Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
6002 4 пікір 12 Мамыр, 2021 сағат 15:52

Газа Секторындағы қақтығыс: соғысты кім бастады?

Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс қайта күшіне енді. Бұл 2014 жылғы қақтығыстан кейінгі ең ауқымды шиеленіс болып отыр. 10 мамыр күні қос тарап әскери әрекетке көше бастады. Палестина Израиль аумағына жүздеген қолдан жасалған зымырандарын жаудырса, Израиль Газа аймағына ұшақпен соққы жасауда. Қазірдің өзінде қос тараптан ондаған адам қаза тауып, жүздеген адам жарақат алды. 

Қақтығыс Рамазан айының басталуымен жаңа қарқынға көшті. Себебі Ислам тарихындағы маңызды үш мешіттің бірі саналатын Әл-Ақса мешіті Израиль отарлап алған аумақта тұр. Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айында бұл мешітке келушілер саны күрт артты. Ал Израиль қорғаныс күштері келушілердің көптігіне назар аударып, мешіт маңына қару жасыруы мүмкін деген ой білдірді. 7-8 мамырда мешіт маңында Израиль тәртіп сақшылары мен мешітке сыйынуға келгендер арасында қақтығыс орнады. Израиль жасақтары мешіт маңына топтасып, мешітке басып кірді. Олар сыйынып жатқандардың барлығын күшпен қуып шықты. Операция барысында газ, резеңке оқ қолданды. Ондаған адам жарақат алды. Бұл оқиға екі ел арасындағы қақтығыстың қайта жандануына себепкер болды.

10 мамырдан бастап Израиль Газа аймағының балықшыларыың балық аулауына кедергі жасап, теңізде блокада бастады. Ал кешкісін қысымға шыдамаған ХАМАС күштері Израильге 137 зымыран жіберді. Бұл екі қарсылас тарап арасында жаңа ұрыстарға бастау алуының белгісі болатын. Израиль күштері ұшақ және тікұшақпен соққы жасауда. Операцияға жиынтығы 80 ұшақ қатысуда.

12-не қараған түні тараптар арасында нағыз айқас болды. ХАМАС 1055 зымыранды Израильдің ондаған қаласына жіберді. "Темір күмбез" зымыранға қарсы жүйесі оның көп бөлігін қағып алғанымен, кейбірі нысанаға дәл тиді. Ондаған көлік өртеніп, ғимараттар қирады. Бес адам қаза тапты. Израиль күштері жауап ретінде түні бойы Газа аймағына соққы жасаумен болды. Соңғы мәліметтер Палестинада 43 адамның қаза тапқанын айтады. 400-ден астам адам жарақат алған.

Израиль билігі әскери операция аумағын кеңейтіп, құрлық әскерімен шабуыл жасауға дайындалып жатыр. Мысыр қос тарапты татуластыруға тырысып жатыр. Әзірге нәтижесіз. Түркия мен Иран Палестинаны қолдайтынын білдірді, алайда қандай да бір әрекетке көшкен жоқ. Оқиға тым жылдам өрбуде.

Abai.kz

4 пікір