Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3141 0 пікір 4 Мамыр, 2012 сағат 10:20

Шетелдік алпауыт компанияларға халыққа арнап әлеуметтік жобалар ұйымдастыруды міндеттеу керек

Аллаярбек АЙДОСОВ, техника ғылымының докторы, профессор:

2012 жылдың 5 мамырында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Механика және математика институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, техника ғылымының докторы Айдосов Аллаярбек 75 жасқа толады. Жарты ғасыр ғұмырын ғылым мен білім беру саласына арнаған, әлі де болса осы бағытынан таймаған ғалыммен мерейтой қарсаңында сұхбаттасуды жөн көрдік.

 

Аллаярбек АЙДОСОВ, техника ғылымының докторы, профессор:

2012 жылдың 5 мамырында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Механика және математика институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, техника ғылымының докторы Айдосов Аллаярбек 75 жасқа толады. Жарты ғасыр ғұмырын ғылым мен білім беру саласына арнаған, әлі де болса осы бағытынан таймаған ғалыммен мерейтой қарсаңында сұхбаттасуды жөн көрдік.

 

- Аға, 75 жылдық мерейтойы­ңыз құтты болсын! Қарап отырсам, өміріңіздің басым бөлігін білім беру саласына арнап келеді екенсіз. Бүгінде білім беру саласына айтылар сын көп. Осы саланың қазанында қайнаған маман ретінде білім беру саласында жыл сайын жасалатын өзгерістерге қалай қарайсыз?

- Білім беру саласында еңбек етіп келе жатқаныма 53 жылдан асты. Сонда көзім­нің жеткені мамандар өзгерісті, реформаны бекерден-бекер жасамайды. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын кредиттік тех­нологияны енгіздік. Бұл өзгеріс студенттер­дің өз бетімен көп ізденуіне жол ашты. Бұ­рын өзіміз көп сөйлеп, көп түсіндіріп сту­дент­тің өз білімін көрсетуіне аз уақыт қалдыратынбыз. Ал қазір олардың өз бетімен ізденіп, білімін ұштауына уақытты көп бөлеміз. Осылайша, білім көкжиегін кеңейткісі келген балаға мүмкіндік бердік. Рас, алғашқы кезде кредиттік технологияға да тосырқап қарадық. Бірақ бүгінде нәтижесі жаман емес. Техника ғылымының докторы болғандықтан негізгі зерттеу нысаным - физика, атмосфера. Сондықтан ғалым ретінде ауаның ластануы, ол неден пайда болады деген мәселелерді шешумен айналысып келемін. Осының негізінде ЖОО-да экология мәселелерінен сабақ беремін. Қазір ауаның ластануы топыраққа әсер етіп, топырақ арқылы өсімдіктерді өзгеріске ұшыратып, соңында экологиялық өзгерістер адамдар мен жан- жануарларға әсер ете бастады. Өсімдіктерге сіңген зиянды заттар азық- түлік арқылы адамдар­ға зиянын тигізуде. Экологияның осындай ауыр ахуалын ретке келтірмейінше, біз алдағы уақытта үлкен зиян шегеміз.

- Білім беру саласында қызмет еткеніңізге 50 жылдан асыпты. Алдыңыздан талай студент өтті. Осы орайда оқушылардың білім сапасын анықтаудың тестен басқа жүйесін ойлап табу мүмкін бе?

- Тест қысқа уақыт ішінде мыңдаған баланың білім сапасын бір сәтте анық­тайтыны болмаса, оқушылардың білім деңгейін анықтауда есті жүйе бола алмады. Осы жағынан келгенде, тестке менің де көңілім толған емес. Сондықтан оқушылар­дың білімін анықтаудың қосымша жүйесін ойластырса, артықтық етпес еді. Айта кетер жайт, біз мектеп бітіруші түлектердің білімін тестпен сынағанды қойып, бастауыш сы­нып­тарды да тестке байлап қойдық. Оқу­шылардың сыныптан сыныпқа көшуі де тест арқылы жүзеге асатын болды. Нәти­жесінде, ұрпағымыздың тілдік қоры кедей­леніп, ойын дұрыс жеткізуден қалып бара жатқанын байқап жүрміз.

- Еліміздегі базбір өндіріс орындарына улы түтінге фильтр қою туралы талапты орындата алмай келеміз. Бұл мәселені қалай шешуге болады?

