Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 15891 0 пікір 27 Мамыр, 2021 сағат 13:42

Өшкенім жанып, жоғалғаным табылған - Тәуелсіздік!

Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне тұп-тура 30 жыл. Бұл ширек ғасырдан сәл ғана көп уақыт. Тарих толқынында өте аз, қас қағым сәт қана. Дей тұра Қазақстан бұл аралықта айтарлықтай жетістіктерге жетіп, жеңістерден көріне білді. Өйткені әлемде 5000 мыңға жуық ұлт пен ұлыс бар. Олардың тек 230-ға жуығы ғана тәуелсіздік алып, ел болып, мемлекет құрып отыр. Ал қалған ұлттар өзге елдердің құрамында болып, тәуелсіздік аңсап, алысып жүр. Саны 50-100 миллионнан астам ұлттардың да тәуелсіздік ала алмай, жанталасып жатқанын көз көріп, құлақ естіп отыр. Ал қазақ тәуелсіздік алды, өз қолы өз аузына жететін деңгейде. Бұл қуаныш. 

Тәуелсіздікке дейін Қазақстанның көрмеген қиындығы, тартпаған азабы, кешпеген тозағы жоқ. Ресей империясында бодандыққа түсіп, қолымыз байланса, КСРО-да үлкен нәубеттерді бастан кешірді. 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс кезінде миллиондаған қазақ ішкі миграцияға ұшырады. Жетісу өңірінен Қытайға 200 мыңнан астам қазақ босқын болып кетуіне тура келді.

1919-1921 жылдары Қазақстанда үлкен аштық болды. Салдарынан миллионға жуық адам қаза тапты. Жүздеген мың адам Орталық Азия елдеріне босып кетті. 1931-1933 жылдары Қазақстанда тағы да ашаршылық болып, халықтың жартысынан көбі қырылып қалды. 1.4 миллион адам босып кетті. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Қытай, Иран мен Пәкістан жеріне қоныс аударды. Кейбірі Сібірге кетуге шешім қабылдады. Босқындардың көпшілігі кейін Еуропаның бірқатар елдеріне қоныс аударуға мүмкіндік алды. Қытай жеріндегі қазақтардың да тар жол, тайғақ кешіп, қуғындалып, Еуропа асуына тура келді. Қазіргі Қытайдың құрамындағы Шығыс Түркістан қазақтың ата қонысы болатын. Қытай билігіне коммунистік режим келген соң, аталмыш аймақты басып алуғы тырысты. Оларға қарсы қазақтың батыры Оспан қолбасшы қол жинап, әскер түзеп, ұрыс салды. Бірнеше жылға созылған күресте тараптардың саны мен күші тең болмай, Оспан батыр қапияда қаза тауып, оққа ұшты. Ал қалған қазақ жасақтары мен қарапайым халық Тибет арқылы өтуге тырысып, жол-жөнекей ұрыс сала отырып, Пәкістанға аз бөлігі жетті. Артынша олар Үндістанға аттанып, ауа райының ыстығына шыдаймай, Түркияға хат жазды. Сөйтіп түбі бір түркі халықтарына пана болуды ойлаған Түркия қазақтарды қабылдап, өмір сүруіне рұқсат етті. Олардың кейбірі Түркиядан ары Еуропаға кетуге шешім шығарды. Міне, сол сәтте Еуропаға аттанған қазақтардың алғашқы легі пайда болды.

Еуропадағы екінші лек 1939-1945 жылғы жаһан соғысымен тікелей байланысты. Қазақстардың кей бөлігі Германия тарапында соғысуға шешім қабылдады. Оған Мұстафа Шоқайдың үгіті мен ұстанымдары әсер етті. Мұстафаның арқасында "Түркістан" легионы құрылып, онда көбіне Орталық Азиядан шыққан түркі ұлттары соғысты. Мұстафаның ойы КСРО құласа, орнына түркі халықтарының басын қосатын ел құру болатын. Қазіргі уақытта "Түркістан" легионында қанша қазақ соғысқаны ббелгісіз, дегенмен олардан да ұрпақ қалуы мүмкіндігі жиі айтылады. Еуропадағы алғашқы қазақтар ретінде де осы азаматтарды айтсақ болады.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң, тағдырдың тезінен тарыдай шашылып кеткен қандастарды елге қайтаруға, көш ашуға бастама бастады. Саяси шешімдердің кесірінен қырғынға ұшыраған қазақ халқының сырттағы саны 6 миллионға жуық. Олардың барлығы да елге қайтып, отанына оралуға мүмкіндік алды. Сондықтан біз арнайы қандастарды елге әкелетін көш аштық. Осы уақытқа дейін миллионнан астам қазақ Атажұртқа қайта оралды. Біз елімізге әлі қайта оралмаған қандастармен қарым-қатынасты дамытып жатырмыз. Сырттағы қандастарға жыл сайын оқу гранттарын бөлудеміз. Арнайы таныстыру бағдарламалары бар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қандастармен байланысты арттырып жатырмыз.

