Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 11835 9 пікір 24 Мамыр, 2021 сағат 16:37

Сабан ақша

(Әңгіме)

Қуыршақтай әдемі келіншек Ангелина Александровна Пак өзінің кабинетін ішінен жауып алып жылап отыр. Ол Алматыда жаңадан ашылған банк төрағасының орынбасары.

Еліктей сұлу келіншек Алма Исаханқызы өзінің кабинетінде қуанышы қойнына симай, күлімдеп отыр. Ол жаңадан ашылған фирманың директоры.

Қаланың екі басында бір сәтте бірі жылап, бірі күліп отырған екі келіншек. Екеуі де сұлу. Екеуі де нәзік. Жастары да қарайлас. Бұларға не болды?

Обшым, басынан бастайықшы. Бәрі неден басталып еді?

...Иә. Қарғыс атқыр жүз елу миллион сом! Мына сергелдең содан басталған еді ғой...

Тәуелсіздіктің таңы атқанына жарты жыл ғана уақыт болған. Жетпіс жыл бойы бір үйдің адамдарындай тату-тәтті күн кешкен он бес республиканың мәңгі мызғымастай көрінген Одағы тосап салған сүттей іріп, ыдырап кеткенімен барлық жерде «Ресей рублі» айналымда жүр. «Рубльдің» құнсызданып кеткені соншалық, ел ішінде «сабан ақша» аталып, сорлап тұрған шағы.

«Алаяқтар Ресейдің орталық банкінен төрт миллиард сомды үптеп кетіпті» деген хабар бұрынғы Кеңестер Одағының, бүгінгі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының төрт бұрышына түгел тарады. «Апыр-ай! Мұндай да болады екен-ау?!» дескен жұрт бұл ақпаратқа сенер-сенбесін білмей дал болды.

– Қалай үптепті?

– Сонда банк қайда қарап отырған?

– Мынау масқара ғой!

– Осынша ақшаны қалай ұрлаған?– десіп, көшеде кезіккен таныстар да, дастархан басына жиналған туыстар да таңданыстан ішектерін тартып, бастарын шайқасты.

Бір ай болмай сол көп ақшаның иісі Алматыдан шығады деп кім ойлаған? Анығын айтқанда ақшаның өзі емес, көп ақшаны чек арқылы қалай үптеу тәсілі жетіп келді.

Алма Исаханқызы өзі өз болып фирма ашқан соң айналымға салатын қаржының көзін іздей бастаған. Осы күнде үкіметтің тарапынан екінші деңгейлі банктердің жұмысын ұйымдастыру қызу қолға алынып, сонымен қабаттаса жекеменшік банктер де жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Несиеге өтініш берсең, қайтару мүмкіндігін анықтамай-ақ миллиондаған ақшаны лақ еткізетін «ақкөңіл» қаржы ұйымдары бірінен бірі асып түсіп жатыр. Алапейіл банктерден несие алудың қиындығы жоқ.

Бірақ несие – несібе емес. «Қарыз күліп келеді, жылап қайтады» дейді қазақ. Жылдық пайызы бидайықтан да биік сол ақшаны қалай айналдырудың жолдарын табу қиын.

Бұрын соңды түсіне де кірмеген нарықтық қатынастың талаптарын түсіне алмай дал болған жұрт: «Пәленше шамасына қарамай елу миллион сом несие алыпты. Енді оны қалай қайтарады? Сотталып тынады-ау?!» десіп, «Мәссаған! Түгенше банктен жүз миллион алыпты. Өлді деген осы шығар?!» десіп, естен танып, меңдуана жеген қойдай мәңгіріп жүр.

Әзірге саудагерлік кәсіпке тыжырына қарайтын қазақ үшін алып-сатудан басқа бизнестің жолы көрінбейді. Көрінген адам бір тиынды екі тиын ете алмайды. Оған ерекше қабілет пен тәжірибе керек.

Өз таныстары мен туыстарының ішінде бизнеске икемі бар ешкімді таба алмаған Алма Исаханқызы газетке: «Фирмаға коммерциялық директор, есепші бухгалтер керек» деген жарнама берді.

*      *      *

Жарнама газетке шыққан күннің ертесіне кеңсесіне асықпай келген. Үшінші қабатқа көтеріліп, сол жақ қанатқа бұрыла беріп еді дәлізде жасы отыздың үстіндегі бейтаныс орыс жігіті жылы ұшырасып амандасты. Мұнтаздай киініп, ақ жейдеге қызыл галстук таққан, ұзын бойлы, аспан көзді, келісті жігіт екен. Сұлу келіншек жігіттің өз соңынан қадала қарап тұрғанын  әйелге тән түйсікпен сезіп келеді. Ұзын дәліздің соңындағы кабинетінің алдына жеткенде иығына асынған ақ түсті қайыс сөмкесінің ішкі қалталарын ақтарып есіктің кілтін іздей бастады. Жаңа амандасқан кісі қасына жақындап келіп өте биязы, сыпайы түрмен:

– Кешірім өтінем! Газеттегі жарнаманы сіздер беріп пе едіңіздер?– деп сұрады. Сыпайлығы сондай, бейне бір патша сарайындағы ақсүйек ханшайымның алдында иіліп тұрған лакейше кішірейе сөйледі. Оның жұмсақ қоңыр дауысы Алманың құлағына жылы естілді. Көзінде де жарқылдаған сәуле бар екен.

– Не туралы? Қандай жарнаманы айтасыз?– деді бұл іші біліп тұрса да алғаш көрген бөгде адамға сыр бермеуге тырысып.

– Кешіріңіз! «Фирмаға коммерциялық директор керек» деген,– деп сыпайы кісі жай ғана жымиды. Езу тартқаны да өзіне әдемі жарасады екен. Сөйлескеннің өзі жағымды көрініп, Алманың көңілі көтеріле түсті.

– Иә, біз бергенбіз. Кіріңіз!– деп жалғыз бөлмелі, аумағы ат шаптырым кабинеттің есігін айқара ашты да,– Сіз жайғаса беріңіз. Қазір, терезені ашып қояйын,– деп қарсы беттегі тыныш баққа қарайтын терезені жартылай ашты.
Мамырдың күні сәске болмай қыза бастапты. Сырттан жылы леп кірді. Жұпыны кабинетте сөрелері бос ескі сары шкаф, ұзын қоңыр үстел, қара драппен қапталған айналмалы кресло, жеңіл темір аяқты төрт орындықтан өзге ештеңе жоқ. Оң жақ қабырғаға ұзынша келген дөңгелек айна, түрлі-түсті күнтізбелік плакат, сол жақтағы қабырғаға үлкен масштабты «Қазақстанның географиялық картасы» ілінген. Есіктің маңдайшасына қоладан жасалған аттың тағасы қағылыпты. Терезе жақтағы төргі қабырғадан Тұңғыш Президенттің сұсты портреті тесіле қарап тұр. Келген кісінің мысын басып тұрсын дегендей.

Тақтайлары қаңсып, сыры көше бастаған еденді сықырлатып барып Президент портретінің қасындағы өзінің орнына жайғасқан соң Алма сыпайы кісіге қарап:

– Құлағым сізде. Айта беріңіз,– деді.

– Әуелі танысып алсақ қалай болады?– деді бейтаныс адам жеңіл жымиып.

