Сенбі, 19 Маусым 2021
1752 1 пікір 9 Маусым, 2021 сағат 12:49

Арыстағы жарылыс: Прокурор айыптыларға 10 жыл сұрады

7 маусым күні Шымкент гарнизоны сотында Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылысқа қатысты айыпталған 16 адам соттағы соңғы сөзін сөйлеп бітті.

Прокурор соттан айыпталушыларды 4 жылдан 10 жылға дейін соттауды сұраған. Бұл туралы Азаттыққа екі айыпталушының адвокаты Әбдіраман Аққұлов хабарлады.

- Айыпталушылардың барлығы кінәсін мойындамады. Адвокаттар судьядан тергеп-тексеру барысында жіберілген заңсыздықтарға көңіл аударуды сұрады. Жарылыстың шығу себебі анықталмады. Тағылған айып дәлелденбеді, - дейді Аққұлов.

Сот істі қарап жатқан судья кеңесу бөлмесіне кеткенін растады. Үкім алдағы күндері оқылуы тиіс.

Әскери прокуратурадан әр айыпталушыға қанша жыл жаза сұралғаны туралы ақпарат алу мүмкін болмады.

Арыстағы жарылысқа байланысты сот отырысы 2020 жылдың 11 маусымында басталған. 400-ден астам томнан құралған істе 16 адам айыпталушы, 1500 адам жәбірленуші деп танылған. Айыпталушылар арасында әскери қойманың командирі мен орынбасары да бар. Оларға "Жарылыс қаупi бар нысандарда қауiпсiздiк қағидаларын бұзу" (281-бап), "Немқұрайлық" (371-бап) баптары бойынша айыптар тағылған.

Биыл қаңтарда сот "қылмыстық істегі кемшіліктерді жою және іске қатысы бар басқа да адамдарды қылмыстық жауапқа тарту үшін" істі прокуратураға қайта тергеуге жіберген еді. Ал 12 сәуірде Шымкент гарнизоны соты Арыстағы әскери бөлім қоймасындағы жарылысқа қатысты істі қайта қарай бастаған.

Сот видеоматериалдарда мемлекеттік құпияға байланысты деректер шыққан соң істі жабық өткізу туралы қаулы қабылдаған еді.

2019 жылы 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, соның салдарынан төрт адам қаза тапқан. Олардың екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, ал бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды.

Жарылыс болған күні мыңдағын үй зақымданып, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған. Олар кейінірек Арысқа қайта оралған.

Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7 527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданған. Пайдалануға жарамсыз болып қалған 420 үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған.

Кейін билік жарылыстан үйінен айырылған тұрғындарға баспана салып берген.

Abai.kz

1 пікір