Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Көршінің көлеңкесі 4160 23 пікір 11 Мамыр, 2021 сағат 12:38

Путиннің парады - дәрменсіздіктің парады!

Қазақта «Қырық адам бір жақ, қыңыр адам бір жақ», деген бір жақсы мақал бар. Осыны бүгін құдай қосқан көршіміз, Путин билеген Ресейге қарап айтса, нысанаға дәл тиер еді.

Күні кеше, 8 мамырда өркениетті Еуропа елдері екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын қарапайым түрде, белгісіз солдаттың зиратының басына гүл қою секілді жақсы дәстүрмен атап өтсе, Ресей сол баяғы қыңырлығына салып, Мәскеуде 12 мың әскер мен жүздеген техника қатысқан «Ұлы Жеңіс күніне» арналған әскери парад ұйымдастырып, баяғы сол: «Фашистерді тек қана біз жеңдік, сондықтан біз Ұлымыз», деген ұлыдержавалық шовинистік сырқатына басты. Сонау адамзат басына түскен аса зор зұлматты бүкіл әлем елдері «екінші дүниежүзілік соғыс» деп атаса, өздерінше қисайған көршіміз: «Жоқ, тіпті де олай емес. Бұл ұлы Отан соғысы», деп фашизмді жалғыз жеңгендей ерекше бір қыңырлықпен ешкімге дес берер емес.

Шовинизммен уланған Путин билігі тым көп адам жиналудан сақтану, ондай жерде ең болмаса бет перде кию секілді ұсақ-түйекке басын ауыртпайды. Өздері пікр тұтатын Жуков айтпақшы: «Солдаттарды аяудың қажеті жоқ, орыстың әйелдері тағы да табады», деген саясатты ұстанатын секілді.

Біз бұл жерде орыстың бәрі бірдей осындай деуден аулақпыз. Олар қанша дегенмен көп халық қой, жақсысы да, жаманы да табылады. Путиннің ұлыдержавалық саясатын мүлдем қабылдамайтын, мұның қатерлі бағыт екендігін ешкімнен тайсалмай, тура айтатын шынайы азаттары да кездесіп қалады. Мәселен, Ресейдің халық артисі Дмитрий Назаров осы мерекеге орай өз өлеңін арнаған. Оның қаншалықты өткір екендігін сезіну үшін тұпнұсқадан берелік.

«Зачем в барьерах вся Россия?
Зачем оттачивать парад?
Парад чего? Парад бессилия? Парад запретов и оград?
Парад расстрелянных пособий? Убитый пенсионный фонд?
Забытой славы и надгробий? И фронт, развернутый в народ.
Воинственные железяки везут воинственных ребят.
Росгвардия и автозаки замкнут бессмысленный парад», - деп бір-ақ, қайырады.

Әрине, шындықты айтқан адам кімге ұнасын. Осыдан соң, іле-шала You Tube-те артисті жұртқа жаман атты көрсетуге тырысқан «жаптым жала мен жақтым күйе» өріп шыға келеді. Бұған шовинизмге шалдыққан жай адамдарды былай қойғанда Ресейге белгілі дейтін адамдар да қосыла кетті. Мәселен, ұлты грузин болса да, орысқа жағынып қалуға тырысқан «Матч ТВ» телеарнасының жетекшісі Тина Канделаки оған (Назаровқа) «Русофоб» яғни, «орыстарды жек көретін адам» деген айдар тақса, «Путиннің бұлбұлы» атанған Владимимр Соловьев Назаровқа барлық атақ-даңқтан бас тартып, елден кетуге шақырады.

Жарайды, көршіміздің жағдайы белгілі. Ал енді өзімізде не болып жатыр, осыған келелік. Бізде пандемияға байланысты «Жеңіс күнін» мерекелеу келесі жылға қалдырылғаны белгілі. Алайда бұл меркені атап өтпесе көңілі көншімейтін, онсыз бұл тіршіліктің мәні кететіндігін ойлап, түн ұйқысы төрт бөлінетіндер жетіп артылатын көрінеді. Мәселен, біздегі мемелекеттен мол қаржы алатын бір орыс тілді портал орыстың «Бессмертный полкін» онлайн түрінде өткіземіз» деп тыраштанса, екінші бір осылайша май шелпекке батқан портал сонау Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында бір адамның сол полкті насихаттап, жалғыз өзі әкесінің портретін ұстап көшеге шыққандығын ел өміріндегі аса бір ерекше құбылыс санап, айдай әлемге жариялап жатқан әрекетін көресіз.

Осыны көргенде біздегі Ресей насихатының аса пәрменді екендігін амалсыз мойындауға мәжбүрміз. Ащы да болса, шындық осы.

Жайберген Болатов

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530