Жұма, 29 Наурыз 2024
Күбіртке 5617 14 пікір 24 Мамыр, 2021 сағат 14:49

«Ұрланған» ұшақ һәм Лукашенконың бас дұшпаны

Кешелі-бері әлем саясатшыларының талқысындағы тақырып – Беларусь президенті Александр Лукашенконың оппозициялық журналист әрі блогер Роман Протасевичті тұтқындау операциясы болды.

Беларусь полициясы оппозициялық журналист, блогер, НЕХТА Telegram арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевичті тұтқындау үшін бортында 12 мемлекеттің 170-ке жуық жолаушысы отырған ұшақты Минскі әуежайына «күштеп» қондырған.

Ирлдандиялық «Ryanair» әуекомпаниясына тиесілі ұшақ Афинадан Вильнюске ұшап бара жатқан. «Flihtradar24» сайты келтірген деректерге көз жүгіртсек, «Ryanair» ұшағы Литва шекарасына жақындап қалған кезде Минскіге кері бұрылған. «Азаттықтың» Беларусь қызметінің жазуынша, экипаж бағыттың өзгергенін жолаушыларға хабарламаған.

Беларусь билігінің һәм Александр Лукашенконың баспасөз қызметінің ақпараттарын жариялайтын «Пул Первого» Telegram арнасының мәліметінше, ұшақты Минскіге қондыруға тікелей Лукашенко пәрмен берген. Себебін: «Ұшақта бомба болуы мүмкін деген ақпарат жеткен соң, ұшақты Минскіге қондыруға Александр Лукашенконың өзі бұйрық берген. Онымен қоса, жолаушылар ұшағын қорғап жүру үшін МиГ-29 жойғыш ұшағын және жіберген», - деп түсіндіріпті.

«Ryanair-дің» еншілес компаниясының өкілі Михал Качмарчик: «Ұшақтың Беларуське қонуының себебі – экипаж диспечердің айтқанына бағынуы керек болды», - деген. Ал ұшақта бомба қойылғанына қатысты ақпарат жоқ және тексеру кезінде де ешқандай бомба немесе жарылғыш заттар анықталмаған.

Беларусь билігі ұшақтың Минскіге мәжбүрлі түрде қондырылуын Роман Протасевичті тұтқындау операциясымен байланыстырмайтынын айтқан. Былайша айтқанда, жай ғана сәйкестік дегенге келтірген.

Бір қызығы, Роман Протасевич Афинадан ұшар алдында өзін әуежайдан бастап әлдекімдердің аңдып жүргенін, тіпті оның құжаттарын суретке түсіріп алмақ болғанын хабарлаған.

Беларусьтегі оппозициялық-координациялық кеңестің мүшесі, экс-мәдениет министрі Павел Латушко «Ryanair» ұшағынан тек қана Роман Протасевич қана емес, тағы бес адам Вильнюсқа ұшпай, Минскіде қалғанын, оның бесеуі – Ресей азаматы екенін хабарлаған. Ол сондай-ақ, Беларусь билігі «Ryanair» ұшағын атып жібереміз» деп қорқытқанын айтқан.

Беларусьтегі кешегі жағдайға қатысты Халықаралық қауымдастық басшыларына бірінен соң бірі мәлімдеме жасап, Беларусь билігінің жойғыш ұшақ жіберіп, «Ryanair» ұшағын күшпен қондыруын – террорлық әрекетке теңеп, қатаң шара қолдануға шақыруда. Қараңыз:

Литва президенті Гитанас Науседа: «Вильнюске ұшып келе жатқан жолаушылар ұшағы мәжбүрлі түрде Минскіге қондырылды. Ұшақтағы саяси белсенді, Nexta-ның негізін қалаушы тұтқындалды. Бұл лас әрекеттің артында Бералусь режимі тұр. Мен Роман Протасевичті дереу босатуды талап етемін», - деп жазған.

Сонымен қатар: «Мен ЕО мен НАТО-дағы одақтастарымызды азаматтық авиацияға Беларусь режимінен төнген қауіпке бірлесіп шара қолдануға шақырамын. Халықаралық қауымдастық мұндай бассыздықтарды ендігәрі болдырмау үшін дереу шара қолдануы керек. Мен мұны Брюссельдегі Еуропалық кеңесте тағы айтамын», - деді Науседа.

