Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2879 0 пікір 3 Мамыр, 2012 сағат 07:18

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

* * *

Абдығұпырдың Нұрияны тергеуі осылай өтіпті.

- Қалай?- деп күлімсіреді Күлән маған қарап. - Біздің сіңлі емтиханнан өте ала ма екен?

- Өте алатынынан күмәндансам, көруге асыға жүгіріп, өзіңді сүзе берем бе?

Бұл сөзіме екеуі қатар сыңғырлап, ұзақ күлді. Мен Абдығұпырдың тергеу әдісіне шынымен сезіктене қалдым. Мәселені психикалық жақтан зерттеуге тым пәле таз сияқты көрінді маған. Мұндай жайма-шуақсыған ұсақ-түйек сұраулар қоюшы адамның жауап берушінің ажар-жүз құбылысын қатты аңдитыны белгілі ғой. «Нәзік сезімді жас Нұрияны айлакер, сұм таз сол жағынан ұтып, кей сырларды жүз құбылысынан тартып алып қалған шығар» деген күдік пайда болды:

- Нұрияш, ол таздың сұрақ қойған кезінде көз қырын сенен алмай байқап отырған шығар?- деп сұрап едім:

- Иә,- деді Нұрия маған жаутақтай қарап, - сырды менің шырайымнан іздейтінін бірінші сұрағында-ақ біліп қойдым. Бірде ашуланып, бірде мазақ қылғандай күліп отырғаным сол. Оның ойындағысын жоққа шығаруға тырыстым.

- Мен туралы сұрау қойылғанда бетің қызарған шығар?

- Жоқ, өзімнің ең сақтанайын дегенім сол болатын,- деп жайнай түсті Нұрия, - мұрнымды әдейі тыжырып, тәкаппарланып алдым.

- Ғұпырды көрген соң Биғабілдің атынан да жиренген екенсің ғой?- деп жымиды Күлән.

* * *

Абдығұпырдың Нұрияны тергеуі осылай өтіпті.

- Қалай?- деп күлімсіреді Күлән маған қарап. - Біздің сіңлі емтиханнан өте ала ма екен?

- Өте алатынынан күмәндансам, көруге асыға жүгіріп, өзіңді сүзе берем бе?

Бұл сөзіме екеуі қатар сыңғырлап, ұзақ күлді. Мен Абдығұпырдың тергеу әдісіне шынымен сезіктене қалдым. Мәселені психикалық жақтан зерттеуге тым пәле таз сияқты көрінді маған. Мұндай жайма-шуақсыған ұсақ-түйек сұраулар қоюшы адамның жауап берушінің ажар-жүз құбылысын қатты аңдитыны белгілі ғой. «Нәзік сезімді жас Нұрияны айлакер, сұм таз сол жағынан ұтып, кей сырларды жүз құбылысынан тартып алып қалған шығар» деген күдік пайда болды:

- Нұрияш, ол таздың сұрақ қойған кезінде көз қырын сенен алмай байқап отырған шығар?- деп сұрап едім:

- Иә,- деді Нұрия маған жаутақтай қарап, - сырды менің шырайымнан іздейтінін бірінші сұрағында-ақ біліп қойдым. Бірде ашуланып, бірде мазақ қылғандай күліп отырғаным сол. Оның ойындағысын жоққа шығаруға тырыстым.

- Мен туралы сұрау қойылғанда бетің қызарған шығар?

- Жоқ, өзімнің ең сақтанайын дегенім сол болатын,- деп жайнай түсті Нұрия, - мұрнымды әдейі тыжырып, тәкаппарланып алдым.

- Ғұпырды көрген соң Биғабілдің атынан да жиренген екенсің ғой?- деп жымиды Күлән.

- Сөйтпесем... Мұны өзім ұстатармын, - деп Нұрия қызара қалды да, бетін екі алақанымен басып, көкірегіме сүйене құлады.

Күләннің күлімдеп отырған отты қара көздері де жасқа тола кетіп ауыз үйге шыға жөнелді. Ол есіктен аттасымен Нұрияны көкірегіме құшырлана тартып қыса түстім.

- Рұқсат берсін-бермесін, біраз күнге тауға шыға тұрайықшы!- деп тығылды Нұрия.

- Неге?... Тергелуден аман тұра тұрғың келе ме?

- Жоқ, өз басым... Түрмесінен де қорықпас едім ғой.. сенің... сенің амандығың үшін.

- Мен не болады екенмін, шешуші күрес кезеңінде тайқап шыға берсем, кім болмақпын?

- Елдің мұратына бір жететіні сөзсіз. Ал, менің бар қорқыныш, бар қатерім сенде тұр,- деп өксіп қалған қалыңдық, жеделдете сөйледі, - қазіргі кезеңдегі азаматтық негізгі міндетіңді орындап болдың. Енді мен үшін, менің өмірім үшін апталық уақытыңды қи!

- Неге бұлай дей бересің жаным-ау, өз азаматтығыңа да лайық сөз емес қой мұның!

- Лайық емес, ойлағамын... бұл сөз де қатты батады, шынымды айтайын... Осы келер аптада ел-жұртқа емес, екеумізге ғана керемет құйын соғатындай сезіледі... Сенің тағдырыңа өте қатерлі... Сенің ол халың әрине маған қатерлі... өлмейтін адам болмайды ғой, рас, тағдырда солай жазылған болса... өлсе өле берерміз... Бірақ... бұл өмірден не қызық көрген болып өлеміз сонда... тым болмаса... екі-үш күн бірге тұрайық та... аз күн көз жаздырып қайтсақ, мүмкін аман қалармыз.

- Нұрияшым!... Нұрым! Рухи сенім жағынан жеңілген екенсің сен... дұрыс емес... тағдырды дерексіз рухқа байлаған сенім қателестіреді. Болмашы құбылыстан үрей туылады да, көлеңкеңді де көр етіп көрсетеді. Үрейлене берме, біз жеңеміз!... Қорқынышты түс көруден үрейге берілу дәл қазіргі біздің ісіміз емес... Біздің ісіміз - өмір үшін өлгенше күресу. «Күрессіз күн жоқ» дейтініміз - күрессіз ел жоқ. Ел жоқ болса, сен де жоқ, мен де жоқ. Ерлік күрес үстінде күл болсақ та күніміз қалады, ел аузында үніміз қалады, Нұрияшым, қателеспе, көппен бірге көрелік. Өзіміз бастап беріп, өзіміз тастай қашсақ, бізді не дейді ел.

- Ал, қойдым енді, қойдым,- деп Нұрия басын көтеріп алды, серги көтерілді. - Сені аяймын деп ар-ұятыңнан айыра жаздаппын,- деп қызғылт тарта күлімсіреді.

Күлән кіріп, кішкене үстелге дастарқан жайды да шәй құйды. Мен заттық болмыстан сырт рухани қиялдың адам сезімін алдағыштығынан туылатын жат құбылыстардың бірнешеуін әңгімеледім. Оның ішінде түс көру де, бастырылу да бар.

- Сіз де біраз жылап қойдыңыз-ау деймін,- деп Күләнға қарадым сонан соң, - қалайдан қалай жылауық бола қалдыңыздар?

Күлән демін соза алып, көзін жұма күлімдеп әзілдеді:

- Елдікі соншалық аяулы болып, «айрыламын-ау» деп жылап отырғанда, біздікі арзан ба екен? Ол қазір осында болса, мен тіпті дауыстап көрісер едім онымен...