- Өндіріс орындары экологиялық жағдайдың алдын алуға міндетті. Әйтсе де экологиялық жағдайдың алдын алудан гөрі, олар айыппұл төлей салуды жөн көреді. Оларға экологиялық жағдайдың алдын алмағаны үшін жасалатын жазаның жеңіл­дігі тәртіп сақтаудан гөрі, айыппұл төлей салуға итермелеп отыр. Сондықтан біз оларды тәртіпке үйретіп, міндеттегіміз кел­се жазаны ауырлатып, салынатын айып­пұл мөлшерін ұлғайтуымыз керек. Мәселен, Қарашығанақ кешеніне барып ол жердегі ауа райының экологиялық жағдайын тек­серген кезде жергілікті халық ауа құрамында зиянды заттардың көптігіне шағымданды. Ұйқыдан тұрғанда бастарының ауырып тұратындарын айтып жергілікті өнеркәсіп орындарына наразылықтарын білдіріп, 1990 жылы ақпан айында шеруге шықты. Алайда өнеркәсіп орындары олардың наразылықтарын жоққа шығарып, тіпті бұл бас ауруы «ұлтқа тән ауру» деген күлкілі қорытынды жасаған. Алайда тексере келе, ол жерде қазақтардан да басқа ұлттардың тұратынын ескере келіп, олардың дәлелде­ме­лерін жоққа шығардық. Сөйтсек, Қара­шығанақ кешені түнге қарай халық ұйық­таған соң улы заттарын ауаға шығарып тас­тайды екен. Ал біз кешеннен ауаға шығарылған заттардың ұйықтап жатқан халыққа кері әсер ететінін дәлелдеп шық­тық. Осы секілді еліміздегі әрбір кәсіпорын жергілікті тұрғындарға орасан зор зиянын тигізуде. Сондықтан елімізде өндіріс орын­дарын ашып, қыруар пайда тауып отырған шетелдік алпауыт компания­ларға экология­лық ахуалдың алдын алуды қатаң міндет­теу­мен бірге жергілікті халыққа арнап әлеуметтік жобалар ұйымдастыруды да міндеттеу қажет. Ол әлеуметтік жобалар халыққа арналып жасалынып, кез келген жергілікті тұрғындарының денсаулығын оңалтуға мүмкіндік туғызатындай болуы керек. Яғни кез келген жергілікті тұрғын өз аумағындағы өндіріс нысанының зиянымен қатар пайдасын да сезінуі керек.

- Экология саласын зерттеуге біршама уақытыңызды жұмсадыңыз. Жалпы, еліміздің экология мәселесін қандай дәрежеде деп бағалар едіңіз?

- Базбір елдермен салыстырғанда эко­логиялық жағдайымызды жақсы деп баға­лау­ға болады. Әйтсе де бұл тек салыстыр­малы түрде айтқанда. Өйткені экологиялық жағдайы ауыр жекелеген облыстарымыз, қалаларымыз жетерлік. Мен дәл қазір еліміздегі экологиялық мәселелерге бас ауыртпай отырмыз деп айта алмаймын. Біле білсек, ата-бабаларымыз экологиялық жағдайға аса мән берген. Мәселен, «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Арна көрсең, судың жолын аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген даналық сөздері арқылы экологияға мән беретінін көрсеткен. Яғни ата-баба­ларымыз экология мәселесіне айтарлықтай назар аударған. Әйтсе де соңғы кездері экологиялық сананы қалыптастыруға көңіл бөлуді қойдық. Қолымызға мылтық тиді екен деп, аң-құстарды қырамыз, пайдаға қызығып, балықтарды есепсіз аулаймыз, демалуға шығып, жаққан отымызды өшір­мей кетіп, артымызда қалған орманды, жасыл желекті өртеп кетеміз. Менің осыған жаным ауырады. Осы орайда мектептер мен ЖОО-да экология сабағын енгізіп, экологиялық сана қалыптастыруға ұмтыл­сақ дұрыс болар еді. Халықпен осы тұрғыда кешенді жұмыстар жүргізіп, табиғатты аялауға шақыру қажет.

- Ғасыр соңына қарай адамзат кесірінен әлемдік мұхиттар экологиясына келетін зиян жылына 2 трлн долларды құрайды екен. Бұл - әлемдік мұхиттарға химиялық тыңайтқыштардың, көмірқышқыл газы шығарынды­ларының және балықты шектен тыс аулаудың, яғни адамның теріс іс-әрекетінің салдарынан туын­дай­тын шығынды есептеу арқылы айтылып отырған көрсеткіш. Осы орайда әлем елдері экологиялық мәселелерді шешуде біріге алып отыр ма?