Германияның вице-канцлері Олаф Шольц: «Беларусьтегі жағдайдан соң ЕО «диктатор» Александр Лукашенкоға һәм оның режиміне қатысты шара қолдануы керек. Беларусь билігінің бұл әрекеті – Еуропаның азаматтық әуе қатынастарына килігу», - деп мәлімдеген.

Германияның Сыртқы істер министрі Хайко Маас: «Біз журналист Роман Протасевичтің жолда тұтқындалуына алаңдаулымыз. Бұл ЕК тарапынан еленбей қалмайды. Біз ЕК-дегі әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз», - деді.

Франция Сыртқы істер министрлігі Беларусь билігінің әрекетін айыптап, ЕО тарапынан бірлескен қатаң жауап беруі керектігін мәлімдеген. Сонымен қатар, «Ryanair» ұшағына қатысты жағдайдан соң, Беларусь әуе кеңістігіне жолдарды жабу жағдайы да күн тәртібінде екенін айтқан.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі: «Беларусь билігінің Протасевичке қатысты бұл әрекетінің ақыры ауыр жағдайға әкеп соқтырады», - деген.

Ал Польша премьері Беларусь әуе компанияларына ЕО территориясымен ұшуға тыйым салу керектігін мәлімдеген. Ол сондай-ақ, Протасевичтің тұтқындалуына қатысты Польшадағы Беларусь елшісінің Сыртқы істер министрлігіне шақыртылғанын хабарлаған.

Австрия Сыртқы істер министрлігі де Беларусьтегі кешегі жағдайға байланысты Халықаралық тергеу жүргізілуі керектігін айтқан.

Греция Сыртқы істер министрлігі «Ryanair» ұшағының Минскіге күшпен қондырылуын – «пираттық әрекет» деп бағалаған.

Ал Латвиялық AirBaltic компаниясы «Ryanair» ұшағына қатысты жағдайдан соң Беларуське ұшпау туралы шешім қабылдаған.

OSCE төрағасы Анн Линде Роман Протасевичті дереу босату туралы мәлімдеде жасап, Беларусь билігінің бұл әрекетін Еуропалық Кеңестегі әріптестерімен ақылдасатынын жазған.

Еуропалық кеңес басшысы Шарль Мишель Халықаралық тергеу жүргізу керектігін айтты.

НАТО-ның Бас хатшысы: «Вильнюске ұшып келе жатқан ұшақтың Минскіге мәжбүрлі түрде қондырылуына қатысты жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Бұл өте қауіпті жағдай және Халықаралық терегуді қажет етеді», - деп мәлімдеген.

Беларусь президенттігіне үміткер болған Светлана Тихановская: «Бүгіннен бастап бірде-бір адам Беларусь аспанынан ұшарда өз қауіпсіздігіне сенімді болмайды», - деп мәлімдеді.

Girona, Spain - March 29, 2018: Ryanair airline airplane Boeing 737 in Girona airport in sunny day

Ал «Ryanair» басшылығы: «Минскіде біздің ұшақтан Роман Протасевичпен бірге КГБ қызметкерлері де түсіп қалуы мүмкін», - деп мәлімдеген.

Түйін. 25 жастағы Роман Протасевич соңғы уақта «Беларусь головного мозга» Telegram арнасын жүргізіп келген. Оған дейін НЕХТА Telegram арнасының негізін қалаушы һәм редакторы болған. Ал НЕХТА Telegram арнасы Беларусьтегі өткен президенттік сайлауда Александр Лукашенкоға қарсы наразылық акциялары кезінде тынбай жұмыс істеген. Керек десеңіз, наразылық акцияларының «миы һәм бағытшысы» болған.

Осығңан дейін Лукашенко билігі НЕХТА Telegram арнасын «экстремистік арна» деп танып, Роман Протасевичті «террористер тізіміне» қосқан. Ал Роман Протасевичтің өзі жеке бас қауіпсіздігіне байланысты бірнеше жыл бұрын Беларусьтен кеткен.

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563