- Оның да келетін уақыты болған шығар, - деп мен орнымнан тұрдым, - көріскендеріңізде қосыла жыламай, кетіп алайын.

- Қайда?- деп жаутаңдай қараған Нұрияға бүгінгі жұмысымның көп екенін, кешке жақын келе алмай қалуым да мүмкін екенін айтқанымда, оның үлкен көзі тағы да мөлтілдей толып, төмен қарай бере белдемше көйлегіне тырс-тырс еткізді. «Ендігі жексенбіге дейін кім бар, кім жоқ» дегені екенін түсініп, жүрегім сыздай жөнелді. Тамағыма қап-қатты бірдеме тірелгендей, көңілім босай қалды. Менің көз жасымды көрсе, Нұрияның енді үн салатынын байқай жұтынып, тия қойдым да қатал пішінге келдім.

- Жыламашы Нұрияш, өзің айтқандай жаман ырым болады ғой... Онан да ертең мектептеріңнен топ құрап барыңдар да, әлгі тазды шектейтін қатал талап қойыңдар. Мүмкін болғанда қалалық сақшыға мектептеріңнің наразылық хатын ала кіріңдер. Түнде тергелуге қарсы әйелдер жұртшылығының сөзі өтеді.

Нұрия ширап, енді жайнаңдай қарап сөйледі:

- Мақұл, төртеуіміз келе жатып осы пікірге келіскенбіз.

- Олай болса, ертең таңертең мектептеріңе мен де барайын,- деп Күлән қоштай кеткенде «екі жылауықты» күреске баптай қойғанымды сезіп шыға бердім.

Оңаша шыққан соң көңілім тағы босады. Еркіне қоя берсем, Нұрияның өзінше ытқытатын сияқтымын. Нені сезетіні белгісіз жүрегім өрекпи тулайды. Ержүрек, берік Нұрияның соншалық босап кеткен жайы да тым түсініксіз жұмбақ сияқты. Бұл жолы оған болған аянышымның асқындай түскенін ғана түсінемін...

Мектепке қайтып келіп, түндегі тергеудің жайын Ынтықбайға айттым. Оның да тергеуге түсетіні байқалды ғой. Оқушыларынан жеген соққыны Кәменнің таздан жасырғанын біліп, тергей қалса, біздің де айтпай қоя салуымыз жөн екенін ақылдастық. Кәменнің хатын енді Нұрияның өз арызы мен мектептің наразылық хатына қоса жолдауын ұйғардық. Нұрияға хатты тапсырып беріп, ұқтыра шығуға енді Ынтықбай кетті.

Репқатты іздей жөнелдім мен. Бұл жексенбіде кездесуге белгіленген тағы бір сырт көшедегі үйге жетіп қалғанымда қақпадан шыға келген Репқат қайта сүңгіді. Мен кіргенде оңаша түп үйдегі үстелге бір қолын тіреп тұр екен. Тым абыржыңқы, асығыс көрінді өзі. Біздің бар жайды менен бұрын естіпті.

- Биғаш, қалыңдығыңмен бүгін көрістің бе? - деп сұрады қол алыса бере, - өткен түні Абдығұпыр дейтін таз соны тергепті, естіген шығарсың?... Ал бір апта бойына өз соңыңда жүргенін біліп пе едің?... Не сұрапты Нұриядан?

Өз сұраулары сияқты, жауабын қысқа-қысқа қайыра салып, соңғысына келгенде ұзағырақ баяндадым да, әйелді тергеу жағынан тазды тежеңкіреп қоюға қолданған шарамызды қосып мәлімдедім. Репқат бас изей тыңдап разы болды.

- Таз өте қатерлі,- деді сонан соң, - Үрімжіден «Шығыс Түркістан» іздеп сүмеңдегеніне бір айдан асты. Тергеу орны, жатын орны бірнеше көшеде, қазірге дейін біз жақтан ешқандай тиянақты дерек таба алмай жүр. Сонда да үлкен тізімі бар, біз сонысын қолға түсіре алмай жүрміз, ол бірдеме таба қалған күні-ақ үкімет бізді бассалғалы отыр, ал біз күткен партизан отряттарының келуіне әлі бір ай бар, - деп кідірген Репқат шекесін қасып, шытына сабақтады сөзін, - біз әлден әшкерелену хаупіне ұшырап тұрмыз. Кейбір жолдастар толық анықтамай, ұйымға асығыс тартып қойған шикі адамдар бар. Ғұпыр таз сияқтылар соларды тапса қатерлі болады. Біреуін Юсуф Қасым біледі. Кәмен сендерден тайқап, жақыннан бері соның соңына түскен. Юсуф екеуің ақылдасып, соны бүркеп тастай тұрудың амалын табыңдар... Мен бүгін басқасына жөн табуға асығып тұрмын. Кәменнің жасырғанын Ынтықбайға ескертіп қойғаның жақсы болыпты... Ғұпыр таздың маңайыңдағылардан не сұрағанын құныттай ұғынып, хауіптірек болса, маған дереу жеткізіп тұр... Бұл көшеден де тыңшы шықты. Ендігі көрісетін жеріміз - Бахуландағы әлгі 11-ші номерлі қорадағы үй болсын. Уақыты бұрынғыдай, таңертеңнен сағат онға дейін. Ал сау бол, сақ бол!...

Мен шығып жүре бердім.

Абдығұпыр тергеуін сол жексенбі күннің кешінен бастап біздің мектептің тәртіп бөлімінде жүргізді. Қазақ, ұйғыр сабақтастардың жеті-сегізін бір-бірден шақырып, екі түн өткізіп еді. Үшінші түнді жартыдан бөліп, Ынтықбай мен Қуатқа әрең жеткізді. Бұл екеуімен көп «қалжыңдасыпты». Енді «Юсуф Қасым екеумізбен мылжыңдасар-ақ» деп жүргенімде ғайып болды, келмей кетті. Ешқандай сүйегі бар дерек таба алмағаннан ұялған сияқты; Юсуф Қасым екеумізбен «амандаспай» кеткені, тергелгендердің жауабы мықтылығынан екенін түсіндік.

 

Қырағы тергеушім, сол кезде Үрімжінің барлық орындарынан құралып, басым күшке айналған бар ұйым мен бадырайып тұрған мені Гоминданның сол қыраны көрмеп еді. Қазір жоқ ұйым «мәселесінен» жоңқадай болған мені осыншалық құрсаулап отырған сіз қыран емей, кім қыран! Сонда қолға түсе қалған қылмысым үшін қудалайсыз-ау. Оң жақ қырыңыздағы әйнектен қарағанда оның тым толымды соғымдық қылмыс болып көрінетіндігіне сөз бар ма? Ян яң көрмей тұрғанда сойып ала қоюыңыз жөн шығар!

 

ІІ

 

Іленің Талқы кезеңіндегі соғыс хабары таралғалы үнсіз күрең Сәбит маған жақындаса, естіген ұсақ-түйек хабарларын айта жүретін болған. Бұл жақындасуын баяғы жымсымалығына балап, «мұндай өтірікті айтпа маған» дегендей тойтара салатынмын. Сүзек ауруынан тұрысымен асхана төбелесінде соққыға ұшыраған оны соншалық қорғасам да, қорсынып шеттетуім сол қалпында болатын. Іленің азат болған хабарын естісімен маған келіп тағы сыбырлады. Мен тағы тойтардым. Ғұпыр таз Ынтықбайларды тергеуге келген кеште маған алдымен келіп хабарлаған да сол.

