Сенбі, 20 Сәуір 2024
Әңгіме 4529 4 пікір 8 Маусым, 2021 сағат 14:24

Айхой мен арман

Әзіл-сықақ       

Сонау бір жылдары еліміздің ой-қырында «жекешелендіру» деген жойқын шара жүргізіліп, жеріміздің асты-үстінде жатқан-тұрғанның бәрі апыл-ғұпыл сатылды емес пе?!. Ұжымшар-кеңшар дейсің бе, зауыт-фабрик дейсің бе, қала-дала дейсің бе... бәрі базарланды ғой. Қалталылар – қарық, қалтасыздар – зарық  болды. Ал менде, айтпақшы, танысып алалық, мен – «Жер мен  көк  арасы»  ауданының әкімі Айхой ШІРКІНМІН. Сол  әлгі  «тың өзгерістер» тарпабассалғанда қой фермасының қойқиған меңгерушісі едім, көрші облыстан бөшкеқарын бір қазақ келіп, үш мың қойы бар фермамызды екі сиырдың құнына сатып алып, мен иен қала жаздадым, иә, жаздадым, бірақ қалмадым. Облыстың басшылық жағындағы бажам мені, екі жылға созылған еріксіз еңбекдемалысым  біте бере, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы етіп тағайындатып,  төрт жылдан соң әкімнің орынбасары етіп тағайындатып, бес жылдан соң біздің әкімді басқа ауданға аунатып жіберіп, мені оның «Жер мен көк арасындағы» осы орнына отырғыза қойды. «Төртаяқтыда бота тату, екіаяқтыда бажа  тату» дегенді алғаш айтқан қазақ ғасыр ғұламасы болған-ақ!

Сонымен, содан бері, иә,  ауданның әкімімін. Бажекем: «Балпиып отыра бергейсің, бұйырғанын тағы көре жатырмыз» деген. Сөйтіп, асықпай-үсікпей жүрмін. Қарамағында жүйелі жұмыс жоқтықтан қалт-құлт еткен алты ауылы бар ауданның әкімінде шақшадай басындағы арманнан өзге дәнеңе болмайды екен. Басқа портфельдестерімде не бар, не жоғын облыс әкімі білетін шығар, ал менде, иә, арманнан басқа  ештеңе жоқ. Оның өзі де, бір әнде айтылатындай, «қол жетпес» сияқты. Ол арманым, - өзімнен жасырмағанды сіздерден жасырып қайтем, - Алаорман облысының әкімі  болу!.. Сондағы Экономика институтының деканы, балдызымның балдызы Майқай былтыр біздің жаққа жолы түсіп, маған сәлем беруге келіп шыққандағы бір сөзінде: «Біздің Алаормандай бай облыс бүкіл республикамызда бірен-саран» деді. «Е, Алаорманыңның асып-тасыған байлығы не сонда?» дедім. «О, оның жер үстіндегі байлығы былай тұрсын, жерінің астында Менделеев таблицасында бар металдардың бәрі түйдек-түйдегімен жатыр! Ал, Аха, мені жолдастарым күтіп отыр, аман-сау болыңыз!» деп кете барды. Әлгі Менделейінің кім екенін айта салмады. Жердің астында жатқан металл атаулыны іздеп табатын мамандар геологтар ғой. Алтын, күміс... бәрінің қайда, қаншасы жатқанын көрсетіп таблица жасаған Менделей солардың ең мықтысы шығар. Алтын... уай, менің арманым сол сағатта аттандады-ау!..

