеткеніне қарағанда, Үкімет байқұс та мандымды жауап бермеген болса керек.  Егер, Асқар Мәмин мырза таңдайға нәр боларлық бір ауыз сөз айтса, Сауытбек көкем Ауытбектің көзіне шұқып тұрып көрсетсе керек еді. Жым - жырт күйінде қалды. Тіпті, бар-жоғы белгісіз...

ЕкіншіҚазыбек Иса!

«НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса елімізде Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.»

Бұл – Сауытбек көкемдікінен сәл кейін, 17 наурызда жолданға сауал.

«Сондықтан бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру керек. Екіншіден, қандастарымыздың Азаматтық алу мәселесі әлі қиындықтан шыға алмай келеді. Бізде ұлты қазақ қандастар үшін керек құжат санын барынша шектеп, бірден Азаматтық берілетін болуы тиіс», - деді, депутат Қазыбек Иса.

Дау жоқ, Қазыбек Иса – қазақтың талантты ақыны. Сосын қаламы өткір журналист. Өте белсенді азамат. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ұлт мүддесіне қатысты Қазыбек Иса көтермеген мәселе болған емес. Біздің қазақта мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін жүз мың қол жинаған Қазыбектей тұлға болған емес. Міне, бүгін білдей партияның атынан Мәжіліс депутаты болып отыр.

Көп адам депутат болған соң, Мұхтар Шаханов айтқандай, шындығын жоғалтып алады. Жоқ, Қазыбек ағаны ондай оңбағандардың тобына қоса алмаймын! Қазағам кеше қандай болса, бүгін де сол арынынан қайтқан жоқ. Қайта, белсенділігі бұрынғысынан да арта түскені көрініп тұр. Депутаттық сауалдарын бірінің артынан бірін бұрқыратып жатыр. Сірә, Үкімет басы өзі оқып үлгіре алмай, орынбасарларына оқытып жатқан болса керек...

Бұрынғы Демография және көші-қон жөніндегі агенттігін қайта құру, Тәуелсіздіктің отыз жылдығы қарсаңында 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» етіп, мерекелердің тізбегіне енгізу және «Шетелдегі қандастарымызды қолдау туралы» арнайы заң қабылдау керек деген секілді менің де он шақты ұсынысымның Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин мырзаның қоржынында жатқалы біраз болды. Алла қаласа, Ұлттық кеңестің келесі отырысы осы демография және көші-қон тақырыбына арналып, сол мәселелер шешіліп қалар деген үмітім зор.

Бірақ, осы мәселені Мәжіліс төрінен депутат Қазыбек Иса көтергенде төбем көкке жеткендей қуандым ғой мен. «МӘЖІЛІС ТАРИХЫНДАҒЫ ТАРИХИ САУАЛ БОЛДЫ...» деп, Алты Алашқа жар салдым. Қазағам көтерді ғой, енді бірден шешіліп кететін шығар деп үміттендім. Мен ғана емес, туыстарынан бөлініп қалып, қан жұтып отырған бүкіл қандастарымыз ақсарбас атап, тілеу тіледі.

Өкінішке орай, одан бері үш ай өтті, Қазыбек көкемнің парақшасына телмірумен келемін. Байқаймын, тезірек кеткір Үкімет Қазыбек ағамды да Сауытбектің аяғын құштырған сыңайлы. Егер, жылт еткен бір жаңалық болса, Қазыбек Иса ағам екеуіміз бес құрлыққа ұран салар едік қой, шіркін!

Сауытбек Әбдірахмановты қойшы, базары тарқаған адам. Журналистикада болмаса, саясатта грамм салмағы жоқ кісі. Ал, оған қарағанда Қазыбек Иса «жаңа талап», қаруқарлы депутат қой.

Бір қызығы, екі көкем де «Әй, Үкімет әке, сен бізге бітіргеніңді айтпа, енді бітетініңді айт!» деместен, бұл мәселені жылы жауып қоя салды.

Бір кезде депутат Бекболат Тілеухан ағама бір ақыл айтқам, «...  сөзді ме, сөзді Құдай берген ақсақал депутаттар бар ғой, Қуаныш Сұлтанов пен Сауытбек Әбдрахмановтар-ақ сөйлесін! Олар аздық қылса, Аллаға шүкір, Мызекең – Мырзатай Жолдасбеков те әлі тың, сайрап тұр. Соларға беріңіз сөзді! Теледидарға да солар шықсын! Сіз тек Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге барыңызды салыңыз!» деп.

