Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Талқы 5018 40 пікір 12 Мамыр, 2021 сағат 16:10

Шыңғысхан тақырыбы. «Антиқазақ» стратегиясы

2021 жылы 16 сәуірде Марал аға Ысқақбайұлы (жазушы, мемлекет қараткері) мен Қайнолла Зейноллаұлы Қасенов (инженер-ғалым, лауазымды тұлға) мырза менің ватсабыма «Жас Алаш» газетінің «09.04.2021, 09:09» саны туралы сілтеме жолдапты. Ашып қарадым, абзал ағаларымның құрметі үшін оқып шықтым. Екеуінде де «Қазақстанды Шыңғыс ханның елесі кезіп жүр» деген бір «мақала» екен. Осы мақала дәл сол күні «Қазақ әдебиеті» газетіне де «Шыңғыс хан: дәлелсіз ойлардан қашан арыламыз?» деген атпен шығыпты. Шындығына келсек, ол – мақала да емес, ойдырма өсектер мен мақсатты арандатулардың қойыртпағы, «антиқазақшыл» тобырдың шыңғысхантану, алаштану ғылымына қарсы лаңы болып шықты.


ӘЛІМҒАЗЫНЫКІ НЕ БАЙБАЛАМ?

Мен «авторды», Әлімғазы Дәулетхан мырзаны екі түрлі жағдайға байланысты сырттай танимын. Әуелі біріншісін айтайын. «Қазақстан» телеарнасының «Көкпар» бағдарламасында Шыңғысхан туралы пікірсайыс болды (2008 ж.), сонда оңбай жеңілгені әлі есімде. Біз жақта әйгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалихан аға Ысқақұлы, тарихшы, лингвист ғалым Сарқытбек аға Шора, аса талантты, ұлтжанды ақын Әмірхан Балқыбек ініміз болды. Бәріміз де түпнұсқалық, сенімді тарихи құжаттық деректерді маржандай тіздік. Сөзіміздің дәлелді болғаны соншалық, қарсыластарымыз бет қарай алмады. Қызараққа басқан Әлімғазы Дәулетхан мырза пышақтың қырындай ғана аударма кітәпшаны (өзінікі емес) шошаңдатып, «Құпия шежіре» деген міне, мынау, «түпнұсқасы» менде деп соқты. Ол кісінің Шыңғысхан тақырыбынан ештеңе білмейтінін, онымен қоймай, жалпақ жұртқа өтірік айтудан ешбір шімірікпейтінін сонда байқап қалдық.

Сосын бұл тарихи құжаттың түпнұсқасы шартты түрде «元朝秘史» (Үйән чау ми шы) деп аталатынын, ол моңғолша емес, пішік (иероглиф) жазуында болғанын айтып, қарсыласымның уәжін толықтай терістедім. Сонымен бірге қолжазбалық үлгіде бес том, баспалық үлгіде екі том екенін, көлемі мың беттің үстінде болатынын нақ-нақ қадап айтып аудиторияға түсіндірдім. Сондай-ақ ғылымға оның үш түрлі нұсқасы белгілі екенін, олардың барлығында да мәтіндер өзара қабаттасқан үш жеке форматта, ерекше үлгіде жазылғанын да баяндап өттім. Сол сәтте студия бізді ду-ду қолдап кетті. Кей кісілер толық нұсқасы аударылу керек екені туралы ұсыныс та көтеріп жатты. Бірақ бұл істі қолға алып жатқанымды айтпай, іркіп қалдым. Өйткені «олардың» юань (ақша) төңірегіне топтасқан қомақты тобыр екенін сезетінмін. Анда-санда өзара «ырылдасып» қалғандарымен, көлденең өткен кісіге жабыла немесе ұтылай ұмтылатын.

ЕЛІБАЙДЫ НЕГЕ ЕЛГЕ ЖОЛАТПАДЫ?

