Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2999 0 пікір 30 Сәуір, 2012 сағат 07:28

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

VI

Қыстық демалысқа қайтқандардың көбі ханзу сабақтастар еді, уақыты бітіп, түгел қайтып келді. Мұсылман оқушыларға, әсіресе қазақ сабақтастарына айқұлақтанып, шақшия қайтты. Бізге қараған көздерінің шелі өсіп, тілдері онан ары қайралып, қылшылдап қайтыпты. «Сыңку», «иеман», «маулүйзілерін» көздеріне көрінгенімізге сәлемдемесіндей ұсына береді. Бұл «молшылық» өз аудандарында өнген мыңгүй «жемісі» екенін, бұл жемістен көп халық уланып болғанын түсіндік.
- Жағдай қатты ушығыпты; «Мыңгүйің бірер жылдың ішінде-ақ миллион гүй болып өсіпті» деп күбірледім Юсуф Қасымға.
- Ақыр ушығатын болған соң тезірек ушыққаны жақсы!-  деп күрсінді ол.
Көрінген жерде түртісіп қалатын сабақтастар, асхана есігіне сығылысқанда ауыздарына қойысып өтетінді шығарды. Тәртіп меңгерушісі асханаға кірерде ауыздарды аман-есен сақтаудың «қамқорлық» тәртібін орната қойды:
- Бір-бірден тізіліп кіресіңдер, алдыңғы сабақтасымен қатарласа кіргендерге тамақ берілмесін!- деп әмір етті ол.

VI

Қыстық демалысқа қайтқандардың көбі ханзу сабақтастар еді, уақыты бітіп, түгел қайтып келді. Мұсылман оқушыларға, әсіресе қазақ сабақтастарына айқұлақтанып, шақшия қайтты. Бізге қараған көздерінің шелі өсіп, тілдері онан ары қайралып, қылшылдап қайтыпты. «Сыңку», «иеман», «маулүйзілерін» көздеріне көрінгенімізге сәлемдемесіндей ұсына береді. Бұл «молшылық» өз аудандарында өнген мыңгүй «жемісі» екенін, бұл жемістен көп халық уланып болғанын түсіндік.
- Жағдай қатты ушығыпты; «Мыңгүйің бірер жылдың ішінде-ақ миллион гүй болып өсіпті» деп күбірледім Юсуф Қасымға.
- Ақыр ушығатын болған соң тезірек ушыққаны жақсы!-  деп күрсінді ол.
Көрінген жерде түртісіп қалатын сабақтастар, асхана есігіне сығылысқанда ауыздарына қойысып өтетінді шығарды. Тәртіп меңгерушісі асханаға кірерде ауыздарды аман-есен сақтаудың «қамқорлық» тәртібін орната қойды:
- Бір-бірден тізіліп кіресіңдер, алдыңғы сабақтасымен қатарласа кіргендерге тамақ берілмесін!- деп әмір етті ол.
Тамақ уақыты ең ұзағанда жиырма минуттан аспайтын әлгі тәртіп тізілу кезегі бойынша ең соңынан кіретін қазақ, моңғол кластарын тамақтан қаңтаратын тым ұтымды тәртіп болып шықты. Бұл тапқырлығына меңгеруші миығынан күліп жүрді де, біз томсара түстік, «ауыздарыңды қорғаймыз» деп, аузымызды сорғыштай құрғатқанына ашындық. Асханаға алдымен кіргізілетін ханзу сабақтастар қарындарын сипалай шалқайып, үстелдерінен әрең түрегелгенде, біз еңкейіп, үстелімізге әрең жетеміз. Сақпыларымыз сақылдап аузымызға енді тие бергенде тамақ уақыты бітуінің ысқырығы тартылады. Бұл кезеңде ысқырық тартылғаны - іштің де тартылғаны ғой...
Осылай екі күн өтті, тамақтан қаңтарылып қалғанымызды елеп-ескерген ешкім көрінбеді. Үшінші күні таңертеңгілік ту шығару жиынында біздің класс бас болып, меңгерушіге талап қойды: «тамақ уақыты ұзартылсын немесе алдыңғы кезектегілер ауыстырылсын!» деп алдымен Оралқан банжаңға айтқызып едік. Меңгеруші бірдеңеге асыққансып жөнеле берді, бәріміз шу ете түстік. Қазақ, моңғол кластарына түгел айтып қойғанбыз. Юсуф Қасымдар жаққа ым қақтым мен. Олар да тобын жазбай тұра қалып, біздің талапқа қосыла кетті. Бүкіл ұйғыр, қазақ, моңғол кластары болып бірдей көтерген дауысымызды меңгеруші тағы да елемей, кете беріп еді.
- Бақырмаңдар!... Есектер!- десіп ханзу кластары иянаттай жөнелгенде, біз жақ та дүрсе қоя берді. Сонда ғана артына қайрылды тәртіп меңгерушісі. Маңдайына түскен қою қара шашын артына сілке, басын кекжең еткізді де, ақ қолғапты саусағын біздің класқа шошайтты:
- Нимін зүйхуай1 ... Талаптарыңды тәртіп бөліміне біреуің ғана барып айтсаңдар болмай ма?! Бүйтпесеңдер сиыр аталасыңдар ма!
Ашыққан оқушылар ұйымдасып алған соң «зұйхуай» түгіл Құдайынан қорықсын ба, бар дауыспен тағы бір-ақ көтерілді:
- Тәртіп бөліміне барсақ тамақтан тағы қағылмаймыз ба?!
- Аштан қырмақпысың бізді?!
Ұйғыр, моңғол кластары жапа-тармағай сөйлеп, біздің қойған талабымызды қуаттай жөнелгенде ғана илікті меңгеруші. Сөйлеушілер түгел ханзу тілінде айтып тұрса да қасақана бір хұйзу сабақтастан сұрап, талабымызды енді түсінгенсіді.
- Малша шуламай, осылай адамша сөйлеп түсіндірсеңдер болмай ма?- деп тастады да, асханаға бір күн ханзу кластары, бір күн басқа кластар алдымен кіруді бұйырды.
Ханзу сабақтастар «туфи!», «сыңку!» десіп дабырлай қайтысқанда, біз жабыла қақырынып-түкіріне тарадық...
Осы тәртіп бойынша біз ең соңынан кірген бір таңертеңгі тамақта қақырынысулар қанды соғысқа бір-ақ көтерілді.
Асхана суық болғандықтан, қыс күндері іңірде пысырылған момы бізге таңертең мұз болып, тастай қатты күйінде келетін де, тас аяғымыздағы ыстық суға тоғыта отырып мұжитынбыз. Сол күні таңертең әлгі жұдырықтай-жұдырықтай «боз тас» әр үстелге төбе-төбе болып үйіліпті.
Бір үстелге қанша оқушы отырса, сонша ғана тас аяқ қойылатын. Біздің үстелдегі сегіз оқушыдан үнсіз күрең - Сәбит сүзек ауруымен жатып қалған, жеті аяқ қана қойылып жүр еді.
Аурудан енді тұрған Сәбит сол таңертеңгі тамаққа артымыздан ілбіп жетіп орнына келгенін тамаққа кешіге кіріп, тым асыға кіріскендігімізден байқамаппыз. Орта қатардағы ханзу сабақтастардың бізге тұстас үстелінде бір аяқ артық тұрғанын көре барып, соны сұрапты.
Қуатсыз Сәбиттің тас кірпіш еденге шалқасынан түскенін бір-ақ көрдік, бір жуан қара өндершектен итере салған екен. Қан-сөлі қалмаған «үнсіз күреңді» көтермелеп тұрғыза алмай жатқанымда, оның жанында отыратын сабақтас сол иесіз аяққа тағы ұмтылды.
- Сендер алдымен кіріп, тамақ жеп болдыңдар ғой, және бұл артық ыдыс емес пе? - деп ханзуша түсіндіре ұмтылды, жуан қара оны да итеріп қалып еді, көлденең жатқан Сәбитке аяғы шалынып, менің үстіме құлады. Үшеу болып шөмеледей үйіле қалғанымызға ханзу сабақтастар қасақана қарқылдап күле жөнелді де, Оралқан банжаң ауыр палтосын сыпыра сала атылып шықты.
Қарнын көтере алмайтыны жайшылықта ғана екен, жуан қарынды көтере алып, тас еденге періп кеп жіберді. Соғысқұмар үстелдегі сегізі бір-ақ қаптады. Жуан сары Оралқан оларға бой бере қоймап еді. Екі жағындағы екі үстелдің он алтысы лап берді.
- Бар,- дедім мен Шақанға, - ісіміз теріске айналмау үшін басқаларың кіріспей тұра тұрыңдар!
«Жауларының» ұзын орындығын жұлып алып, оңды-солды жайқаған Оралқан үш үстелдегі жиырма төртін маңына келтірмей ығыстыра жөнелгенде, жуан қара шулай көтерілген қалың сабақтастарының арасына тығылып еді. Шақан соны іздей жөнелді. Алдынан кескестеп тұра қалды бірнешеуі. Шақан ханзуша шала тілмен саңқылдап, кимелей сөйледі.
- Сабақтастар, мен сендермен төбелескелі келгемін жоқ. Төбелес бастаушы ғана шықсын бері!
Оралқан да осы талапты айта шайқап жүр. Ханзу сабақтастар бұл талапқа көнгені сол, қопарыла шулап, айғайға баса қаптады екеуіне.
- Сен де шық, Түке!- деп Түгелбайға күбірледім енді. Қасыма жетіп келген Юсуф Қасымға, - сендер де ең күштілеріңнен екі-үшеуін ғана шығарыңдар!- дегенше отыз-қырық ұйғыр сабақтас ханзу сабақтастардың сырт жағынан қирата кірісіп кеткен екен. Әрең шыдап тұрған қазақ сабақтастар мұны көре сала түгел лап берді.
Мың шақты оқушының дүлей құйын үйіргендей жұлқыласы, жұдырықтар сартылы, кеңірдектердің жыртылғандай тарғыл қырылы, қалың айғай-шу кең залдың ішін керіп барады.
Есеңгіреп қалған Сәбитті көтеріп апарып терезе алдына отырғыза сала өзім де ыршып шығып қарап тұрмын. Шақан, Оралқан, Түгелбай үшеуі қалың қытай сабақтастың дәл ортасында жүр екен. Бет келген жақтары ыдырап, жол ашыла қалады да, жұдырық арт жақтарынан жауады. Қайта қайырыла соққанда оң жағы ыдырап, жұдырық және арт жақтарынан қаптайды. Үшеуінің де іздеп жүргені әлгі жуан қара сияқты.
Ханзу сабақтастарды екі бүйірден жара сілтеген ұйғыр, қазақ жұдырықтары сол үшеуінің тұсынан келіп, енді түйіліскенде Әшім жяугуан есіктен кіре ақырды...
Екі жақ өзді-өз орындарына қайтып келіп отыра бергенде ханзу сабақтастар жеуден қалған момыларын жаудырып кеп жіберді біз жаққа. Әшім жяугуаннің зіркілін тыңдамады. Мұны көре сала ұйғыр сабақтастар оларды атқылады. Біз әлі тамақтанбаған едік. Момымызды қимай, малақай бауын шарт байлап алып, жеуге кіріскенбіз. Ұйғыр сабақтастардан лақтырылған «боз тасты» ханзу сабақтастар жерден ала салып бізге қарай лақтырады. Ұшып жүрген момыдан зал іші боз тұман басқандай көрінеді. Алдымен Сәбит сорлының бетіне тиді біреуі. Момыны үстелге төңкере салып, дасты соның басына кигізе қойдым.
Ханзу сабақтастар лақтырған бір момы шекесіне тиген Әшім жяугуан шыға жөнелді.
- Атыңдар, сендер де!- дедім ол тоқтата алмай шығып кеткен соң. Атқыза бермеу үшін ату керек қой. «Боз тастың» біреуін өзім ала сала жуан қараны беттен көздеп тұрып періп қалдым.
Біздің қалпы құрамаған көп момы пулеметша құйылды. Тауда тас лақтырып өскен қазақ алдына мұндай ықшамды домалақ «тас» үйілген соң қойсын ба, сілтегеніміз құр кетер емес. «Әйялаған» үн көбейе түсті. Өздеріне атылған момыны жерден алып лақтыру ханзу сабақтастарды қанағаттандыра алмады білем, енді тас аяқты лақтыруға кірісті. Мұз момыдан қаттырақ тиетін тас аяқ залдағы бар оқушының күшті құралына айнала кетті. Зал кеңістігін тас аяқ қаптады да, шақ-шұқ етіп төбемізде сүзісті. Мың шақты аяқтың сынығы да атылды бір-бірімізге...
Қағаз терезелер алғашқы атыстан-ақ аңырайып қалған еді. Боз момыдан аттап басарлық еден жоқ. Саудыраған тас аяқтың сынығы көп табан астында шақыр-шұқыр етеді.
Шяужаң айғайлай кіре бере қайта қашты. Әр терезеге бірден жяугуан келіп шақылдағанда ғана саябырлап барып тындық та, бір-бірімізге сонда қарастық: қан ұйыған тұмсық, жұмылған көз. Томпайған бет, дал-дұл киім, жарылған бас... төбелеске ең аз араласқан менің жағымды да тостаған сынығы қауып өткен екен, қолыма жұққан қан мен ашығанынан білдім.
Мақталы қара мешпеті арт бойынан жарылып, жеңі дал болған Шақан жуан қараны бассалды да, сирағынан сүйрей жөнелді.
- Міне, бар сойқанды бастаған осы!- деп айғайға баса сүйреді.
Қазақ, ұйғыр оқушылары түгел соны айтып, шулай ерді соңынан, жяугуандар кәрлі айғайға аңыра қарап тұрып қалды да, Шақан жуан қарны сүйреген бойы есік алдындағы асхана суы төгілген арықтың мұз қуысына сүңгіте салып, бөкседен теуіп жіберді.
Шу ете түсті ханзу сабақтастар. Жяугуандар, «шығар» деп зекіріскенде бір тобы жабылып келіп, жуан қараны мұз астынан шығарып алды да, орталарына ала сүйемелдеп әкете берді.
Жяугуандар Шақанды ала жөнелгенде, төбелестің басталу жайын ханзу сабақтастардан ғана сұрап «түсіне қойған» тәртіп меңгерушісі ауру Сәбитті айдай жөнелді. Төбелес бастаушы бұл екеуі де емес екенін тұс-тұсынан айта ілескен көп оқушының сөзін тыңдар емес, аты да, ісі де баяндалып келе жатқан жуан қараға шаң жуытар да сиқы жоқ, екінші жағында ілесіп келе жатқан ханзу сабақтастарға қарамай, біз жаққа шақшия ақырды:
- Қайтыңдар, кластарыңа!... бірде-бір оқушының еруіне рұқсат жоқ! Жазаланасыңлар!
Басқа кластардың бір қауым оқушысы осыны естіп тұрып қалды да, біз түгел ілесе бердік.
- Мына аурудың жазықсыз таяқ жеуіне шыдамай, алдымен барып төбелескен менмін. Мына ханзу сабақтастар да айғақ,- деп Оралқан алдыға түсе қойқаңдады, - анау Шақан емес, бастаған мына мен!...
Меңгеруші оны да итермелей жөнелді.
- Олай болса, сен де жүр! Қайтыңдар басқаларың, кім ерсе осылармен бірге мектептен қуылады! - деп жаза таяғын артына қайрыла білеп-білеп жіберді.
Бұл айбардан сабақтастардың дені-ақ тоқтады.
- Бізден де сұрар... бірлесіп арыз жазармыз, - десіп қалып жатыр.
- Өші мектептен кеткен адам өліп қала ба! - деп Түгелбай артына қайрыла айқайлап барып айдалушыларға қосыла кетті осы кезде, - міне соғыш баштаған - мен!... Ханзулардын бәрі көрген ғой мені!
Ілесіп келе жатқан Юсуф Қасымға қарасам, қасында үш-төрт қана сабақтас қалған екен. Бізден басқа қазақ кластарынан да тым аз еріпті. Меңгеруші Шақанды мектеп кеңсесінің алдына айдап келіп тұрғызып қойды да, жяугуандарға: «арттағыларды қуып жіберіңдер» деген ишара жасап, өзі шяужаңның кеңсесіне кіріп кетті.
Жяугуандардың шыбықтары ысқыра ұмтылды бізге қарай. Бір-екі шыбықтың шартылдап өте шығуына шыдаған біздің клас тағы да тапжылмай топталып тұрып алды да, Юсуф Қасым бір жерде жалғыз қалды. Мұндай жағдайда жалғыз қалғанға таяқ жамырағыш келмей ме, шыбықтар ысқырып жіберіп қауып, ысқырып қалып арс ете ала түсіп, талай берді оны. Міз бақпай тұрып алған Юсуф Қасым Шақанды тергеп тұрған Әшім жяугуанға айқай салғанда ғана тоқтады таяқ.
- Әшім, жяугуан!... Ұрғандар қалып, ұрылғандар мектептен шығарылатын заң болса, ұлттық оқушылардың барлығы қуалануға тиісті, анау төртеуі ғана емес, бәрімізді шығарсын!.. Өзіңіз де көрдіңіз ғой! - деп қатты зекіре айқайлады Юсуф.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Арт жақтан баспалай қарап тұрған барлық ұйғыр, қазақ оқушылар осы дауысқа үн қоса айқайлап, кеңсе алдына лезде жиналып болды.
Өңкиген ұзын Әшім түнерген бойы қарап тұр. Қолын артына қайырып алыпты. Ұйғырша жетік тілді, Ян яң атымен хұйзумын деп жүретін ханзу мұғалім келіп сұрай берді одан. Әшім жерге қараған күйі қысқа-қысқа жауап қайырып тұр. Неден екені белгісіз, басқа оқытушылардың ешқайсысы көрінбейді.
Тәртіп меңгерушісі таңба басылған бір парақ қана қағаз алып шықты да жариялай салды, мектеп кеңсесінің «қаулысы» деген: «мектеп бойынша үлкен ойранды жанжалшығарып, асхананың барлық мүлкін шағуға себепші болған Шақан мен Сәбит мектептен дереу айдалсын! Қалғандар тергеліп, анықталған соң, мектептің ішкі тәртіп-ережесі бойынша жазалансын!» делініпті.
Көпшілік шу ете түскенде, тәртіп меңгерушісі шақ ете қалды. Әшімнен басқа жяугуандар қоса шақылдаса, кейбірі жан құралдарын суырды. Сида бойлы, сіріңке қара Ян яң күліп жіберді де, Әшім түнере түсті.
- Мектептен шығарылған мына екі бұзықтың барлық нәрсесін алып келіңдер!- деп шақылдады меңгеруші бізге.
Жуан қараның соққысынан Сәбит екеуміздің үстімізге құлап түскен сабақтасты қолынан ұстап алдым да, басқа сабақтастарға күбірледім:
- Мына екеумізден басқаларың түгел барып көрпе жастықтарыңды алып келіңдер!... Ана екеуі қуылса, біз де кетеміз дейміз, тез шығыңдар!
Екеумізден басқасы түгел жүгірді жатақханаға. Кеңсе алдындағы аласа текшеге Сәбиттің сыңарын итермей шығарып, Сәбитті де шақырып қатар тұрғыздым. Жиылғандардың да, үкімшінің де көздері бізге ауды. Жиылған ханзу сабақтастарға қарап шала тіліммен ханзуша бастадым сөзімді:
- Сабақтастар, мына үшеуімізді таныдыңдар ма? - дегенімде ханзу сабақтастардың бірнешеуі мырс-мырс күліп жіберді де, бірнешеуі қатар жауап қатты.
- Таныдық!
- Әрине, танисыңдар, Ли диңшяңның соққысынан ең алғаш жығылып, жусап қалған осы үшеуіміз едік те, жабыла күлген сендер едіңдер ғой! Бұл жанжалдың қалай басталғанын меңгерушінің алдында, мына жяугуандардың алдында енді өздерің айтыңдаршы, бәріміз бірге оқып жүрген сабақтаспыз ғой!
Менің дүмше тілімді ұқпады ма әлде басқаларынан тартынды ма, ханзу сабақтастардан жауап шықпады. Әшім жяугуанмен жеке сөйлесіп тұрған Ян яң қасымызға жетіп келді де, әлгі сөзімді түсінікті етіп ханзушаға қайта аударып берді. Өзінің төте талабын қосты соңына.
- Шынын айтудан тартынатын не бар, ешкім обал кетпесін, көргендеріңді дұрыс айтыңдар!
Меңгеруші бізге шытына қарап, қолын сілке түсіп, «кет» дегендей ишара еткенімен, Ян яң кіріскендіктен түсіре алмады. Ханзу сабақтастар арасын күбір-күңкіл кеуледі. Келісе алмай бірін-бірі тиып тұрған тәрізді.
Ян яң мұғалім маған көз қиығымен күлімсірей қарап қойып, ашық үнмен ұйғырша сөйледі:
- Көбі біледі екен, қазақша сөйлей бер, мен аударамын!
Бұл қамқорлыққа көңілім босай қалды да, ол жайымды сездірмеу үшін түйіле сөйледім енді:
- Сабақтастар, мектептен қуылғанның бірі мына Сәбит, өзі сүзектен бүгін ғана тұрған. Артық ыдысты сұрағандығы үшін ғана Ли диңшяң ұрып жықты. Солай емес пе? Талықсып кеткен бұл ауруға көмектесуге барғандығымыз үшін ғана мына екеумізді ұрып түсірді. Біз үшеуіміз бір-біріміздің үстімізге солай үйілгенбіз де, сендер соған күлгенсіңдер, жанжалсодан басталмады ма?... Ал мектеп мүлкін шағуды-қатқан момымен, тас аяқпен ұруды бастаған кім?
Ян яң сөзімді аударып болғанда ханзу сабақтастардың бір тобы сөзімді құптай үн қатып еді. Оларға кимелеп келіп төне түскен бірнеше жуан азуларын баса күбірлеп, араларына тұра-тұра қалысты. Жай да емес, мықындасып түртісе киліккендіктен соның сылтауымен және бірнешеу келіп кірігіп, үміт күткендерімнің үнін өшірді. Түйіле қалған Ян яңға бір қарап қойдым да:
- Олай болса,- деп жалғастырдым сөзімді, - осы үшеуіміздің мәселеміз бір мәселе, жанжалбастаған біз боламыз. Ли диңшяңға бір жұдырық қайтара алмай үйіліп қалғандығымыз үшін қылмысты болып тұрмыз. Үлкен жанжалосы үшеуіміздің себебімізбен туылды. Егер, Ли диңшяңды біз ұрып кетсек, мектептің мына қарары сүйенген «заң» бойынша қазір ол қуылып, ұрған біз қалатын едік қой?... Біреудің жұдырығына жауап қайтара алмаған сорлыны екі жақтап соғудан басқа «әділдік» болмағаны ма?! Жұңхуа Мингоның заңы мектептің осы «қарарын» қуаттаса, яғни ұрған адамның құтылып, ұрылған адамның құртылуын қуаттаса, сонда да үкімет заңының толық орындалуы шарт емес пе? Таяқ жеген мына ауру Сәбит мектептен айдалғанда, сол таяқты бірге жескен сап-сау мына екеуміздің қалып қоюымыз мұндай «заңға» сияр ма?... Бір ғана Ли диңшяңды іздеймін деп жүздеген адамның жұдырығын жеген анау Оралқанның қуылмай қалуы мұндай «заңға» сияр ма?... Мынау жұлма-жұлма болып, бет-аузы ісіп кеткендердің де таяқ жеген күнәсі осы бейнелерінен көрініп тұрмай ма? Бұлардың да мектептен қуылмауы мұндай заңға сияр ма?... Таяқ жегендер ғана мектептен қуылатын болғандықтан, осы бәріміз бір-ақ қуылуға тиістіміз!
Ұйғыр, қазақ оқушылар ду көтеріп қуаттай жөнелді бұл сөзді.
- Таяқ жеген оқушылар мектептен қуылатын болса, осы тұрған бәріміз бір-ақ кетеміз!
- Жанжалдың бас қылмыскері жазалансын!
- Мектеп мүлкін шағуды бастағандар жазалансын!
- Бұзақы Ли диңшяң жазалансын! - деп жаппай ашына ұрандады.
Мен сөйлегенде меңгеруші тістене тыпыршып тұр еді. Мені тілдеп тұрған шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, біздің кластағы сабақтастар көрпе-жастықтарын түгел әкеліп үйіп тастапты да, меңгеруші соларға «ренжіп» тұрыпты. Ян яң бірдеме деп күбірлесімен соған еріп, шяужаңның кеңесіне кіре жөнелді...
Оқушылардың ушыққан ызалы үні, біздің кластың жеке-жеке буылып үйілген көрпе-жастықтары мектеп қызметкерлерін қатты абыржытты. Оқытушылардың таныс бастары тәртіп бөлімінің, оқу бөлімінің терезелерінен қылтыңдай берді. Мұндай драма қойылып жатқанда сыртқа шығып көруден ерінбес те еді, «оқытушылардың өзара берекесі» себепті бұл мәселеге араласудан шектелген сияқты. Біздің айғайымызға ешқайсысы шықпады.
Бір кезде тәртіп меңгерушісі мектеп бастығы мен ғылыми меңгерушінің ерте шығып, бізді тәртіпке шақырды. Ян яң соңынан шығып, солғын ғана қарады бізге. Айтысып-тартысып мардымды шешім қабылдата алмағандай. «Түйенің» ерні салпиып тұр да, бастықтың қасқа басы қақшиып, арса тісі ақсиып тым нәнденіп алыпты. Ол қолын артына ұстай сөйлей жөнелді, мұндай ғалымсынған бейнеге келгенде «қайырымдылық» үйрететін. Бұл жолы ыңғай «өкінішті» сөйлеп, бұл оқиғаға өкінетіндігі және қатты ашынатындығы үлкен аузына кесек-кесегімен түсе берді. «Болған мәселені жіктей тексеріп, бұзақыларды бұлтартпай» жазалайтынын айта келе Шақанды ғана нұсқады:
- Мынау, Шахаң, а, Шахаң ғана қалсын, бар нәрсесін алып қалсын! Басқаларың түгел қайтыңдар! Қазірше анықталғаны осы ғана, Шахаң мектептен шығарылды!
- Жанжалды көпе-көрнеу жұдырықпен бастағаны анықталмай, оны іздеп шыққаны анықталғаны ма? - деп біз тағы да дуылдай жөнелдік те, қақшиған қасқа бас кеңсесіне кіріп кетті.
- Нәрселеріңді жатақханаға апарып қоя салып сабаққа кіріңдер!- деп шақылдай бұйырды меңгеруші. Соғыс қылмыстысы болып, өздігімізден тұрып алған үшеуімізді текшеден итермелеп түсірді.
- Кірмейміз!- деп шаңқылдадық біз.
- Жұңхуа Минго үкіметі анық-қанығына жетпей тұрып ешқай оқушыны мектептен шығармайды, қайтыңдар!- деп зекірді меңгеруші.
- Қайтпаймыз!- деп біз зекірдік. - Бүкілдей қате шара қолдандың!
- Ли диңшяңнан кейінгі жазаланатыны Шақан емес, міне біз!
- Нахақ таяқ жеген үшеуінің кегін алуға Шақанды жіберген біз!
- Қайт, Шақан, жатақханаға!- деп ұйғыр, қазақ оқушылар енді Шақанға зекіді.
- Сен қылмысты емес, қылмыстыны іздеп табушысың!
- Қайт деген соң қайт, жазаланатыны сен емессің!

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Меңгерушінің сілтеуі бойынша екі жяугуан Шақанды қақпа жаққа итермелегенде, біздің сабақтастар өзді-өз жүктерін көтерісіп түп-түгел жарыса ұмтылды. Үнсіз тұрып қалған бір жяугуан Әшімнің ишарасымен жүгіріп барып қақпаны басып тұра қалды...
Бұл мектептегі әскери тәрбие мұғалімдерінің бастығы Әшім еді. Шақанды итермелеуші екі жяугуан соның райына қарап кідірді де, амалсызданған меңгерушінің өзі жүгірді қақпаға, закүн таяғын білей ұмтылды бізге.
- Қайтыңдар!
- Мектептен шығарылған оқушыға закүн таяғың жүрмейді!- деп мен алдына тұра қалдым. Меңгеруші мені салып жібергенде, Ян яң ыршып келіп арамызға тұра қалды да, әлгі сөзімді ханзушаға аударып айта қойды. Меңгеруші зекіп қалды:
- Кім шығарды сендерді?!
- Сен!- дедім мен. - Қылмыстыны қорғап, оған қарсыларды мектептен қуалап тұрған сен емес пе?!
Ян яң бұл сөзімді де ажарлана, өжет әуенмен аударып айтты.
- Нақ қылмысты қорғалып, нахақ кісі қуаланса, біз сол нахақтың қорғаушысымыз!- деп Ынтықбай менің алдыма шыға келді. Меңгерушінің таяғын менен өзіне аудармақ болған ісі еді бұл.
Түнеріп тұрған Әшім жяугуан бізге зірк ете түсті осы кезде. Меңгеруші де жалт қарады оған.
- Қайтып келіңдер, бері!
Біз үнсіз тұрып алдық. Әшім мойнын Шақанға бұрды да, ханзу тілінде сөйледі.
- Қайт, жатақханаңа, жақсы оқы!... Үш жыл оқып, мектеп бітіруге үш-ақ айың қалғанда қуаланды болмақпысың?... Мұнан кейін қандай бұзақыны көрсең де ұрмай, құлағынан ұстап ғана меңгерушіге, яки маған әкел!... Мақұл ма?!- деп, «мақұл масын» ғана ұйғұрша айтты.
Біз Шақанды жатақханаға ерте жөнелдік. Ұйғыр сабақтастар біздің кластағылардың жүгін бір-бірден алып, иықтарына сала қайтты. Меңгеруші біздің бұл ыңғайымызға қарап үнсіз тұр. Ұлттық оқушылармен мұнан кейін қалай байланыс жасарын ойлап тұрғандай.
- Ян яң жақсы мұғалім екен ғой!- деп Юсуф Қасымға сыбыр ете түстім.
- Ол - коммунист деп естідім,- деді Юсуф күбірлеп, - біз жақ. Бірақ, өте жасырын жүреді дейді. Шың Шысайдың қолына сонысымен түспей қалған ғой...
- Тәртіп бөлімінен Кәмен шығып, еріп келеді,- деп арт жағымыздан Ынтықбай күбірлеп өте шыққан соң, Юсуф екеуміз бір-бірімізден алыстай бердік. Юсуф ұйғырдан шыққан «тұмсықтардың» да ойқастап жүргенін маған көзімен ымдай кетті.

Әділетті тергеушім, Ли дыңшаңды момымен періп жібергенімді оқығаныңызда мені қылышпен шауып жіберуге оқталған-ақ шығарсыз. Сізде сол жүйенің батыры емессіз бе? Ағаның ісін ағынан туған іні жақтайды. Сіз де мені түріме қарап талай тұмсықтаттыңыз ғой. Ли дыңшаң сіздің ағаңыз екендігінде ағат бар ма. Ағама асатқан қатты момысын маған да асатар деп жармасарсыз қылышқа. Амал қанша, одан қауіптене көрмеңіз, сізге асату түгіл, ол қазір өзім кеміруге де табылмай отыр.
Ян яңның әділ көзі тыймаса, мені бұл қилы қылмыстан қылыштың жүзі тия алмақ емес. Істің қыбын, қылмыстың жымын қылышқа сенгендер емес, сенбегендер табады. Қылыш жағына сабыр ете тұрып, бұл тараудағы маған тағы да оң жақ қырыңыздағы әйнектен қарауыңыз абзал. Оңдағы әйнектеріңіздің қайсысынан қарағаныңызда да менің осы реткі қылмысым, қауызын жара толған ең семіз кері төңкерісшілдік болып бадырая қалатыны даусыз.
Кері төңкерісшілдікке толды деген сөз - кебінге кірмей өлді деген сөз ғой.

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір