Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3281 4 пікір 12 Мамыр, 2021 сағат 13:41

Сот "саяси тұтқын" Кенжебек Әбішевті түрмеден босатпады

11 мамырда Қапшағай қалалық соты "саяси тұтқын" Кенжебек Әбішевтің ерте босап шығу туралы өтінішін кезекті рет қанағаттандырмады. Бұл туралы адвокат Гүлнара Жуасбаева хабарлады.

Бұған дейін белсенділер мен тәуелсіз дәрігерлер Әбішевтің ауыр сырқатқа ұшырағанын хабарлап, оны дереу босату қажеттігін айтқан.

2018 жылы "терроризмді насихаттау" және "ұлттық алауыздықты қоздыру" баптары бойынша жеті жылға сотталған (2020 жылы наурыз айында жазасы қысқарған) Әбішев сотқа жазған өтінішінде 4 жыл 1 ай 7 күн түрмеде отырғанын, осы уақыт аралығында бес марапат, екінші дәрежедегі оң мінездеме алғанын, айыппұлы жоқ екенін атап көрсеткен. Ол сонымен бірге өзі сотталған іс бойынша арандатушыларды анықтауға көмектескенін да жазған. Бес баланың әкесі Әбішев әйелінің онкологиялық аурумен ауыратынын, өзінен жүрек ишемиясы, стенокардия, қан қысымы сияқты ауыр ауру түрлері анықталғанын жазған.

Алайда адвокаты мен белсенділер Facebook желісінде соттың өтініште жазылған жайттардың ешқайсысын ескермегенін жазды. Адвокат Гүлнара Жуасбаеваның айтуынша, сот осы жолы да Әбішевтің "экстремистік бап бойынша сотталғанын, бұл бап бойынша шартты жаза қарастырылмағанын атап өткен". Заң бойынша, қылмысты ашуға көмектескен сотталушыға шартты жаза секілді жеңілдік қарастырылған. Гүлнара Жуасбаеваның сөзінше, алайда сот "Әбішев қылмысты ашуға көмектескенін дәлелдей алмады" деп таныған.

– Әбішев кодекстен (Қылмыстық-процессуалдық кодекс – ред.) тікелей үзінді келтіріп, тергеу органдары анықтай алмаған үш адамды анықтағанын, олардың барлық анкеталық деректерін тергеу органдарының қолына бергенін айтты. Сол бойынша барлық инстанцияға да жүгінгенбіз. Шағымдарымызды да көрсеттік. Бірақ сот Кенжебектің айтқандарын ескерген жоқ, – деді адвокат Гүлнара Жуасбаева.

Заречныйдағы ЛА-155/14 мекемесінде отырған Кенжебек Әбішев жақында "түрмедегі заңсыздықтарға" қарсылық білдіріп, аштық жариялап, артынша ауруханаға түскен. Оның медициналық картасын талдап шыққан "Аман-саулық" қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова бастаған тәуелсіз дәрігерлер оған мүгедектік мәртебесін беру қажеттігін айтып, денсаулығына алаңдаушылық білдірген еді.

Гүлнара Жуасбаеваның айтуынша, сейсенбі күні сот Әбішевтің денсаулығына байланысты медик-сарапшылар берген медициналық құжаттарды түрме әкімшілігіне актілеу үшін беруге кеңес берген. Ол құжаттар адвокаттың қолына өткен аптада түскен.

Abai.kz

4 пікір