Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2640 0 пікір 3 Мамыр, 2012 сағат 07:05

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: «...ОЛАРДЫ ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯЛАР ИТЕРМЕЛЕДІ»

Ақтаудағы сот процесінің 2-мамыр күні өткен 25-ші отырысының басым бөлігі, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, «ӨзенМұнайГаздың» бұрынғы басшысы Ешманов Киікбайды сұрауға кеткен.

Отырыс сотталушы Аманжолов Жігердің бүкіл сотталушылар атынан сөйлеп, процеске лақап атпен қатысқан куәларды сұрау кезінде орын алған заң бұзушылықтарға, соның ішінде, әсіресе, оларды сұраған кезде жандарында прокурор мен полицей болғандығына судьяның назар аударып, cоған орай процессуалдық шешім қабылдауын  өтінген талап-тілекті жария етуден басталған. Адвокаттар мұны қолдаған, прокурорлар осыған дейін адвокаттар Жуаспаева мен Әлібиевтің тап осындай талап-тілектері ашық қалдырылғандығына сілтеме жасап, бұл талап-тілекті де ашық қалдыруды өтінген. Судья Нағашыбаев Аралбай талап-тілекті ашық қалдырған.

Сот хатшысы сотталушы Тәженов Әнуарбектің жоқ екенін хабарлаған. Оның адвокаты Әнуарбектің келмей қалу себебін білмейтіндігін айтып, сот отырысын онсыз жалғастыра беруді өтінген (кейін, үзіліс кезінде, жаңаөзендіктердің бірі аяғынан жараланған Тәженовтың гангренаға шалдыққанын, сондықтан оның аяғына ампутация жасалуы мүмкін екендігін айтқан).

Ақтаудағы сот процесінің 2-мамыр күні өткен 25-ші отырысының басым бөлігі, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің хабарлауынша, «ӨзенМұнайГаздың» бұрынғы басшысы Ешманов Киікбайды сұрауға кеткен.

Отырыс сотталушы Аманжолов Жігердің бүкіл сотталушылар атынан сөйлеп, процеске лақап атпен қатысқан куәларды сұрау кезінде орын алған заң бұзушылықтарға, соның ішінде, әсіресе, оларды сұраған кезде жандарында прокурор мен полицей болғандығына судьяның назар аударып, cоған орай процессуалдық шешім қабылдауын  өтінген талап-тілекті жария етуден басталған. Адвокаттар мұны қолдаған, прокурорлар осыған дейін адвокаттар Жуаспаева мен Әлібиевтің тап осындай талап-тілектері ашық қалдырылғандығына сілтеме жасап, бұл талап-тілекті де ашық қалдыруды өтінген. Судья Нағашыбаев Аралбай талап-тілекті ашық қалдырған.

Сот хатшысы сотталушы Тәженов Әнуарбектің жоқ екенін хабарлаған. Оның адвокаты Әнуарбектің келмей қалу себебін білмейтіндігін айтып, сот отырысын онсыз жалғастыра беруді өтінген (кейін, үзіліс кезінде, жаңаөзендіктердің бірі аяғынан жараланған Тәженовтың гангренаға шалдыққанын, сондықтан оның аяғына ампутация жасалуы мүмкін екендігін айтқан).

Бірінші болып сұралған жәбірленуші Хасенов Талғат өзінің талап-арызында көрсетілген 1650 мың теңге зиянның орнын толтыру жөніндегі талабын растаған. Адвокат Жәменовтың: «Оның төлемін кімнен алғыңыз келеді?» - деген сұрағына ол: «Кімнен тиесілі болса, содан», - деп жауап берген.

Одан соң судья жәбірленуші Ешманов Киікбайды шақыртқан.

Прокурор: Сіздің үйіңізді өртеу жағдайы қалай болғанын айтып беріңіз.