Енді екіншісін айтайын. Әлімғазы Дәулетхан мырза, Елібай (Ли бай / 李白) тақырыбына қарсы «тіркелмеген» қозғалыстың да белсенді өкілі, «еңбек сіңірген қайраткері». Сол тақырып төңірегіндегі кісілерге дәлелсіз, дәйексіз килігіп, жеке бастарына соқтыққаны, етектерінен тартып, балақтарынан алғаны да есімде қалып қойыпты. Мұндайлардың «антиқазақшыл» тобыры үшін бір ғана қағидат бар, ол – қазақтану, алаштану ғылымының дұрыс жолға қойылуына барынша кедергі жасау. Қазақта ешқашан мемлекеттілік болмағанын «дәлелдеу», түрік халықтарының бірлігін жоққа шығару. Керісінше оларды «құл» етіп көрсету. Сол үшін Шыңғысханды – «моңғол», шүршітті – «қытай», ал қазақты – солардың меншікті боданы, құлақкесті құлы етіп көрсетуге жандарын салады. Олардың айтуынша, Қазақ даласы да бізге тән емес екен. Бәріміз Моңғолиядан ауып келген берекесіз тобыр, қырық темірдің қылауы, «түркілескен моңғол» екеміз-мыс. Аталмыш тобырдың тәуелсіздік жылдарында Шыңғысхан тақырыбына қалам тартқан дарынды мамандарды «әуесқой» деп өсектеуінің мәнісі сонда.

Әлімғазы Дәулетхан мырза сияқтылар арандатушылыққа ағып тұр. Керісінше қулықтарына да құрық бойламайды. Елібай тақырыбына жанталаса қарсы шыға, оны «рушылдық», «жүзшілдік» деп қаралай тұра, Мекемтас аға Мырзахыметұлын жағаттай қалысты. Әрине абыз ағадан «толық адам» болуды үйренгісі келмегендері анық. Жақсының тасасына кіру арқылы өздерінің «антиқазақшыл» кеспірлерін күлегейлегісі келген болар. Шын мәнінде Елібай тақырыбы да, түрік, қазақ тарихтану ғылымы үшін өте маңызды. Айталық, әл-Мәсуди (X ғ.) Елібай шыққан Таң әулетін (唐朝), «Қаратаң» деп жазады. Әрі оларды Орта Азиядан барған түріктер ретінде сыйпаттайды. Олар да біз сияқты, Нұқтың (ғ.с.) Яфес атты баласынан, оның Әмір (Әмүр) деген әулетінен тарайды. Арғы аталары Настартас, Айса дөң, Айса нән деген кісілер болған (316 – 318-абзацтар). Аты-жөндерінен де түрки антропонимика анық байқалып тұр. Демек бұл тақырыпта да түрік тарихының терең жасырылған қазынасы бар. Әлімғазы Дәулетхан мырзалар Шыңғысхан тақырыбына қарсы бола тұрып, Марал аға Ысқақбайұлын да төңіректегісі келгені бар. Бірақ көпті көрген абыз ағамыз ондай «бұралқыларды» алыстан танып, маңына да жолатпады. Оқырманға енді түсінікті болған шығар. Әлімғазы Дәулетхан мырза мен оның «антиқазақшыл» тобыры, тек түрік жұртына, қазақ халқына пайдалы тарихи тақырыптарға ғана кедергі жасайды. Керісінше оған қарсылардан астыртын қолдауларын аяп қалмайды.

Ісжүзінде шындық бұл «антиқазақшыл», арандатушы, өсекшілер айтып жүргеннен мүлде басқаша. Шыңғысхантанушылардың барлығы мемлекетке, халыққа танымал тұлғалар. Мысалы, мен өзім туралы айтсам, Алаш ұлысы және Шыңғысхан әулетіне қатысты барлық дерлік түпнұсқа құжаттарды зерттеп, аудару арқылы көлемі жиырма томнан асатын монографиялық еңбектер және ғылыми мақалалар жазған, нағыз кәсіби тарихшы, тәжірибелі маманмын. Сол еңбектерім үшін 2014 жылы ҚР ҰҒА Құрметті академигі деген аса жоғары ғылыми атаққа ие болдым. 2015 жылы, Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдық мерейтойы қарсаңында бірінші дәрежелі сыйлықтың иегері болдым. 2020 жылы Ұлттық Ассамблеяның төсбелгісімен марапатталдым. Одан да ертеде, 2004 жылы халқаралық «Заман-Қазақстан» гәзетінің марапатын, 2005 жылы «Қазақстан Авторлары» Қоғамының сертификатын алдым. Осындай заңды құжаттарды елемей, басқалардың Қазақстанға, халқараға танылған нақты ғылыми еңбектерін, алған ресми ғылыми атақтарын қалағанынша жоққа шығара салатындай құзыретті Әлімғазы Дәулетхан мырза мен оның тобырына кім берді екен? Әлде жұрттың «битке өкпелемесін, иттен безбесін» біліп, дәнігіп алғансыздар ма? Гәзетке жазылған есім-сой сіздікі болғанымен, айтылған арандатушы ойлар сізге ғана тиесілі емес екені бесенеден белгілі. Сондықтан бұған елеусіз қарауға болмас. Шыңғысхан тақырыбына қарсы тұруда бұл «антиқазақшыл» тобыр, негізінен мынадай үш түрлі айла қолдануда: бірінші, тақырыпты «кәсіпқолар» мен «әуесқойлардың» тартысына айналдыру; екінші, тақырыпты «рушылдық», «жүзшілдік» деп қаралау; үшінші, қисынсыз әңгімелерді әдейі кірістіру арқылы тақырыптың қадірін кетіру. Соңғы кезде бұған плагиат қосылды. Әрі осылардың барлығы арам мақсат, арандатушы жоспарлар негізінде біртұтас жасалуда.