26 мамырда Киевте Украинадағы қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті. Конгресс Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өтті және оны Қазақстан Республикасының Елшілігі мен қазақ диаспорасы ұйымдастырды.

Кездесудің басты мақсаты Украинадағы қазақ диаспорасын нығайту, шетелде тұратын қазақтардың салт-дәстүрін, өзіндік ерекшелігін, әдет-ғұрпын, тілі мен мәдениетін сақтау үшін қосымша жағдайлар жасау болды. Құрылтайға Украинаның түрлі аймақтарынан келген «қандастар», қазақ қауымдастығының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары және Украинаның халық депутаттары қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев студент жастар құрылымдарымен, ақсақалдар кеңесі және басқа да бейресми мекемелермен бірге Украина қазақтарының қауымдастығын құру туралы бастама көтерді.

«Қазақстан шетелдегі қазақ диаспораларын өте белсенді түрде қолдайды және олармен ынтымақтастықта болады. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Украинаның қазақ диаспорасымен тікелей өзара әрекеттесетін және ынтымақтастық жасайтын, ересектер мен балаларға арналған қазақ тілін үйренуге негіздейтін, онлайн курстар ұйымдастыратын «Отандастар» қоры құрылып, жұмыс істеуде. Қор аясында мәдени, іскерлік және басқа байланыстарды нығайту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», - деп атап өтті Кәлетаев.

Ол сондай-ақ өткен жылдың қараша айында Киевтің «Достық» қазақ қоғамымен және «Отандастар» қорымен бірлесе отырып, мәдени-гуманитарлық бағыттарды кеңейту, дамыту және нығайту алаңы ретінде «Абай» мәдени-іскерлік орталығын ресми түрде ашқанын айтты. Қазақстан мен Украинаның жеке және заңды тұлғалары арасындағы іскерлік байланыстар да артып, Украинадағы қандастарға ықпал етуде.

Украинаның этносаясат және ар-ождан бостандығы жөніндегі мемлекеттік қызметінің басшысы Олена Богдан, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Украинаның халық депутаты Сергей Нагорняк, Киевтегі «Достық» қазақ мәдени қоғамының жетекшісі Данияр Эгамбердиев, «Бірлік» қазақстандықтардың Харьков қалалық ұлттық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макка Каражанова, қазақ диаспорасының өкілдері Рүстем Жанғожа және Украинаның еңбек сіңірген әртісі Инеш Қыдырова жиында сөз сөйледі.

Қазақ диаспорасы белсенділерінің жиындағы ұраны ортақ мақсаттарға жету үшін күш-жігерді біріктіру қажеттілігі болды, оның ішінде қазақстан-украин достық қатынастарын одан әрі нығайту және дамыту мәселесі де кеңінен қаралды.

Өз кезегінде Украинаның халық депутаты С.Нагорняк Қазақстанға бірнеше рет жасаған сапарында қазақ халқының басқа этностарға деген жылы көзқарасын сезінгенін баса айтты. Онысы рас та. Қиын қыстау кезеңде мыңдаған, миллиондаған халықты аман алып қалған нақ осы қазақ халқы еді. Олардың ішінде миллионға жуық украин ұлты Қазақстанда тұрды, өмір сүріп, көбейді. Бұл тарихи шындық, дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Құрылтайға қатысушылар Қазақстандықтарға және әлемдегі барлық отандастарға, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған үндеу қабылдады. Құжат Қазақстанда жүргізілген саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық реформаларға қолдау білдіріп, біртұтас ұлтты мәңгілікке біріктіретін тарихи Отанмен ажырамас рухани байланысқа баса назар аударуға шақырады.

Сондай-ақ, жиын барысында партиялар жаңадан құрылған Қауымдастықтың басшысын сайлады. Бұл «Достық» қазақ мәдени қоғамының басшысы Данияр Эгамбердиев болатын. Айта кету керек, бұл шараға екі елдің шығармашылық топтары қатысты. Атап айтқанда, Украинаның еңбек сіңірген әртісі Инеш Кыдырова Роза Рымбаеваның «Атамекен» әнін орындады. Музыкалық құттықтаулар Димаш Құдайбергеннің украиналық фан-клубынан украин тілінде қазақтың халық әні «Дайдидауды» орындауымен жалғасын тапты. Сонымен қатар, «Туған Қазақстан» тақырыбында суреттер, балалар суреттерінің көрмесі өтті. Онда жастардың шығармашылығына баса көңіл бөлінді.