Ешманов: 16-сына дейін басшылықтың үйлерін өртейді деген сыбыс жүрсе де, тек менің үйімді ғана өртеді. Нақты менің үйімді өртейді дегенді мен естіген жоқпын. Өртеу мен ереуіл арасында тікелей байланыс бар деп есептеймін.

Прокурор: 16-сына, тәртіпсіздіктер басталғанға дейін не болғанын айтыңыз.

Ешманов: Біз мейрамға дайындалдық, ӨМГ-ден 10 киіз үй тігілді. Алаңда біздің кәсіпорындағы жұмыстан шығарылғандар болды, сондықтан, жиналған адамдарды құттықтау уақыты келгенде менің сахнаға шығуым ыңғайсыз болады деп есептеп, мен одан тартындым. Оларға менің құттықтауларым ұнай қоймас еді.

Прокурор: Мұнайшылар не істеді?

Ешманов: Олар полицейлер шебін ығыстыра бастады. Өз кезегінде оларды да ығыстырды, бірақ қантөгіске алып келетіндей ештеңе болған жоқ.

Прокурор: Тәртіпсіздіктер басталған соң сіз не істедіңіз, үйдегі өрт жөнінде қалай білдіңіз?

Ешманов: Мен полиция басшыларына, Айтқұловқа телефон соға бастадым, бірақ ала алмадым. Дегенмен, кейінірек ҚІІД бастығының орынбасарларының бірін алдым. Ол маған: «Отбасыңды ал да, қаладан кет», - деді. Мен отбасымды Ақтауға аттандырып жіберіп, өзім Жетібай поселкесіне жүріп кеттім. Кешке таман, аула жағалап келіп, ҚІІД-ге жеттім, онда мені ұзақ уақыт кіргізбеді. Сонда полиция басшыларының бірі маған үйімнің өртеніп кеткендігін хабарлады.

Прокурор: Сіз бірден сонда кеттіңіз бе?

Ешманов: Ия, бірақ кірмедім. Анықталғаны, өртті көршілерім мен алыс туыстарым сырттай бақылап отырыпты. Олардың айтуынша, ойран мен өрт кезінде үй жанында қара джип тұрған. Джиптен ойрандаушылар мен өртеушілерге нұсқаулар түсіп жатқан.

Прокурор: Біреуге күдіктенесіз бе?

Ешманов: Маған айтқаны, беттерін тұмшалап алған 20-30 жас жігіт болған. Кейін бір адам маған әлдебір Бөпіловтың төрт адаммен өртеуді ұйымдастыруға қатысқанын айтып, әлгі Бөпіловтың мекен-жайын да атады

Прокурор: Сол ақпаратты берген адам сотқа келе алады ма?

Ешманов: Менің онымен сөйлесіп алуым қажет.

Прокурор: Сіздің үйде Құран мен тасбих болды ма?

Ешманов: Ия, тіпті бірнеше кітап болды, тасбих жөнінде анық білмеймін, мүмкін, болған да шығар.

Прокурор: Сіз ереуіл проблемасын шешуге талаптандыңыз ба?

Ешманов: Ия, бірнеше рет. Жиналыстар, кездесулер, түсіндірулер өткіздік, тіпті жұмыстан шығаруға мораторий де жарияладық, оның барысында ереуілшілер ешқандай шартсыз жұмысқа шығуға мүмкіндік алды. УОС-5-ке ереуілшілерге бардым, алайда үйлесімді әңгіме шықпады. Маған 59 цистерна мұнай ұрланғандығы жөнінде айтты, ал ол туралы әңгімелер мен ӨМГ басшылығына келгенге дейін-ақ жүрген. Біз заңға сәйкес әрекеттендік, жалақыны Еңбек кодексіне сәйкес төледік, мемлекеттік органдар, сот мұнайшылар талаптарын заңсыз деп шешті (Ешманов еңбек тартысындағы өзінің «дұрыстығын» ұзақ дәлелдеген). ӨМГ-дегідей ұжымдық келісім-шарт елімізде басқа ешқайда болған жоқ, біз өз қызметкерлерімізге тіпті олардың туыстары қайтыс болғанда да көмектестік - көлікпен қамтамасыз еттік, қабір қазыстық (залда шу көтеріліп: «Өтірік айтпа!» - деген дауыстар естілген), ...ереуіл тоқтауы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым, бірақ одан ештеңе шықпады.