– Менің аты-жөнім Алма Исаханқызы,– Ол өзінің есімін әкесінің есімімен қосарландыра атағанды ұнатады. Солай атаса өзін кәдімгідей тәп-тәуір адам сезініп қалады. Тіпті ғылыммен айналысамын деп миы ашып кеткен доцент күйеуін де өзін солай атауға үйреткен. Бұған дейін өзі лобарант болып істеген Технологиялық институттағы кафедра қызметкерлері де, студенттер мен аспиранттар да түгел солай атайтын.

– Сергей Николаевич Платонов,– деп келген кісі қолын ұсынды. Алақаны мақтадай жұмсақ көрінді. Өмірінде қара жұмыс істемеген адам сияқты.

– Сіз бұрын бизнес саласында жұмыс істеп пе едіңіз?– деп сұрады Алма.

– Құрметті Алма Исаханқызы! Егер қарсы болмасаңыз ең әуелі мен сізге өз сұрақтарымды қойып алсам деп едім,– деді Сергей Николаевич қыздай сызылып. Алма іштей «Мына кісінікі қызық екен. Сонда менен не сұрамақшы?» десе де, әдептен аспайын деп:

– Қарсылығым жоқ. Сұрай беріңіз,– деді.

– Сіздің фирмаңыз қалай аталады?

– «Алан» компаниясы.

– Компания қызметінің бағыты қандай?

– Елдің бәрі сияқты сауда-саттықпен айналысамыз.

– Бизнесте тәжірибеңіз бар ма? Компанияның жылдық қаржы айналымы қалай? Есеп-шотыңызда қанша ақша бар?

– Жаңа ғана ашылған компания ғой. Тәжірибе де жоқ, ақша да жоқ. Тіпті телефон тартып та үлгермедік. Жұмысқа енді кіріссек деп отырмыз.  Жарнамада жаздық қой: «Коммерциялық директор, есепші-бухгалтер керек» деп. Жөні түзу адамдар болса, командамды осылай жасақтамақпын. Қазақта «Көш жүре түзеледі» деген жақсы мәтел бар. Орнымыздан қозғалсақ, арғы жағын көре жатармыз,– деді Алма шындығын айтып. Сергей Николаевич оның әр сөзін мұқият тыңдап «ымм...ымм» деумен болды.

– Алма Исаханқызы, тағы бір-екі жайтты сұрасам ренжімейсіз бе?

– Сұраңыз.

– Сіздің мамандығыңыз қандай?

– Оны қайтесіз?– деді Алма күліп.– Мен технологпын. Жеңіл өнеркәсіп саласының технологымын.

– Бұл өте маңызды нәрсе. Бұрын қаржылық құжаттармен жұмыс істеп көріп пе едіңіз? Бухгалтериядан, банк ісінен хабарыңыз бар ма?– деді Сергей Николаевич Алманың жүзіне үңіле түсіп.

– Бухгалтерияны аздап білемін. Банк ісін өмірдің өзі үйретеді. Ол жерде кеңесшілер бар ғой.

– Дегенмен бәрін білгеніңіз кедергі болмас еді. Енді басты мәселеге көшейін. Егер бірге жұмыс істесек, менің қызметімді қалай бағалар едіңіз? Айлыққа отырғызасыз ба, әлде өзім әкелген таза пайданың пайызын бересіз бе?

– Әзірге есеп-шотта қаражат жоқ. Егер бірге жұмыс істеуге келіссек, тапқан табысыңыздан пайыз беремін.

– Қанша пайыз?

– Оны уақыт көрсетер. Енді менің сұрақтарыма жауап берсеңіз. Сіз бұған дейін қайда жұмыс істедіңіз? Қайда тұрасыз?

– Жоқ, сіз пайыз туралы нақты айтыңыз?

– Өзіңіз қанша дер едіңіз?

– Мен біраз үлкен компанияларда қамтамасыз етуші «снабженец» болып істедім. Коммерциялық ұсыныстарым өте көп. Және бәрі де қолға алып кіріссе бітетін жұмыстар. Маған тек ойларымды іске асыратын компания керек. Тынбай еңбектенемін. Айлыққа отырмаймын. Түсірген пайдамның тең жартысын аламын. Сіз мына қабырғаға Қазақстанның картасын іліп қойыпсыз. Бұл картаның шеңберінен шығу керек. Мен Ресеймен қатынас орнатамын. Германиямен, Қытаймен алыс-беріс жасаймын. Ұсақ-түйекпен айналыспаймын. Ірі мегажобаларды қолға аламын. Бірақ сізге қоятын басты шартым бар: Маған еркіндік бересіз. Бір іске кіріссем еркін қимылдауым керек. Әрине, сізбен ақылдасып отырамын ғой. Сәті келгенде тиісті жерлерге қаржыны да өзім төлеуге мүмкіндік болса деймін. Сонда сіздің компанияңызды тез арада көтеріп беремін. Оған сене беріңіз,– деді Сергей сенімді сөйлеп.

– Олай болса өзіңіз компания ашып, соны көтере бермейсіз бе? Маған неге келдіңіз?– деп Алма сұрақты қабырғасынан қойды. Ішінен: «Мына кісінің айтқандары рас болса, нағыз маған керек адам осы екен ғой» деп отыр. Сергей Николаевич сасқан сыңай танытпады.

– Қымбатты Алма Исаханқызы! Жаңа таныссақ та сізге біраз сырымды ашық айтуға рұқсат етіңіз. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болады. Мен өз атыма фирма ашсам, ертеңіне органдар соңыма түсуі мүмкін. Алматыға отбасыммен көшіп келгеніме бір жыл болды. «Орбита» ықшам ауданында тұрамын. Оған дейін өзім туып-өскен Семейде тұрдым.

Осыдан екі жыл бұрын бір тірліктер бойынша органның адамдарымен жаға ұстасуыма тура келді. Әділдік бар деп жүрмін ғой. Қайдан білейін? Олай емес екен. Қазақстанда әділдікті ақымақ адам ғана іздейді. «Дәудің арты диірмен тартады» деген рас. Олар маған күн көрсетпей қойды. Қайда барсам да жолымды кесіп тастайды. Ресейге кетіп қалғым келді. Бірақ мен қазақтардың ішінде өскенмін. Өзімді Арғынның бір баласымын деп санаймын. Ресейлік орыстармен тіл табыса алмаспын дедім.

– Қылмыс жасап қашып жүрген жоқсыз ба әйтеуір? Әлде бірдеңені бөлісе алмай қалдыңыздар ма? Ол қандай жағдай еді?– деп сұрады Алма әйелдік қызығушылығы артып.

– Ой, Алма Исаханқызы! Сіз қандай сезімтал жан едіңіз?! Дәл таптыңыз. Олар менің үлесімді бермей қойды. Былайша айтқанда «лақтырып» кетті. Өз үлесімді даулап едім, бәлеге қалдым.

Қалалық милицияның бастығы жақын танысым болатын. Соған үлкен жоба туралы айттым. Семейдегі бір банк филиалының бастығы оның жақын туысы екен. Сол кісіге шығатын адам таппай жүргенмін. Қазақтарды өзіңіз білесіз ғой, туысқан десе жанын береді. «Сол туысыңмен таныстыр, немесе, осы жобаны өзің ұсын» дедім.

Жоба болғанда қандай жоба?! Набережные Челны қаласынан бір тиын да төлемей, елу «КамАЗ» машинасын алып келдім.

