Жұма, 19 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 11494 21 пікір 1 Маусым, 2021 сағат 12:42

Қырық мың қазақ қайда, Си Цзиньпин жолдас?

Бүгін «Азаттық радиосының» сайты «Қытайдан көшіп келетін қазақ саны күрт азайған. Көштің тоқырауына не себеп?» атты мақала жариялапты.

Осы мақалада «2017 жылы Шыңжаңнан көшіп келген 8 мыңнан астам қазақ Қазақстан азаматы атанса, 2018 жылы 5675 адам азаматтық алған. Ал 2019 жылы 7761 қазақ Қазақстан төлқұжатын иеленсе, 2020 жылы 6925 адамға Қазақстан азаматтығы берілген...», деген ақпарат берілген. Және «Азаттық радиосы» ол ақпаратты Қазақстанның ресми статистикасынан алғанын ескерткен.

Аталған ақпарат бойынша, төрт жылда Қытайдан 28 мың 361 қандасымыз оралыпты.

Ал, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев 2021 жылғы 29 наурызда «Егемен Қазақстан» газетіне «Тату көрші, стратегиялық әріптес Қытаймен қарым-қатынасымыз туралы» атты мақаласын жариялап, «2018-2020 жылдары Қытайдағы консулдық мекемелерде 60 мыңға жуық қандасымызға виза рәсімделді. Кейбір қандастар біздің елге келген соң Қазақстан азаматтығын қабылдаған...», деген мәлімет берді.

Енді қараңыз, соңы үш жылда Қытайдағы консулдық мекемелерінен Қазақстанға шығуға виза алған 60 мың қазақтан соңғы үш жылда Қазақстанға оралған 20361 қазақты алып тастасақ, 39 мың 639 қандасымыз Атажұртына оралмаған болып шығады.

Демек, «Нағыз Атажұрттың» текпісінен сескеніп, Қытай билігі алпыс мың қазақтың Төлқұжатын қолына беріп, виза рәсімденткені рас.

Бірақ, алпыс мың қазақ виза алған соң, олардың үштен бір бөлігін Қазақстанға жіберген де, қалған қырық мың қазақтың Төлқұжатын Си Цзиньпин жолдас қайтадан жиып алып, сейфіне салып қойған.

Сосын, манағы соңғы үш жылда оралып, Қазақстан азаматтығын алды деп отырған  20 мың 361 қазақтың көп бөлімі Қазақстанға бұрын оралып, ықтиярхатпен жүргендер болуы да мүмкін. Егер, бұлай болғанда 60 мың қазақтан оралмай қалғаны тіпті деп көп екені белгілі...

Міне, Қытайдың қитұрқылығы!

Олар қазақтарды өзінше осылай алдағысы, ақымақ қылғысы келеді!

Әрине, біз дұрыс түсінеміз, Шахрат Нұрышев мырзаның «Қытайдағы қандастарымыздың арасында Қазақстанға қоныс аудару мүмкіндігін қарастыратындары да, қарастырмайтындары да бар. Кіндік қаны тамған, ата-бабалары ғасырлар бойы тұрған мекеннен басқа жаққа неге көшу керек деген сұрақ та қояды. Біздің мемлекет қандастардың барлығын  Қазақстанға жаппай көшіруді мақсат етіп қойып отырған жоқ...», дегені дипломатиялық сөз.

Шын мәнінде тарихи Отанына қоныс аударғысы келетін қазақтың саны өте көп!

Виза рәсімдеген қазақ – жағдайы жақсы, шетелге шығуға мүмкіндігі бар қазақ. Егер, қолында Төлқұжаты мен визасы болса, олар пандемияға қарап тұрған жоқ, бар мүмкіндікті пайдаланып, өзге шетелдер арқылы болса да Қазақстанға келеді. Бірен-сарандап келіп те жатыр. Қытайдан көшіп келетін қазақ саны күрт азайғанының басты себебін осы жақтан іздеген дұрыс...

Сондықтан, Қытайдағы қазақтың кісілік құқығы толық қалпына келмейінше, Қазақстанға келіп-кету тәртібі бұрынғы қалпына түспейінше біздің күрес ешқашан тоқтамайды!

Ауыт Мұқибек,

ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Abai.kz

21 пікір