Жалпы Еуропадағы қазақтардың тарихы өте қызық. Олардың сонау жыраққа кетуінің артында үлкен трагедия жатыр. Түркияда тұратын қазақ ғалымы Әбдуақап Қараның айтуынша, алғашқы қазақтар Еуропаға екі түрлі бағытта және тарихи оқиға кезінде кеткен. Бірінші топ - өткен ғасырдың ортасына таман Қытайдан Түркияға қоныс аударған қазақтар. Олардың кейбіреулері 1960 жылдардан бастап Германия, Франция, Швеция, Голландия және Аустрияда шетелдік жұмыс күшін тарту туралы келісім бойынша қоныстанды. Екінші топ - 1920-1930 жылдары Қазақстаннан Ауғанстан мен Иранға қоныс аударған және сол жерден Еуропаға 1980 жылдары келген қазақтар. Екі топтың да кетуіне негіз болған коммунистік қысымның салдарынан. Зерттеуші және «Еуропа қазақтары» кітабының авторы Досан Баймолда Еуропадағы қазақтардың негізгі бөлігі Түркиядан шыққан дейді.

Тарихшы Гүлнар Мендіқұлованың айтуынша, Қазақстаннан тікелей Еуропа елдеріне қоныс аударған қазақтар да бар дейді. Қазақтардың Қазақстаннан Еуропаға қоныс аударуы Мұстафа Шоқайдың қоныс аударуынан басталды. Еуропадағы қазақ мигранттарының екінші толқыны - Кеңес-Германия соғысы кезінде тұтқынға түскен қазақтар, үшінші толқын - Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғылым мен білім, жұмыс бабымен барып жатқан қандастарымыз. Тарихшы Гүлнар Мендіқұлова Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Еуропада қалған қазақтардың ұрпақтары жоқ дейді. Алайда зерттеуші Досан Баймолда тарихшының бұл пікірімен келіспей, олардың ұрпақтары көп, алайда тілі мен тарихын, ұлттық болмысын ұмыта бастаған деп отыр. Украинадағы қазақтардың басым бөлігі одақта болған сәтте қоныс аударғандар. Кейбірі соғыс кезінен қалып қойған жандар. Жалпы жиынтығы Еуропа елдерінде қанша қазақ бар екенін нақты айту өте қиын. Еуропадағы қазақтар арасында жыл сайын құрылтайлар мен басқосулар ұйымдастырылып тұрады. Онда қазақ отбасылары жастарды бір-бірімен таныстырып, өзара пікір алмасып, отбасын құрсын деген ниетпен жиындар ұйымдастырады. Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа қауымдастықтар, диаспораларды қолдау жұмыстары іске асуда. Бұл ұмыт бола жаздаған Еуропа қазақтарының тілін қайта түлетуге сеп болуда.

Еуропа елдерінде тұратын қазақтардың нақты санын Еуропа қазақтарының өздері де, зерттеушілер де нақты білмейді. Тарихшы Гүлнар Мендіқұлова Еуропада бес мыңға жуық қазақ тұрады деп санайды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаевтың айтуынша Германияда 300-ге жуық, Францияда 200-ден астам, Швецияда 100-ден астам, Австрияда 20-ға жуық қазақ отбасы тұрады. Еуропадағы ең көп қазақтар тұратын Германиядағы Қазақстан елшілігінің мәліметі бойынша, елде мыңнан астам этникалық қазақтар бар. Алайда бұл нақты ақпарат емес. Себебі Еуропа елдеріндегі қазақтардың саны жыл сайын артып келеді. Ал кей қазақтар этникалық тұрғыдан ұлтын басқа ұлт ретінде жаздыратын сәттер де кездеседі.

Тәуелсіздік жоғалтқанды тауып, сөнгенді жағу үшін берілетін дүние. Қазақстан тәуелсіздікті сол мақсатта қолданып келеді. Сырттағы қандаспен кездесіп, Атажұрттан сәлем айтып, туған елдің ыстық лебізін жеткізу біз үшін аса маңызды. Тарыдай шашылған қазақтың басын тоғызыншы территорияға жинау жолындағы жұмысты әр қазақ қасиетті борышы санауы тиіс. Соғыс пен аштық, нәубет пен қудалау, ашаршылық жылдары кеткен қандасты сыртта қолдап, отанымызда демеу ұлтымыздың бір бағыты, мақсатына айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан сыртта талай жиынды өткізіп жатыр. Соның басым бөлігі қандастарға, шетелдегі қазақ диаспораларына арналған. Германия, Түркия мен Өзбекстан, Қытай мен Ресей, Украина мен Францияда арнайы жиындар өткізілуде. Алда үлкен басқосулар жоспарланып отыр. Бұл құптарлық, құп аларлық іс. Тәуелсіздіктің бізге берге, күллі қазаққа сыйлаған тәтті сыйы.

Abai.kz

0 пікір