– Бір тиын төлемегені қалай?– деп Алма таңданысын жасыра алмады.

– Иә, иә! Бір тиын да төлеген жоқпыз. Кеңестік кезде ондай тәсілдердің мың-сан түрі бар еді ғой. «КамАЗ» зауыты мен уақытша бір фирма арасында келісім шарт жасалды. Семейдегі банк филиалы төлем тапсырмасының түбіртегіне елу «КамАЗ»-дың ақшасы толық төленгенін растап мөр басып берді. Бірақ ешқандай да төлем операциясы болған жоқ. Сол мөр басылған бір жапырақ түбіртек бойынша машиналар зауыттан жіберіле беретін. Қазақстанға келгенде олар үш есе бағасына сатылады. Былайша айтқанда, он жеті машина сатылса, елу машинаның орны жабылады деген сөз.

«КамАЗ» зауытындағылар екі аптадан кейін ақшаны іздей бастады. Сол кезде «Аударымнан қате кетіпті» деп, қайта аударғансып, соған дейін сатылып кеткен он жеті машинаның ақшасымен толық жаба салдық.  Қалған отыз үш машина тегін түсіп тұрған жоқ па? Үш машинаны әлгі милицияның бастығына беріп, басқасын банкпен тең бөлісетін болғанбыз. Екі туысқан өзара келісіп алып, маған үш машина беріп, қалған отызын өздері жоқ қылды. Бұл істері маған ұнамады. Соңы үлкен дау болып, қырқысып тындық. Бірақ, үш «КамАЗ»-дан өзге ештеңе ала алмадым. Керісінше, мені қорқытып-үркітіп, көрсетпегендері қалмады. Солар тағы да алдымнан шыға ма деп фирма ашпай жүрмін. Маған сенгеніңізді қалаймын,– деді Платонов. Сөйлеген сайын  оның сөзінің шынайылығына иланған Алма Исаханқызы оған құрметпен қарай бастады.

– Сіз айтқан шарттармен келісемін. Менімен бірге жұмыс жасауға сіз келісесіз бе?– деп Платоновқа сұраулы жүзбен қарады.

– О не дегеніңіз, Алма Исаханқызы?! Сіздей сұлу келіншектің сөзінен бас тарту мүмкін бе? Маған бүгіннен бастап бұйрық шығарсаңыз да болады. Екеуміздің арамыздағы келісім шартты ертең өзім дайындап әкелейін. Сізбен танысқаныма өзімді бақытты санап отырмын. Айтпақшы сіз қай жердің тумасы боласыз?

– Өскеменнен.

– Міне, көрдіңіз бе? Тіпті жерлес екенбіз ғой. Сіз орыс тіліне жетік екенсіз,– деді Сергей Николаевич.

– А-а, мен мектепте де, институтта да орысша оқығанмын. Қайта қазақшам сәл нашарлау.– Екеуі бірге күлді.

Сол күні Платонов «Алан» компаниясының коммерциялық директоры болып шықты.

Арада екі күн өткен соң газеттегі жарнама бойынша Алма Исаханқызының алдында жасы елуге таяған етжеңді әйел отырды. Қытайдан оралған қазақ екен. Арғы бетте де, елге оралған соң да тек бухгалтер-экономист қызметін атқарыпты. Осы салада отыз жылдық еңбек өтілі бар. Есімі Ұлжан. Түрі шаршаңқы. Тағдырдың тәшпішін көп көрген адам сияқты. Біреуден тауып алған жалғыз қызы бойжетіп қалыпты. «Ақсай» ықшам ауданында екі бөлмелі пәтерде тұрамын деді. Біраз әңгімелесіп, өз ісін білетін адам екендігіне көзі жеткен соң Алма оны да жарты ставкаға жұмысқа қабылдады. Ол кісі басқа фирмалардың да есеп-қисабын қатар жүргізетінін айтты. Қаладағы бір корпорацияның штаттағы бухгалтері көрінеді. Ол «Алан» компаниясының барлық есеп-қисабын өз қолына алатын болды.

*      *      *

Платонов келгелі «Аланның» жұмысы алға басып жүре берді. Сергей Николаевич аңқылдаған адал, жұмысқа берілген, өте іскер адам екен. Жан-жақтан жұлып-тартып «Алан» компаниясының есеп-шотына ақша түсіре бастады. Алма да сөзінде тұрып, оған уәделі пайызын келісім шартқа сай төлеп тұрды. Сергей Николаевичтің арқасында «Алан» компаниясы несиеге мұқтаж болмады.

Платоновтың көк түсті «Жигули» машинасы бар. Екеуі сол көлікпен күнұзақ бірге жүреді. Жақын адамдардай сыр ашып, жүрек түбіндегі сырларын жасырмай айтатын жағдайға жетті.

Сергей Николаевич әзіл-қалжыңға да шебер-ақ. Кейде Алманы көзінен жасы аққанша күлдіреді. Оны еркелетіп, Алмуша деп атайтынды шығарды. Өзінің күйеуіне есімі мен әкесінің есімін қосақтатып айтқызатын сұлу келіншек сыпайы Платоновтың еркелеткенін іштей ұнатып тұратын болды.

– Эврика!– деді бір күні Платонов.– Эврика! Алмуша, екеуміз ақшаның астында қалатын болдық!

– Тағы не ойлап таптыңыз?– деді Алма таңданып.

– Бұқтырылған ет! «Тушонка»!

– Сонымен?..

– Сиыр етінен жасалған «тушонка» сатамыз,– деді Сергей қуанышын жасыра алмай. Алма әлі түсінбей тұр. Бірақ Сергей Николаевичтің бекер сөйлемейтінін біліп алған еді. Бір жақсылық күтті.

– Айтсаңызшы енді,– деді еркелей сөйлеп.

– Алматының ет комбинаты бар емес пе? Қазір сол ұйым акционерлік қоғамға айналған. Президенті Шымкенттен келген Кетебаев деген қазақ. Шіріген бай. Соның вице-президентіне шықтым. Тюрин Володя деген. Былай етеміз: Мен сұрап анықтадым. Бір вагонда сексен төрт мың банка бұқтырылған сиыр еті болады екен. Әр банкасының бағасы базарда  мың төрт жүз сом тұрады. Көтерме саудада ең кемі бір мың сом. Ал бізге комбинаттың өз бағасымен әр банкасын бес жүз сомнан беретін болды. Бір вагонын қырық екі миллион сомға алып, сексен төрт миллионға сатамыз да, бума-бума ақшаны бұрқыратып қалтамызға басып отыра береміз.

– Оны сатып алатын ақша қайда?– деді Алма басын шайқап.

– Ештеңе уайымдама, Алмуша! Бір тиын да ақша салмаймыз. Сен Сергей Николаевичті білесің ғой. Жоқ жерден ақша жасайтын бүгінгі Остап Бендер дегеніңіз мен болам. Қоғамдағы ақымақтықтың бәрін өз пайдамызға шешуіміз керек. Остап Бендерді осы жұрт ақымақ дейді, керісінше, ол сол кездегі қоғамды ақымақ қылған адам. Енді түсіндің бе?

– Түсінсем бұйырмасын. Сергей Николаевич жұмбақтамай айтыңызшы.