Аса құрметі оқырман, бұл түйінге алда тағы да тоқталамыз. Енді «автор» мырзаның тарихи шындықты бұрмалап, оқырманды алдауға бағытталған негізсіз өтіріктеріне, арандатушы өсектеріне толығырақ тоқталып, ғылыми тұрғыда тойтарыс жасап өтелік.

КӘСІПҚОЙ ӨСЕКШІЛЕР НЕГЕ КӨП?

Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіз: «орда шежірешілері жазып қалдырған жазба дерек те жоқ» - деген жосынсыз, тарихи шындыққа қарсы өтірікті қалай айттыңыз? Қалың мамандардан, қарайған халықтан ұялмайсыз ба? Бүкіл дүниежүзі және тұтас Қазақстан тарихшылары тегіс білетіндей, Шыңғысхан және оның әулеті – адамзат тарихындағы артына ең көп жазба құжат қалдырған ұлттық, әлемдік билік жүйесі болып табылады. Мысалы, «Тарих-и жаһангушай» (екі томдық, 1260 жж.), «Жәмиғ ат-тауарих» (төрт томдық, 1310 жж.), «Шыңғыс қағанның қузауыры» («Құпия шежіре», екі томдық, 1240 жж.), «Үйән (Юань) тарихы» (15 томдық, XIV ғ.), «Жаңа Үйән (Юань) тарихы» (15 томдық, XIX ғ. Кы Шау-мин (柯劭忞 / О сю ман) жағынан реттелген нұсқа). Оның сыртында қазақтың меркіт тайпасынан шыққан Тоқта Мажартайұлы қатарлылар жазған Ляу (辽), Жин (金), Сұң (宋) әулеттерінің толық жылнамасы бар. Әсіресе «Сұң тарихы» («宋史») пішік (иероглиф) жазуындағы жылнамалардың ең көлемдісі саналады. Демек Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіз айтқандай «жоқ» емес. Құдайға мың шүкір, Шыңғысхан әулеті туралы түпнұсқа құжаттар өте көп әрі олар барынша кемелді сақталған. Қайта сізде және сіздің «антиқазақшыл» тобырыңызда соларды не түпнұсқадан, не аудармадан оқып, зерттейтіндей ынта да, білім де жоқ. Керісінше қазақ халқына қарсы, рушылдықты қоздыратын «деректерді» ойдан ойдырып, жоқтан жонып табуға шеттеріңізден шеберсіздер. Сырт көз мұндай қылықтарды «жай» фальсификация немесе «үйреншікті» трайбализм деп ойлап қалуы мүмкін. Ісжүзінде оның артында қазақтың ұлттық рухын жою, ұлттық бірлігін ыдырату сынды империялық саясаттың қатерлі жоспары, пасық миссиясы тұрғаны анық. Әлімғазы Дәулетхан мырза, құрметті «кәсіпқой кандидат», сіз – сондай «миссионердің» өзі болмасаңыз да, адал жақтаушысы екеніңіз мәлім.

Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіз және сіз «сияқты», бірақ бетперде киген тағы бір-екеуің барсыздар. Сіздер, шын мәнінде «кәсіпқой тарихшы» емес, кәсіпқой өсекшіге, кәнігі арандатушыға айналып кеткенсіздер. Өздеріңіз «әуесқой» деп атайтын тарихшылардың соңына кісі салудан, жүрген-тұрған жерлеріңізде оларды ғайбаттаудан, жалалаудан жалықпайсыздар. Әрі білместікпен емес, біле тұрып істейсіздер. Өте жіңішкелікпен жасалған жымысқы жоспарға сай селбесе қимылдайсыздар. Дәл сіз деп айтпай-ақ қояйын, сіздердің «адамдарыңыз» арасында телефон тыңдау, теле дорағыш (телесуфлер / 提词器) арқылы бопсалау, арандатумен шұғылданатындар да бар. Сіздердің қазақ тарихтану саласындағы арандатуларыңыз жат күштер жағынан ешқашан қостаусыз, қолдаусыз қалған емес. Сіздер Шыңғысханды «моңғол» десеңіздер, ана жақтағылар «Қазақстанда 14 млн моңғол бар» деп жар салуда. Сіздер кезіндегі шүршітті – «қытай» етіп көрсетсеңіздер, олар қазақты – Чиң патшалығы (清朝) тұсынан «өздерінің отары» санайды. Сіздердің сол аздырушылықтарыңыз өз «жемісін» беріп те үлгірді. Қазір біраз шәкірттеріңіз Қазақ хандарының атасын – ұлы Шыңғысханды «моңғол», «жауыз» деп қарайды. Олар Қазақтың ұлы Абылай ханы «Қытай» патшаларымен мәмілегерлік қатынаста болған деп санауда. Ісжүзінде ол кездегі патшалықтың титулдық халқы мүлде басқа, шүршіт (манчжур) еді ғой. Ал Қытай билігі Абылай ханнан бір жүз отыз бір жыл кейін, 1912-жылы ғана құрылғанынан шәкірттеріңіз әлі бейхабар. Сөйтіп «бұрын шыққан құлақтан (қазақтан) соңғы шыққан мүйізді (қытайды) оздырып» жүрсіздер. Бұлардың бәрі, әншейін «жаңылыс» емес. Шын мәнінде Қазақ мемлекеттілігіне, ұлттық бірлігімізге қағылып жатқан қатерлі сыналар болып табылады. Сондықтан да олардың кейбір ұшқары зиялылары бізге территориялық талап қоюда. Өйткені шүршіт пен қытай екеуін «біреу» деп өзіміз «мойындадық».

Онымен қоймай, өздерің перде артында тұрып алып, елім деп келген Зардыхан аға Қинаятұлын дұрыс зерттеу бағытынан жаңылтып тындыңыздар. Ұлтқа, мамандыққа адал біраз кәсіби тарихшыларды да Шыңғысхан тақырыбына қарсы арандатпақшы болдыңыздар. Енді Мәмбет аға Қойгелдиев пен Қошығара Салғараұлы ағамызды бетке ұстай қалыпсыздар. Біле-білсеңіздер, бұл абыз ағаларымыз – сіздердің Ғарасат майданында төбелеріңізге ұстайтын құрбандық терілеріңіз емес. Қайта олар – Алаштың адал ұлдары, Қазақтың ғұлама тарихшылары. Екі ағамыздың да атақ-даңқын бұрыннан білем. Құтты құзырларымен елге келгелі жақсы таныспын. Қойшығара ағамыз кітабыма алғы сөз жазып беріп, тарихтану ғылымында бағым ашылуына медеткер болды. Еңбектерінде, сұхбаттарында менің Шыңғысхантану саласындағы көзқарастарыма үнемі қолдау көрсетіп келеді. Ал Мәмбет ағамыз да бетімнен қағып көрген жоқ. Қайта маған ғылыми атақ берген абыз академиктердің арасында ол кісі де болды. Өйткені біз де сол кісінің кемесіненбіз, алаштану бағытында жүзіп бара жатқан інілерінің біріміз.

Жалғасы бар...

Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын,

ҚР ҰҒА Құрметті академигі,
Шыңғысхантанушы,
шығыстанушы, аудармашы.

Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға кез келген адам құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

40 пікір