Прокурор: Сізде Талғат Сақтағановқа деген жеке ұнатпаушылық болды ма?

Ешманов: Жоқ.

Прокурор: Сіздің оны қала сыртына алып кетіп, сонда әлдебір спортшылардың көмегімен қорқытқаныңыз рас па?

Ешманов: Мен спортшылар туралы сыбыстардың қайдан шыққанын айқындағым келеді. Маған ұлттық жекпе-жек түрлерімен айналысатын жігіттер келіп, демеушілік көмек сұрады. Мен тіпті олардың қоғамының құрметті төрағасы болдым.

Прокурор: Ереуілдің белсенділерін атай аласыз ба?

Ешманов: Нақты айта алмаймын, оларды оппозициялық партиялар итермеледі.

Адвокат Тасқынбаев: Сізге Бөпілов туралы айтқан адамды осында шақыра аласыз ба?

Ешманов: Менің онымен сөйлесіп алуым керек.

Прокурор: Сіз мұнайшылардың демалыс лагеріне бара жатқан балаларын неге автобустардан түсіріп тастадыңыз?

Ешманов: Түсіріп тастаған менің өзім емес, мұны басқа адамдар істеді. Ұжымдық келісім-шартта барлық әлеуметтік артықшылықтар, кепілдіктер ереуілшілерге қатысты жұмыс істемейтіндігі жөнінде айтылған, сондықтан басшылықтың ереуілдегі мұнайшылардың балаларын жолатпау туралы бұйрығы болды.

Прокурор: Сіз мұнайшыларға: «Екінші Қырғызстан жасаймын», - дедіңіз бе?

Ешманов: Мені дұрыс түсінбеген, мен: «Біздер Қырғызстанға ұқсап кетпеуіміз керек», - дегенмін.

Адвокат Төлеуқұлов: Сізге қандай сомаға зиян тигізіліп еді?

Ешманов: 41 миллион теңгеге, бірақ тергеу тартқан сарапшылар зиянды 10 миллионға бағалады.

Төлеуқұлов: Сіз неге 41 миллионға бағаладыңыз? Онда не, қабырғалар мәрмәрдан тұрғызылып па еді?

Ешманов: Жоқ, бірақ бұл 15 жыл ішінде жиналған дүние-мүлік.

Төлеуқұлов: Жеті ай ереуіл барысында сіз алаңға неше рет бардыңыз?

Ешманов: Өзім бір де бір рет барған жоқпын, ӨМГ қызметкерлері барды.

Төлеуқұлов: Коэффициенттер жөнінде не айта аласыз, ол талаптар заңды ма еді?

Ешманов: 2009 жылы тап осы мұнайшылар енгізілген еңбекақы төлеу жүйесіне келісті ғой, олардың талаптарын заңсыз деп есептеймін.

Төлеуқұлов: Алаң жанына «ҚазМұнайГаз» деген жазуы бар 20 КамАЗ-ды орналастырып, үстінен азық-түлік саудасын жүргізуді кім ұсынып еді?

Ешманов: Жаңаөзенде азық-түлік бағасы жоғары, сондықтан бағаны түсіру үшін сондай сауда жүргізу жөнінде ҚМГ РД президенті Асқар Балжанов ұсыныс жасады.  Бірақ алаң жанына орналастыруды нақты кім бұйырғанын мен білмеймін.

Төлеуқұлов: УОС-5 алдындағы алаңқайдан ереуілшілерді қуып таратуды кім ұйымдастырды?

Ешманов: Білмеймін, сірә, полиция болар.

Төлеуқұлов: Сіздің Караман-ата бейітінің басында әлдебір ант бергеніңіз рас па?

Ешманов: Мен оны ант дей алмаймын, әншейін маған сонда барып келіссөз жүргізуді ұсынды, Сарбөпеев, Әминов, Сақтағанов болды, біз жерасты мешітіне түсіп, сонда отырып сөйлестік. Жігіттер тарапынан көптеген жақсы сөздер айтылды, олар - біз халық үшін жұмыс істеуіміз керек деді. Шығар алдында мен басшылыққа айттым, олар рұқсат берді. Есімде, сол мешіттің қызметкері маған: «Сен боқтыққа батқансың», - деді, оның бұл сөзі менің шамыма тиді.

Төлеуқұлов: Сіз ӨМГ-ге келген соң ереуілдер, жұмысшылар тарапынан наразылықтар жиілеп кетті. Сіз мұны немен байланыстырасыз?

Ешманов: Айдап салушылар мен арандатушылар болды деп ойлаймын.

Төлеуқұлов: Осыған орай бір жерлерге жүгіндіңіз бе?

Ешманов: Жоқ.

Адвокат Әлібиев: Сіздің үйіңіздің күзетін «Семсер» фирмасы жүзеге асырды, сіздің онымен келісім-шартыңыз болды ма?

Ешманов: Бұл фирма күзетті ҚМГ РД басшылығымен келісім-шарт бойынша жүзеге асырды, мен төлеген жоқпын.

Әлібиев: Сізге біреулер осы 37 сотталушының арасында сіздің үйді өртеп, тонағандар бар деп айтты ма?

Ешманов: Жоқ, оны сот анықтасын. Егер мемлекет өтемақы берсе, аламын, ал мына адамдардан қазір талап ете алмаймын.

Әлібиев: Сізге де қарсы қаржы полициясы қылмыстық іс қозғаған, сізді қандай баппен айптауда?

Ешманов: Бұл іске оның қатысы жоқ.

Адвокат Батиева: Сіз мұнайшылармен келіссөз жүргізу қиын болды дедіңіз. Неге?

Ешманов: Өйткені әрқайсысының өз талаптары бар бірнеше топ пайда болды.

Батиева: Қандай топтар?

Ешманов: Олар - Құлыбеков Орынбасардың, Жак Әминовтың, Ықылас Шәңгереевтің топтары, және тағы кәсіподақ комитеті.

Батиева: Оппозициялық саясатшылар қаншалықты жиі келіп тұрды?

Ешманов: Шамамен айына бір рет, тек саясатшылар ғана емес, қоғам қайтраткерлері де - Пол Мерфи, Ағелеуов, Әбілев, Қосанов (мен олармен әкімдікте кездестім), Атабаев, Сапарғали, Иманбай және басқалары.

Батиева: Сіз алаңда ауқымды шаралар өткізбеу жөнінде ұсыныс жасадыңыз ба?

Ешманов: Мен түсінбеушілік білдірдім - қалада тәртіпсіздіктер жөнінде сыбыстар жүріп жатқанда шаралар өткізудің қажеті не? Бірақ Орақ Сарбөпеев: «Барлығы шешіліп қойған», - деді.

Батиева: Егер оппозициялық саясаткерлер, қоғам қайраткерлері келмегенде, бұл оқиғалар болар ма еді?

Ешманов: Маған жауап беру қиын, одан да мұнайшылардан сұраңыз.

Батиева: Сіздің Сақтағанов Талғатпен қарым-қатынасыңыз қандай?

Ешманов: Дұрыс болған, бірақ кейін ол менімен араласпай қойды. Мен өзім жеке оны тонау мен өртеу жөнінде кінәламаймын.

Адвокат Жуаспаева: Жанып кеткен дүние-мүлік кімнің атына тіркелген?

Ешманов: Менің.

Жуаспаева: Сіз мұнайшылар талаптары заңсыз болды дегенге тоқтайсыз ба?

Ешманов: Жаңаөзендегі сот оларды заңсыз деп шешті, мен сотпен келісемін.

Жуаспаева: Ал президент Назарбаевтың пікірі ше, ол мұнайшылардікі дұрыс болды деді ғой?

Ешманов: Мен болған жағдайдан шошынғаным (шок) сонша, оның не айтқаны есімде жоқ.

Жуаспаева: Енді, Назарбаевтың қорытындысынан кейін, сіз не айта аласыз?

Прокурор Ақбаев: Құрметті сот, сұрақ орынсыз қойылды, «қорытынды» деген қай мағынада?

Судья: Адвокат Жуаспаева, сұрақты нақтылаңыз.

Ешманов (сұрақты нақтыландырмай): Бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

Адвокат Батиева: Сіз ереуілшілер қолынан таяқтар, тастар көрдіңіз бе?

Ешманов: Көрген жоқпын.

Батиева: Алдын-ала дайындалған тастар, кеспе тастар үйінділерін ше?

Ешманов: Көрген жоқпын.

Сотталушы...: Сіз ереуілшілермен екі арадағы проблемаларды шешу үшін полиция қызметкерлерін неге тарттыңыз?

Ешманов: Мен тартқан жоқпын, мүмкін, олар сіздер алаңда тұрғандықтан келген шығар.

Сотталушы Мұрынбаев: Елбасы: «Мұнайшылардікі дұрыс болды», - деді, ал сіз керісінше айтасыз.

Ешманов: Мен қазір бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

Сотталушы Төлетаева: Сонда қалай, болған жағдай үшін сіз бізді кінәлайсыз ба?

Ешманов: Роза апа, егер ереуіл болмағанда, киіз үйлер жанбас еді. Мен жеке өзім сіздердің ешқайсыңызды кінәламаймын. Сот шешеді.

Сотталушы Әділов: Сіз бухгалтерияның есебін алдыңыз ба?

Ешманов: Кейбіреуін алдым.

Әділов: «Жировкаларды» көрдіңіз бе? Олар неге екі түрлі болды?

Ешманов: Олар екі түрлі болған жоқ. Егер болса, тиісті органдарға арыз беріңіз.

Сотталушы Непес: Сіз бәрібір «мұнайшылардікі дұрыс емес» дейсіз, ал Елбасы - өзіне ақпарат бермеді дейді.

Ешманов: Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын.

Адвокат Төлеуқұлов: 16-сына шолақ мылтық ұстаған адамдарды көрдіңіз бе?

Ешманов: Жоқ, бірақ атыс дыбысын естідім, ол шолақ мылтықтан атқан дыбыс деп ойлаймын.

Сотталушы Дүйсенбаев: Адамдарды ату дұрыс па?

Ешманов: Дұрыс емес.

Отырыс аяғында адвокаттар талап-тілектер жасаған.

Адвокат Жәменов: Мұратбай Жұмағалиевтің айтқан сөздері бойынша лингвистикалық сараптаманы іске қосуды сұраймын. Ғылым докторы Р. Қарымсақова ол сөздерде зорлыққа және жаппай тәртіпсіздікке шақыру жоқ деген қорытынды жасады.

Судья: тараптар пікірі?

Адвокаттар: Келісеміз.

Сотталушылар: Келісеміз.

Прокурорлар: Сараптама нәтижелерін бізге зерттеуге беруді өтінеміз. Материалдарды сараптамаға жіберер кезде адвокат сотқа айтуы керек еді, процедуралар бұзылған деп есептейміз.

Судья: Талап-тілекті қанағаттандырмаймын.

Жәменов: Барлығы ҚР ҚПК-не сәйкес жасалған болатын.

Адвокат Сәрсембина: Менің қорғауымдағыларға қатысты тергеу жинаған барлық дәлелдердің күші жоқ деп мойындау жөнінде талап-тілек жасаймын, өйткені аға лейтенант Бектемісов екі істі - жаппай тәртіпсіздіктер бойынша және полицияға қарсылық көрсету бойынша - бір іске біріктірген. Мұндай біріктіру жасауға тек тергеу тобының бастығы ғана құқықты. Оның үстіне, Бас прокуратураның арнайы тобы заңсыз біріктірілген бұл істі өзінің өндірісіне қабылдап алған. Одан әрі: тергеу барысында ҚР ҚПК өрескел бұзылған, мәселен, сотталушыларды ұрып-соққан, қорқытып-үркіткен, түн мезгілінде жауаптаған, тергеу тобының бастығы өзіне бағыныштыларды тексермеген, прокурорлар ИВС-ке бармаған, сондай-ақ, басқа да заң бұзушылықтар анықталған. Осы фактілердің барлығы бойынша процессуалдық шешімдер қабылдап, материалдарды тексеру үшін Бас прокуратураға жіберуді өтінемін.

Судья: Пікірлер?

Адвокаттар: Келісеміз.

Сотталушылар: Келісеміз.

Прокурорлар: Талап-тілекті ашық қалдыруды өтінеміз.

Судья: Екі істі біріктірудің заңсыздығы туралы талап-тілекті ашық қалдырамын, ал басқасы бойынша - материалдарды прокуратураға жібереміз.

Адвокат Жуаспаева: ЖСДП-ның ашық хатын, баспасөз баяндарын, мақалаларын іске қосуды өтінемін.

Одан әрі: айыптау қорытындысының 4-ші томы, 143-144,147-148,151-152,159-162,167-170 іс баптарында былай деп жазылған: «Айыпталушы Р.Төлетаева 2011 ж. 16-желтоқсаны күнгі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде отандық және шетелдік қаскүнем тілшілерге (аты-жөндері әзір толық анықталмаған), соның ішінде адам құқығын қорғау жөніндегі қоғамның тілшісі Ритман Мираға, «Голас Республики»-дің тілшісі Жанарға, «ВВС» телеарнасының тілшісі Райхонға,  «AssociatiedPress» тілшісі Питер Ленерге ұялы телефон арқылы болған жағдай жөнінде хабарлаған».

Мен отандық және шетелдік тілшілерге, әсіресе, бүкіл әлем құрметтейтін және мойындайтын Хьюман Райтс Вотч құқық қорғау ұйымының тілшісіне қатысты «қаскүнемдер» деген айқындаумен келіспеймін. Мен жоғарыда аталған адамдардың бірқатарымен арнайы байланысқа шығып, олардың өмірде бар екендігіне және жоғарыда аталған, біздің мемлекеттік органдардан аккредитация алған ұйымдарда жұмыс істейтіндігіне көз жеткіздім. Осы құжаттарды іске қосуыңызды өтінемін.

Одан әрі: Роза Төлетаеваға қатысты азаптаулар жөнінде арыз жазылғанына он күн өтті, бірақ жауап жоқ. Сондықтан Розаның тергеу кезінде берген көрсетулерін заңсыз тәсілдермен алынған көрсетулер ретінде дәлелдер құрамынан алып тастауды өтінемін.

Судья: Тараптар пікірі?

Адвокат Батиева: Соттың бұл ақпаратты бізге танысу үшін беруін өтінемін.

Судья: Біз ақпаратпен танысып, түстен кейін шешімді жариялаймыз.

Адвокат Жәменов: Мен лингвистикалық сараптаманың заңды күші бар екендігін қайталап айтам....

Судья: Отырыңыз.

Бұдан соң ол сағат 15:00-ге дейін үзіліс жариялаған. 15:00-де Тәженов әлі келмеген. Судья 20 минут үзіліс жариялаған, ол бір сағатқа созылған, одан соң: «Сотталушысыз отырысты жүргізе алмаймын», - деп мәлімдеп, ертеңгі таңға дейін үзіліс жариялаған.

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 02-мамыры.

«Абай-ақпарат»

0 пікір