Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4331 1 пікір 30 Сәуір, 2012 сағат 08:30

ҚАЗАҚ ҚАРЫЗДАН ҚОРЫҚПАЙ МА?

124 000 000 000$. Ақпарат көздерінің уәжінше, Қазақстанның биылғы жылғы сыртқы қарызы осы деңгейге жеткен! Соңындағы өңкей нольдерді өшіріп тастап, ауызекі тілде жазар болсақ, 124 миллиард доллар берешек екеніміз оқырманға ұғынықты болар. Егер халқымыз санын домалақтап, 16 миллион деп есептесек, онда әрбір қазақстандық шетелге 7750 доллар қарыз деген сөз.
Әрине, мұндағы мемлекеттік қарыздың үлес-салмағы көп емес. Көбісі, екінші дәрежелі банктер мен
корпоративтік қарыздар...

124 000 000 000$. Ақпарат көздерінің уәжінше, Қазақстанның биылғы жылғы сыртқы қарызы осы деңгейге жеткен! Соңындағы өңкей нольдерді өшіріп тастап, ауызекі тілде жазар болсақ, 124 миллиард доллар берешек екеніміз оқырманға ұғынықты болар. Егер халқымыз санын домалақтап, 16 миллион деп есептесек, онда әрбір қазақстандық шетелге 7750 доллар қарыз деген сөз.
Әрине, мұндағы мемлекеттік қарыздың үлес-салмағы көп емес. Көбісі, екінші дәрежелі банктер мен
корпоративтік қарыздар...
Айтпағымыз бұл емес, мемлекеттік қарыз бен әлеуметтік парыздың аражігін ажырату үшін, оның ел экономикасына пайдасы мен зиянын екшеу үшін алдағы уақытта арнайы тоқталамыз. Бүгін әуелі жеке адамдардың қарыз алуы мен оны қайтару барысы туралы сөз етпекті ұйғардық. Біз ешкімнің қалтасына қол салып, әмиянын ақтармақ емеспіз. Алайда, қазіргі халықтың қалтасындағы ақшаның дені қарыз екенін әркім біледі. Қазақ о заманда бұ заман, дәл мұндай қарыз алып көрмеген-ді. Банктерден берілетін «жеңілдетілген несиелердің» қызығын көреміз деп, шыжығына шыжғырылып жүргендер аз емес. Шаңырағы шайқалып, ағайын-туыстықтың арасы суып, өмір сүруден баз кешкендер де толып жүр айналамызда. Бірі туысымыз, бірі танысымыз, бірі жекжатымыз. Несиені әркім-ақ несібесіне жаратқысы келеді. Біреу - той, біреу - машина, енді біреу- бизнес үшін алады. Бірақ біздегі банктердің жеке тұлғаның күнкөрісін сүліктей соруға негізделген жүйесін көбіміздің түсіне бермейтініміз өкінішті. Сіз несие алу үшін кемі қырық беттен тұратын келісімшартты қолыңызға аласыз. Толып жатқан құқықтар мен міндеттердің қандай дәрежеде екеніне зер салмастан, қолыңызға қаржы тигенше асығасыз. Сізге 3 жыл, 5 жыл, 10-15 жыл тым ұзақ уақыт сияқты көрінеді. Әрі ай бойынша төлейтін сомаңыздың онша көп емес екеніне іштей иланасыз. Күндердің күнінде, бүгін болмаса да ертең, әлдебір жақтан қомақты ақша тауып, сонымен бір-ақ күнде қарызыңыздан құтылатындай көрінесіз. Бұл - қазақ психологиясындағы ең олқы тұс. Себебі, біздің ұлт бұрын мұндай қарыздық жүйеге үйренбеген. Еңбекпен, адал термен тапқан ақшаңның әлдебір дөкейлердің миллиондаған қаржысының нольдерін көбейту үшін жұмыс істейтінін кейіндеп білесіз, бірақ бәрі кеш екенін ойлаған сайын өзегіңіз өртенері мұнда тұрған іс. Естеріңізде болса, әлемдік дағдарысқа дейінгі 3-4 жыл қала-қалаларда аялдамаларға дейін несие таратып, тұтас халықты жағымды жарнамасымен өзіне тартқан банктерді де көзіміз көрген. Еліміздегі қозғалмайтын мүліктердің қымбатшылығы шырқау деңгейге жеткен кез де сол мезгіл. Үйлері мен жерлерін кепілге қойып, көбік ақшаның көлеңкесіне ерген-дердің дағдарыстың соққысында сан соғып қалғандары жеткілікті. Сол кездегі қарыз-дарынан әлі құтыла алмай, кепілге қойған мүкәмалынан тұттай болғандарды көз көріп жүр. Күні кеше есепсіз жұмсалған ақшаның бодауы тым үлкен екенін енді түсінгендер де бар, ал қарыз үстіне қарыз жамап, үш-төрт банкке берешек болғандардың әлі де көп екені рас.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, қарыздануға пейіл адамдар шоғыры қозықарын көпшіліктің арасынан көп кезігеді екен. Бұлардың негізгі бөлігі ақшаны пайда тауып, өсіру мақсатында емес, күнделікті жетіспеушілігін болдырмау үшін қарызданатын көрінеді. Тіпті, қазіргі қарызданған қазақтардың жартысынан көп бөлігі, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру үшін, сүндет той, бесік той, алтын той, алпыс, жетпіс жылдықтар үшін алынады дейді. Бір күндік тойдың мың күндік қиыншылығы барын кейіндеп ұғып жатамыз. Сондай-ақ, төменгі мөлшердегі несиелендірудің құрығына іліккендердің басым бөлігі бір айлықпен күн көріп, нәпақасын айырып жүргендер. Алда-жалда жұмысынан айырылып, яки басқа бір қиыншылыққа тап болса, несиесін төлеуді мерзімінен кешіктіріп алуы кәдік. Ол дегеніңіз пайыздық үстеменің еселеп өсуіне жағдай туғызады. Миллион қарызыңыз бір жылда әлденеше миллион болып алдыңызға келеді. Тағы да төлемесеңіз, сотқа сүйрейді. Бір қызығы, банктің талап-тілектері сіздің оқымай-ақ қол қойған келісімшартта көрсетілетіндігі. Қарызы бар адамның бойына ас сіңбейді. Қарыздың да парызы бар. Қолмен алған соң, мойынмен көтеруіңіз керек. Отбасыңыз бен бала-шағаңыздың аузынан жырып, ай сайын бекітілген мерзімнен бұрын банкке жүгіресіз. Бір ай бойы істеп алған айлығыңыздың қомақты бөлігін әлдебір есепшотқа аударуға міндеттісіз. Оны төлеу де, төлемеу де - уайым. Соңғы жылдары елімізде депрессияға (күйзеліске) ұшырағандардың көбейгенін айтып, дәрігерлер дабыл қағуда. Күйзелістің күйігін тартқандардың бір бөлігі банкке берешектер екенін ешкім жоққа шығара алмас.
Қарыз - батыстық экономиканың негізгі қайнары. Сіз банктен кепілге зат қойып несие аласыз, бірақ сол қаржы арқылы өзіңіздің нақтылы жобаларыңызды жүзеге асырасыз. Бұл жерде ең басты мәселе, алған ақшаңыздың ұзақ мерзімге берілгендігі. Мемлекеттік заң аясында әрбір несие алушы ол ақшасын табыс көзіне негіздей алады. Өйткені, біздегідей пайыздық өлшемі тым жоғары емес. Тіпті, кейбір елдерде жеке банктердің несие арқылы табар пайдасы тым аз. Олар сол аздың өзін қанағат тұтады. Ал біздегі банктер ше? Кезінде банк арқылы берілетін несиенің үстемесі тіпті 25-30 пайыз мөлшерінде болғаны әмбеге аян. Қарапайым түсіндіргенде, сіз белгілі банктен 1000 теңге қарыз алып, оны үш жылға бөліп төледіңіз делік. Жылына 30 пайыздан өссе, әр жыл сайын 333 теңгеден қосылады. Үш жылда таза өсімге 999 теңге бересіз. Мың теңгеңізді 1999 теңге қылып қайтарасыз. Бұл сәл қарабайырлау түсіндіру болса да, шындығы сол. Қазір 22 пайыз, 17 пайыз, 14-15 пайыз мөлшерінде несие беріп жатқан банктер көп. Солардың өзі ұзақ жылдық қарызы-ңызды әлденеше есе ғып қайтаруға жүйеленгенін ұмытпауға тиіссіз. Мәселенки, Каспий банктен «Еурожөндеу» несиесі бойынша 1 миллион теңге алсаңыз, 18,99 пайыз өсім бойынша 3 жылда 1 миллион 8 жүз мың 10 теңге етiп қайтарады екенсіз. Ал егер де 5 жылға алсаңыз ше?.. Мұның сыртында несие алу үшін жинар құжатыңызды қосыңыз. Ол аз болғандай, әр банктегі алған сомаңыздың көлеміне қарамастан комиссияға ұсталатын ақша тағы бар. Кей банктерде 10, келесісінде 7 пайыз. Тағы да 1000 теңгені мысал етелік. Сіз сол соманы алу үшін 70 не 100 теңгесін комиссияға беріп кетесіз. Ол неғылған комиссия, не үшін өзі несие тарата отырып, оншалықты соманы ұстауы керек, қандай заң аясында бекітілген? Бұл сұрақтың жауабын табу қиын. Егер мың емес, миллиондаған ақша алар болсаңыз, қаншама ақшаңызды комиссия кеміріп алатынын бажайлай берге-ніңіз жөн. Және ол ақша сіздің банктен алған несиеңізден ұсталатынын және оны да өсімімен қайтаратыныңызды және қолыңызға алмаған ақшадан да өзгелер пайда көріп отырғанын және комиссия ұстап қалған соманы төлеуіңіз өзіңіз ішпеген сүтке берген ақша сияқты екенін ешқашан ұмытпаңыз. Қысқасы, мемлекеттік тұрғыдан, несиелендірудің осы бір бабын тексеріп, комиссия ұстайтын ақша туралы анық-қанық ойластырған жөн.
Әңгімемізді Қазақстанның сыртқы қарызынан бастап едік. Соған қайта айналып соғалық. Қазақстандағы екінші дәрежелі банктер несиеге беретін мұншама ақшаны қайдан алады? Жоғарыда айтқанымыздай, шетелден олар да қарызға алады. Бір айырмашылығы, 3-5 пайыз шамасында, тіпті одан да төмен болуы мүмкін. Олар Қазақстандағы түрлі бағдарламалар бойынша, өндірістерге, индустриялдық бағдарламаларға, жеке кәсіпті ны-ғайтуға жұмсаймыз деп мемлекетке есеп береді. Ал Қазақстандық банк болғандықтан, ертеңгі күні қарызын қайтара алмаса, оған мемлекет жауапты. Сондықтан Сіздің қарызды уақтылы қайтармауыңыздың мемлекеттің сыртқа қарызданбауымен тікелей байланысы бар. Ия, шетелден келген қаржының бәрін қарапайым қазақстандықтарға бермесе де, негізгісін таратып, үстеме пайда көріп отыр банктер. Олар сондай-ақ, мемлекеттен де әлеуметтік секторларды дамытуға қолдау білдіру үшін қыруар ақша алады. Оны төмен пайызбен халыққа таратамыз деп уәде де береді. Каспий банктің «Еурожөндеуі» соның бір көрінісі. Ал шын мәнінде, бәрі де жеке банктердің қыруар пайда табуына орай-ластырылғанын ішіңіз сезіп отырған шығар. Ислам қағидатында өсімқорлық үлкен күнә саналатынын білеміз. Соның мәнісін енді-енді түсініп келеміз...
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ.

АЙТАР ОЙҒА АЙҚЫНДАМА
Сағындық САТЫБАЛДЫ,
экономика ғылымдарының докторы:

Қарыз алатын кезде, оны қалай қайтарам деп ойлану керек. Қолыңа тиген қомақты ақшаның қасында ай сайын төлейтін ақшаңыз мардымсыз сияқты көрінеді. «Судың да сұрауы бар», алар кезде бұл ақшаны неге жаратамын, осы ақша өзін ақтай ма, ақтамаса, оның орнын немен толтырам деген сауалды өзіңізге қойғаныңыз дұрыс. Қазақ: «Қабырғаңмен кеңес» дейді ғой. Қабырғаңыз - жарыңыз. Бала-шағаңызбен, жарыңызбен жақсылап кеңесу керек. Кейбір кісілер оны ойламайды, өзінің мүлкін отбасымен ақылдаспастан кепілге қойып, несие алады. Ал оның зардабын кейін өзі, бала-шағасы тартады. Соның кесірінен шайқалған шаңырақтар көп. Сонан кейін алған ақшаны үнемді, мақсатты жұмсау маңызды. Тойға алған несиеңіз той тараған соң алқымыңызды қысады. Ал шағын кәсіпке алып, ол ісіңізді өркендете алсаңыз, сөз басқа. Несиені уақтылы төлеу де - мәдениеттілік. Уақыты озған сайын, оның үстеме пайызы артады. Оны мерзімінде төлеп үйренсеңіз, біртіндеп құтыла аласыз. Ертең бәрін бір жолда төлей саламын деген салғырттықтың пайдасынан зияны басым. Сондай-ақ, ең маңызды мәселе қай банктен қарыз алуыңызда. Әр банкте әртүрлі мөлшерлемемен, әртүрлі пайызбен несие береді, банк таңдауда да қателеспеу керек.
«Дала мен қала» газеті

1 пікір