Алаорман!.. Төрт көлі, бес өзені бар. Күнбатысын тұтас алып тұрған Көктауының сай-саласы мен қыр-жотасы қысы-жазы шырт етпейтін шыршаға толы. О жағы мен бұ жағы – санап бітіргісіз самырсын мен қарағай, терек  орман-тоғайлар. Әнеу күні: Алаорманның «Жасылкөлінің» шығысында мұнай көзі табылыпты, облыстың отыз жыл күндіз-түні жағуына жетеді екен» дегенді естідім. «Қамыстыкөлінің» солтүстігінде газ қоры бар, жағып тауысқысыз, деседі. Мұнайын да, газын да игеруге биыл кіріспекші, мамандарды шақырып-жиып, техникасын майлап-сайлап болып қалған сияқты. О, мен сол ағыл-тегіл, таусылып бітпес байлықты игерудің басы-қасында болсам!..

Қандай, қанша байлықты болсын игерудің рахатын өзін өзі құрметтей алатын басшы әуелі өзі көруді ойлауға тиіс. Мен ойлауды бастадым: мен қазір үш бөлмелі үйде тұрамын. Бесінші қабатта. Әйеліммен, екі жиен немереммен. Екі қызым бар, біреуі екінші күйеуімен  бір бөлмелі пәтерде. Алтыншы қабатта. Екіншісі үшінші күйеуімен ол да бір бөлмеліде. Жетінші қабатта.

Екі балабақша бар еді, біреуін облыс орталығында тұратын былшиған жирен орыс бизнесмен көпшілікті ойбайлатып сатып алып, томпақ шатырлы сырахана етіп қойды. Менімен саудаласпады да. Жоғарыдан  ауызша бұйрық түсірді. Ол түсіргіштің атын атамай-ақ  қояйын, керегі не. Қалған балабақша да бұйрықпен Мой деген кәріске бұйырып, ойыншық  сататын дүкен болып тұр. Сонсоң, 4 және 5 жастағы екі немерешкамызды зейнеткер көрші кемпошкаға бақтырудамыз. Күніне екі мың теңге ақы беріп. Ол – бүгінгі бізге әжептәуір ақша, шырағым. Егер Алаорманды ала қалсам, онда, конечно, чепуха болады.

Алтын, күміс... газ, мұнай... шырша, терек, қарағай... төрт түлік мал...  керегіңше ал... Уай, Алаорман-ай!.. Үш көлдің  жағасына өзіме, қыздарыма көк, жасыл, қызыл шатырлы үш үй салдырсам, төрт-төрт бөлмеден, есік алдарында сылап-сипап жүретін шоферлары бар  үш түрлі «тойоталар» көлденеңдеп  тұрса! Ал  төртінші көлдің жағасына әйелім екеуімізге әзірше алты бөлмелі, ақ  шатырлы үлкен  үй салдырсам! Ол бәріміз демалыс, туған күн, юбилей, дәстүрлі мереке  күндері жиналып, мәз-мәйрәм болып жүретін шынында кәдімгі қазақтың  Үлкен үйі болады. Құдаларымызды, алыс-жақын туыстарымызды, дос-жолдастарымды анда-санда шақырып алып, қыр көрсетіп қоюыма  да керек.

Қыздарым мен күйеубалаларымды қазіргілеріндей ақ тер, көк тер болмайтын, айлықақылары талайды «аһх!» дегізетін тиімді-түсімді орындарға отырғызамын. Олар жұмысбасты болып, шаршап-шалдығып жүрмес үшін жылдағы демалыстарын шет елдерде өткізуге жіберемін. Ол жақтарда ұнап қалған әлгі вилла дегендер болса, тіпті сатып алулары керек. Ел көріп, жер көріп дегендей, әйелім екеуіміз жылара барып, рахаттанып қайтып жүреміз.

Бұл өмірдің басты рахаты – өзіңнен жоғарғыларды құрметтей білу! Мысалы, мені Алаорманға кім апарады?.. Баяғы тату бажамнан басқа таныс-бейтаныс тірі жан менде жоқ. Сол бажекемнің  пышақ ұшын батырар буын  іздеп жүргенін, әрине, ішім сезеді. Ал керек буынды табу үшін ол да  құрметтісінің ауа райын аңдап, аузын бағып жүрген болар. Құрметтілердің   тақ ауыстырып-айырбастап кететіндері менің бажам сияқтыларға қиын тиетін шығар. Жаңадан келгеннің езуін кеңейтіп, көзін ойната білу оңай болмас. Но ничего, бажекемнен сәтті күні дұғай сәлем келер, ол күнге дейін міндетімді мінсіз атқарып, арманымды қалықтата берейін.