- Тергесе сендердің жалаларыңмен тергейтін шығар?- деп қалдым әдейі, ол жылап жіберді.

- Биға, мен өлгенде де сенімсіз болып кете берем бе енді?... Менің бір кезде надандықпен істеген ісім болған. Ол қиянатымнан таяқ та жегенмін. Содан бері сендердің араларыңдағы талай сөзді естіп жүрмін ғой, соның қайсысын мәлімдеппін?.. Асханадағы төбелестің нәтижесінен кімнің дос, кімнің қас екенін айыра алмайтын ит емеспін ғой!... Әсіресе сондағы сенің маған істеген жақсылығың өмірі ұмытылатын іс пе?...

- Болды, болды... соны түсінсең болғаны, - деп шыға бердім мен, - енді күдіктенбей-ақ қояйын. Бірақ, досқа адалдығыңды соңғы нәтижеңнен көрейік!...

Мен оны пайдаланғым келген осы көмескі ескертуім есінде жүрген екен. Содан екі-үш күн өткен соң, кешкі сабақ пысықтаудан қайтып келе жатқанымызда жеңімнен тартып қап, басқа сабақтастардан аулаққа бастай жөнелді. Жан-жағына қарап алып, асыға күбірледі былай шыға бере:

- Биға, бүгінгі пысықтау уақытында Кәмен мені шақырып апарып сөйлесті.

- Не айтады?

- «Тілек» журналын шығарарда сабақтастарың мақала жазуға кірісті ғой. Сонда не жазу керектігі туралы кім-кім сөйледі? Әсіресе сонда Биғабілдің үйреткені болса есіңе түсір деді, - деп кідірді Сәбит.

Кәменнің бұл мәселені дәл осы тергеу кезеңінде тіміскілеуінен түршігіп қалдым. «Тілекті» бес-алты сан шыққан соң Ақылбай тоқтатып қойған. «Іле төңкерісінің жеңістері жөніндегі ауыз үгіті бұдан енді әлдеқайда өткір болады. Мұнымен күдіктендірмей-ақ қояйық» деп қана айтып еді маған.

Кәменнің өзі қатынаса жүріп, аңғырттығынан қақас қалдырған бұл әңгімені қоңырсытып отырған Ғұпыр таз екенін сезіп күдіктендім. Бірнешеуіне тақырып бергенім әшкереленсе, шатақтың басы сол болатындай көрінді.

-  Не деп жауап бердің? - деп іле сұрадым Сәбиттен.

- «Кімнің сөйлегені есімде жоқ» дедім. «Ал Биғабіл ол күні ешқандай сөзге қатынаспады. Мақала жаза алмай, бір-екі күн үнсіз жүргені есімде» дедім. Кәмен маған: «сабақтастарыңның таңдаған тақырыптарын бір адам ғана көрсеткен сияқты, мақала бір-біріне үндес жазылыпты. Мұны жоғарғы жақ тексеріп жатыр. Сен әшкерелесең үлкен сыйлық аласың, соны ойлан» деп тапсырды.

- Бұдан басқа не сұрады?

- Басқа ештеңе сұраған жоқ. Көптен бері еш мәлімет бермей қойғанымды сөкті,- деп күлімсіреп алып күрсіне сөйледі Сәбит. - Көнбегеніме болмай зорлап, тыңшылыққа бүгін  ресми тартты. «Біреуге білдіріп қойсаң басың кетеді» деп қатты ескертті... Енді қалай етуім керек Биға?... Маған Құдай алдында сен... сенің ақылыңсыз ештеңе істемек емеспін... «Істей алмаймын» деп ада-күде бас тарт десең, оны да істейін.

Сәбиттің мұншалық қатерлі сырын айтуына сүйінгенімді сездірмей және сұрадым:

- Не міндет арттты?

- Әлгіні ойланудан басқа, бір-екі ұйғырды бақылауды ғана тапсырды; Юсуф Қасым, Абдыкерім дегендерді... Оның бізге келер-кетері жоқ, жеңіл ғой,- деп жымиды Сәбит, - несін көрсек, сонысын айта салармыз баяғы, не зияны бар.

- Үлкен зияны бар,- деп төне түстім мен, - ұйғырлар білсе, өзіңді өлтіреді.

- Енді қайтейін?

- Кәменге тыңшы болғаның - ауру кезіңде өзіңді ұрып жыққан атамандарға сатылғаның болады! Оны біз де кешіре алмаймыз. Олар сені ұрғанда ұйғыр сабақтастар сен үшін төбелеспеп пе еді? Осыны есіңе сақта, Сәбит. Біз десең, сол Кәменнің өз ізіне түссең де қия басқанын маған айтып тұрасың!

- Мақұл... дұрыс!... Ал әлгі екі ұйғыр жігіт туралы не айтайын оған?... Алдауым керек қой!

- Екеуі «боқтасты» деп қисындырып бір бар, «төбелесті» деп бір бар.. Юсуф Абдыкерімді: «тұрпандық таз... дадаң молла болған соң шарқидың құйрығын жалайтын шығар» дейді деп бар. Абдыкерім Юсуф Қасымға: «Ілелік банды!.. қанқор!» деп ұмтылды деп бара бер!

- Осылай мәлімдегеніммен өздерінен сұрай қалғанда, олай айтпаса... Маған шатақ болмай ма?

- Жоқ, олардың өздері осылай боқтасып жүреді. Бұл жайттерін қалай түрлендіріп айтсаң да ол екеуі «еріксіз» мойындай береді. Күмәнданбай айта бер.

- Мақұл Биға, достығыңа достық, маған сен, бәрін істеймін, - деп Сәбит дәретхана жаққа бұрыла бере кілт айналып келіп күбірледі, - Биға, Кәменнің мұнысын мен айтты деп ешкімге аузыңнан шығара көрме.

- Сенікін мен айтсам да, менікін сен айтсаң да жазасы - өлім екенін жақсы түсінемін, - деп күлімсірей бөліндім Сәбиттен.

Өткен кездесуде Репқаттың Юсуф Қасым екеумізге тапсырған «шикісі» осы Абдыкерім екен. Шың Шысай уақытында бір рет тыңшы болып, таяқ арқылы тиылған, әлі де қорыққанда сата салатын екі жүзділігі бар оқушы дейді. Сол күні келе сала Юсуфпен сөйлесіп, Абдыкерімді тергеуге түсірмеудің қамымен екеуін көрер көзге қатты қырқыстырғанбыз. Қолыма бүгін сәтімен қона қалған Сәбитті де тыңшыларды соған шындап сендіру үшін салдым.

Жазғытұрымның бүгінгі іңірі тым жылы сезілді. Жаңа үміт ұшқынындай жұлдыздар жымыңдайды. Бетіме лүп етіп көктем лебі тиді де, әлдеқайдан көктем иісі келе қалды. Ызғардың орнын жылылық алып келеді екен. «Ие, қыс сірестіріп, өзіндей бозқырауға айналдырған мына теректің де нілсіз сұр қабығы жасарып, нәрлене түспеді ме. Кәменге тыңшы болып тымпиған тоң Сәбит те міне енді шын жүрегімен жібіді ғой! Бұл да мезгіл құбылысының сондай нысаны шығар» деген оймен жылына кірдім жатақханаға...