Бүгін ол ақылымды Қазыбек ағаға қайталап жатпаймын. Қазыбек ағаның қанатын еркін сермеуіне кедергі болып отырған бір фактор бар. Соны айтқым келіп тұр.

Ол – Заң шығару ісіне Президент Әкімшілігінің араласуы!

Жалпы, депутат үшін мақтанатын нәрсе – депутаттық сауал емес, заңдарға енгізген жаңалықтары.

Міне, Мәжілістің жаңа құрамы бірінші сессиясын аяқтауға жақын.

Мен өте белсенді деген депуттардың әлеуметтік желілердегі парақшаларына үнемі қарап отырам. «Пәленбай заңның түгіленбайыншы бабына мынадай өзгерту енгіздім немесе толықтыру жасадым...» деп жазған депутатты кезіктірген емеспін.

Демек, Президент Әкімшілігінің осы «суық қолы» тиылмайынша, Парламент түк бітіре алмайды. Ары кеткенде, бұрқыратып депутаттық сауал жасап, екі-үштен «клип» түсіреді. Аппарат жасап берген заңды «қарап», тек орысшасы мен қазақ тіліндегісін сәйкестендіреді, атау-терминдерін бір ізділендіреді. Соңында «ноториус» ретінде бекітіп береді.

Жаңа депутаттар соны сезді ме, сезбеді ме, білмеймін.

Қазақтың аса көрнекті ақыны Омарғазы Айтанұлының «Табиғат философиясы» деген атақты дастанында мынадай бір шумақ бар.

Ескі өлең ұйқастарына жаңа өлең симайды,

Өлең жолдары күреспен өседі.

Табиғат мазмұны мұнда жиналып,

Ақын қиналып,

Тағы бір формаға көшеді.

Байқаймын, Қазыбек Исаның бір нәрсеге көзі жете бастаған ұқсайды. Жақында «Facebook» желісіндегі парақшасынан «МЕН БӘРІБІР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МҮДДЕСІН ҚОРҒАУДАН ҚАЙТПАЙМЫН!» деген сесті жазбасын көзім шалып қалды.

Мәжіліске тіл-тіл деп барып, тілі буылып қалған ағай мен апайды ойласақ, Қазыбек ағаның бұл әрекетін ерлік деп бағалаған дұрыс.

Сосын, парақшасынан тағы «ҰЛТТЫҢ ЖАҢА БОЛМЫСЫ ҰЛТШЫЛДЫҚ НЕГІЗДЕ ҚАЛЫПТАСУЫ КЕРЕК, СОНДА ҒАНА ҰЛТТЫҚ МҮДДЕМІЗ ҚОРҒАЛАДЫ!» деген жалынды жазуларды оқыдым.

Мен өте белсенді деген депуттардың әлеуметтік желілердегі парақшаларына үнемі қарап отырам. «Пәленбай заңның түгіленбайыншы бабына мынадай өзгерту енгіздім немесе толықтыру жасадым...» деп жазған депутатты, бірен-саран болмаса, көп кезіктірген емеспін.

Ал, Сауытбек көкеме сауап!

Әттең-ай, әттең!

Депуттар алдына келген заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін дауыстарын көтеріп, қызыл кеңірдек болып таласса, тіпті бір-бір жұдырық жұмсасып жіберсе, көшелер мен алаңдарға жұрт шуылдап шықпас еді-ау;

Депутаттар алдына келген заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін Үкімет басы мен министрлерді Парламент үйіне шақырып алып, жиі-жиі «кеттлингке» алып тұрса немесе Ақорда мен Үкімет үйіне қарай папкасын қолтығына қысып алып, өздері жүгіріп бара жатса, балаларын шұбыртқан аналардың ол жақта несі бар еді...

***

25 мамыр күні баспана мәселесі бойынша Ақордаға өтіп президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымданбақ болған Бағлан Орынбековтің отбасын полиция кетлингте ұстады.

Осыдан үш күн бұрын Орынбеков бірнеше отбасымен бірге «Оңтүстіктен Солтүстікке қоныстандыру» бағдарламасы арқылы Шымкенттен Павлодар облысының Железинский ауданына көшіп барған. Екі күн бойы шарқ ұрған Бағланға әкімдік бағдарламаның тоқтап қалғанын айтқан...

(БАҚ-тан)

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551