– Айтқанда былай: Тюрин бізге бухгалтериясынан бір вагон «тушонкаға» төлемге арналған шот алып береді. Шотты бір апта ішінде төлеу керек. Ал біз оны үш-төрт күнде басқаларға екі есе бағасына сатып үлгіреміз. Комбинатқа  төленуге тиіс қаржыны оның есеп-шотына аудартамыз. Біз тіпті саусақ қимылдатпаймыз. Сатып алған адамдар «тушонканы» комбинаттан артып алып кетеді. Вагондағы тауардың жарты бағасын нақты ақшамен аламыз. Чемодан-чемодан ақшаны офиске әкеліп беретін қыламыз. Ал Тюринге өзіміз алған қырық екі миллионның он пайызын сыйлық ретінде береміз. Төрт миллион екі жүз мың сом. Қалғанын тең бөліп аламыз. Әр вагонды сатқан сайын сенің қалтаңа он тоғыз миллион сом түседі. Мұным қалай, Алмуша?– деп қасында тұрған еліктей сұлуды нәзік белінен құшақтап, жерден көтерді де бір айналдырып, бетінен сүйіп-сүйіп алды. Оның қуанғанын көріп, әрі бопыраған қыруар ақшаны елестетіп Алма да риза болып қалды.

Платонов – комбинатор. Шығармайтыны жоқ. Бір нәрсенің мүйізі көрінсе құлағымен қосып жұлып алады. Бұлар екі айда төрт вагон бұқтырылған етті қыл үстінен сатып жіберді. Ешқандай қылмыстың ізі білінбейді. Ет комбинатына ақша төленіп жатыр. Вагон-вагон «тушонка» комбинаттан артылып кетіп жатыр. Бәрі заңды. Тюрин де разы болғандықтан тегін шотты он пайызға пұлдап, қайта-қайта шығарып берді. Платонов бір жапырақ қағаздан адамның басы айналатын ақша жасап, Алма екеуі аяқ астынан шаш-етектен қарық болды. Нақты ақша чемоданмен, қаппен келіп жатқанда сұлу келіншектің басы қалай айналмасын. Ол соңғы екі айда кабинетінен шықпай-ақ сексен миллион сом пайда көрді.

Алма Исаханқызы аз уақыттың ішінде өзгеріп шыға келді. Тау етегінен үлкен үй, астына елде жоқ қымбат машина сатып алды. Гауһар мен алтыннан қымбат әшекейлер тақты. Ақшаны күреп тауып жатқан соң майбас күйеуін менсінбейтін болды. Араласып жүрген құрбылары мен достарына шекеден қарайтынды шығарды. Олар да бұның мастана бастағанын сезіп, іргесін аулақ салуға көшті. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас. Пішту!» десті. Күйеуінің құрдастары: «Әй, мәнжубас! Үйстіп жүріп сұлу қатыныңнан айырылып қалма!» деп ескерте бастады.

Сергей Николаевичтың да есебі түгел. Алма тапқан сексен миллионды ол да тапты. Бірақ ел-жұрттың көзіне түспеу үшін ескі көк «Жигулиін» тепеңдетіп, еңбекторыдай тепкілеп мініп жүре берді. Ақшасы көп адамға тіпті ұқсамайды.

*      *      *

Платоновтың бір жаман әдеті бар екен. «Запой» деген. Жап-жақсы адам болып жүреді-жүреді де бір күнде зым-зия жоқ болып жоғалады. Не өлі, не тірі екенін білмей Алма сасқалақтайды. Өйткені оның Сергей Николаевичсіз күні жоқ. Ал ол болса қатыны мен он екі жасар баласын басқа жаққа қуып жіберіп, үйге қамалып алып шарап ішеді. Күн ішеді, түн ішеді. Мына жарық әлемнен жырақ кетіп, еденге аунап, сандырақтап жатады.

Жұмыста жаны қысылған бір күні Алма оны үйіне іздеп барды. Қоңырауды қанша басса да іштегі мас адамның есікті ашуға әл-дірмәні жетпеді. Платонов есікке дейін пластунша жылжып жетті де, орнынан көтеріле алмағандықтан ағаш есіктің астындағы саңылаудан жүз сомның ұшын шығарды. Қырылдаған дауысы сыртта тұрған Алмаға үзіліп-үзіліп естілді.

– Бір бөтелке шарап әкеліп бер!– деді әрең сөйлеп.

– Қап! Мына кісіні-ай!– деп күйінсе де Алма адамгершіліктен шықпайын дегендей ақшаны алып, дүкенге қарай құлдыраңдады. Айтқан шарабын алып, пәтердің алдына қайта келді. Есіктің сыртынан құлағын тақап тың тыңдап еді, лоқсып, құсып жатқан дауыс естілді. Бұл жиіркене тыжырынып: «Мына кісі ішсе шошқа болып кетеді екен-ау» деді ішінен. Сонда да әкелген шарапты сыртқа тастап кетпейін деп есікті қатты-қатты қақты. Әйтеуір бір мезетте Платонов есікті ашты-ау.

Оның түрін көргенде Алма өз көзіне өзі сене алмады. Бұл білетін мәдениетті, сыпайы Платоновтың жұрнағы да қалмапты. Алдында азып-тозған албасты тұрғандай болды. Әкелген бөтелкені босағадан аспай, қолына ұстата салды да, өлердей сасып тұрған маскүнем адамның түріне қайта қарағысы келмей, ұшынардай жиіркеніп, кері қарай безіп берді.

«Запой» кемі он күнге созылады екен. Студент күнінде Алма атақты ақын Александар Блоктың күнделіктерін оқығаны бар еді. Сонда ақынның күнделігі күн санап жалғасып келеді де, бір тұсқа келгенде он шақты күн үзіліп қалады. Сол он күннің опырайған орнында «Запой» деген бір-ақ сөз бажырайып тұратын. Сөйтсе ол да сол кезде мына Платонов сияқты мұңсыздың күйін кешіп жатады екен ғой.

Сергей Николаевич он екінші күні жұмысқа шықты. Сақал-мұртын  қырынып, мұнтаздай киініп, галстук тағып, жеңіл жұпарлы иіссу сеуіп алыпты. Дәл алғашқы көргендегідей сыпайы, мінәйі қалыпқа түсе қалыпты. Дегенмен өзін кінәлі жандай сезініп, жанарлары төменшіктей береді. Алма оған әуелі көзінің астымен қарады да:

– Қош көрдік, Остап Бендер мырза! Одессадан қайттыңыз ба?– деді артынша жымиып.

– Алма Исаханқызы! Сіз маған ренжи көрмеңіз. Мен жеті қат көктен асып, Ұлы Рухпен тілдесіп қайттым,– деді Платонов төмен қараған күйі.

– Сіз жоқта мына бухгалтер Ұлжан әбден мазамды алып болды,– деп Алма оған мұңын шақты.

– Сонда қалай? Ол не дейді?

– Тюринге соңғы төрт миллион екі жүз мың сомды лимиттік чектен алып берген жоқ па едік? «Не үшін? Кімге берілді?» деп Ұлжан соны тықылдап сұрап қоймады. Тюринге бергенімді айтып едім, қып-қызыл пәлеге қалдым. «Сендер пара беріп жүр екенсіңдер. Бұдан былай менің айтқанымды істемесеңдер, мен қаржы бақылаушы ұйымдарға шағынамын. Мына чек барда тырп ете алмайсыңдар. Сотталып кетесіңдер» дейді. «Маған тоңазытқыш әпересің, үйіме жиһаз әпересің, жөндеу жұмыстарын жүргізіп бересің. Әйтпесе сендерді ұстап беріп, құртам!» дейді. Не істесек болады? Сіздің келгеніңіз жақсы болды ғой. Кіммен ақылдасарымды білмей отыр едім,– деді Алма түңілгендей болып.

