Жұма, 26 Сәуір 2024
2743 1 пікір 12 Мамыр, 2021 сағат 12:40

"Байқоңырды" жалға алу мерзімі ұзартылды

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Байқоңыр кешенін жалдау келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Келісім Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Үкіметі, 1994 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған еді. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин құжатты таныстыра отырып, Ресей Федерациясы «Байқоңыр» кешенін 20 жылдан астам уақыт жалға алып келе жатқанын айтты. Жалға алу туралы шешім 1994 жылы, экономикалық қиын жағдайға байланысты Қазақстан ғарыш айлағын ұстап тұра алмайтын кезде қабылданған болатын.

Мусин республикалық бюджетке жыл сайын кешенді пайдалану үшін Ресей 115 миллион доллар көлемінде қаржы төлеп отырғанын айтты. Кешенді жалға алған 27 жыл ішінде республикалық бюджетке 3 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат түскен.

Хаттамада Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалдау мерзімін 2050 жылға дейін ұзартуға қатысты Келісімнің 4-бабына өзгерістер енгізу көзделгені де жазылған.

Abai.kz

1 пікір