- Рас, кей кездері ортақ мәселелерді біріге отырып шешудің орнына «сендердің үлестерің көбірек» деп бір-біріне сілтейтін жағдайлар аз емес. Біз дүниежүзілік дең­гей­де экологиялық жағдайдың күрделенуі жаппай ашаршылыққа алып келетінін ұмыт­пауымыз керек. Әлем бойынша атқа­рылатын әрбір іс-әрекеттің экологиялық әсері бар. Оның зардаптарын да көріп жа­тырмыз. Осы уақытқа дейін өзен-көл­дер­дегі балықтар мен итбалықтардың, су жануарларының жағаға шығып, қырылып қалуы бірнеше мәрте кездесті. Бұл - адам  қолымен атқарылған теріс іс-әрекет­тердің нәтижесі. Осы орайда мемлекет адам мен табиғат арасында дұрыс қа­рым-қатынас орнауын қолға алуы керек. Экологияның алдын алу мақсатында жергі­лікті, аймақтық жұмыстар атқарылғанмен, халықаралық деңгейде бірнеше мемлекет біріге отырып алдын алу жұмыстарын жүр­гізіп жатқан жоқ. Мәселен, Арал теңізінің мәселесі - халықаралық деңгейдегі мәселе. Алайда, шын мәнінде, Қазақстаннан басқа ел оны қалыпқа келтіруді мойнына алып отырған жоқ. Сөз жүзінде айтылғанымен, іс жүзінде істеп отырғандары шамалы. Ал Арал теңізінің тартылуына басқа елдер айтар­лықтай себеп болды. Мәселен, Қыр­ғызстан Сырдария суын бізге керек кезде дұрыс жібермейді де, ал керек емес уақытта шектен тыс босатады. Осының салдарынан көктемде су тасқыны орын алып жатады. Осылайша, бізге Сырдария­ның пайдасынан тигізер зияны асып кетіп жатады. Осы секілді кезінде Арал теңізін де көрші елдер беталды пайдаланды. Ал бүгінгі күні экологиясының зардабын біз тартып отырмыз. Сондықтан экология мәселесіне әлем елдері бірдей бас қатырып, мәселені бірігіп шешу жағын ойласса дұрыс болар еді.

- Жақында ғалымдар әлемдегі ең лас қалалардың бірі - Алматы  деген қорытындыға келді. Кеңес одағы кезінде Алатауды тесу арқылы қалаға ауа айналы­мын өткізу, сол арқылы «тостаған­да» тұрған қаланың экологиялық мәселесін шешу жайы сөз болға­нын білеміз. Алайда одан бері қаланың экологиялық ауыр жағ­дайын шешетіндей істер атқа­рылған жоқ. Бүгінде Алматы­ның экологиялық мәселесін шеше алатындай үздік жоба бар ма?

- Алматы қаласының экологиялық жағдайының күрделенуіне ықпал еткен бірнеше фактор бар. Соның бірі бұрын қаладағы көшелердің бәрі бір бағытта тауға қарап орналасқан болатын. Соның нәтижесінде қаладағы ауа алмасу оңай жүретін. Сондай-ақ тұрғын үйлердің бірінші қабаты салынбай ауа өтетіндей тұғыр ретінде жасалатын. Нәтижесінде, ол үйлер­дің астынан ауа оңай өтетін. Қаладағы ауа алмасу жақсы жүргендіктен атмосфера  мұншалық­ты лас болмайтын. Қазір ол үй­лер­дің астының бәрі дүкендерге, шаштараз бен сән салондарына айналып, саңылау өтетін жердің бәрі бітелді. Сондай-ақ бір бағыттағы көшелер азайып тауға көлденең түсетін көшелер де көбейді. Негізі, мұның бәрі қаладағы ауа алмасуды азайтатын үрдістер. Тағы бір айта кетер жайт, кезінде Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бәрі біркелкі болатын. Қазір ауа толқынын жасайтын үйлер биіктеп кетті. Осылайша, қаланың төменгі бөлігіндегі ауа алмасу азайып, экологиялық жағдай күрделенді. Тіпті бұрынғыдай емес қалада тал-теректер мен ағаштардың да саны азайып барады. Мұның өзі қаланың экологиясына айтар­лықтай әсер етеді. Кесілген ағаштар орнына шыбық егу, көгалдандыру жұмыстары өте шабан жүреді. Шыбық қыстырсаң орманға айналатын Жетісудай керемет өлкенің экологиясын осылайша өзіміз күрделендіріп алдық. Осы уақытқа дейін Алматы қаласы­ның экологиялық жағдайын шешудің біршама ұсыныстары айтылды. Бірақ олардың ішінде үздік деп танылып, қол­да­нысқа енгізілгені жоқ. Соның бірі Көктөбеге үлкен желдеткіш қою туралы ұсыныс болатын. Бірақ артынан Алматыдай үлкен қалаға Көктөбедегі бір желдеткіштің аздық ететінін түсіндік. Осылайша, әзірге көпші­ліктің көңілінен шығатындай ұсыныс бол­май тұр. Мен де кезінде көше қиылыстарына көліктен шығатын улы түтінді сорып алып тұратын қондырғы орнату туралы ұсыныс жасағанмын. Алматыда көліктердің көп екенін және олардан шығатын улы түтіннің де қаланың ауасын бүлдіруге үлкен үлес қосып жатқанын ескерсек, бұл осы мәселені шешуге бағытталған тиімді ұсыныс еді. Алайда бұл ұсынысты қолдаушылар табыл­ғанымен іске асыра қоятын жан табылма­ды.