– Сіз үлкен қателік жіберіпсіз, Алма Исаханқызы. Ондай құпияны бухгалтерге өмірде айтуға болмайды. «Құпия ішіңде жатқанда сенің құлың, сыртыңа шықса сен оның құлысың» деген. Екі туып бір қалғаның болса да құпияңды ешкімге айтпауың керек. Енді ол әйел солай қорқытып-үркіте береді. Бұл бухгалтерден тез арада құтылу керек.

– Қалай? «Жұмыстан шығасың» дейміз бе?

Платонов: «Аса қымбатты Алма Исаханқызы...» деп келе жатыр еді Алма кесіп тастады:

– Сергей Николаевич! Сізге не болды, сонша мәймөңкелеп? «Алма Исаханқызы! Алма Исаханқызы!» деп. Әдеттегідей «Алмуша», «сен» деп айта беріңізші. Қойыңызшы осындай әртістікті,– деді наздана бұртиып. Платонов Алманың әдемі жанарларына қарап жымида да:

– Жарайды, Алмуша! Мен нетіп... Сәл кінәлі болған соң...– деді балаша қипақтап.– Қалағаның болсын! Бұдан былай қайталанбайды.

– Бәсе, енді өзіңізге келдіңіз. Сонымен не істейміз?

– Ол қатын барып тұрған сұрқия екен!– деді әйелдің жан дүниесін жақсы білетін Платонов Алманың айызы қана түссін деп,– О бастағы мақсаты осындай кілтипан табу болған ғой. Бухгалтер сенімді адам болмаса қиын. Көшеден алуға болмайды.

– Олай десеңіз, сізді де көшеден алдым ғой. Онда тұрған не бар?– деп қалды Алма.

– Мен, мен ғой. Бәрі адамға байланысты. Менің ойым таза, саған адалмын. Ал мына әйелдің ойы бұзық болып тұр. Бір амалын тауып, тез құтылу керек.

– Ойы бұзық болмаса екі ай жұмыс істемей жатып осындай «шантажға» бара ма? «Сіз боссыз! Бара беріңіз!» дейміз бе?

– Жо-жоқ! Мұндай адамдармен ұрысып-керісуге болмайды. Ол өте қауіпті. Іші-бауырына кіріп, алдаусыратып, сыйластықпен шығарып салу керек. Қанша уақыт өтсе де өзіңе қарсы әрекетке бармайтындай болсын.

– Сонда маған не істе дейсіз?

– Оның айтқанын істе. Тоңазытқышын әпер де, фирманы жабатын болдық де. Есебін өткізсін де кете берсін.

Бұлар солай келісті. Бірақ Ұлжан бухгалтер оңай шағылатын жаңғақ емес-тін. Өзінің отыз жылдық тәжірибесінде талай сығыркөзді көрген кәнігі мыстан еді. Аңқылдақ Алманың арғы ойын бірден-ақ біліп қойды. «Сен менімен ойнап жүр екенсің. Мен саған көрсетейін!» деп өз талабын орындатуға көшті. «Менің айтқанымды істемейінше бұл фирма жабылмайды» деп кесіп айтты. Ертеңіне тоңазытқышқа, пәтерін жөндетуге, жиһазға керек деп он миллион сомның есебін алып келді. Обалы не керек, Алма Ұлжанның қолына он миллион сомды нақты ақша түрінде санап беріп, әрең құтылды. Дегені болған соң Ұлжан: «Ал қарағым, енді фирмаңды жаба бер!» деп бухгалтерияның есеп құжаттарын Алманың үстелінің үстіне лақтырып кетті. Бір сәттік ашық ауыздығы үшін оңбай таяқ жесе де, күшала жалағандай іші ашып күйінсе де Алма қабырғасынан күйреп қалған жоқ. Қолында бар көп ақшаға сүйенді.  Сергей Николаевич аман болса он миллион сом тағы да табылар деп сабырға келді. Ұлжанның орнына өзінің биязы мінезді, қойдай жуас туыс сіңлісін штатқа отырғызды.

*      *      *

Платонов туралы ойлағанда Алма қателескен жоқ. Нағыз арқа сүйейтін азамат. Үнемі күлімдеп жүреді. Сөйтіп жүріп-ақ бір ойдан бір ойды балалатып, бір жұмыстан екінші тірліктің ұшын шығарып алады. Кеше офиске соғып:

– Алмуша, саған бір «сюрпризім» бар!– деді ол.

– Ол қандай «сюрприз»?

– Енді «Халва» сатамыз.

– Қойыңызшы.

– Қоятын ештеңесі де жоқ. Қолда тұрған нәрсе.

– Ой, Остап Бендерім-ай! Тағы не шығардыңыз?– деді Алма үміттене қарап.

– «Жеміс-консерві зауытымен» жұмыс істейміз. Зинаида Васильевна деген танысым сонда директордың орынбасары еді. Сол кісімен келісіп келдім. Ешқандай ақша шығармаймыз. Ет комбинатында қолданған әдіс бойынша зауыттың «Халвасын» сыртынан сатып отырамыз. Екі есе қайтарыммен сатылады екен. Зинаидаға таза пайдамыздың он пайызын беріп тұрамыз. Ақшаға батамыз!– деді Платонов Алманың нәзік қолын қысып. «Тушонка» сатып көп ақшаға дәндеп қалған Алманың көздері күлімдеп шыға келді.

– Ал, онда не тұрыс? Іске кірісейік!– деп алақанын ысқылап қуанды.

Екеулеп «Халва» сатып алушы компанияларды іздеуге кірісті. Алма Исаханқызының алдына нақты ақша тағы да чемоданмен келе бастады.  Бұл әрекеттен олар бір ай ішінде алпыс миллион сом пайда тауып, қақ ортасынан тең жарып бөліп алды.

– Қашанғы тышқаншылап жүреміз. Мұның бәрі ұсақ-түйек шаруалар. Менің басыммен біз миллиардер болуымыз керек қой. «Үлкен кемеге үлкен айдын керек». Маған кеңістік жетпей жатыр,– деді бірде Платонов.

– Сергей Николаевич! Жағдайымыз жаман емес қой. Шампан зауытының шампанын да саттық. «Горный Гигант» шаруашылығының алмасын да саттық. Бір тиын шығармай Владивосток, Хабаровскіге алма жеткізіп, қыруар ақша түсірдік. Сізге не болды?– деп Алма оның жауабын тосты.

– Бизнеске ақшаны ақымақтар салады. Банктің несиесін де жарыместер алады. Ақылды адам жоқтан бар жасайды. Заман қолайлы болып тұрғанда қолдан келгенше қимылдап қалу керек. Ертең Қазақстанның өз валютасы шықса Ресеймен жұмыс істеу қиынға соғады. Конвертация жағы қалай болатынын кім біледі? Сондықтан Ресеймен бүгін жұмыс істеп қалайық. Менде бір керемет идея бар. Жобаны құжаттау жағынан сенің көмегің керек. Ижевскінің «Москвич» шығаратын автомобиль зауытынан бір мың «Пирожковоз», немесе, Толяттидің зауытынан бір мың «Жигули» алып келуге болады.– деп Платонов алдына ақ парақ алып, жаңа жобаның есебін жаза бастады.

– Мың машина?!– деп Алманың көзі бақырайып, ауызы ашылып қалды.– Оны да қалтаңыздан ақша шығармай алып келесіз бе?

– Әрине, қымбаттым!– деді Сергей сыпайы ғана үн қатып,– Сен қасымда болып, қол ұшын берсең болды. Толяттидің бағыты Ижевскі бағытына қарағанда тиімсіздеу. Сондықтан «Пирожковоз» мәселесін қолға алайық.

– Ой, Остап Бендер! Остап Бендер! Сіз мені таңдандырып-ақ өлтіретін шығарсыз. Мың машина деген менің миыма симайды. Не істемекшісіз? Айтыңызшы,– деді еркелей сөйлеген Алма күлімдеп, Платоновқа ынтыққандай көзін сүзіп.

– Не істейтіні бар? Әуелі екеуміз қол ұстасып Ижевскідегі зауытқа барамыз. Келісім шартқа отырамыз. Зауыттың босату бағасы бойынша бір «Пирожковоз» үш миллион сом тұрады. Алматыға жеткізу қызметімен үш жарым миллионға айналады екен. Бізде жеке саудада әр данасы он екі миллионнан сатылып жатыр.

– Ижевскідегі зауытта сіздің танысыңыз бар ма? Әкелген күнде де мың машинаны қайда сыйдырасыз? Қалай сатасыз оны?

– Танысты табамыз. Ол қиын шаруа емес. Зауыт директорының хатшысы болу керек. Ондай жерде әдемі қыздар отырады. Олар әдетте басшының нақсүйері болады. Сол хатшы қызбен телефон арқылы таныссақ болды, мәселенің бәрі оңынан шешіледі дей бер. Директордың тамырын басып, қалауын таба аламыз. Сол қыз бізге көмектеседі.

– Әй, серім-ай! Қайдағыны ойлап қоясыз-ау!

– Алматыда техникамен қамтамасыз ететін республикалық мекеме бар. Оның бастығы Андрей Андреевич Козлов деген кісімен таныстым. Әр тоқсанда екі жүз елу машинадан, бір жылда мың машина аламыз деді. Бізге олар әр машина үшін төрт жарым миллион сом аударады. Ал өздері оны он миллионнан бірден-ақ таратып жібереді. Бізге әр машинадан бір миллион сом қалады. Мың машинадан бір миллиард сом аламыз. Козлов екі есе пайда табады. Міне, миллиардер болдың деген осы емес пе?!– деп Платонов жаңа ғана шимайлаған парақты Алманың қолына ұстатты.

Алманың таңданысында шек жоқ. Миллиард! Миллиард! Түсіне кірмеген сандар ғой. Тағы да бір тиын шығынсыз. Мынау Сергей Николаевич – ұлы комбинатор-ау! Осының бәрін қайдан шығара береді десеңізші.

Құдай сәтін салып, ойлаған мақсатқа жеткендей болса Алма кімге қарайды? Күнін әрең көріп жүрген адамдармен сөйлеспек түгілі, әуелі амандасар ма екен? Кешегі институтта өзіне зәбірлік көрсетіп, жұмыстан босатқан декансымақтың қолын да алмайды ғой. Декан түгіл өзін құдай санайтын ректорға да бұрылып қарамас. «Ой, Құдайым-ай! Өзің жар бола гөр!» деп алақандарымен бетін басып, тәтті қиялға берілді.

*      *      *

Қараша айының басында Платонов айтқандай екеуі қол ұстасып, Алматыдан Екатеринбург арқылы ұшып, кешкілікте Ижевск қаласына жетті. Бастауыш сыныптарда оқитын ұлы мен қызын доцент күйеуіне тапсырып, «бұйырса екі-үш күнде келіп қаламын» деді. Алманың Платоновпен бірге алыс жолға шықаны алғаш рет.

Сапарға бірге шыққанда адамды жақынырақ танисың. Сергей Николаевич не деген мейірімді жан еді. Алматының әуежайына келгеннен бастап бұның асты-үстіне түсіп, баладай бәйек болды. Әйелдің көңілін табуға келгенде ол алдына жан салмайтын. Әр ісімен Алманың жас көңілін майдай ерітті.

Платонов автозауыттың басшыларын телефонмен-ақ байлап тастаған. Директордың хатшы қызы Таняның түрін көрмесе де телефонмен сыпайы сөйлеп, айналып-толғанып сілесін қатырды. Бұл телефон соқса Таня байырғы танысымен сөйлескендей: «О, Сергей Николаевич! Есенсіз бе? Алматы қалай?» деп елпеңдеп қалады.

Платонов Таня арқылы зауыт директоры Панкратовқа шықты. Панкратовпен де дос адамдай еркін сөйлесе беретін болды. Өзін Алматыдағы зергерлік бұйымдар шығаратын «Алан» деген алпауыт компанияның коммерциялық директорымын деп, Алма Исаханқызын сол атақты компанияның Бас директоры деп таныстырған.

Ол жолға шығарда Танядан: «Сіздерге Алматыдан не әкелейік?» деп сұрады. Ұяң үнді Таня  қысылғандай болып: «Аса әуре болмаңыз. Михаил Василевичке аздаған болгар бұрышы мен сарымсақ әкелсеңіз болады» деген. «Көрдің бе? Біздегідей емес, бұларда нысап бар» деді Платонов Алмаға.

Бұлар көк базардан таңдап жүріп бес келі болгар бұрышын, бес келі сарымсақ сатып алды. Содан кейін қыз-келіншектердің құлағына, мойнына, саусағына салатын қазақы оюлары бар түрлі арзан әшекей «бижутериядан» бір уысын сарттай саудаласып, бағасын әбден түсіріп алып: «Мыналарды өзіміздің зергерлік бұйымдар комбинатында жасалған заттар деп сыйлаймыз» деп қойды. Әшекейлі қаламсаптан, от тұтандырғыштан да біразын салды. «Күлшелі бала сүйкімді. Бұларды бөлімдердің бастықтарына бір-бірден ұстатамыз» деді.

Ұшақ «Ижевск» әуежайына қонғанда ымырт үйіріліп қалған сәт еді. Автозауыт директоры Михаил Василевич Панкратов Алматыдан келетін сыйлы қонақтарды әуежайдан күтіп алуға арнайы машина жіберіпті. Күтіп алушы Алексей деген жігіт бұларды зауыттың қонақ үйіне алып келді. Екеуін төртінші қабатта қатар орналасқан люкс нөмірлерге жеке-жеке жайғастырды. Төбесі биік бөлмелер мұнтаздай таза, жап-жаңа жиһаздары жарқырап тұр. Мамық төсектері бес жұлдызды отельдің төсегіндей кең.  Бірінші қабатта мейрамханасы да бар екен.

– Сіздер демала беріңіздер. Ертең таңғы сағат тоғыз жарымда өзім келіп, алып кетемін. Михаил Васильевич сіздерді сағат онда қабылдайды,– деді Алексей кетерінде. Сергей Николаевич Алматыдан Панкратовқа арнап әкелген сыйларын оның машинасына салып берді. Алма екеуі: «Жуынып-шайынып, аяқ созып алайық. Кешкі асты бірге ішерміз» деп келісті.

Бұлар кешкі ас ішуге түскенде мейрамханада келушілер жоқ екен. Елгезек даяшы қыз екеуін жылы жүзбен қарсы алып, жайлы орынға отырғызды да ас мәзірін ұсынды.

– Ал, Алмуша! Қалағаныңша тапсырыс бере бер. Бүгін екеуміз бір жырғайық. Алғаш рет жолға бірге шығып тұрмыз ғой, жақсылап бір адам сияқты демалайықшы,– деп Сергей Николаевич темекі тұтатты.

– Мен де сигарет тартайыншы,– деп Алма сөмкесінен темекісін алды.

– Маған сұлу келіншектердің темекі тартқаны ұнайды,– деді Платонов күлімсіреп,– Жалпы, сұлу әйелге бәрі жарасып тұрады ғой. Қарашы, темекі тартқанда қандай әдемі болып кетесің!

– Қойыңызшы, адамды ұялтпай,– деп Алма қысылғандай болды.

– Ал шарап ішкен әйел одан да сұлу көрінеді. Қымбат шараптан аздап көрсек қайтеді?

– Ертең жауапты күн. Соны ішпей-ақ қойғанымыз дұрыс.

– Алмуша! Аздап қана, ауыз тиеміз де қоямыз,– деп Сергей даяшы қызды шақырып алды,– Жақсы шараптарыңыз бар ма? Әрі жеңіл, әрі тәтті болсын.

– Грузин шарабы бар. «Аллазани». Жартылай тәтті қызыл шарап,– деді даяшы.

– Содан біреуін алып келіңізші.

– Сергей Николаевич! Аздап қана дегеніңіз қане? Бір бөтелке көп қой,– деп Алма қарсылық танытқандай болды.

– Алмуша! Бұл өте жеңіл шарап қой. Түк те етпейді. Оның үстіне өзіңе біраз сырымды айтып, шерімді тарқатсам деп едім. Құдай үшін, қарсы болмашы,– деді Платонов жұп-жұмсақ алақанын Алманың қолының үстіне қойып. Алма да біразды көрген келіншек қой, еркектің меселін бірден қайтармайын деп ойлады да:

– Жарайды. Байқап-байқап ішерміз,– деді.

Екеуі ұзақ сырласты. Алма қызыл шараптан тартына ішіп отырды. Платонов шарапты көтере алмайды екен. Тез қызды. Темекіні бірінен соң бірін тартты. Көңілі шалқып, сол шараптың тағы бір бөтелкесін алдырды.

Екінші бөтелкені алдырғанда Алма уайымдай бастады. Бұрын көрмеген шалғай жерде, жат қалада жүргендері мынау. Сырын жете білмейтін бөтен еркекпен шарап ішіп бұл отыр. Бұл қалада Сергей Николаевичтен басқа танитын тірі жан жоқ. Платонов қатты мас болып, бірдеңені бүлдірсе қандай жағдайға түседі? Біресе қолын сипап, біресе орнынан ұмтылып бетін сүйіп, өліп-өшіп отырған мас еркек желігіп алып, оңашада төсекке сүйресе не істейді?

Мас адамның ойындағы нәрсе тілінің ұшында тұрады. Платонов біраз қызған соң өзінің әйелін жамандады. Бөтен әйелдің көңіліне жағу үшін өз әйелін жамандау надан еркектің айласы. Оның бұл қылығын Алма іштей жақтырмады.

Әбден қызған шақта Платонов Алма туралы өзінің ішкі ойын жайып салды. Әуелі «Мен сені сүйем!» деді. Соңынан «Бүгін түнде бірге боламыз» деді. «Тапқан екенсің!» деп Алма отыр.

– Ондай ойыңызды қалтаңызға салып қойыңыз!– деп бірден кесіп тастады. Оны тыңдайтын Платонов жоқ. Ол турасына көшті:

– Менің кеудемнен итеруге сенің құқың жоқ,– деді ол тілін шайнап,– Өзің ойлансаңшы! Сенің адам болып шалқып жүргенің менің арқам. Мен болмасам сен кімсің? Алғаш танысқанда шотыңда соқыр тиын жоқ еді. Қазір кімсің? Үлкен үй, қымбат машина, бриллиант! Бәрін қайдан алдың, а? Біле білсең соның бәрін мен жасап бердім. Ал сен... Сенің қолыңнан не келеді өзі? Ең болмаса маған төсекте қызмет жасасаңшы. Әлде ол да қолыңнан келмей ме?

– Тоқтат енді!– деді Алма оның көзіне тура қарап. Платоновтың ауыр-ауыр сөздеріне шыдап отыра алмай, намысы қайнап кетті,– Жердің түбіне әкелгенде маған айтпағың осы ма еді? Есіңді жи, нақұрыс! Арам ойларыңды ақтарғаның дұрыс болды. Шын бейнеңді енді көрсеттің,– деді кіжініп. Кикілжіңді сезген даяшы қыз бұларға жақындап:

– Сіздерде бәрі дұрыс па?– деп сұрады. Күйініп отырған Алма оған сөйлегісі келмей жүзін теріс бұрды.

– Ештеңе етпейді. Қазір өзіміз тіл табысамыз. Бара беріңіз,– деді Платонов басын төмен салбыратқан күйі.

– Тіл табысамыз дейді тағы...– деп ала көзбен атып қарады да Алма сигарет тұтатты.

– Алма! Алмуша! Мені кешірші, жаным! Артық кеттім білем. Кешіре гөр!– деп Платонов сілекейін сүртті.– Бірақ адам ақиқатты мойындауы керек. Сені мен адам қылдым. Соны білуің керек.

– Мен де қатты кетсем ренжімеңіз. Бір ақиқатты сіз де біле жүріңіз. Мен қазақтың қызымын. Аштан өлсем де өз намысымды ешкімге таптатпаймын. Өзімді басынуға жол бермеймін. Сіз болмасаңыз да жерге қарап отырмас едім. Өз күнімді өзім көрер едім. Осыны жақсылап ұғып алыңыз,– деді Алма сабасына түскендей болып.

Платонов қулыққа көшті. Ертең бәрін шарапқа жауып құтылу үшін есінен айырылған өлесі мастың рөліне кіріп кетті.

Бұлар мейрамханадан шыққанда түннің біраз уақыты болып еді. Платонов төртінші қабатқа тәлтіректеп әрең көтерілді де Алманы құшақтап, жалына бастады.

– Алмуша! Мен бейбақты ең болмаса сен аяшы! Сен түсінші! Жаным құлазып жүр. Мен үшін ақша деген басты нәрсе емес. Қанша десең де табамын. Мен әлі сенен миллиардер жасаймын. Тек мені бүгін жалғыз қалдырмашы. Сен болмасаң жастық құшақтап жатамын ба? Жүрші! Менің бөлмеме барып жатайық,– деді мүләйімсіп.

– Сергей Николаевич! Өзіңіз жеккөретін әйеліңіздің қасына жеткенше тізеңізді құшақтап жата тұрыңыз,– деп Алма өз бөлмесіне кіріп кетті де есікті ішінен жауып алды. Платонов жарты сағаттай есікті сыртынан қағып тұрды. Ақыры өзінің мысық дәмесінен түк шықпайтынын сезіп: «Ну, стерва! Сені әлі көрермін!» деп тістеніп, теңселіп өзінің бөлмесіне кетті.

Жолдан шаршап жетсе де Алманың ұйқысы шала болды. Түн ортасында ұйқысы шайдай ашылып кетті. Жұмсақ төсекте жалғыз жатып Алматыда қалған балалары мен момақан күйеуін ойлады:

«Жолдасы Дәркен микробиология саласының маманы. Ғылымға берілгендігі сонша қасында сұлу келіншектің жүргенін де байқамайды. Докторлық диссертация жазып жатқанына бес жыл болды. Ғылыми еңбегі әлі бітетін емес. Өте байсалды, адал жігіт.

Оның осы адалдығы мен момындығы үшін қыр соңынан қалмай жүріп, басын айналдырып алған Алманың өзі болатын. Әйтпесе Дәркеннің қыз-қырқынға қыры жоқ еді.

Дәркеннен бір ұл, бір қыз тапты. Екеуі де әкесіне жақын. Қазір олар томпиып ұйықтап жатқан болар. Солардың қасында болудың орнына бұның қайдағы бір қиянда, қайдағы бір еркекпен сандалып жүргені мынау.

Әдетте үйдің отағасы шапқылаушы еді. Диссертациядан басқа басына дым кірмейтін Дәркенге не деп өкпелейді? Оны да жарыта алмай жүр.

Дүние қуамын деп өзі де әйелдік болмысын ұмытып, ер адамға айналып бара жатқандай. Не істеп жүр? Не бітіріп жүр?

Дүниенің түбіне жеткен адам бар ма? Мейлі, кәсіп керек шығар... Бірақ алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалап та тірлік жасауға болады ғой.

Бәрі қанағаттың жоқтығынан. Бұл да қанағатсыз екен. Барға қанағат қылуды білмейді екен. Әкесі марқұм: «Қайғысыз ішкен қара судың өзі бақыт» деуші еді. Әке тағылымын да ұмытыпты.

Бірақ бұның жанына жоқшылық әбден батты ғой. Әкесі ерте кеткен соң соңында қалған бес қыздың ауыртпашылығы денсаулығы дімкәстау анасының мойнына түсті. Арқа тұтар не ағасы, не інісі болмады. Бес қыз. Қыздың үлкені өзі еді.

Әйтеуір талаптың арқасында оқуға өз күшімен түсіп кетті. Студент шағында да бар ойы анасына көмектесіп, өзінен кейінгі төрт қызды жеткізу болды. Қайда барса көргені жоқшылық, жетіспеушілік.

Күйеуге шыққан соң көзім ашыла ма деген. Ғалымдардың отбасына келін болып түсті. Олар да тиынға тісін сындырып отырған әулет екен. Тағы сол жетіспеушілік.

Бұның қанағатсыз болуының өзі жас күнінде көрген жоқшылықтың ызасы сияқты. Бала кезден жарымай, жоқшылықты көп көрген адам тойымсыздау бола ма, қалай?

Бәрібір адамға қанағат керек қой. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жарлыға жалғыз атын сойғызар» демеуші ме еді.

Қой, мына тірлік бір жақты болса, осы әдетімді қояйын. Көрінген қызылды қуалап, алқұн-жұлқын шапқылай бермей, өзіммен өзім болып, балаларым мен Дәркенімнің қасында жүрейінші» деді.

Көзі жұмулы болғанмен санасы ояу күйде, қалың ойдың құшағында қанша жатқанын байқамады. Таңға жуық қана көз шырымын алды.

Таңғы сағат тоғызда Мәскеу радиосынан беріліп жатқан жаңалықтардан «Алаяқтар Ресейдің орталық банкінен төрт миллиард сом үптеп кетіпті» деген ақпаратты құлағы шалып қалды.

Сол хабарға құлағын тігіп отыр еді, бөлменің есігін біреу батылсыздау қақты. Алма бүгінгі жауапты кездесуге дайындалып, киініп, айна  алдында боянып отырған. Есікті ашқанда галстук тағып, сыптай болып тұрған Платоновты көрді.

– Алмуша! Қалай ұйықтадың? Алексей келгенше жарты сағат бар. Төменнен таңғы ас ішіп алайық. Мен анықтадым, мейрамханада континентальдық таңғы ас береді екен,– деді ол түк болмағандай. Көзінің асты шараптан күлдірегенмен, бет әлпетін ретке келтіріп алыпты. Алма оның басынан аяғына дейін шолып қарады да:

– Қазір шығам, Сергей Николаевич! Ал сіз «өзіңіз сүйетін» сұлу бикештен түндегі қылықтарыңыз үшін джентельмендерше кешірім сұрамайсыз ба?– деді маңызды түр жасап.

– Нені айтасың? Бірдеңе бүлдіріп қойдым ба?– деп Платонов аспаннан түскендей бола қалды.– Құдай ақы, Алмуша! Ештеңе есімде жоқ. Не болды өзі?

– Не болды? Не болды? Бәрі болды. Менің намысыма тиетін сөздер айтқан кім? Мына есікті екі сағат тепкілеген кім?

– Мен білмеймін, Алмуша! Маған олай жала жаппашы. Олай болуы мүмкін емес! Кешкі аста жап-жақсы-ақ отырдық қой.

– Ал, кешкі астан кейін не болды?

– Құдай ақы, білмеймін! Ештеңе есімде жоқ.

– Остап Бендер! Таңертең дәл осылай дейтініңізді білген едім. Білмесеңіз біліп алыңыз: Мен сіз ойлағандай төмен адам емеспін. Түсіндіңіз бе?

– Түсінуін түсіндім ғой. Бірақ, рас айтамын. Христоспен ант ішейін! Ештеңе білмеймін,– деп Платонов бет бақтырмады. Өзіне шаң жуытпады. Кешірім де сұрамады.

Осы сапарда Алманың көп нәрсеге көзі ашылды. Сергей Николаевичтің бойында алаяқтық қасиет басым екен. Өтірікті шындай соғып, өзінің пайдасы үшін кез-келген жерде жанын сатып кетуге бейім тұр. «Мынадан абайламаса болмайды екен» деп түйді.

Зауытты аралағанда Платонов әр бөлімге кірген сайын Судырахметтей судырап, көзі күлген қыз-келіншектер көрсе Алматыдан алып келген арзанқол сырғаларын тағып: «Мынаны сіздерге арнайы алып келдік. Өзіміздің зергерлік бұйымдар шығаратын жеке комбинатымыз бар. Сонда жасалған бұйымдар» деп ойланбай соқты.

Қаламсаптар мен от тұтандырғыштарды ер адамдарға бір-бірлеп таратып: «Сіз үшін арнайы алып келдік. Алматылықтардан естелік болсын!» деп қиыла ұсынды. Оның әрекетінің бәрі Алманы жирендіріп бітті.

Платонов осылайша зуылдап жүріп, келесі жылдың басында алғашқы партиямен жіберілетін екі жүз елу машинаға алдын-ала келісім шарт жасасты. Алма қол қойып, мөр басты.

Жұмысты бітіргені дұрыс қой, бірақ жанын сатып, өтірікті шылқытпаса да сол жұмыс бітпей ме? Алманы жирендіргені осы еді.

Жалғасы бар...

Темірғали Көпбай

Сурет авторы: Қазанғапов Тұрар

Abai.kz

9 пікір