Арман дегенің бір басталса, ары қарай балалап кете береді екен. Алаорманға әкім болдым деп, әдеттегі қызметпен шектеліп жүрмеймін. Бұрынғы бірінші орынбасардан бұрынғы шоферға дейінгілермен қимай қоштасып, олардың орындарына өзімнің  кадрларымды отырғызамын да, тапсырманы беріп-беріп: «Ал, достарым, міндет айқын, жол ашық, тартыңдар алға!» деймін де, нендей жұмыс тындырғандарынан маған ай сайын есеп, басқа да беруге тиістілерін уақтылы  беріп тұратын демократиялық тәртіп орнатамын. Өзім, әлбетте, ең күрделі, ең маңызды мәселелермен ғана  шұғылданамын. Сөйтіп, экономикамыз дамып,  сол үшін құрметтеуім керек тұлғаларға жан-жақты танылатын боламын, қабақтарын шытқыздырмаймын. Олардың емеуірінімен, жұртшылықтың ұсыныстарымен бір уақ өзімді де ескеріп, ішкі-сыртқы саясатымды саралауым қажет. Әрине, келе сала жаңағы таңдап құрастырып алған командамның көмегіне сүйенемін. Олардың бірі менің ауылымдағы, мен оқыған бастауыш мектепке менің атымды беру, алдына менің кеуде мүсінімді орнатуды ұйымдастырса; екіншісі менің ауданымның орталығындағы, мен оқыған орта мектепке менің атымды беру, алдына менің кең креслода әдеттегімше күлімсіреп отырған ескерткішімді орнату мәселесін шешсе; үшіншісі Алаорманның бас-аяғына созылып жатқан, «Жеңіс» деп аталған даңғылына менің атымды қойдырудың, әкім ғимараты алдына менің алға қол сілтеп тік тұрғаным бейнеленген, таза қоладан құйылған ескерткішімді орнатудың ретін келтірсе,  ертеңгі тарихтың талабын бүгін, мерзімінен бұрын және артығымен орындау болмақ. Бірауызды, бірбағытты  ұжым  қашанда ұтады. Ал мен олардың бәрінің еңбегін үлкен-  кіші демей, аз-көп демей, уақытылы, даже алдын ала өтеп отырамын. Құрметтілерімнің ақыл-кеңесін, рұхсат-шешімін бағалауым ақаусыз болатыны өзінен өзі түсінікті.

Жасым елу беске жақындап келеді, сол юбилейімде мені құттықтаушы кадрларымның қатарындағы келіншектердің бір-екеуі мінберге бірінен соң бірі майысып шығып: «Аса ардақты Айеке, сіздей ерен тұлға тұрғанда мен облысымыздың ертеңіне берік сенемін! Аман-есен жүріңіз!» десе; «Айеке, ағатай, облыстағы әрбір елді мекенді сіздің атыңызбен атауға болар еді, себебі: бәрінің бойына қан жүгіртіп, жан бітірген – сізсіз!» десе, - уай  деген! – төбем көкке жетіп тіреліп, достарым сүйініп, дұшпандарым күйініп, ә?!. Облыстық гәзет сол күнгі алты бетін түп-түгел менің юбилейіме арналған құттықтауға, мақалаға, өлеңдерге толтырып шықса! Еще ол гәзет менің қайда болғанымды, кімдермен кездескенімді көрсететін суреттерімді күнде беретін болса - ух!.. Уау, қалтателефоным  әндетете бастады, кім екен? Бажекем болса екен!..

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

4 пікір