- Кәмен Ян яңның төсек-орнын ақтарып жатыр екен,- деп жеткізді Сәбит бір күні түскі демалыс уақытында. - Мен кіріп барғанымда селк ете түсті де, зекіп қалды. «Неге келдің?» дейді. Мен: «Абдыкерім мен Юсуф Қасым төбелесіп, көйлектерін айырысып тастады. Ауыздарынан мен естімеген сөздер шығады» деп заулата жөнеліп едім. «Шыға тұр, кейін» деп қолын бір-ақ сілтеді. Неден қорыққанын ұқпадым, маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Сонан шығып келгенім осы.

Кәменнің Ян яң жоқ уақытында тінтіп жатқанын түсіне қойып, өзім жүгірдім. «Одан жасырын материал іздеп жүрген шығар» деген ой туып, онысын басқа мәселеге айналдыра сықақтап, тінткізбей қоймақ едім. Кіріп келсем, әпер-тәптері шыққан төсегіне таңдана қарап Ян яңның өзі тұр екен, Кәмен жоқ. Ақ жібек көйлегінің жеңі түрулі Ян яң аяздай суынып сұрланып алыпты.

- Орныңызды жаңа ғана Кәмен тінтті,- дедім.

- А... а... Кәмен!... Бәсе!- дегенде Ян яңның сопақша өткір қара көзі жарқ ете түсті. - Есікте құлып бар еді ғой, қалай ашқан?

- Білмедім, терлеп-тепшіп, асыға тінтіп жатқанын ғана көрдік.

- Тез шығып кет,- деп жымиды Ян яң, - Кәмен кезіге қалса, «Кәзенді іздеп келіп едім» дей сал.

Кәзенді іздеген болып, енді Ақылбайдың жатақханасына соқтым. Керуетінде шалқасынан жатқан Ақылбай есік қағысыммен қабылдай түрегелді.

- Ағай, Кәмен Ян яңның есігін жасырын кілтпен ашып, орнын тінтіп шықты. Сізді де айналдырып жүрген шығар, есігіңізге сақ болыңыз.

- Кел, отыр,- деді Ақылбай күлімсіреп. Қалған жайды мен отырған соң ептеп қана сұрап шықты. - Бұл әлгі Абдығұпыр дейтіннің тапсырмасы болса керек. Аты шулы екенін түсінетін шығарсың?... Ал, өздеріңде біреудің аты жазылған қағаз, әлдеқандай бір тізім болмасын.. Әлгі жақсы кітаптарыңның енді мықтырақ жасырылғаны жөн шығар!

- Мақұл. «Тілекке» жазылған тақырыптардың да нұсқаушысын іздестіріп жүр екен,- дедім мен, - сізден бұл жөнінде бірдеме сұрамады ма?

Ақылбай өзінің іштен түсінгендегі әдетімен жымиып, басын шайқай салды да:

- Мұны Кәмен сенен сұрады ма?- деп қайыра сұрады.

- Үнсіз күрең Сәбиттен сұрапты, сол айтты.

- Ол ондайды саған айтпаса керек еді ғой?

- Жақыннан бері айтатын болды,- деп мен жымидым.

- Ғажап екенсіңдер... Бірақ, қатты сақтана тыңдайтын шығарсың?

- Иә, әрине солай.

- Шяужаңның әнеу бір конспектінің аудармасына қарай отыршы, «киелі ахлақ» қой, пәле-жаладан сақтар, - деп жымиды Ақылбай. Ұзағырақ бірдеме сөйлемек екенін түсініп, айтқанын орындадым. - Іле партизандары ақпан айында ресми армия болып құрылыпты,- деп күбірін анық естірте сөйледі сонан соң. - Мұны естіген Жу шауляң қатты ашуланып, тез құртып жіберу үшін қыран аталған Чи фамилиялы туанжаңын он неше мың әскерге қолбасшы етіп жіберген екен. Наурыз айының ішінде-ақ отыз мыңға жеткен үш аймақ армиясы Жың қалашығы маңында оны қоршап соғыпты. Чи туанжаңның өзін генерал Сқақбек тірі ұстапты да, екі-үш күн тергеп қана қоя беріпті. «Данышпан генералдарыңа сәлем айт, бізді құртамыз деген ақымақ ойдан аулақ болсын, халық құртылмайды» деп қайтарыпты. Чи туанжаң соқа басы сөлмірейіп алдыңғы күні қайтып келіпті,- деп Ақылбай ашық қарқылдап күліп алды. - «Оларды жеңу мүмкін емес» депті Ужұңшинге зәресі қалмаған «қыран» туанжаңы. «Біздің Іле қорғанысына жіберген барлық мықты қару-жарағымыз солардың қолында екен. Кемпір-шал, кішкене балаларына дейін мылтықты. Мені айыпқа бұйырмаңыз... бара жатқанымда осындай сөзді айтқан екі әскерімді өзім атып тастап едім; солардың сөзін тағдыр енді өз аузымнан сөйлетті, шындық екен» деп бүк түсе жылапты Чи батыр... Ал, Биғабыл, мұндағы аңдысудың енді қандай болатынын түсінген шығарсың?...

Ақылбайдың осы соңғы сөзіне: «қатты сақ бол» мен  «тез жөнел» деген мағынаны қоса түсініп шыға бердім.

Жатақханаға бара сала сәкінің үстіне орындық қойып шығып, төбемдегі шкатор қағазды жапсарынан сөгіп едім, сабақтастар аңыра қарасты да, Әмірқан аңғара қойып, есік алдына барып тұра қалды. Жасыруға тиісті кітаптарымды түгелімен шкатор үстіне сүңгіте бастағанымда ғана түсінген сабақтастар жымиысып өзді-өз төбелеріне қарасты. Сөйтіп, жасырын қазынамызды мықтап жасыру қажеттігі тілсіз ұғылып, үнсіз науқанға айналды. Қайта жапсырғанда тышқанға қажатпайтын дәрі жөнін ғана күбірлестік...

Қозғалыс уақыты жақындаған сайын сабақтастар ара мылтық жайында жайраң әңгімелер көбейе түсті. Құрал аңсағандықтарын, атып машықтануға кейбірі тым асық екендіктерін сол арқылы білдіріседі.

Бізге әскери тәрбие сабағын өтеуші - Әшім жяугуан еді. Мылтық шақпағын бөлшектеп қайта құрастыруды, оны сақтауды жақсы үйреткен. Жақыннан бері нысанаға алу, ату қағидасын аса тәптіштеп үйретіп жүр. Сабаққа кірген сағаттарында сабақтастар оны тым көңілді қарсы алатын болды. Сұрау қойғыштап, бар ықыласымен үйренеді.

- Әттең,- дейді Тілеуқан қу, Әшім әкелген бесатарға қарап, мұрны құмалақша домалағандай жыбырлап кетеді, - тарс-тұрс, қойып-қойып жіберсем...

Сәбиттің сұғанақ қоңыр көзімен не қилы қызықты құбылыстарды көретін болдым. Ян яңды тінткен күннің ертеңіндегі екінтіде Кәмен көшеге шығып кеткен екен, Ян яң тінтушінің өзіне тінту жүргізіпті. (Бірінің құлпын ашатын кілтті бірінің қайдан тауып тінтетіні қызық). Кәменнің қағаз салған жәшігінің құлпын да ашып, бір дәптерін алыпты Ян яң. Дәптерді сымының жан қалтасына тыққанда есіктен сығалап тұрған Сәбит, зытып беріпті. Сол беті маған жетті.

Кәменнің меңгерушіге таныстыруы бойынша, Сәбитке күндіз-түні қақпа ашық болатынын өзі айтқан. «Ян яңның енді қайда баратынын да біліп берші көкешім» дедім мен. Ол тағы жөнелді. Сол сапарды кешкі пысықтау аяқталғанда қайтты Сәбит:

- Ян яң апақ-сапақта Бахуландағы бір кішкене қақпадан кіріп кетті. Артынан барып қарасым, 11-ші номерлі қақпа екен,- деп сыбырлады.

Репқаттың осы аптада мені қабылдайтын үйі сол екенін ішіме түйдім де:

- Онан соң?- деп қана соңын сұрадым.

Сәбит онан соң «Ян яң шыға келсе, көріп қояр» деген оймен қайта жүгіріпті де, қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының бұрышына келіп бақылапты. (Ян яң Бахуланға сол жолмен барған екен). Жарты сағаттай уақыттан соң қайтып келе жатқанын көрген Сәбит, үлкен көшемен құлдап барып далдаланыпты. Ян яң мектепке қарай өрлегенде Сәбит те қайтуға бет алған екен. Ұйымның қақпасынан Кәмен шыға келіпті.

- Кәменнің қасында жартылай қалаша киінген, таулық екі қазақ бар. Танымадым, бірақ, жүрістері сөлекеттеу, - деп тағы бір тың хабардың шетін шығарды Сәбит, - Бірі - орта жасты жуан сары, бірі - ұзын бойлы қара жігіт. Кәмен мені көре сала жуан сарыға күбірлеп еді. Ол ұзын қараның жеңінен тартып қойып, құлдай жөнелді. Бастарын төмен салып маған қарамады. Кәмен маған бұрылып, қайда барғанымды сұрады. «Нан іздеп шықтым» дей салдым. Ол екі қазақтың артынан кетті. Мен баспалап көрейін деп ойладым да, тым кеш болып кеткен соң ерініп қайтып келдім,- деп аяқтатты сөзін.

Сәбиттің Кәмен қасынан көрген қазақтары туралы «осы таулардан тапқан тыңшылары шығар, іңір қараңғысымен қожайындарына көрістірмек қой» деген ғана тұспал жасадым. Ян яңның бүгінгі әрекетінен бір түрлі ыстық ағын пайда болып, менің ойымды баурай жөнелді: біздің ісімізге қатынасушылар ғарыш пен жер ядросына дейінгі, қыры мен сыры сан алуан, сан қабат, сан түрлі қауым ғой. Соның ішінде біріне бірі от пен судай не қилы Дарвиндер мен не қилы Мұхаммедтер, не қилы Кегендер жүр. Ханзу коммунист Ян яңның хұйзу болып қатынасуы, осы түрлердің бәрімен сәйкесу қабілетінің күші ғой. Біздің мұндай жаңа да жас қауым жеңбей қояр ма? Абдығұпырдың қойынындағы тізімі ғана емес, Ібліс ұялаған жүрегін де жұлып алармыз-ақ!... Ұрлаймын деген Кәмені бүгін-ақ тоналмады ма...

Алып ұшқан осы асқақ үмітім мен үшін аса тәтті болып алған сенбі кеш жеткенін де сездірмей қалыпты. Кешкі тамақты жеп шыққанда ғана қай кеш екенін сабақтастар аузынан естіп, Сыфан матасын жатақханаға кіре тастадым да, бір киер «әдемімді» киіне қойдым. Көк шұға мешпет, сым, жылтыр қара батинка, кең маңдайды көмкере толқыған қою қара бұйра шаш ұнасып-ақ тұрған тәрізді, теңдессіз күшті махаббат байлаған сағынышты қалыңдықпен көрісерде қара көз қандай жайнайды. Дөңгелек айнаға бірер қаранып та жіберіппін. Өткен жексенбіде енді қайтып көреріне көзі жетпегендей жылап қалған Нұрияшқа махаббат көктемінің дәл өзінше жайнап көрінуім керек қой!

Жебей басып, жеделдете жөнелдім. Алды-артымды бағып келемін, ағып келемін. Мені аңдыған ешкім көріне қоймады. Лепірген жас жүрегім қарғып келеді. Жақындаған сайын жар иісі аңқи түскендей, жан жүйем балқи түсті... Маңымды шола келіп, таныс есікке лып бердім.

Мұндайда сүзісе қалатын Күлән көрінбей, кәрі шешесі қарсы алды. Сәлемімді қабылдай сала, Күләштің Нұрияшқа кеткенін айтып, төр үйді нұсқады:

- Отыра тұр балам, қазір келіп қалар.

Босағадағы электр кнопкасын бастым да, Күләннің қолыма ілінген бір кітабын алып отыра қалдым, жүрегім асыр салып тулай жөнелді. Бұрынғымдай кітап оқи тұруға зорлансам да, мойным иілер емес, есікті тыңдай бердім, жүрегім лобли берді. Сенбі сайын осында ерте келіп күтетін Нұрияштың аман көрісуге бүгінгідей ерекше асығатын күні осынша неге кешіккені көкірегіме сияр емес...

Соншалық тықыршып, сарыла күткен хабарым, құлағыма жұдырықпен қойып жібергендей болды бір кезде. Тұла бойым зың ете түсті.

- Жоқ па?... Не бопты?- деп қалды ауыз үйдегі шешей...

Жауап естілмей, жаутаңдай қараған Күлән кіріп келді. Көзім атылып шығардай қарадым білем:

- Сабыр, Биға, сабыр!- деп жайшылықси күлімсіреді. Бірақ шырайы солғындау.

- Қайда кетіпті?- деп мен де сабыр шақырғандай жымидым.

Күлән үстіндегі жұқа пальтосын шешіп ілді де, менің жанымдағы орындыққа келіп отырды. Аппақ саусақтарын уқалады. Бұл «баптануына» қарап, басынан бастайтын бір суық әңгіме барын сезгендей тітіреніс пайда болды маған.

Күлән төмен қарап отырып, сөзін аса ыждағатпен бастады.

- Сақшы жөніндегі тапсырмаңды өткен дүйсенбі күні жеңіспен орындағанбыз. Бізге мектептегі барлық ұйғыр қыздар қосылған. Мектеп кеңсесінен қалалық сақшыға наразылық қатынас жаздырып алып шыққанбыз. Көшеде бірінен-бірі естіген мұсылман әйелдер түгел ілесіп, шулай кірді сақшыға. «Әйелдерді сұраққа түнде шақыру тоқтатылсын», «түнделетіп тұтқындау тоқтатылсын!» деп ұрандадық. Жұйжаңдары1 шығып кәукелектеп, біздің талабымызды мәжіліс залына кіргізіп отырғызып тыңдады. Жүрердегі ақылдасуымыз бойынша Нұрияны сөйлетпей, түнде болған ахуалды қасындағы үш қыз сөйледі. Жабыла тағы бір ұрандатып жібердік. Әйелдер мектебінің наразылық қатнасы мен Нұрияның өз арызына Кәменнің хатын қоса түсіндіріп мен ұсындым. Тапсырып алған бастығы бар талабымызды изектей қабылдаған болатын,- деп Күлән бір тынып күрсінді. Күрсінді де тағы да күлімсіреген болып жалғастырды сөзін. - Содан мектебіне қайтқан Нұрияш осы үйге бейсенбі күні кешке жақын бір келді, сенің ахуалыңды сұрап қайтқан болатын... Кеше мектебіндегі бір ұйғыр қыз Нұрияштың мектепке бармағанын айтып іздеп келді. Жаңа Ақылбай екеуміз барып, таба алмай қайттық. «Мектепке бүгін де келмеді» деп оқытушысы бізден сұрайды.

- Жоғалғаны ма?- деп ышқынып қалдым мен. Маңдайымнан тер бұрқырай түсті. Кейін күлкіге қалатын қылық болмасын деген сақтықпен сонда да қалпымды сақтауға тырыстым, - көрпе-жастығы, киім-кешегі орынында ма екен?!

- Бар, бәрі орнында тұр. Нәрселерін тізімдеп, қасындағы ұйғыр қызға тапсырып қайттым.

- Бейсенбі күні келгенде басқадай не сөйлеп еді?- деген сұрауыма Күлән ойланып барып жауап қатты.

- Иә, бұдан төрт-бес жыл бұрын Сарсүмбеден көрген екі-үш кісіні сол күні Нәнміннан1 көріпті. Боғдаға қоныс аударғанын айтып, Қабеннің үйіне де бір қонған кісілер екен. «Өздері танымаған шырай көрсеткен соң амандаспай өте бердім» деді Нұрияш.

Мен елең ете түстім.

- Түрі қандай кісілер екен?

- Оны айтқан жоқ.

- Сол алдыңғы күні кеште Кәменге ілесіп, қазақ-қырғыз ұйымына кірген екі кісіні өзің көрдің бе?

Күлән таңырқай қарады маған:

- Жоқ.

- Әттегене! - деп түрегелдім орнымнан. Ауыр күйзелгенімді шырайымнан байқағандай, Күлән сырт айнала беріп көзін сүртті, - сол көрген кісілерінің тым болмағанда бірінің түрін айта кетпегені-ай!

Күләннің үні дірілдей шықты.

- Кәмен осында жүрсе, бұрын бірер рет қана көрген бейтаныс адам қалай әкетпек оны?... Олардың ырқына Нұрияш көнер ме?... Биғаш, қиналмашы, сабыр етші! Осы Үрімжіден табылар ол!... Ақылбай сақшы орындарынан сұрастырып, іздемек болды ғой... «Көп адам іздейді» деді оны... жоғала қоймас...

Осы ақшам үйілерде ғана ағындап лепіре жеткен үйімнен күйреп сенделектей қайттым. Аспан қап-қара бұлт, күлім қаққан бар жұлдызымды түнек жұтыпты. Қатты мас болғандаймын, жер жүзі жөңкіліп, мені қақпақылдай қағып, қақпайлап ала жөнелгендей. «Кәмен еріп жүрген болса сол қазақтар әкеткені ме Нұрияшты? ...Иә, қара қақпа жұтты ма?... Көрген түстері рас келгені ме?.. Жоқ... жоқ, мүмкін емес!... Мүмкін емес, айрылыспақ емеспіз!... Нұрияш!... Нұрияш, қайдасыңдар, тез жетсеңдерші, жеткізсеңдерші тез!... Әкел, әкел, ең жойқынын ұстат қолыма! Қара аспанын қара қақпасына күйретіп түсірейін!»

Жан жүрегім астаң-кестең болып, осылай ала бұртып, жатақханама албырта жеттім де, орныма бүк түсіп құлай кеттім.

«Белгіленген көтеріліске енді екі күн қалды... япыр-ай, келетін партизан отряттарының хабары неғып кешікті? Қарулану әрекеті сол хабарға ғана байланысты ғой!» деген ой орнымнан серпіп жібергендей, ыршып тұрдым. Қарама-қарсы екі қатар тақтай сәкеннің арасындағы есіктен төрге созылған дәлізді бойлап, арлы-берлі кезе беріппін. Жым-жырт жатқанымен сабақтастар түгел дерлік ояу екен. Менің нағып тықыршып жүргенімді бәрі сезгендей, бәрі де сол қамда сияқты, аунақши түсті. Темекі тартатындары бастарын көтеріп, темекі орасты. Ешқайсысында сіріңке жоқ екен. Мұндайда отпен қамдаушы Шақан еді. Жалба-жұлба қыстық мешпетінен мақта жұлып алып, «Құдай берген» қуатты алақанымен «престеп» ширататын да, сәкі тақтайына тас кірпішпен ысқылап тұтататын, бұл жолы мешпетінен мақта ала алмай, қасындағы Салықтың мақталы мешпетін жұлмалады. Сөйтіп тұтатқан кере қарыс темекісін оуып-оуып жіберіп, түтінін мұрнының апанша үңірейген қос тесігінен будақ-будақ еткізді.

- Ей, Биғаш, кел отыр, темекі тарт!

Ұсынған темекісін ала салып, екі сорып өзіне қайтардым. Тұңғыш тартқаным сол еді. Өз күйігім үшін сорғанымды үре салып, Нұрия үшін сорғанымды шырғасын шығармай сіміріппін. Шашалып қалдым. Кезе жүріп жөтеліп қайта оралғанымда:

- Биғаш,- деп кідірді Шақан. Мен қарап тұра қалдым. -  Әттең! Әттең! ... Мылтық болса, ит болсын, қасқыр болсын, ең семізін атып жер едім қазыр.... жүрегім қарайып барады, бір дәрменің бар ма?

Мен жауапсыз кезе бердім.

- Өзінің де соған ашығып-асығып жүргені шығар?- деп күбірледі Ынтықбай. Тілеуқан күлдіргісін қоса жауап қайырды бұған.

- Осы бәріміздің көзіміз неге бақырайып жатыр дейсің, түгел соны аңсап жатпаймыз ба? Қасқырың тұрмақ қабаның болса да әкелші, қабырға, қыртысын іздемей-ақ бітеу жұта салайын!

- Ой сабақтастар, ұйықтаңдаршы!- деп семіз Оралқан ышқына аунап түсті.

Бәрі қайта қисайысты да мен кезе бердім. «Қара нар» әнін айтқым келді де көңілім босай берді. «Қой, айтпайыншы, айтпайыншы соны боздатып... ырымы жаман ән ғой оның... Нұрияш ертең-ақ жарқ етіп шыға келер бір жерден!...» - Сол үмітпен шешініп көрпеме кірдім. Басымды жастыққа қойғым келмеді. Нұрияның алғаш танысқанда айтқан «Ағажайын» айта жөнелдім. Аса ықыласпен айтқандығымнан нақышы Нұрияштың өзі айтқандағыдай толық шықса керек, сабақтастардың бәрі бас көтеріп қосыла кетті. Көз жасым тырс-тырс тамды көрпеге. «Иә, бәрі де жылай қосылып отыр екен. Туған жерін сағынған ғой шіркін азаматтар!»... Біраз үнсіз кідірістен соң Нұриямен бірге сол отырыста айтқан «Айнам көзіме» шырқата жөнелдім. Басқа сабақтастар қосыла қоймады бұл әнге, аяқтата бере қос тамшыны тастап жіберіп тоқтаттым.

- Биғаш, не болған саған мұнша?- деп Қуат бұл жылауықтығымды жақтырмай қалды да, Ынтықбай соза күрсінді:

- Е, бір мәні бар шығар, оңайға жылаушы ма еді?

Көзімнің бұл тамшылары көңілімнің демеушілері болғандай, тарылған тынысым біраз кеңігендей сезілді де енді «Елім-айды» айтқым келді. «Нұрияш екеуміздің осы жақында ғана қосылып айтқан әніміз ғой. Құшақтасып отырып айтып, қосарлана жылап едік қой, неге жыладық екен сонда!... Енді жалғыз күңіренуге тура келді!». Мұны да сондағы Нұрияның нақышымен айта жөнелдім. Бұл әнге Оралқаннан басқа сабақтастар түгел бас көтеріп, «үнсіз күрең» аталған Сәбит те қосыла кетті. Енді мен ғана емес, бәріміз түп-түгел «жылауыққа» айнала айтып шықтық.

- Ой сабақтастар, жыламайтын уақытта жыладыңдар-ау осы,- деп Оралқан да басын көтеріп алды. - Ақыр ұйықтатпадыңдар ғой, айтыңдаршы тағы да, Биғанның шабыты төтенше келіпті бүгін, адамның сай-сүйегін сырқырататындай.

«Жүрек-бауырым езіліп бара жатса қайтермін, Ағыке?» деген оймен тағы бір тастап жіберіп, тағы да Нұрияшпен бірге айтқан «Япыра-айға» бастадым. Мұны білетін Салықтан басқасы қосылып айтпаса да қам көңілдер қосылып жыласа тыңдады. Бәрі де Нұрияштарынан қатерлі кезеңде менше айрылып қалып отырмаса да, жүректерінің қылы бірге тартылып, бірге шертілгендей, бірінің ыршып кеткен көз жасын бірі көріп ыршытады. Іштерінен жете түсініп болған тағдырластық, жүрек тамырларын тұтастырғандай.

Бұл түнді түгел дерлік ұйықтамай өткіздік.

Киініп жуынуға шыққанда Ынтықбайдан Кәменнің осы Үрімжі маңында туыстары бар-жоғын сұрадым.

- Жемсары ауданында нағашым бар деп жүрген, - деді ол, - бес-алты жыл бұрын Алтайдан көшіп келген екен. Оны неге сұрадың?

- Өткен бейсенбі кешінен бері Нұрия қарындасың,- деп кідірдім де, - «жоғалыпты» - деуге батылым әрең жетті. - Дәл сол кеште Кәменнің қасында бөтен екі қазақ жүргенін көргендер бар.

- Солар әкетті дейсің бе?... Олар Нұрияшты басынып әкете алмас! Әкесі түрмеде жатқанмен аруағы да қорқытады оның: туысы өте көп, Нұрияның өзі тіпті де...

- Сөйтсе де Кәменді бақылаушы мықты болсыншы... әсіресе бүгін!

Кәменді Сәбитке де мықтап тапсырып, тамақты шала-шарпы іше сала Репқатқа жөнелдім.

Репқаттың үлкен көк көзі қызарыңқы тартып, ерні жымқырылып алыпты. Ұйқысыздық та, қатты ыза да бар сияқты, қол алыса сала менің қабағымды билеген мәселені айтты.

- Келін қолды болды ғой, шыда! Кеше кеште естігеніңнен де хабар таптым.

- Кімнің қолына ілінгенін білдіңіз бе?

- Кіші төрт көше жақтағы бір сақшы бөлімшесіне екі сақшы екі білегінен ұстап кіргізіп әкеткені анық. Соның ертеңіне ол бөлімше қорасында жоқ болып шықты, бұл да анық. Ұры түрмелердің бірінен табылар, сабыр ет!

Мен дәл сол ақшамдағы Кәменге ерген қазақтардың жайын қысқаша айтып, Кәменнің сыбайлас сақшылары соларға беріп жіберу мүмкіндігін де қостым.

- Олай болса, Кәменді қайткенде де бір апта Үрімжіден шығармай ұстай тұрудың амалын табыңдар! Қастықтан өліп кетпесе құтылады, зорлап ауылдарына апарса да, алдауға көніп кететін бала емес, құтқарылады! - деп Репқат нық сенімін айтты. - Бұл осылай болсын, енді үлкен қайғыға келейік. Біз күткен партизан отряттарын Үрімжі аймағын да өтуден тиыпты...

Бұл хабарды айтқанда Репқаттың жүзі өрттей жанды. Мен тыныс ала алмай қалғандай тығылып отыра кеттім.

- Кім тиыпты?

- Төңкерістің жоғары басшылық орны.

- Не үшін, Гоминданнан азат болмай-ақ қойсын дей ме? - дегенде үнім қырылдай шықты менің.

- Жоқ, жастар зор шығынға ұшырайды дейді, бұл қамқорлық... Бірақ, көзі жетпегендіктің, біздің күшімізге сенбегендіктің қамқорлығы,- деп үстелді жуан алақанымен салып жіберді Репқат. - Бізді соншалық әлжуаз, қор санайтын сияқты. Гоминдан өз жауыздығы арқылы халықты дүниеде болып көрмеген құдыретті жұдырықтай жұмылдырып болып еді ғой?... Үрімжі азат болғанын естіген қайсы аудан қозғалмас еді сонда? Бізден де арман қопақтап, тарпа бассалуға дайын тұр еді ғой?! Үрімжі Гоминданына сыртқы аймақтардан көмек келе алар ма еді сонда?... Біздің аман қалуымызды ойлаған-ақ болсын, ендеше ашық та, астыртын да тез ұйымдасуымызға сонша неге шақырды? Зор күш екенімізді екі-үш ай ішінде ғана көрсетіп, тыңшылар жағынан тізімделіп болғанымызда бұл тиюы, тып-типыл болып, түрмеде қырыл деген сөз болып шықпасына кім кепіл?... - Ызамен түйіліп көтеріле күбірлеп келіп кідірген Репқат енді бәсеңдей жалғастырды сөзін. - Жә, бауыр, біз туған еліміздің тағдыры үшін де, коммунизм өрісінің кеңеюі үшін де өзімізде бұрын болып көрмеген қабылетпен тырысып бақтық. Бесіктен беліміз көтерілісімен-ақ жұғымды, ұтымды ұйымдастырушы бола алдық. Ендігі бар қабілетімізді аман-есен жасырынып қалу үшін жұмсайық, әрқандай жағдайда да осы ұйымды мынау үкіметке білдірмеу жағын ғана ойлайық. Көп санды достарымыз сонда ғана аман қалады. Қазірге дейінгі алып отырған мәліметтерге қарағанда, осы қаладағы тыңшылардың материал топтаған склаты - Абдығұпыр таздың басы, олар әлі де топтап жатыр. Ол әшкерелей алатын толық фактыге ие бола қалса, сендер де уақытында хабарланасыңдар. Олай болғанда көзге түсіп, белгілі болғандар Ілеге иә Алтай жаққа қоныс аударуға тура келеді... Оншалық қатерлі көрсетіп, шошытып алмай осыны жеткізе тұр... Өте көп адам ғой, бұрын көрініп қалмағандарына хауып жоқ шығар...

«Босып кетуге тура келсе, Нұрияш қайда қалар екен» деген ашыныш ішімнен бүре шықты менің. Енді соған құлақ түруге жөнелдім де, мектебіне барып, жатақханасындағы сабақтас қыздарынан сұрадым. Төсек-орны, киім-кешегі көзіме оттай басылды. Өзі жоқ... Иә, құшағыма кіргенде мастандыра түсетін ал қызыл кофтасы да чемоданның үстінде қаттаулы тұр. Кілті өзінде кеткендіктен салынбапты...

Қайтып шықтым. Көшеде қайшалыс өтіп жатқан адамдар легін тінтіп келемін. «Біреу» мен «бірнешеулер» бүгін тіпті көбейіпті. Сөйтседе аспан асты аңырайып бос қалғандай, төбесіне асылған жалғыз «шырақтан» басқа еш нәрсесі жоқ, қаран қалған қуыс күмбез сияқты көрінді маған.

Өзім де құп-қуыс құр қаңқадай сезілемін. Сенделіп келіп, Күләннің үйіне кірдім. Ол да жоқ. «Бір хабарын табам ба» деп көшеге шығып кетті дейді. Ұзыннан-ұзақ көшені «төрт көзіммен» тінте жеткен маған көрінбеуіне қарағанда, ол өзінің әкесін өлтірген түрме мен Мұсатайын итке айналдырған таныс түрмеден сұрастыруға кеткен болса керек.

Сол қақпадан қайта шыққанда бір-ақ білдім: менің соңыма да «біреу» түскен екен. «Мәдениет клубынан» бері қарай ақ көйлек, сұр шұға мешпет киген әдемі ұйғыр жігіт арқан бойы артыма келіп еді. Сол жігіт қазақ-қырғыз ұйымы қақпасының алдына келіп кино құлақтандыруын оқыған кісімси күтіп тұрыпты. Мектепке қарай өрлегенімде артымнан және ілесті. Өзімді-өзім жиып, ширай аяңдадым. Көшенің қарсы жақ шетімен бізге қатарлас келген үш ұйғыр жігіт бір дүкеннен шыға келіп, бізбен тағы да қатарласа өрледі. Бұлар менің артымдағының соңына түскен біздің «бірнешеу» екенін түсіндім де, артымдағы аңдушыны тосып тұра қалдым.

- Ашуымды кімнен аларымды білмей келе жатқанымда, «Алланың берген несібесі» шығарсың?- деп күле қарадым өзіне. Қазақша сөзімді түсінбей:

- А... не дейсің?- деді ұйғыршалап. Енді мен де ұйғыршалап түсіндіре сөйледім.

- Мен баратын жерге сіз де барып қайтатын болған соң бірге жүрейік деймін... Жол қысқарту үшін әңгіме айтайын: баяғы заманда ені асқабақтай қара қошқар өз қорасынан адасып қалған екен,- деп күлімсірегеніме таңдана қарады тыңшы, - сол қошқарды жемек болып, соңына бір кәрі қасқыр түсіп еріпті де отырыпты. Қартайғандықтан тісі түсіп қалған қасқыр екен. Қошқарды бассалып жеуге күші жетпейтінін біліп, сонда да енінің түсіп қалуынан дәмеленіп еріпті! Әнеу салақтап бара жатқан бірдемесінің бауы тым жіңішке көрінеді. Соншалық салпаңдауға шыдай бере ме, енді үзіліп түсер-ақ» деп жалақтай еріпті. «Тым-ақ нығыздап толтырыпты, жұп-жұмсақ май ғой сірә, бір тоярмын-ақ» деген сезіммен сілекейі шұбыра беріпті. Сөйтіп «әне түсер, міне түсер» деген үмітпен үш тәулік ілескен аш қасқыр бір шақта бұраң етіп құлай кетіпті де, ыржың етіп жан үзіпті. «Қошқардың ені түсер деп қасқыр аштан өліпті» деген мәтел содан қалған.

Әңгіменің мәнін түсіне қойған тыңшы менен бөліне жөнелмекші болып сырғи бергенде білегінен ұстай алдым. Көшенің екінші жағымен келе жатқан әлгі «бірнешеу» аң-таң болып бізге қарай берді. Тыңшы да аң-таң күлімсірей тоқтады.

- Тұра тұрыңыз, әңгіме аяқталған жоқ,- дей ұстадым, - маған қанша ергеніңізбен қошқардікі сияқты салпаңдаған ештеңе шала алмаған шығарсыз, аштан өлесіз ғой өстіп жүріп!

Тыңшы қолын сілкіп босатып жүре бергенде, қарсыдағы «бірнешеу» жымың-жымың күлді.

Мектеп қақпасына кіре бергенімде, қарсы алдымнан келе жатқан Кәмен көрінді: қуаныш сырын сездірмегісі келгені ме әлде ол да қуаныштан құралақан ба, әйтеуір қабағы жабыңқы-жабырқау көрінді. Қайғымды сездірмеуге тырыса күлімсіреп мен өттім. Бізге тетелес екінші жылдық кластағы ірі денелі екі сабақтас Кәменнің соңынан ере шықты да, қолын артына қайыра ұстап дара теңселген Шақан олардан кейінірек өтті. «Шоқтықтан алдық» деп сыбырлай өтті маған.

Кәменді қалай тұсағанын жатақханада Ынтықбай түсіндірді. Нұрияшты қолға түсіру үшін соңынан қалмай хат жазғыштап, қорқытып жүрген сен едің, сақшыға да сен тергетіп едің, қазіргі қолды болуы да сенен ғана екені хақ. Факт көп, бұлтара алмайсың, соңыңа енді бүкіл жантекей түседі. Аспанға шықсаң аяғыңнан, жерге кірсең шашыңнан тартамыз. Онан да жақсылықпен ғана тауып бер қарындасымызды, болмаса қамалған түрмесін айт, деп Ынтықбай бас бірнеше жантекей төне түсіпті таңертең. Кәмен ант-су ішіп, азарда-безер болған екен. «Олай болса, ақтығыңа сендіресің, ол үшін: Нұрия табылғанша бізге айтпай ешқайда шықпайсың! Егер жасырын шықсаң осы қылмыстың саған жабысқаны жабысқан. Бір жантекей кезіккен жерде-ақ кеңірдегім сурылды дей бер, обалың өзіңе, деп ескертіп шығарыпты.

- Қалың жантекей аты шыққанда керейдің қайсы текесі ықпаған, осылай бағындырдық,- деді Ынтықбай күліп, - жаңа ғана бізден рұқсат алып шықты.

- Жарапсың құрышым!- дедім де қолтықтай алдым, сонсоң Репқат айтқан ауыр хабарды күрсіне баяндадым. Алдымыздағы қатерді недәуір-ақ жеңілдетіп түсіндіруге тырыссам да, қаншалық жеңіл болып естілсін?

- Мына сыболштардың ісі-ай, е! - деді Ынтықбай, партизан отряттарының шектелуіне қаратқанын түсіндім. - Жеңіп тұрғанда желкемізді қидырар ма екен мына жауға! «Жоқ, олармен қайткенде де осы соғысқанымыз соғысқан. Болмай бара жатса, қашып шығып қаруланармыз!»

Көреген тергеушім, сізге сол кездегі күрес жөнінен өзімнің барлық білгенімді әшкерелеп отырмын. Сіз менің өз алды-артымдағы сыбайластырымды әшкерелеуіме әрине қуаныштысыз, бірақ мен барымды әшкерелеймін деп, сіз үшін зор реніш болатын бір жайтты де айтып салыппын. Ол - әлгі бір сұлу тыңшыға аштан өлу хаупін ескерткен жайытым еді. Қасқырға қасқырдың ұқсамайтын тағдыры бар ма. Сіз де соның аяғын құшудан хауіптенерсіз-ақ! Солай да сіздің аштан өлмейтіндігіңізге азуыңыз кепіл. Өздігінен үзіліп түсе қоймаса өткір тісіңіз бар ғой.

Құдіретіңізге шек келтіріп, үмітіңізге тұман түсіретін осы әңгімені айтқан қылмысым үшін-ақ қылша мойным талша!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


1 Жүйжаң (ханзуша) - мекеме бастығы.

1 Нәнмін - түстік қақпа - Үрімжідегі жер аты.

 

0 пікір