- Елімізде жыл сайын мыңда­ған маман ғылыми еңбектерін қорғап жатады. Бірақ олардың ішінде жазған еңбектерінің өндіріспен ұштасып жатқаны сирек. Мұның сыры неде?

- Елімізде қорғалып жатқан ғылыми еңбектердің қайсысы болмасын - іргелі еңбектер. Әйтсе де осы бір саладағы өзара байланыстың болмауынан ғылыми жаңалықтардың өмірімізге дендеп енуі кенжелеп қалуда. Сондықтан осы мәселені шешіп, ғылым мен өндірісті ұштастырудың тиімді жүйесін жасай алсақ, елімізге, экономикамыздың өркендеуіне де үлкен үлес қосар едік. Мемлекеттің болашағының қалай қалыптасуы жастардың білімі мен ғылымға деген ықыласына байланысты. Өкінішке қарай, соңғы кездері жастардың ғылымға бет бұруы бәсеңдеп барады. Ғалым атанудан гөрі, бизнесмен атануды жөн көретін жастар көбейді. Дипломын сандыққа салып, жастардың базарға бет бұруының өзі білімнің қадірін қашырды. Профессор деген сөздің де қадірі қалмады. Қазір кішкентай балалардың өзі профессор емес, бизнесмен болам деп сөйлейді. Өйт­кені профессордың атағы дардай болғаны­мен, жалақысы мардымсыз, қадірсіз ма­ман­ға айналды. Осылайша, жастар ғылым саласына бет бұруды қойды. Осыған жа­ным ауырады. Еліміздің ғылымсыз күні жоқ. Сондықтан жастардың білімге деген қызығушылығын оятып, ғылыммен айна­лы­суына жағдай жасау керек.

- Ғалымдар отбасы атанула­рыңыз да әлі де болса ғылым саласынан көңіліңіз қалмаған­дығы­нан болса керек...

- Иә-иә, жоғарыда айтып өткенімдей ғылым саласында жанымды ауыртар жайттар көп болса да ғылымнан күтерім көп. Жұбайым Құрбан - қазақ қыздары ішінде ең бірінші болып физика-математика ғылымдары саласынан кандидаттық қорғаған ғалым, профессор. Ұлым Ғалым - техника ғылымының докторы, профес­сор, ал келінім Сәуле биология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ мемле­кеттік университетінде кафедра меңге­рушісі. Алдағы уақытта да отбасы­мыздан шығар ғалымдар көп болатынына сенемін.

Алашқа айтарым

Мемлекеттің іргелі, қуатты, экономикасы дамыған мемлекетке айналуының екі жолы бар. Бірі жерасты қазба байлықтары арқылы болса, екінші жол адамның басы арқылы. Қазір көптеген елдер, шыны керек, адамдарының басы арқылы байып отыр. Ойлап табылған жаңалықтары сол замат өндіріске енгізіліп, бүкіләлемдік қолданысқа түсуі сол елді үлкен пайдаға кенелтіп отыр. Ал біз әзірге қазба байлықтарымызға иек артып алдық. Күндердің-күнінде жерасты қазба байлығымыз таусылған уақытта күніміз не болады деген ой мазалайды. Тіпті сол қазба байлығымызды ең болмаса өзіміз өңдеуге де тырысар емеспіз. Мәселен, бір ғана мұнайды өңдеу арқылы қалдықсыз нешетүрлі нәрсе ойлап табуға болады. Алайда мұнайдың тізгінін өзгеге беріп, беттеріне қарап отырмыз. Небір жаңалықтарды ойлап тапқан жастарымыз өз елінде қолдау таппаған соң, шекара асып кетуде. Осыған жаным ауырады. Қазба байлықтан гөрі, иығымыздағы басымызға сенер күн жеткен секілді.

Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір