Жұма, 19 Сәуір 2024
3174 12 пікір 13 Мамыр, 2021 сағат 10:40

Ұлттық қорды "жеуді" тоқтатыңдар: Бұл ақша болашақ ұрпаққа тиесілі!

"Ақ жол" партиясының депутаттары Ұлттық қордағы қаражатқа алаңдап, арнайы ұсыныс жасады. Бұған дейін біз сайтымызда Ұлттық қорға қатысты бірнеше мақала жариялаған едік. Экономист Мақсат Халықтың арнайы сұхбатын жариялап, онда Ұлттық қордың соңғы уақытта қалай ортайып жатқанын айттық. Ресей экономикасын құтқарып қалуға Ұлттық қордың қандай қатысы бар екенін жаздық. Сонымен қатар Ұлттық қорымызда қанша қаржы қалғанын да фактілермен көрсеткен едік. "Ақ жол" партиясының аталмыш мәселені көтеріп, дабыл қағуы өте өзекті. Төменде партияның ұсынысын өзгертпестен жариялап отырмыз. 

«Бұл ақша болашақ ұрпаққа тиесілі» - «Ақ жол» фракциясы Ұлттық қордан «жеуді» тоқтатуды талап етті

12 мамыр 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі 

ҚР Премьер-Министрінің

бірінші орынбасары

А.А. Смаиловқа

Ағымдағы жылы бюджетті нақтылау кезінде шығыстарды өтеудің негізгі көздерінің бірі Ұлттық қордың 850 млрд теңге сомасындағы қаражаты болды.

Жалғасып жатқан «коронакризис» және бюджеттің 10,6% мұнайлық емес тапшылығы жағдайында бұл шараны қажетті деп санаймыз.

Сонымен қатар, «Ақ жол» фракциясы өткен жылдары тіпті сол кезеңдегі режимде жыл сайын Ұлттық қордан көптеген миллиард қаражат алудың теріс практикасына бірнеше рет нұсқаған болатын.

Осыған байланысты Ұлттық қорды құру идеологиясын еске салуға мәжбүрміз, ол әуел бастан-ақ күйзелістер кезеңінде экономиканың «болашақ ұрпақ қоры» ретінде құрылған болатын.

Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық қордан алынған трансферттер бізге тиесілі емес, елдің болашақ ұрпақтарына тиесілі қаражатты «жеуді» білдіреді.

«Ақ жол» фракциясы бірнеше рет Норвегия Мұнай қорының тәжірибесіне сүйенуге шақырған, онда ағымдағы бюджеттік қаржыландыруға инвестициялық табыстың белгілі бір бөлігі ғана бағытталуы мүмкін, ал жинақтардың өздері (Қордың «негізі» болып саналатын) қолжетімсіз болып қала береді.

Мысалы, ашық дереккөздерге сүйенсек 2007-2015 жылдардағы алдыңғы жаһандық дағдарыстан кейін Норвегияның Мұнай қоры экономиканы қолдауға бар-жоғы 1% актив қана жұмсады, ал осы жылдар ішінде Қазақстанның Ұлттық қорынан 83 млрд алынған, бұл қор активтерінің 77 млрд долларға жеткен ең жоғары сомасынан асады (2014 ж).

Сонымен қатар, 2001-2015 жылдары Ұлттық қорға түскен түсімдер 147 млрд теңгені құрайды.

Яғни, Қазақстан қазіргі дағдарысқа дейін Ұлттық қор түсімдерінің жартысынан астамын жұмсады, ал соңғы уақытта Үкімет Ұлттық қордың  инвестициялардан түсетін қаражатынан артық ақша жұмсайды. Осылайша, 2020 жылы инвестициялық табыс 3,6 трлн тг, ал одан кепілдендірілген трансферт 4,7 трлн тг құрады.

Бұл үрдісті одан әрі сақтау Ұлттық қор жинақтарының толық сарқылуына алып келуі мүмкін. Алайда, Қордың ЖІӨ-нің 30% мөлшеріндегі төмендетілмейтін қалдығының белгіленуіне қарамастан, шенеуніктер басқа шешімдерге қабілетсіз екенін көріп отырмыз.

Бірақ бұл ақша бізге емес, болашақ ұрпаққа тиесілі.

«Ақ жол» фракциясы мұндай ысырапшылдыққа жол берілмеу керек деп санайды, әсіресе, бұл объектілер құрылысының жоғары бағасынан бастап, мектептерде қашықтықтан оқытуға бөлінген ноутбуктерді ұрлауға дейінгі тиімсіз шығындар мен сыбайлас жемқорлық сипатындағы ұрлықтарға байланысты.

Аталғандардың негізінде «Ақ жол» фракциясының депутаттары келесілерді ұсынады:

1 Бюджеттің ағымдағы шығыстарына Ұлттық қордан шексіз қаражат алуды тоқтату, бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген трансферттерден бас тарту. Қалыпты жағдайда мұндай трансферттер шенеуніктердің кәсібилігі мен тиімсіздігін жасырудан басқа ештеңе емес деп санаймыз.

2. Қазіргі пандемия сияқты дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде нақты мақсаттарға арналған нысаналы трансферттерді ғана сақтау қажет деп санаймыз. Айта кетейік, мұндай тапсырманы Президент Қ.Тоқаев 2020 жылы 10 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген болатын.

3. Ұлттық қордың төмендетілмейтін қалдығын ЖІӨ-ге қатысты ғана емес, Қордың өзінің активтерінің сомасы бойынша, алдыңғы жинақтар мөлшерінде және есепті қаржы жылындағы инвестициялық кірістің кемінде 70%-ы бойынша анықтау қажет деп санаймыз.

Осылайша, мұндай шығыстарға Қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 30%-дан аспайтын қаражаты жұмсалуы тиіс.

4 Ұлттық қорды сақтау мақсатында баяндалған тәсілдерді ескере отырып, оның Қаражатты қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасын қайта қарау туралы мәселені тағы бір пысықтауды ұсынамыз.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары

Abai.kz

 

12 пікір